Үңгірде өткен 17 күн

0
240

«Апат айтып келмейді» демекші төтенше жағдай қай кезде, қай жерден төнетінін болжап білмейсің. Осы жазда Тайландта орын алғаны сондай оқыс оқиғалардың бірі көптің есінде шығар. Қыдырып барған 13 адам толассыз жауыннан жоғарғы жағы суға толған үңгірдің түбінде 17 күн бойы қалып қойған болатын. Абырой болғанда, құтқару операциясы сәтті өтіп, балалардың бәрі жер бетіне дін-аман шығарылды.

23 маусым күні «Жабайы қабандар» атты жергілікті футбол команда­сының 12 баласы жаттықтыру­шы­лары­мен бірге Чианграй ауы­лын­дағы Кхао Луанг үңгіріне се­руен­деп барады. Бұл белгілі орынды 11 мен 16 жас ара­лы­ғындағы балалардың бір­де біреуі бұрын көрмеген екен.

 

Саяхаттаушылар үң­гірдің ішінде жүр­генде кенеттен жа­уын бастала­ды. Қатты нө­сер лай мен қоқысты ағы­зып, үңгір жол­дарын бітеп тас­тайды. Жаң­бырдың тоқ­тар түрі жоқ. Оның үстіне қас қарайып, үңгір іші көзге түртсе көргісіз қараңғылық құшағына ене береді. Тығырықтан өз бетінше шығу мүмкін еместігін түсінген жаттықтырушы балаларды ертіп, үңгірдің су жетпеген құрғақ жағына апарады. Олар бұл сәтте үңгір аузынан 4 шақырымға алыстап кеткен болатын.

 Үңгірде өткен алғашқы күні балалар өздерімен бір­ге алып шыққан азын-ау­лақ азықты талғажау етіп, ашыға қоймады. Әрі «құт­қа­рушылар тез тауып алады» деген үміттері де басым еді. Алайда қайда ба­ра жатқандарын ешкімге айт­пағандықтан оларды табу оңайға соқпайды. Тек он күн өткеннен соң үңгір алдында жатқан велосипедтерді тапқаннан кейін ғана олардың қайда екені белгілі болды. Сөмкелеріндегі тамақтары біткеннен кейін балалар үңгір қабырғаларынан тамшылап тұрған суды ішіп, аз да болса әл жинайды. Жаратқаннан көмек сұрап, жалбарынумен болады. Жаттықтырушы жігіт балаларға түрлі әңгіме айтып, көңілін аулайды. Оның монастырьда тәлім алғаны көп көмектесіп, балаларды медитация жасауға үйретеді. Құры отырмай сыртқа шығудың амалын жасап, үңгірді үңгіп, тоннел жасауға тырысады. Бірақ керек-жарағы жоқ балалардың қолынан не келсін?
Бұл сәтте сыртта жанталаса іздеу жұмыстары жүріп жатты. Тайлық, ағылшын құтқарушылары балаларды жан-жақтан іздеді. Оныншы күні ба­ла­лардың велосипедтері та­былғанда құтқарушы топ алдымен арнайы су сора­тын көлік арқылы суды сыртқа қарай ағызбақ болады. Бірақ құралдар үңгірдің қуыс-қуысындағы суды сора алмағандықтан, су түбіне акволонгистер жіберіледі. Лай судан жол тауып жүру, тар бұрылыс, қиылыстардан, қауіпті суасты жолдарынан адаспай өту құтқарушылар үшін де оңай болған жоқ. Оның үстіне жаңбыр да тоқтар емес, арада тағы бірнеше күн өтеді. Он төртінші күні балаларды британиялық акволонгистер табады.
Құтқару жұмысы үш күнге созылды. Сол аралықта арнайы әскери бөлімше – «теңіз мысықтарының» құтқарушылары балаларға арнайы оттегі құралы мен мен жылы киім, тамақ жеткізеді. Балаларға киім, тамақ тасып, бір-бірлеп құтқарып жүргендер балалардың жақынындай болып кетті. Олар үңгірде бірге тамақ ішіп, арасында дойбы ойнап та алатын.

Құтқару операциясы өте ауыр жүрді. Әскерилер бірі баланы қолтықтап, бірі оттегі балонын көтеріп, сүңгіп, лай кешіп, бірнеше шақырымды жүріп отырды. Құтқару жұмысы барысында 38 жастағы құтқарушы Саман Кунан қаза табады.
10 шілдеде 13 адам толықтай құт­қа­рылды. Олар­ды бірден ем­ха­наларға ор­на­лас­тырып, ден­сау­лығы мен пси­хо­ло­гиялық хал-ахуалын қа­таң тексе­реді. Тіпті біраз уа­қыт ата-аналарымен де жүз­дес­тірмеген. Себебі олардың белгісіз инфекция жұқтырып алулары да ғажап емес еді. Басында ешкіммен жақын қарым-қатынасқа жібермей, психологиялық жағдайлары қадағаланып тұрды.
Бұл оқиға балаларға қатты әсер етті. Тексерістерден кейін ұйымдастырылған бас­пасөз жиынында олар ең алдымен өмірді бағалай түс­кендерін айтқан. Әрі монас­тырьға барып, құдайға құл­шы­лық жасаған екен.

Альбина ТУЛАҚОВА,
«P&H»

Жауап қалдыру