Қазақстанның ең бай әйелдері

0
172

Жыл сайын көктемде «Форбс» журналы әлемдегі ең қалталы адамдардың рейтингін түзеді. Байлардың биылғы тізімін интернеттік Amazon сауда желісінің қожайыны Джефф Безос бастапты. Оның байлығы бір жылда 60 пайызға ұлғайып $112 млрд-қа жеткен. Екінші орында Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс тұр. Оның байлығы $4 млрд-қа өсіп, $90 млрд-қа табан тіреген. Алғашқы үштікті $84 млрд байлығымен әйгілі инвестор Уоррен Баффет түйіндеген. Төртінші орында $72 млрд. активімен Бернард Арно деген француз тұрса, бесінші орынға $71 млрд қаражатымен Facebook негізін қалаған Марк Цукерберг жайғасқан.
Бұл тізімде қазақстандық олигархтардың да аты-жөндері кездеседі. Мысалы, Владимир Ким (766 орын), Болат Өтемұратов (924 орын), Алиджан Ибрагимов (1070 орын) дегендей. Газет тілшілері Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қазақстандық бай әйелдер жөнінде деректер іздестірген еді.
Ашық мәлімет көздерінен алынған деректерге қарағанда Қазақстандағы ең бай жұп Тимур мен Динара Құлыбаевтар (729 орын) болып табылады. Олардың 2017 жылдың қорытындысы бойынша байлықтары 3 миллиард 200 миллион доллардан асып кеткен. Байлық көзі: мұнай, газ, көлік салалары көрінеді.

Динара Құлыбаева күйеуі Тимурмен бірге «АЛ­МЭКС» холдин­гтік тобы» АҚ-ның 68,2 пайыз үлесіне, сондай-ақ, «Қазақстанның Жинақ Банкі» АО-ның 52 пайыз акциясына иелік етеді. «Самұрық-Қазына» ӘАҚ 13,5 пайызы да осы екеуінің табыс көзі болып саналады. Сонымен бірге, осы холдингтік топқа кіретін «АЛМЭКС Плюс» фирмасы (51 пайыз), «SAT&CO» АҚ (7,09 пайыз), «Кипрос» ЖШС серіктестік кәсіпорны, «Южный Холдинг» ЖШС-і, «Атыраумұнайөнімдері», «Кон­ти­нент Инвест Групп», «Мұнай Даму» ЖШС-ілері, «BUSINESS STROYINVEST-A» ЖШС-і және «Меркурий 1999» ЖШС-і (бұрынғы «Меркурий»АҚ) бақылауда ұстайды. Ал, еншілес және немерелес компанияларға тиесілі «GolfTown» ЖШС-і, «Mercury Engineering»ЖШС-і, «Терминал-Петропавлов­ск Меркурий»ЖШС-і, «ТЭК Казахстан» ЖШС-і, ин­жини­рингтік «КазГипроНефтьТранс» компаниясы, «Жа­йық Кұрылыс-Газ», «Ақсайгазсервис», «Казбургаз» ЖШС-ілері де олардың игілігін ілгерілетуге өз үлесін қосуда.

Қазақстанда ауқаттылығы жағынан аты ауызға алдымен ілігетіндердің бірі Айгүл Нұрие­ва. Оның бай­лығы 435 000 000 долларды құрайды. Байлық көзі: инвестиция, қаржы, телекоммуникация салалары. Ол 2012 жылы тамыз­да TeliaSonera қа­зақ­стандық Alem Communications-тен 170 млн долларға «WiMAX» желі­сін сатып алған.
ҚБА (Қаржылық бақылау агенттігі) мәліметінше, «Alem Communications»-тың 85,53 пайызы «Midas Telecom» арқылы Айгүл Нұриеваның иелігінде көрінеді. Сонымен қатар, «A1 System Kazakhstan»-ның 55 пайызы және ««Midas Telecom»-ге қарасты «Kaznet Media» ЖШС-нің 99 пайызы оның негізгі табыс көзі. Айгүл Нұриева 2005 жылдан осы уақытқа дейін Bodam B.V.-нің директоры әрі жеке иесі болып саналады. Сондай-ақ, «Казахтелеком»-ның 15,18 пайызы және «Мобайл Теле­ком-Сервис»-тің 49 пайызына бақылау жасайды.

Қазақстандағы бұдан кейінгі ауқатты әйелдердің бірі, Елбасының үлкен қызы, Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева. «Форбс» журналының 2013 жылғы Қазақстанның ең бай адамдадарының тізімінде 595 млн доллар қаражатымен 13 орында тұрған. Дариға Назарбаеваның меншігінде «Алма ТВ», « Европа плюс Казахстан», «НТК» телеарналары, «АлмаИнвестХолдинг» компаниялары болса керек. Өзінің қалауы бойынша шығар, 2014 жылдан бері бай адамдар тізімінен аты-жөні көрінбеді. Алайда атышулы «Панам құжаттарында» оның да есімі аталып қалды.

Бай әйел­дердің арасында Софья Сар­сенованың орны бөлек. Оның бай­лығы соңғы деректер бойынша 193 000 000 доллар. Байлық көзі: қаржы. Ол 2002-2016 жылдар аралығында «JP Finance Group» ЖШС арқылы «НұрБанк»-тің 82,7 пайызына иелік етіп келген. Оның үстіне «Гелиос» ЖШС-нің 9,87 пайызына, өзге де акционерлік ұйымдардың 21,77 пайызына бақылау жа­сайды.

Әлфия Куанышева­ның (күйеуімен бірге) байлығы шамамен 200 000 000 доллар. Байлық көзі: мұнай, инвестиция, девелопмент, қар­жы. Тимур және Әльфия Қуа­ны­шевтар құрылыс, мұ­най және газ, ауылшаруа­шылы­ғы, күн­делікті тұтына­тын тауарлар салаларына инвестиция салатын аса ірі компанияға иелік етеді. Сондай-ақ, «Адем» сауда кешені де осылардың иелігінде. Тимур Қуанышев – «БАТТ» СД корпо­ра­ция­сының төра­ғасы және «PNB Казахстан» директорлар кеңесінің мү­шесі. Әльфия Қуанышева болса жоғарыдағы «БАТТ» корпора­циясының тең төрайымы. Одан өзге «PNB Казах­стан»АҚ-нің 7.38 пайызына иелік етеді және халықаралық «Ramada» жүйесінің Сбербанкпен бірлескен «Salem Hotel Management» ЖШС-нің Алматы қаласындағы қонақүйлер салу құрылысына инвестиция тартумен айналысады. Жалпы жобаға жұмсалуға тиісті қаржы көлемі 2 млрд 450 млн тенгені құраса, оның 33,2 пайызы Сбербанктің несиелік үлесінде, PNB Казахстан»-ның қаржылық көзінен 30,2 пайызы қарастырылған.

Жауап қалдыру