Сұлулық стандарттары

0
575

Бүгінде белгілі бір дәрежеде әдемілік эталоны туралы түсінік бар. Қыз-келіншектер арасында танымал әнші-әртістерге еліктеу, соларға ұқсауға тырысу, сәнге сай киіну, бояну жиі кездеседі. Десе де өзіндік мәдениеттің ерекшеліктеріне қарай түрлі сұлулық стандарттары да сақталған. Солардың бірқатарымен таныса отыралық.

Қисық тістер

Батыста адам тісі қар­дай аппақ, түп-түзу, күл­генде жарқырап тұруы ке­рек деген ұғым мықтап қалыптасқан. Ал Жапония­да бұл түсінікке кереғар «яэба» деген құбылыс бар. Оған сай әйел адам­ның тісі қисық болса, ол жас көрінеді-мыс. Сондық­тан кей жапондық қыз-ке­лін­шектер тіс дәрігеріне ба­рып, тістерін әдейі қи­сай­татын көрінеді. Бұн­дай қызмет құны 400 доллар тұрады.

Ұзын мойын

Мьянме мен Солтүстік Тайландтағы каян тайпасында ұзын мойынды әйелдер сұлу бикештер қа­тарына жатқызылады. Қыз­дарға бала кезінен темір сақиналардың көме­гі­мен мойынды созудың тәсілдеріне үйре­теді. Жыл сайын мойынға қосымша сақина­лар салып, оны ұзартып отырады. Мойын неғұрлым ұзын болса, қыз соғырлым әдемі деп есептеледі.

Аяқты  бинтпен таңу

Ежелгі Қытайда кішкен­тай өлшемді аяқ сәнді бо­лып саналған. Бұл тү­сінік аспанасты елінің кей жерлерінде әлі күнге де­йін сақталып келеді. Аяқ­ты бинтпен қысып та­ңып, оның өсуіне кедергі жасалған. Тіпті та­бан сү­йе­гінің алдың­ғы бө­лі­гін сындырып, та­ңып қоя­тындар да бо­лып­ты. Рәсімді жа­­сау­шы­лар қыз­дарын бай от­ба­сы­ларға ұзату үшін аяқ­т­ың ауырғанына да қа­рамаған.

Қыр мұрын

Иран ринопластика ас­та­насы ретінде таныл­ған ел. Бұнда мұрынға ота жа­саушылар АҚШ-тың өзін басып озады. Отаның қым­баттығына қарамас­­тан қыр мұрын үшін иран­дық сұлулар бәріне баруға даяр. Иранда қыр мұрын тек сұлулық қана емес, белгілі бір қоғамдық статус­ты білдіреді. Отаға қа­ра­жаты жетпегендер хи­рур­гиялық таңғыштар пай­да­л­анады.

Сырғалықты ұзарту

Кенияның оңтүстігі мен Танзанияда құлақ­тың жұм­сақ жері – сырға­лық­тың ұзын болуы ерекше ба­ғаланады. Сырғалық ұзын болған сайын әйел әдемі әрі парасатты саналады.

Ерінді созу

Бұл рәсім Эфиопияның кей тайпаларында таны­мал. Айталық мурси тай­па­сының әйелдері ерінде­ріне саздан жасалған тә­релке салып жүреді. Ол үшін астыңғы екі тісті, кейде тіпті төрт тісті жұлып тастауға тура келеді. Бұнда да еріндегі тәрелке үлкен болған сайын, әйел тартымды бола түседі.

Теріні ағарту

Азиялықтар әдетте қара торы, қоңырқай болып келетіні белгілі. Бірақ соңғы жылдары Корея, Тайланд сияқ­ты елдерде аққұба қыз­дар сұлулық эталоны ре­тінде мықтап орнықты. Со­ның әсерінен теріні ағар­татын косметикалық өнімдер көптеп шығуда. Кә­ріс­тік косметикалық өнім­дер бүгінде тұтас индус­трияға айналған. Рәсімнің тері ауруларына соқтырып жат­қанына қарамастан ағар­татын кремдерді қол­дану аталған елдерде толастар емес.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру