Қарыз туралы

0
31

236 мың азаматымыз па­йы­зы сұмдық онлайн-несие алған.
Жүз мыңға жуық азамат қарызын қайтара алмай, банктерден қашып жүр.
Миллионға жуық адам несие алып, күні банктермен өтіп жатыр.
Қарап отырсақ, нағыз Қа­рызстанға айналып бара жатырмыз.
Бұның теріс жағы мынадай:
1) қарызды тарата-тарата, оны қайтара алмаған банк­тер жабылып жатыр;
2) қарызға белшеден бат­қан азаматтың елге де, эко­но­микаға да, отбасына да берері шамалы. Барлық қа­ра тізімге еніп, қарабетке ай­налған адам ертең отбасын да жетістірмейді, кәсіп те аша алмайды, себебі қажет ке­зінде несиені оған ешкім бер­мейді;
3) банк және несие жүйесі дағдарыста. Себебі қай­тарыл­мас қарыз саны көп, қай­тарымы жоқтық жаңа қа­рыз іздеуге итермелеп, я шетел­ден қарыз алғызады, я мем­лекетке жүгініп, ұлттық қор­ға қол салғызады.
Қазір жеке азаматтардың банкроттығы деген заң қа­былданып жатыр.
Сол заңды дұрыс пайдаланып, біраз қарыздың әң­гі­месін жабу керек.
Жағдайы төмен, несиесі аса көп емес азаматтарға ра­хым­шылық жасау керек. Бі­рақ бір шарт: рахым­шылық алған адамдар 5-10 жыл бойы, әбден мыйы қатып, піскен­ше несие алу құқынан айрылуы тиіс.
Біздің халық әлі де несиені ойыншық санайды. Оны қайтармау ерліктің түріне айналып барады. Бұл да жаман, бұл да қылмыс. Ұлттық спорт түрі болып барады тура!
Несиені банктер тек нақты биз­нес жоспары бар, табыс көзін көрсете алатын азамат­тарға ғана беруі керек. Білімге, ипотекаға беру керек. Той­ға, жерлеуге деген несиелер­ді атымен жою қажет. Үйге қажетті техника алатын несие тек отбасыларға, ерлі-зайыптының екеуі де қызмет істейтіндерге берілгені абзал. Рас, бұл тұтынуды шектеуі ықтимал, бірақ жақсы смартофон алып, оның ақшасын қайтара алмай, төрт баға­сын төлеу не масқара?!
Сонымен қатар заңсыз не­­сие­леу, аса көтерме па­йыз­бен қарыз беретін ұйым­дар­ға заңмен тосқауыл қою шарт.
Сонымен бірге үлкен ағарту жұмысын шын мәнінде мектептен бастау керек. Бала­ларға түсінікті, қазақ тіліндегі көрнекі сабақ беру керек. Несиенің не екенін түсіну бала кезден, отбасыдан басталуы керек. Экономика да отбасыдан басталады. Отбасы да таза экономика. Ұлттық үнем үйдегі үнемнен басталмаса басқа қай жерден басталмақ? Күнде айтылатын малшашпаққа да қатысты осы мәселе. Үнем, адал еңбек қазақ ұлтының ерекшелігіне айналуы міндет.

Айдос САРЫМ,
«Фейсбук» парақшасынан

Жауап қалдыру