Мұхит айдынындағы арпалыс

0
360

1943 жылы көкекте балық аулауға шыққан үш бразилиялық теңізші қарайған бірнәрсені байқайды. Жақындап барса, әлгі қарайған сал қайыққа мінген адам болып шықты. Кездейсоқ кезіккен жолаушының шашы өсіп, бетін түк басқан, күнге күйіп, қап-қара боп кеткен түрінен оның саяхатының ұзаққа созылғанын аңғару қиын емес еді. Өзінен бір нәрсе туралы сұрау мүмкін болмады. Түр-тұлғасы азиялыққа келетін адам португалша түсінбейді екен. Теңізшілер Амазонка сағасындағы Мараджа айлағына жеткізгенде ғана аудармашы көмегімен оның сүңгуір қайық тұңғиыққа батырған британдық «Бен Ломонд» сауда кемесінің теңізшісі екені анықталады. Осылайша 1943 жылғы 5 сәуірде қытайлық теңізші Пун Лимнің ашық айдында өмір үшін бірнеше айға созылған күресі аяқталды.


«Бен Ломондтың» ақырғы сапары
Пун Лим 1918 жылы Қы­тай­дағы Хайнань аралында дүниеге келген. Арал тұр­ғын­дарында мамандық мә­селесінде таңдау көп емес-тін. Балықшы немесе теңізші боласың. Пун Лим теңізшілікті таңдапты. Сауда кемелерінде түрлі қызметте өмірі еш оқыс оқиғасыз өте береді. Арагідік алыс сапарларға да шығатын. Ел көрді, жер көрді. Бірде сәтін салып британдық сауда кемесіне кіші стюард боп қызметке тұрады. Ол екінші жаһан соғысы жүріп жатқан неміс басқыншылығының дү­рілдеп тұрған кезі болатын. Сондықтан теңіз жолына шығу ажалмен бетпе-бет келгенмен тең еді. Алайда тәуекел етіп, басын қатерге тіккендерге аз ақша төленбейтін. Сөйтіп құрамында Пун Лим де бар әскери көлік ретінде қайта жабдықталған «Бен Ломонд» 1942 жылдың қарашасында Кейптауннан Оңтүстік Аме­рикаға жолға шығады. Қатерлі сапардың алғашқы екі күні тыныш өткенімен, үшінші күні кемеге немістің U-172 сүңгуір қайығы тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жау торпедаларынан бірнеше жерден жарылған кеме әп-сәтте бата бастайды. Тек бірнеше адам ғана құтқару жилеттерін киіп, кемеден се­кіріп үлгереді. Солардың ара­сында Пун Лим де бар.
Теңізші есін жиса, ағыспен кеме тұрған жерден алыстап кетіпті. Жан-жағына қарағанда сал қайыққа мініп, жан сау­ғалаған команда мүшелерін көреді. Көмекке шақырып, жанұшырып айқайлағанымен, оны ешкім естімейді. Қайық жел екпінімен лезде жылыс­тап, көз ұшынан жоқ боп кетті. «Біткен жерім осы-ау» деп тұрғанында бір сәтте көзіне тағы бір құтқарушы қайық түседі. Жан дәрменімен жүзіп барып, әйтеуір жармасып жатып мінді-ау. Күннен қалқа­лап тұру үшін төбесіне мата жабылған 2 жарым шаршы метрлік сал қайықтың ішінде 25 адамға шақталған екі күндік су мен азық-түлік бар болып шықты. Құрыш баллондағы су, қытырлақ нан, консервіленген шошқа еті, қойылтылған сүт пен шоколад құтқарушылар келгенше әбден жетеді. Өйткені шабуыл кемелер жиі қатынай­тын маңда орын алғандықтан оны тез тауып алады. Бұл теңізшінің ойы болатын. Бірақ ағыс қайықты теңіз жолынан тықсыра берді. Азық-түлік қорын шамамен бір айға жеткізуге болады деп ойлаған Пун Лим бірнеше күн өткен соң, өзінің тым үмітшіл болғанын түсінеді.

Басқа түссе баспақшыл
Уақыт өте берді. Талғажау етер азықтың да түбі көріне бастайды. Күніне бірнеше рет қайықтан тауып алған арқан­ның бір жағын қайыққа, бір жағын өзіне байлап, суда жүзіп ермек қылды. Бұл ұзақ қозғалмағаннан пайда болатын аяқ ісуінің алдын алуға да көмектесетін. Сондай жүзу­лердің бірінде акулаға жем бола жаздап, зорға құтылғаны бар. Арада тағы бірнеше күн өтеді. Ары-бері жүрген кеме көрінбейді. Енді су мен тамақ табудың жолын іздемесе аштан өлетін түрі бар. Күннен қалқалайтын матаға жиналған жауын суын құйып алып, тамағын жібітерлік аз да болса су қорын жинайды. Ендігі мәселе аш өзектің қамы.
Ашық айдындағы күндер жалғасқан сайын Пун Лим әккілігі артып, ептірек бола түседі. Қайықтан табылған фона­риктің серіппесін шыға­рып, одан ілмек жасайды. Қар­мақ жібі ретінде арқанды, жемнің орнына шошқа етін қолданады. Екі күнгі сәтсіздіктен кейін, үшінші күн дегенде алғашқы балық та қармаққа ілінеді. Балықты күнге қақтап жеп, бір бөлігін жем есебінде пайдаланады. Қайықтың төменгі жағына өскен балдыр­ларды сығып, босаған консервілік банкілерді сумен тол­тырады. Қайықтың бір шетіне көрінетін жерге қақ­тал­ған балықты қалдырып, ша­ға­ла­ларды аулауды үйре­неді. Шағала қанын ішіп, етінің бір бөлігін шикідей, бір бөлігін қақ­тап жейді.
Қайықтың зияны келмейді-ау деген жерлерінен екі шеге суырып алып, бірін пышақ, екіншісін қармақ қып қолданады. Тәжірибесі толысып, әрекеті шираған қытайлық теңізші енді үлкенірек олжаны қолға түсіруді ойластырады. Шегені майыстырып жасаған қармаққа шағала етін іліп, енді үлкенірек балық аулауға кіріседі. Бірнеше сәтсіздіктен кейін суға салған қармағы жыбырлап қоя береді. Тартқыласа, олжасы оңайлықпен күш берер түрі жоқ. Аштан қатуды кім қаласын, бар күшке салып, арқанды тартып кеп қалады. Сөйтсе қармағын акула қап­қан екен. Арпалысып жатып қайы­ғына өңгеріп, су толы құрыш баллонмен ұрғыласын кеп. Акула бір мезетте алған соққыдан тулауын тоқтатты. Шеге-пы­шақ көмегімен олжасын асықпай сойып, қанын ішіп, жүзбеқанаттарын күнге қақтап қойды. Бұл Пун Лим үшін ең қуанышты күндердің бірі еді. Өйткені туған жері Хайнаньда акула қанаттары таптырмас деликатес болып саналады екен.
Кеме апатынан кейінгі бастапқы күндерде Пун Лим күннен шатаспай-ақ жүрген. Бірақ ұшы-қиырына көз жеткізсіз мұхитта өтіп жатқан бір-бірінен аумайтын оқиғалар желісі оны шатастыра бастады. Соңында тек айдың толысып, жаңа ай туғанына қарап қана мезгіл бағдарлауға шамасы жетті. Ара-тұра аспаннан ұшып өтетін америкалық ұшақтарға да бұрынғыдай айқайлап, қол бұлғауды қойды. Өйткені бәрібір естімейді, көрмейді. Айқайлаймын деп талай рет тамағы қарлыққан-ды. Бірде құтқарылуға сәл-ақ жетпей қалды. Алыста жүзіп бара жатқан америкалық ке­ме­дегілер оны байқап, ды­быс­тық белгі беріп, құтқар­мақ боп бағытын бұрғаны сол-ақ екен, дауыл басталып, сал қайықтағы қытай көз­ден ғайып болды. Бірнеше рет оның маңынан неміс сүң­гуір­қайықтары жүзіп өтті. Ондайда керісінше, байқалып қалмауға тырысатын. Бітпес­тей көрінген бұл сапар барысында орын алған бір оқиға оның есінде мәңгі қалды. Жанынан өтіп бара жатқан кеме, мұны байқап, жақындап келіп, кері қайтып кетеді. Пун Лимнің айтуынша, олар оны қытай болғаны үшін ғана құтқармай тастап кеткен.
Оқыстан орын алған апат, жалғыздық, дауыл, жаң­быр, аш қалмау үшін қан ішу, ау­лаған, ұстағанының бәрін шикідей жеу, белгісіз әлде­кім­дердің ұлтының басқа болғаны үшін қасақана құт­қар­май қойғаны бұның бәрі оңай болмағанымен, Пун Лимді сындыра алмады. Ол сапар барысында есінен еш алжасқан емес. Керісінше епті, мықты, байқампаз бола түсті. Теңізшілермен кездесуден бірнеше күн бұрын ол судың түсінің өзгергенінен, шағалалардың торуылдағанынан құрлыққа жақындап қалғанын түсінді. Көп ұзамай жоғарыда айтқан теңізшілерге жолығып, біржола құтқарылған болатын.

«Бұл рекордымды сірә, ешкім бұза алмас»
Оны бірден ауруханаға апарады. Бірақ күнге күйгені болмаса теңізші дін-аман. Осы аралықта 9 келіге арықтапты. Бразилиядағы британ кон­сулдығы арқылы оның кім екені анықталғанда, Пун Лим­нің ашық мұхитта 133 күн өткізгені белгілі болды. Ал Пун Лимнан бөлек «Бен Ломонд» экипажының құрамында бол­ған 55 адамның тек 10-ы ғана тірі қалыпты. Бұл адам сенгісіз оқиға шартарапқа лезде таралды. Ол туралы естіген ағылшын королі Георг VI теңізшіні Лондонға алдырып, Британ империясының медалімен марапаттайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс бітісімен, Пун Лим АҚШ-қа, сол жақтағы інісіне бармақ болады. Алайда оған рұқсат беруден бас тартты. Осы тұста танымалдылығының пайдасы тиеді. Сенатор Уоррен Магнусон теңізшіге жақтасып, АҚШ-та тұруына, жұмыс істеуіне жол ашты.
Пун Лим америкалық флотта қызметін жалғастырып, шеф-стюард ретінде 1983 жылы доғарысқа шыққан. Тілшілермен әңгімелесіп отырып, сол бір 133 күнге созылған өмір үшін арпалысты көрген түстей еске алып, «бұл рекордымды сірә, ешкім бұза алмас» деген екен.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру