Жыр-дастандар тарихтың «адаспауы» үшін қажет

0
398

Қазақтың тарихын, басқа біреу қазақтан артық жаза алады дегенге сену қиын! Ескі жырларымыз бен тарихи дастандарымызды шұқшиып, тереңірек зерттесек өзіміз құдай сөзіндей сенетін шетелдік мұрағаттардан табылған кейбір деректерге сын көзбен қарай бастар едік. Қазақ халқының көне тарихы туралы сөз қозғалғанда орыс, қытай және басқа да шетелдік мұрағаттардан «пәлен жылы елшілік барды немесе келді, түген жылы пәлен ел түген елге соғыс ашты» деген құрғақ статистикалық деректер табылары сөзсіз! Бірақ қазақтың тілін меңгермей, ділін түйсінбей халқымыздың саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық қатынастарын толық ашу мүмкін емес.
Оны толық түйсіну үшін, қазақ болып туып, сәби күннен жеті атаңды құлаққа құйып беретін аталардың тізесінде отырып өсу керек. Сондықтан, біз өз тарихымызды екшегенде, халық ауыз әдебиеті ең басты назарда болуы қажет. Неге біз өз жыр-дастандарымызды мұрағаттық деректермен қатар қойып зерттемейміз?
Мысалы, «Ес біліп, етек жапқан күнімнен бір, тарихын Төле бидің теріп жүрдім» деп жырлап өткен Қазанғап Байболұлының (1889 – 1945 ж.ж.) дастандары әлі күнге ғалымдар назарынан тыс қалып келеді. Қазанғап Байболұлының 1941 жылы жазылып біткен «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле бидің тарихы» дастандары тек 1993 жылы ғана «Төле би» деген атпен кітап болып баспадан шықты (белгілі себептермен, кеңес дәуірінде ол дастандар басылмады).
Екі жыр бірін-бірі толықтыра отырып қазақ тарихының үш ғасырға жуық кезеңін қамтиды. «Еңсегей бойлы ер Есімнің» ерліктерімен басталып, Кенесарының көкжал ұлы Садық төренің жанқиярлығын баяндаумен аяқталады.
Ақын аталған жырларды тікелей Бекасыл әулиенің еңбектеріне сүйеніп жазған. Ұстазынан естігенінің бәрін Қазанғап жырға қосқан. Қазанғап жырларының басқа жырлардан баса көрсететін ерекшелігі, дереккөздерге сілтеме беріліп, қай деректі кімнен алғанын анық көрсетеді.
Мысалы:
«Таусылмас көп сыр естідім,
Адамынан үш жүздің.
Тере берсең табылар,
Әділ кісі болған соң,
Жүрек аңсап сағынар.
Сөз жәрдемін көрсеткен,
Аздап айтсам мыналар:
Біріншісі Бекасыл,
Тоқсан үш жаста жөнеді,
Қоқандағы хандардың,
Төртеуін көрдім деп еді» («Төле бидің тарихы» Қазанғап Байболұлы «Төле би» кітабы,1993 ж.) деп деректерді қайдан алғанын да көрсетеді.
Сол дастандардан тарихшылар мен әдебиетшілер өз ізденістері үшін қазақ тарихындағы ең бір қаралы парақтардың бірі «Қатаған қырғыны» (XVII ғ.), біртұтас Қазақ хандығының ыдырауының басы болған Тәуке хан өлімінен кейін орын алған саяси-экономикалық және әлеуметтік дағдарыстар, Абылайдың жоңғардан босаған жерлерді иемденіп қалған қырғыздарға жасаған жорығына сылтау болған оқиға, Төленің ұлы Қожамжардан Ташкентті тартып алған Жүніс қожаның кім екендігі, еліміздің оңтүстігінің Қоқан езгісіне түсуі және бүгінгі күні барша қазаққа ортақ мәтелге айналған кейбір қанатты сөздер мен еліміздің түстігіндегі көптеген жер атауларының шығу төркіні секілді бірнеше бағыт табар еді.
Сондай-ақ «Төле бидің тарихы» жырында барлық ұлы адамдардың басында болатын қасірет, бүкіл қазақ мойындаған Төлені өз туыстарының шаршатуы, Тәукенің өлімінен соң жеке-жеке хандыққа бөлініп кеткен халықтың бір бөлігі Ұлы жүздің «Қырғыз-қазақтың бір туғанындай күнінде туылып, шілдей бытырап енші алған күндерінде өтіп барамын» деп өмірден өткен Төледен кейін Жүніс қожаның тұсында екіге жарылып, бір-біріне қылыш көтеріп, найза кезеуі, ал дулаттардың Қоқан тұсында екіге жарылып сойылдасуы секілді бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлық оқиғалар баяндалады.
..Бір жаман жері Қоқаның,
Шығарды тарту-параны,
Тоғыздап тарту сый берсе,
Үлкен болып келеді,
Ту бергені датқа боп,
Жалауы белгі деп еді…
Солардың бәрін жеңіп орыс алды,
Сайлады содан кейін болыстарды,
Бақталас, күндеушілік әбден болған,
Ел шауып талан-тараж ұрыспағы, – деп отарлық бұғауға түскен кешегі «жанын арына садаға» еткен халық мінезінің өзгере бастауы да ақын назарынан тыс қалмайды.
Бір қызығы, 1945 жылы қайтыс болған Қазанғап ақын жырларының 1993 жылы жарық көре сала, талай атышулы әңгімеге арқау болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» деген кітабымен үндесіп жатқан тұстары да жеткілікті.
Сондықтан, «Қазақтың өз жақсысын өзінен қызғанып» (М.Жолдасбеков), аталған кітапты жоққа шығарып қоя салмай, жақсылап зерттеу керек секілді. Кім жазса да, қай дәуірде жазылса да, ол кітапта қазақ үшін құнды дүниелер жеткілікті екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек?!.
Енді аталған дастандардағы 2-3 маңызды оқиғаларға тоқтала кетейік.
1.«Қатаған қырғыны»
«Ауруын жасырған өледі» дегендей, Қазақ тарихында Шыңғыс ханның кейбір тұқымдарының шектен тыс таққұмарлығы қанқұмарлыққа ұласып, қара халықты қырғынға ұшыратқанын айтпай кетуге болмайды. «Қатаған сұлтанның ұлы Тұрсын Есім ханға қарсы бірнеше рет бүлік шығарғаны белгілі. Бірақ барлығында жеңілген. Сондай бір кезекті бүліктен кейін екеуін Есім ханды паналап Түркістанда жүрген Әбілғазы Бахадүр жарастырған. (Әбілғазының «Шежіре-и түрік» еңбегіңде 1625 жылы Тұрсын сұлтанның Түркістандағы Есім хан ордасында қонақта болғаны баяндалған). 1627 жылы Моғолстанда жорықта жүрген Есім ханның Сайрамсу бойындағы ордасына (қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылы) Тұрсын шабуыл жасаған. Қамсыз отырған ел тоз-тозы шығып, қырғынға ұшырап, Есімнің туыстары сол маңдағы «Қорғантас» деген құздағы үңгірге жасырынып жан сақтайды (Сол өңірде 46 жыл орманшы болған Кертай Баялиев ақсақалдың айтуынша, үңгірге тек төбеден арқанмен ғана түсуге болады. Жергілікті халық «дуамен байланған киелі үңгір» деп жолай бермейтін сол үңгірге түсер сатының арша бұтақтарынан өрілген қалдықтары өткен ғасырдың 50 жылдарына дейін тұрған көрінеді. Ленинградтық бір топ ғалым 1960 жылдары сол үңгірді іздеп келген. Бірақ, Кертай ақсақал киелі үңгірдің киепеті ұрпағыма тиіп кетер деп, барар жолды көрсетпеген).
…Жақсығұл, саған айтамын,
Аңғырт, шалыс адамсың,
Адам емес, надансың,…
…Бас ие болып, бата алып,
Еркекпін деп қалғансың.
Етегі салпы өр Дулат,
Қопал халық тәмәмсың.
