Ирандық «Халк»

0
148

Танымал болу­дың түрі мен тәсілі көп-ақ. Әдетте адам атын өнер, та­лант, дарын шы­ғарып жатады. Ал біз сөз еткелі отыр­ған мына жі­гіт бұлтылдаған бұл­шық еттерінің арқасында әлемге мәшһүр болған. 26 жастағы ирандық Саджад Гарибидің бойы 184 сантиметр, салмағы 165 келі. Алып жігітті ирандықтар парсы аңыз­да­рындағы ба­тырға теңеп «Рүс­тем» десе, ба­тыс­тықтар «Геркулес» не­месе голливуд фильмдеріндегі кейіпкер Халкқа ұқсатып «Ирандық Халк» атап кеткен.
Экономика мамандығы бо­йынша білім алған ол бүгінде жылжымайтын мүлік сату саласында қызмет етеді. Спорт – оның сүйікті ісі. Қолы қалт еткенде уақытының басым көпшілігін спорт залда өткізеді. Алып жігіттің пауэрлифтингті серік еткеніне 10 жылдан асқан. Оның өмірінде орын алған кездейсоқ жағдайға дейін бұлшық еттері ойнаған Саджадты инстаграм әлеуметтік желісінің ирандық сегментіндегілерден басқа ешкім де білмеген.
Екі жыл бұрын оның суреті ғаламторда «Ислам мемлекеті террорлық ұйымының жендеті» деген атпен тарап кетеді. Бұл фейк жаңалық лезде-ақ шартарапқа жайылды. Оған үрей тудыратын алып адамның суретін көргенде көбінің күмәні де қалмағанға ұқсайды. Оқиғ­аның анық-қанығы анық­талғанда, Саджадқа бұ­қаралық ақпарат құрал­дары тарапынан шынайы қызы­ғушылық туады. Лон­дондық газеттердің бірі «Халк жерде өмір сүреді» деген тақырыпта мақала жария­лаған соң, әлемге оның жаңа әрі шынайы бейнесі белгілі болады.
Саджад күніне 4-5 реттен 7-8 ретке дейін тамақтанатын көрінеді. Алыптық оның қанында бар екен. Атасы да бойшаң, ірі денелі болған.
Саджад танымал­дылыққа ие болғаннан соң шет елдерден көптеген ұсыныс пен шақыру келіп түсе бастаған. Ол міндетті әскери қызметті өтейтін жастар тізімінде тұрғандықтан елден ұзақ уа­қытқа кете алмайды. Мәселе шешімін табысымен, спорт­пен кәсіби шұғылданып, шетелге шықпақ ниетте. Ирандық Халк болашақта фильмдерде төбе көрсетіп жатса, еш таңғалмаңыз.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру