«Жетісудың» тағы бір төркіні – «Тілші» газеті

0
174

Жетісу десе жүрегін жұлып беруге бар осы өлкенің төл тумаларының бірі Рақымалы Байжарасов болатын. Орта бойлы, ашаң өңді, қалың қабақ, астыңғы ерні сәл түсіңкі, қара торы кісі еді. Жайшылықта түсі суық көрінгенімен сөйлеп кеткенде қабағы ашылып, жүзі жылынып жайылып сала беретін. Оқығаны да тоқығаны да жетіп артылатын, зердесі даңғыл ол қай тақырыптан суыртпақ тартсаңда мұзға салған жорғадай тайпала жөнелетін.
Бұл кісінің есімін мен алғаш мұрағат ақтарып жүріп Қазақстан Компартиясы тұңғыш құрылтайының құжаттарынан кездестірдім. О тұста съезд төрал­қасына сайланатын делегаттар жеке-жеке талқыланады екен. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің аты аталғанда Қарағанды обкомының екінші хатшысы Рақымалы Байжарасов орнынан атып тұрып:
– Мүсірепов жолдас, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығына түсіп қалған жоқ па, оған бұл қай құрмет?» деп төтесінен қойып қалады. Левон Мирзоян аспай-саспай былай деп жауап берді:
– Жоқ, Мүсірепов жолдас қызметтен төмендеген жоқ, қайта партиялық жүйемен өсті. «Еңбекші қазақ» орталық партия комитетінің органы болатын. Оның басшысы орталық комитетке алынып, оның білдей бір бөлімін басқарса, бұл оның қызмет бабымен өскендігі деп білу керек, – дейді.
Осыны оқыған бойда-ақ мен Рақаң алғыр да айтқыр, өткір де өжет қиғақтау кісі болар деп шамалаған едім. Оған бертін өзімен танысып сөзін тыңдағанда, қоғамдық қызметін көргенде көзім кәміл жетті. Сталиндік зұлматтың жеті қат зы­мыстанынан өтіп, аман оралған ол жазықсыз жазаланып, нахақ опат бол­ған арыстарды ақтап, жалғанның жа­рығына шығаруға бел шешіп, бекем кірісті.
Қазақтан шыққан одақтың дең­гейін­дегі аса көрнекті мемлекет қай­раткері Тұрар Рысқұлов туралы оның алғаш жазған мақаласының «Социалистік Қа­зақстанда» жарияланып, алпысыншы жылдардың басында үлкен айғай-шу шығарғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Тұрар азаматтық тұрғыдан ақталғанмен, саяси жағынан күмәнді, қателіктері көп болған қайраткер деп әсіресе белсенді қырғикөздер жоғарғы жаққа шағымданып, Орталық комитеттегі тым сақ саясат сақшылары ба­сы­лым басшыларына алая қарап орын­дарынан ауыстырғаны да бар. Сон­да сойылдың деніне өз арқасын тос­қан Рақаң керемет қажыр-қайрат та­ны­тып, қайыспас қайсарлықпен билік са­ты­сының барлық деңгейінде Т. Рыс­­құ­ловтың халық үшін жанын да, қанын да аямай, қалтқысыз еңбек еткен ақ-адал, абзал қайраткер екіндігін дә­лел­деп шықты.
Кезінде Бүкілодақтық төрағаның орын­басарлығына дейін өскен өресі биік, өрісі кең қайраткер Тұрар ағаның, қа­зақ тарихынан қазіргідей қастерлі орнын бастапқылардың бірі боп айқындап берген осы Рақымалы Байжарасов болатын.
Әсілі, Рақаң қанша жерден көрнекті партия қайраткері болғанмен жаны журналист адам еді. Жақын тартып жақсы көретін газет-журналдарын жібер­мей оқып, елеулі материалдары туралы түйген пікірлерін ұдайы айтып отыратын. Редакцияға бір келгенде ол:
– Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалысына онша мән берілмей жүр. Бұл дұрыс емес. Тіпті оның елу жылдығы да аталмай қалды. Біле білсек, ол көтеріліс Ақпан, Қазан төңкерістерінің қазақ даласында алғаш қағылған қоңырауы ғой, – деп бастап біздің ыңғайымызды байқап, сөзін әрі қарай сабақтаған. – Иә, сендер ол жайында азды-көпті жазған болдыңдар. Түптен қозғап тереңірек сүңгу керек еді. Он алтыншы жыл оқиғаларының Жетісудағы бір ошағы Жәйілміс көтерілісі. Рас, оны бастаған ол кезде жасы біразға келіп қалған батыр Бекболат Әшекеевтін. Ондай сын сағатта қай істі болсын елге сөзі өтетін халық құрметтейтін үлкен кісі бастауы керек. Бекболат кезінде Жәйілміс болысын ғана емес, осы өңірді бәрін билеген кісі. Айтқандай Жайылмыс деп беріпсіздер. Дұрысы «Жәйілміс» болуға тиіс, «ә» мен жазылады. Ал «Бекболат батыр» дастанын Иса Дәукенбаев жазды деп жүрген мүлдем қате. Оны жазған батырдың хатшысы болған Сары Омар деген арғын. Жарықтық қазақша, орысша аса сауатты азамат еді. Тірлік болса оны дәлелдеп беремін. Жәйілміс көтерілісінің жалпақ жатқан Жетісуға таралуы соның арқасы ғой, – деп бір тоқтады да, Жетісуға қатысты әңгіме желісін әрмен қарай тарқатты.
– Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бұрынғы және Орта Азияда ұлт шекарасы ажырағанға шейінгі /1925ж./ Жетісу облысының бұл шеті Аягөз, ол шеті Нарын өзендерінің арасындағы жеті судың алабын алып жатқан ұлан-ғайыр өлке болатын. Ол кездегі Жетісудың аумағына қазіргі Бельгия сияқты 12 мемлекет сиып кеткен болар еді. Революцияға шейінгі дәуірдің өзінде-ақ Жетісу сияқты қазақ жерінде әр қиырдан көшіп келген түрлі ұлт өкілдері мекендейтін. Халықтардың 72 пайызы қазақтар мен қырғыздар, 17 пайызы орыстар мен украиндар, 11 пайызы ұйғыр, дұнған, татар, өзбек тағы сол сияқты кірме жұрттың өкілдері еді.
Бұл арада революциядан соңғы дәуірде Жетісудың қандай әкімшілік жү­йелерде болып, қалай аталғанын анықтай кетейік. Орта Азияда ұлт шекарасы ажырағанға, яғни 1925 жылға шейін Жетісу облысы атанып, Түркістан республикасының құрамында болған. Ол кездегі Жетісудың құрамына 4 қазақ уезі (Алматы, Жаркент, Талдықорған және Лепсі), 3 қырғыз уезі (Пішпек, Қарақол және Нарын) енген. 1925 жылдан Жетісудың қазақ жері Қазақстанға қосылды да, Жетісу губерниясы атанды, ал 1928 жылдан соң ол Алматы округі болды. Соңынан республиканың облыстық жүйеге көшуіне байланысты 1932 жылдың басында Алматы облысы құрылды. Содан бері өңір Алматы облысы атанып, «Жетісу» газеті осы облыстың өмір айнасы болып келеді.
Рақымалы аға әңгімесін аяқтай келіп:
«Газеттің бастау көзін сонау «Жетісу ісші халық мұқбырынан» алғалы жатыр деп естідім ғой. Көршілерінің «Огни Алатау» бастауын «Заря свободы» деп алса, сендердің де тамырды түп­тен тартқандарың абзал. Бұл өлкеде қан­дай басылымдар болғаны маған бес сау­сақ­тай белгілі, – деп еді сол тұста ар­дагер аға біздің әрекетттерімізді ма­құл­дап.
Біз де бұл әңгімелеріне қызығып, «осы жайында жазып берсеңіз қайтеді?» деп дереу қолқа салған едік. Бірер аптада әзірлеп әкеліп берді. Алайда, өкінішке қарай, бәз-бір жағдайларға байланысты газеттің 50 жылдығы кеңінен аталмай, кітап шығару деген ой да жүзеге аспай, мақала менің архивімде қала берді. Соны мына 100 жылдыққа орай «Жетісудың» төркіні – «Тілші» газеті» деген тақырыппен назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмын.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақ журналистикасының қайраткері

P.S. Рақымалы Байжарасовтың бұдан жарты ғасыр бұрын жазылған мақаласы редакцияланбай, сол заманның идологиялық тілі қаз-қалпында сақталған күйі беріліп отырғанын ескерткім келеді.
Жетісу большевиктерінің, со­вет органдарының револ­юция­лық күресіндегі елеулі зор жұмыстарының бірі – Кеңес өкіметі орнаған кездерден бас­тап-ақ жергілікті халықтар тілінде алғашқы совет газеттерін шы­ғаруы болып табылады. Бұнда ревалюциядан бұрын жергілікті халықтар тілінде газет шығару атымен болмаған. Егер сол кездерде газет шығаруға қажетті полиграфиялық, мате­риалдық базаның мүлдем жоқ­тығын, ашаршылық, тап­шылық соғыс жағдайының ауырт­па­лығын еске алатын болсақ, алғашқы коммунистердің қан­дай қиындықты болмасын же­ңіп, алдына қойған мақсатын орындамай тынбайтын тамаша қасиетіне мақтанышпен таңыр­қа­масқа болмайды. Сөйтіп қа­зіргі «Жетісу» газеті мұрагері бо­лып отырған облыстың ал­ғаш­қы болшевиктік баспасөзі осын­дай қиындық жағдайда, ре­валюциялық күрес үстінде дүниеге келген.