Тілсіз баллар өлгенше,
Сен жаман өлсең болмай ма?…, – деген жолдардан Есім хан жорыққа аттанарда арттағы бала-шағасына бас-көз болу үшін қалдырған жасақ басшысы Бөгежіл Жақсығұл мергеннің өздеріне артылған міндетті ойдағыдай орындай алмағанын байқаймыз. Ауыр жорықтан жаңа оралған Есім хан араға дәнекер болып, Тұрсынмен ант ұстасып жарастырған Әбілғазыға:
«…Әбілғазы баһадур,
Дұғай сәлем досыма,
Боп едік қой басында,
Алдамаққа әдісқой,
Сен екенсің ашына.
Аман болып қатаған,
Қырылған қазақ қырылсын,
Бір келіп кет қасыма.
Не деп едік басында,
Ағарғанда сақалың,
Болғаның аға осы ма?..» – деп ашу-ызаға толы хат жазады.
Сосын, Тұрсын бастаған Қатаған­дарға қарсы бір тудың астына жина­лайық деп ұлыс билеріне сәлем жолдайды. Барлық қазақ қосындарын қоластына жиған Есім хан «қазақтың қаны бекерге төгілмесін, тұтқын болған адамдар мен тоналған дүние-малды қайтарып, аяғыма жығыл» деп Тұрсын ханға қырғыз манабы Көкімді жібереді.
…Ханы еді қырғыздың,
Ер Көкім би деген-ді.
Жеңген жаққа қосылып,
Олжа алсам деп еді,
Дүниеге көзі тоймаған,
Бұл да үміткер ел еді.
Пікір, қулық ойлаған,
Қарауырақ неме еді…
Бірақ, Тұрсын Есімнің талабын қабылдамай тастайды.
Осы соғыс туралы М.Мағауин Мәшһүр-Жүсіпке сілтеме жасай отырып, былай дейді: …«Бірі қорқау­лықтан, бірі кектен көздерін қан басқан екі әмірші Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Бір жақта екі арыс қатаған, және оған ерген соншама қауым, екінші жақта үш арыс алаш және оған қосылған қаншама жұрт. Бәрі де қазақ»…
Сірә, жер жағдайын білмеуі кедергі болса керек, Мұхтар ағамыз шайқас Сайрам қамалының түбінде өтті («Қазақ тарихының әліппесі» Алматы-1995 ж.) деп қысқа қайырады. Ал, Қазанғап шайқас кезінде Есім хан ставкасының солтүстігі Түлкібас, Дәу баба, батысы Қазығұрт, Шымкентке дейінгі жер алақандағыдай анық көрінетін «Мыңбайыр» жотасында (қазіргі Керегетас, Диханкөл ауылдарының желкесіндегі биік жота), ал Тұрсынның шатыры кейін «Шатыртөбе» (қазіргі Алатау ауылдық округi, Төле би ауданы) аталып кеткен жерде тұрғанын анық көрсетіп қана қоймайды, екі тараптан жекпе-жекке шыққан батырлар туралы да үлкен ақпарат береді.
Мәселенки, Қатағанның бас батыры Айрылмастың жекпе-жекке киер киімін суреттегенде:
…Керіктің қалың терісін,
Басына қалқан қойдырды,
Түтеген мылтық тиер деп,
Өзінің алдын тор қылды…, – деп қайырған жолдар этнографтарды да қызықтырары сөзсіз. Қазақ батырларының тек Африка құрлығын мекендейтін керіктің (жираф) терісімен қалқанын қаптауы сол кездегі сауда байланыстарының ауқымы өте кең болғанынан хабар берсе керек?!
