Жастар арасындағы ішкілік қай деңгейде?

0
56

Таза этил спиртін тұтыну деңгейі бойынша Қазақстан Еуропада 19-орында, әлем бойынша 77-орында. «Созылмалы алкоголизм» диагнозымен елде 126 мың адам есепте тұр. Бұндай цифрларды дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай айтты. Спикердің дерегінше, бүгінде алкоголь тұтыну мөлшерінің артқаны байқалып отыр. Бұл жағымсыз үрдіс жастарды да айналып өтпеген, – деп жазады yvision.kz.
«Аман-саулық» қоғамдық қоры мен Алматы менедж­мент университеті өткіз­ген жиында Алматы қаласын­дағы жоғары оқу орындары жастарының спирттік сусын­дарға әуестігін анық­тауға арналған зерттеу жұмы­сының қорытындысы та­ныс­тырылды. Пікіртерім тә­сілімен өткен зерттеуге AlmaU, UIB, ҚБТУ, КИМЭП, Нархоз, АЭБУ, ҚазҰУ, ҚазҰЗТУ, ҚазХҚ және ӘТУ мен Тұран университетінің 18 бен 25 жас арасындағы 773 студенті қатысқан. Оның 388-і ұл бала болса, 385-і қыз бала.
Сұралғандардың 38 пайызы алкогольді алғаш 16 жасқа дейін татқанын айтса, 37 пайызы 16 мен 18 жас аралығында, 20 пайызы 18-21 жас аралығында спирттік ішімдіктің дәмін көргенін мәлімдеген. Тек 5 пайызы ғана алкоголь өнімдерін 21 жастан асқаннан кейін тұтына бастаған.
Зерттеуге қатысқандар­дың 41 пайызы алкогольді алғаш рет кешкі бас­қо­су­ларда ішіп көрген. 31 пайызы үйде ата-анасымен немесе туған-туыстарымен ішсе, 17 пайызы кафе мен барларда, 11 пайызы көшеде ащы судың дәмін татқан.
Жиі тұтынатын спирттік ішімдік ретінде респон­дент­тердің 33 пайызы шарапты атаса, 24 пайызы арақты, 22 пайызы сыраны, 17 пайызы коктейлді, 6 пайызы үй жағдайында дайындалған «самогонды» атаған.
Олардың 5 пайызы алкогольді күнде тұтынатынын, 15 пайызы аптасына 2-3 рет ішетінін, 29 пайызы айыны бір рет, тағы 29 пайызы тек мерекелер мен салтанаттарда, 22 пайызы жылына 2-3 рет қана ішетінін айтқан.
Пікіртерімге қатыс­қандар­дың 27 пайызы ішімдікті ішкеннен кейін жайсыз жағ­дайға ұшырағандарын мо­йын­даған. Оның 41,5 пайызын отбасылық және достармен болған жанжал құраса, 38,5 пайызы бөтен адамдармен ұласқан кикілжіңге тиеді, 13,7 пайыз жағдайда құқық қорғау органдарының араласуына тура келсе, басқа жағдайлар үлесі 13,6 пайыз.
«Жастардың ішкілікке құ­марлығының себебі не­де деп ойлайсыз?» деген сауал­ға респонденттер былай деп жауап берген: 43 пайыз – алкогольдің қолжетімділігі, 37,7 пайыз – достар мен ортаның әсері; 26 пайыз – үлкендерге еліктеушілік; 22 пайыз – өзге ермектің болмауы; 21,35 пайыз алкогольдің зияны туралы ақпараттың аздығы; 22,5 пайыз – жанжал мен шығар жол жоқ болып көрінген мәселелер, депрессия.
Николай Негейдің пікірінше, мәселені шешуде антиалкогольдік насихаттың бәрі бірдей тиімді емес.
– Парақша тарату, көшеге билборд ілу, теледидардан ролик көрсету сияқты кең қолданылатын тәсілдердің тиімділігі төмен. Үйдегі тәрбие туралы айтуымыз керек. Сондай-ақ жастар бас қосатын алаңдар арқылы олармен сөйлесуге тиіспіз. Бүгінде ондай алаңдарлық қызметін әлеуметтік желілер атқаруда. Қазіргі таңда желіде индивидуалдық топтар құруға бағытталған бірқатар бағдарлама жұмысын бас­тағалы жатыр. Сондай топ­тардың ішінде әңгіме қоз­ғалуы қажет, – дейді ол.
Сонымен қатар Николай Негай сату ережелеріне шек­теу шараларын енгізу, алкогольдік өнім бағасын қымбаттату күтілген нәтиже бермейтінін айтты.
– Қатаңдатуға бағытталған кез келген шара қарсылыққа ұшырайтыны белгілі. Ондайда сәйкесінше нарықтағы астыртын өнімдер арта түседі. Бұндай заңдық шара­лардың артында нақты есеп жатуы тиіс. Ішімдік баға­сына қосылған 20 теңге қайда түседі, оның астыртын өндіріске тигізер әсері қандай, астыртын өндіріске тұсау салатын қандай шаралар қолға алынуда деген сияқты мәселелерге көңіл аударылуы керек, – деп атап өтті ол.
«Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті Бахыт Түменованың пікірінше, зерттеу нәтижесінде алынған деректер студент жастардың ішкілікке құмартудың қатерін жете түсінбейтіндігін айғақтайды.
– Жастар арасындағы алкогольге тәуелділік әсіресе қоғамның бүгіні мен келешегіне теріс әсерін тигізеді. Өскелең ұрпақ пен болашақ аналардың денсаулығына қатер төнеді. Алкоголь әлі қа­лыптасып үлгермеген ор­га­низмді бұза отырып, оған орасан қауіпті. Ішімдікті үнемі тұтыну салдарынан созылмалы сырқаттар мен алкогольдік психозға шал­дығу қатері жоғары деңгейде сақталады. Ол адам денсаулығына кесірін тигізіп қана қоймай, кей жағ­дайда тіптен өлімге соқ­тырады. Сондықтан жас­тар­дың санасына саламатты өмір салтын құрудың ма­ң­ыздылығын, алкогольді тұ­тынудың теріс салдарын сіңіруге күш салуға тиіспіз, – деді Бахыт Түменова.

Жауап қалдыру