0
8642

Үстіміздегі жылғы 27 тамызда республикалық қоғамдық-саяси «Prezident&Halyq» газетінің алғашқы саны оқырманға жол тартқанына 13 жыл толады. Баспасөз кеңістігінде өзіндік орны бар басылым бұл аралықта билік пен бұқара арасына дәнекерлік қызмет атқарды. Әркез мемлекеттік, қоғамдық тақырыптарды ту етіп көтерді. Басылым бетінен министрлер, депутаттар, ғалымдар, көрнекті тарихшылар мен белгілі экономистер, білгір заңгерлер, мен қабырғалы қаламгерлер сөз алып жатты. Газеттің өзіндік тұрақты авторлар ұжымы қалыптасты. Төменде басылымның сондай бірнеше авторы газет туралы жүрекжарды лебіздерін ортаға салады.
Дәйекті дәнекер
«Prezident & Halyq» газе­ті Тәуелсіздік шапа­ғаты­ның шарапатынан туған өзін­дік үні, өрнекті тілі бар тың басылымдардың бірі де біре­гейі. Алғаш жарық көр­ген күнен бастап-ақ Елбасы билігі мен ел арасы бірлігінің дәйекті дәнекері болуға талпынып, халық пен басшылықтың ба­йыпты байланысының игі жемісін барынша айқын, әрі ашық көрсетуге барынша атсалысып келеді. Бұның бүгінгі бол­мысымыздағы боямасын асыра мақтамай, әсіре датта­май шынайы бере білуі ұнай­ды.
Бұл белгілі бір топтың шаш­бауын көтеріп, барын асы­рып, жоғын жасырып көр­сететін тәуелді басылым емес. Сон­дықтан да қозғайтын тақы­рыбы, көтеретін мәселесі әра­луан. Сан салалы өмірі­міздің сан қырын, шексіз-шексіз өңіріміздің әр қиырын қамтып, елдің тұрмысы мен тынысын шынайы бейнелейді. Мейлі өндіріс ошағын, мейлі ауыл тірлігін сөз етсін – бәрінде де жағдайды бүкпесіз ашық баяндайды. Еліміздің мәдени, әдеби өмірін де айшықтай көрсетіп отырады.
Оқырманға ой салар таным­дық материалдары да бірпара. Аты әлемге әйгілі кемел тұлғалар, әйдік ел басшылары жайындағы мағлұматы мол мақалалары, өмірде сирек кездесетін құбылыстар туралы тың деректері оқырман жүрегіне жол тартып, олжа салады. Жас та болса, бас газеттердің қатарына қосылып қалған басылым ұжымына шалқар шабыт, қаламгерлік табыс, азаматтық бақыт тілейін.
Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы
Алғашқы санынан тартымды
Алғашқы санынан бастап сүйікті газетім «Президент және Халық» – қымбат сырласыма, қимас сыйласыма айналып, жан дүниемді рухани байытып, өмірге деген құштарлығымды арттырып келеді. Әсірсе газет ұжымының әралуан тақырып бойынша еліміздің, шет елдердің жаңалықтарын, айтулы тарихи ірі тұлға­лардың өмірін, бала тәр­биесі мәселелерін, ауыз әде­биетіміздің озық туындыларын, жаңадан жарық көрген әдеби шығармалар жөніндегі оқырман әсер-сезімін жария­лаудағы ізденістерін ерекше атап айтқым келеді. Мысалы, «Әлемдегі қазақ халқы – 18 миллион», «Қазақ халқы өз мемлекетінде алғаш рет 12 миллиондық межеге жетті», «Наурыз – мейрамдардың төресі», «Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы», «Уақыт таңдауы» байқауының жеңімпаздары, тағы басқа да сезімізді селк еткізіп, көңілімізді өзіне баурап алатын мақалалар өмір, адамдар туралы өзіндік ой пікір, көзқарас қалып­тас­тыруымызға, бола­шақты болжай білуімізге баулығаны сөзсіз.
Тағы бір бөле жара айтарым, газет бетінде жарық көрген мақалалар әсіре қы­зыл, бос сөзділіктен, алып­қаш­па, дәйексіз дәріп­теушіліктен ада, құрылысы жинақы, шы­мыр. Түсініксіз сөздер, шұ­балаңқы сөйлемдер кез­деспейді. Басылымның бір жақ­ты кетпей, ұстамды, орталық бағыт ұстануы да ризашылық сезімін туғызады.
Газет ұжымына алдағы кезде де үлкен жауапкершілікпен шығармашылық соны ізденістерге бой ұрып, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестігімді білдірем.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
бауыржантанушы
Халық сүйіп оқиды
Еліміздің бұ­қа­ра­лық ақ­па­рат құ­рал­да­рының ара­сын­да ойып тұрып орын ала­тын «Prezident & Halyq» газе­тінің мүшел жасқа толуы­мен құттықтаймын!
Өркениетті елдердің бәрінде баспасөздің қоғам өмірінде алатын орны мен атқаратын қызметі зор екені ежелден мәлім. Сол себептен де БАҚ-ты «төртінші билік» дейді. Ақиқат сөздің қадірі мен құдіреті халық ортасында жоғары бағаланатыны рас. 13 жыл ішінде мыңдаған оқырман тауып, халық сүйіп оқитын қуатты басылымға айналды. Тұрақты жазылып, жаңалықтармен қатар халық пен билік арасында саяси өзгерістерді терең талдап, тығыз байланыс орнатуға дәнекер болып, халықтың мүддесін қорғайтын, тәр­бие мен тағылымды ма­қалалармен сусындатып оты­ратын газеттің оқыр­ман­дары еселенуі керек деп ойлаймын. Сол үшін «Prezident & Halyq» газетіне мемлекеттік демеу қажет.
Сіздерге шығармашылық жолда үлкен табыстар тілеймін!
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,
академик

Жауап қалдыру