Ал, енді шешуші шайқас қай жерде өтті? Оны табу үшін алдымен екі жақ әскерінің санын шамалап болса да анықтау қажет екендігі түсінікті. М.Мағауиннің деректері бойынша, Тұрсын хан 1623 жылы Бұхара ханы Имамқұлыға қарсы 100 мың әскер шығарыпты. Одан кейінгі 4-5 жыл ішінде Тұрсынның қосындары көбеймесе, азаймағаны анық. Күші азайса, әлденешінші рет Есімге қарсы шығуы екіталай еді. Тұрсында 100 мың әскер болса, осы шайқаста жеңіске жеткен Есім хан әскерінің саны да одан кем болмаса керек! Сайрамсу алабында осыншама қыруар әскер еркін соғыса алатын жер Ақсу өзенінің сол жағы мен Сайрамсу (Балдыбірек) өзенінің оң жағасын бойлай, «Майбұлақ» ауылынан (Төлеби ауданы) Кепесарай ауылына (Сайрам ауданы) дейін созылып жатқан «Саңлақ» жазығы ғана.
…Балдыбірек деуші еді,
Сайрамсу бір саласын,
Дабырашалды бір төбе,
Азат биік бас жағы.
Басына шығып төбенің,
Дағара шалды Есім хан»…
Ақынның «Дабырашалды» деп отырғаны Балдыбірек өзенінің сол жағасындағы қазіргі Майбұлақ (Жамбыл) ауылының солтүстік шетінде орналасқан биік төбе. Ол төбе аталған соғыстан кейін «Даңғырашалды» аталып кеткен (Ресей отаршылары 1906 жылы осы жерде «Доброшалды» деген село орнатқан. Кейінірек, село «Борисовка» атала бастады. Түркістан облыстық мұрағаты). Бұл жерде ақынның аталған жырларды 1941 жылы көктемде жазып бітіргенін ескеру керек.
Шайқастың қалай өткені туралы М.Мағауин ештеңе айтпайды. Ал, Қазанғап Байболұлы мен Қазыбек бек Тауасарұлының шайқас эпизодтарын суреттеуі өте ұқсас, ал басты кейіпкерлердің есімдері бірдей. Екі автор да бір дереккөзді пайдаланғаны анық байқалады.
Бірнеше күнге созылған кескілескен ұрыстан соң Тұрсын ханның әскері тас-талқан боп жеңіледі. Бұл туралы авторлар былай дейді:
…Туы құлап хан Тұрсын,
Не болсаң халқым, о бол деп,
Ташкентке қарай жөнеді.
…Қошынын жинап Есім хан,
Хан Абатқа жөнелді,
Хан Тұрсын сонда деп еді.
Ташкентпенен арасы,
Сәскелік қана жер еді… (Қазанғап Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры. «Төле би» кітабы, 1993 ж.).
…«Есім ханның тепкісіне шыдай алмаған Тұрсын хан жеңіліске ұшырап, Ташкентке шегінеді»… (М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» Алматы, 1995 ж.).
…«Ақыры, оны (Тұрсынды) Есімхан Сайрамсудан Ташкентке дейін қуып, Ташкент түбіндегі хан Абат деген жерде өлтірді»… (Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме дейін» – Алматы, «Жалын» баспасы, 1993 ж. 192-бет). Сонымен, қазақ тарихына «Қатаған қырғыны» атанып енген қырғын Сайрамсуда басталып, Ханабадта аяқталды.
«Қатаған тайпасының «арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілініп, әйел заты түгел үлес-олжаға берілді, түрлі себеппен кешірім жасалған жекелеген топтары басқа руларға таратылады» (М.Мағауин).
Қазанғап Шәкерімге сілтеме жасап, Тұрсын ханның Қоңырбике, Айбике, Нұрбике атты қыздары Арғын-Тобықты жігіттеріне тигенін айтады.
«Қатаған қырғынының» туысқа туыс қол көтерген азамат соғысы екенін Қазанғап пен Қазыбек бек Сүлейменнің (Есім ханның батыры) өзінің туған қайынағасы Айрылмасты (Тұрсын ханның бас батыры) жекпе-жекте өлтіруімен көрсетеді.
«Қатаған қырғыны – Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіс ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай, қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш деп аталады» деп топшылайды М.Мағауин.
