Қазақ қыздарына айтарым

0
605

Қыздар! Жаңдарыңда жүрген жігіт­ті ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей білің­дер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адам­гершілік асыл қасиет­тер­мен бұй­далап алып, оларға айтқан­дарыңды істетіңдер: арақ ішкіз­беңдер, айқайға жуытпаң­дар. Оларды түнгі он екіде мас боп рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезесінің түбінен теке­дей ба­қылдап өлең айтып өтпей­тін етіңдер. Өйткені қыз жетек­тесе ілес­пей­тін, қыз қиылса көн­бейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Өйт­кені ақыл анадан та­райды, адам­гер­шілік әйелден баста­лады, қыз­дан – қылық, тәрбие, тәлім туын­дай­ды.
Өздеріңе табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса – қорғаның. Қорғаның, қормалың сенің!
Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер! Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер. Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым! Өмір­дің қызық ләззаты – адал дос­тық, айнымас қамқорлық, асыл махаб­батта екенін әрқашан да естеріңде сақ­таңдар.
Қыздар! Ұйқышыл болмаңдар, ұмыт­шақ болмаңдар, ұрысқақ бол­маң­дар! Инабатты болыңдар, ілти­патты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ
(интернет желісінен)

Жауап қалдыру