Иә, шынында да «Қатаған қырғы­нынан» есеңгіреп қалған қазақ тек «Орбұлақ шайқасынан кейін ғана, еңсесін қайта тіктей бастады. Оған, 1628 жылдан «Орбұлақ шайқа­сына» (1643 ж.) дейінгі деректердің мар­дымсыздығы куә. Шет жер­лік дереккөздерді айтпағанда, осы кезең­де өзіміздің ақын-жыраулары­мыз да «үнсіз» қалған.
Аталған жырда Бекасыл әулиенің бабасы Төле биден алған өмірлік ұстанымы деуге боларлық көзқарасы мен көріпкелдігі Есім ханның аузымен айтылады.
Хан өсиеті
Шақырып Есім айтты қазақ ұлын:
…Сырбаз жеп, қымыз ішіп, ақымақ боп,
Зілінде жарамайды көшпелігің.
Даланың жазын жайлап, көгін көктеп,
Өнерсіз, тағы сор да аңқаулығың.
Қалалы орнықты ел болмадыңдар,
Киіз үй туырлық, ағаш тіршілігің.
Қарның тоқ, уайымың жоқ болғаннан соң,
Қамы жоқ инедейін кейінгінің.
…Түбіңе жетер түбі алалығың,
Бұл жақта жапон, қытай, бұяқта орыс,
Біреуі алмай қоймас өнерлінің.
Менен соң қилы-қилы заман болар,
Қоңсы боп шегір көзді адам қонар.
Атаны бала құрмет қылмайтұғын,
Ағаға іні қарсы табан қояр.
Біріңді бірің шағып, күнде өлтіріп,
Мал-мүлкің, қатын-балаң талан болар
Соратын теспей қаның басшы болып,
Ақырың осыменен тәмәмдалар.
Біріңнің бақайыңнан бірің тартып,
Мен емес, мына күндер саған болар.
Қос-қос орда, қос орда,
Қосылып қонбас бізден соң.
Бала сыйлап атасын,
Құрметтемес бізден соң.
Ауызбірлік, ынтымақ,
Бола бермес бізден соң.
Бала қамын ойланып,
Ер тумайды бізден соң.
Ғылым, өнер үйреніп,
Қазақ болып қарайып,
Халық болмас бізден соң.
Тиын пара жеместен,
Төре жүрмес бізден соң…
Қытай, орыс мақұл, Есім ханның жапон халқы туралы хабардар болуы екіталай. Оның үстіне, бүгінгі Жапонияның өркендеуі 1867-68 жылдардағы Мэйдзи төңкерісінен басталғаны әмбеге аян. Ал, бұл жылдар 1822 жылы дүниеге келген Бекасыл әулиенің нағыз кемел шағына тура келеді.
Қазақ мемлекеттілігі тарихында айналасындағы Ресей, Қытай секілді алып империялардың өзімен терезесі тең қатынас орнатып, қазақ халқы үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заман орнату Тәуке ханның ғана қолынан келгені белгілі.
Тәукенің тұсында Қазақ хандығына қарақалпақтар мен қырғыздар да кірген деседі. Ол жеткен биіктерге тіпті, атағы аспандаған Абылайдың (Әбілмансұр) өзі жете алған жоқ. Сөз жоқ, оның осы жетістіктерін тілге тиек еткенде ең алдымен еске түсетіні атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билер болса керек!?
«Бір хан, үш би шығарған,
Жеті жарғы деген заң.
Заңсыз жұмыс бола ма,
Батқан күн мен атқан таң.
Үкіміне бағынар,
Жағындағы барша жан.
Ноғайлыдан бөлініп,
Қол салған бұрын қазаққа
Жобасын ескі түзеткен,
Еңсегей бойлы Есім хан.
Нашардың қамын ойласып,
Жеңілдік жолмен жүргізген,
Төле би мен Тәуке хан»… («Төле би­­дің тарихы» Қазанғап Бай­бол­ұлы «Төле би» кітабы, 1993 ж.) деген жолдар­дан Тәуке хан тұсын­да қазақ халқы­ның дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарына үлкен реформа жа­салып, қазіргі тілмен айтқанда гуманизацияланғанын аңғаруға болады. Солтүстік Кавказ халықтарында бүгінге дейін сақталып, өз қоғамдарында үлкен бас ауру болып отырған «Жанға жан» (Вендетта), яғни «қанды қанмен жуу» ғұрпы «Жеті жарғыда» «құнмен» алмастырылды.
Жолбарыс ханның өлімі
… Төле би жұртын жиды қиял ойлап,
Шығарсам арық қазып, Сырдан байлап.
Ел болсақ отырысты болар еді-ау,
Қыстасам, Алатауды жазда жайлап.
Бір жағымыз далалы диқан болсақ,
Көшпелі бір жағымыз бие байлап.
Елдерден қатар жатқан үлгі алайық,
Баллардың түбіндегі қамын ойлап.
Мақұл деп арық қазды қалың елі,
Тозақтың тау торабы көлденеңгі.
Орнығып қазақ бәле болады деп,
Жолбарыс хан жау болды Тәшкендегі.
Төле бидің сол қазған арығынан,
Жұртына азын-аулақ ырыс келді.
Амалы жоқ, қуған соң тұрыс бар ма,
Бел байлады Төле би ұрысқа енді… («Төле бидің тарихы» жырынан.)
Тарихымыздағы тағы бір ақтаңдақ, ол Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың өлімі.
Тарихшылар оны бірде қожалардың қолынан ажал құшты десе, кейбір деректер өзбектер өлтірді дейді.
«Төле бидің тарихы» атты жырда Төле бидің «Ақтабан шұбырынды» оқиғаларынан кейін қазақ халқы отырықшылыққа көшіп, егін екпесе «ұлт» ретінде жойылып тынатынын терең түсініп Ташкент, Сайрам маңында өз туыстарына арықтар қаздырып, егін салдыра бастағаны жақсы көрініс тапқан. Төленің өз кіндігінен тараған ұлдары бас болып қаздырған Сайрамсу бойындағы «Қожабек», «Жолан» арықтарын сол жерлердің халықтары әлі күнге өз игіліктеріне пайдаланып отыр.
Ал, Төленің ұлы Ниязбек бас болып салдырған Ташкент түбіндегі «Ниязбек» қамалы мен арығының, қажет кезде бүкіл Ташкент шәрін ауыз сусыз қалдыруға боларлықтай, стратегиялық маңызы болды. Негізін, Төленің немере туысы Бектемір (Тоқпанның ұлы) қалаған қыстақ қазір Ташкент қаласының бір ауданына айналып кетті.
Өз дәргейіндегі көшпелі халықтың отырықшылыққа бет алуын, өз билігіне төнген тікелей қауіп деп түсінген Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Ташкент түбіндегі қазақ егіншілерін қуып тастау мақсатында өз жасақтарымен барып тиіседі. Оны құрамалардың биі Бүркіт қолдайды.
Қақтығыста садақ оғынан қатты жараланған Жолбарыс өлім аузында жатып, Төле биді шақырып кешірім сұрайды. Жолбарыс өлімінен кейін Ташкент билігі Төлеге тиді.
Жалпы, 1520 жылдар шамасында өмірден өткен Қасым хан дәуірінен бергі тарихымызға тереңірек көз жүгіртсек, халқымызды шамамен әрбір 100 жылда өте терең дағдарыстар күтіп тұрыпты. Қасым өлімінен кейін іргесі шайқалған Қазақ ордасының еңсесін қайта көтеру 1560 жылдары таққа отырған Хақназар ханның ғана қолынан келді.
«Қатаған қырғыны» (1627-28 ж.), «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» (1723-27 ж.), Ресей патша­сы­ның жарлығымен хандық биліктің жо­йылуы (1822-24 ж.), қазақты қы­рып-жоюға бағытталған патша өкіметі 1916 жылы жариялап, 1938 жылға дейін жалғасқан Кеңес өкіметінің сұрқия саясаты… Осындайда, «Тарих адаспау үшін қажет» деген Бекасыл әулиенің әйгілі сөзі еріксіз еске түседі.

Байғали ЕСЕНӘЛІ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жауап қалдыру