Жетісуда тұңғыш шыққан большевиктік баспасөздің жыл құсы – «Жетісу ісші халық мұхбыры» газеті. Ол 1918 жылы 21 июньде шыға бастаған. 1918-1921 жылдарда бұл газеттің нәмі бірнеше рет өзгеріп, «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара» және «Кедей еркі» деген атаулармен шығып тұрды. Бұлардың қай-қайсысы болмасын «Кедей еркінен» басқалары оқушыларына көбінесе ресми және үгіт-насихаттық материалдарды жеткізіп тұруды көзде­гендіктен негізінен алғанда хабар­­шылық роль атқарып отырады. Бұл газеттер зор кө­лемде облыстың ауылдары мен қыстақтарында жүріп жатқан революциялық күрестің барысын, советтік ауылдың жаңа өмірін ойдағыдай қамти алмады. Бұған ол кезде тәжірибелі қызметкерлердің кемдігі, ауыл-қыстақпен байланыстың на­шарлығы, осының нәтижесінде газетке жазып тұратын тіл­шілердің ұйымдастырылмауы мүм­кіндік бермеді. Осыған қарамастан бұл газеттер өз кезінде зор рөл атқарып, облыс баспасөзінің негізін қаласты.
Революцияның алғашқы жылдары шыққан баспасөзді сөз еткенде алдымен ауызға алатынымыз – заманында өзін берісі Жетісу, арысы Қазақстан жұртшылығына танытқан «Тілші» газеті болса керек. Ал Алматы қаласында 1922-1929 жылдары /1922-1925 жылдары Жетісу обкомының, ал 1925-1929 жылдары Жетісу губкомы мен Алматы окружкомның органы ретінде шығып тұрған. Бұл газет шынында да қазақ совет баспасөзінің кереге тасын қалап, оның қалыптасуына атсалысқан, маңына алғашқы тілшілер мен журналистер топтастырылып, оларды жазу-сызуға үйреткен, баулып тәрбиелеген қария газеттердің бірі. «Тілшінің» архивте сақталған нөмірлерін аударып отырғанда оның шаң басқан көне беттерінен сол өткен заманның революциялық күреске тап тартысы шиеленісінің фактілеріне толы көкірекке айқын, көзге таныс оқиғалары елестейді маған.
Газеттің алғашқы ұйым­дастырушысы, 1922-1925 жыл­дардағы редакторы респуб­лика жұртшылығына белгілі Сара Есова болған. Онан соң 1925-1928 жылдарда оның редакторы болып марқұм Сабыр Айтқожин істеген. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстанда больщевиктік газеттерді ұйым­дастырып шығарып тұрған қарт коммунист және журналист еді. «Тілшінің» өз заманында елеулі газет болып шығуы – осылардың ұйымдастырушылық қабілетінің, армай-талмай істеген еңбегінің нәтижесі екені де түсінікті болса керек.
Алғашқы кезде қазақ пен қырғыз жерін қамтыған Үлкен Жетісудың газеті болған «Тілші» – В.И.Лениннің жеңімпаз идеяларын больщевиктер партиясы мен кеңес үкіметінің саясатын жеті өзен алабындағы қазақ және қырғыз еңбекшілеріне жеткізіп, оны армай-талмай түсіндіріп отыруға күш салды. Ол революция оятқан сілкіндірген советтік жаңа ауылдың өмірін онда болып жатқан өзгерістерді жазып, қуанарлық тәжірибені ортаға салып, кемшіліктерді жоюға назар аударды.
Тағы бір айта кететін жайт: бұл кезде «Тілшіде» қырғыз тілінде жазылған материалдар да жарияланып жүрді. Газеттің бұл мерзімдегі нөмерлерінен қырғыз тілінде жазылған мақалаларды, әңгімелерді, өлеңдерді оқимыз. Сөйтіп қырғыз халқының жазба әдебиетінің алғашқы үлгілері «Тілшіде» және онан бұрын шыққан «Жетісу ісші халық мұқ­быры» газеттерінде жа­рияланған. Мұның өзі бұл газет­тердің интернационалдық дәс­түрін көрсетсе керек. Бұл жақсы дәстүрді ерекше айта кеткен жөн.
Газет басшымыз партияның жұмысына облыстық партия ұйымымен ауыл ұяларының тұр­мысына ұдайы көңіл бөліп отырған. Газетте жарияланған материалдар сол замандағы Жетісу партия ұйымының жайын, хал-ахуалын көзге айқын елестетті. Сондай-ақ партияның көмекші ұйымдары «Қосшы» және комсомолдың өміріне де ойд­ағыдай көңіл бөлінген. Газет­тің совет жұмысын әсіресе совет сайлауларын өткізу науқа­нын өте жоғары саяси дәрежеде өткірлік талабымен жазып отырғанын атап айтпасқа болмайды.
Газет бетінде кең орын алған: күйзелген шаруашылықты қал­пына келтіру, қазақ шаруаларын жерге орналастыру, совет үкіметінің салық саясатын іске асыру, егіндік-шабындық жерлерді бөлу, ірі байларды конфескелеу, Түркістан – Сібір теміржолын салу, алғашқы колхоздарды ұйымдастыру – міне, осының бәрі сол заманның алда тұрған шешуді күткен кезектегі міндеттері болатын. Осындай шараларды революциялық батылдықпен іске асыру – феодалдық қатынаста қалып келген қазақ ауылының капиталистік сатыны өтпей-ақ, тұп-тура социализмге көшуіне мүмкіндік берген.
Революциядан бұрын қазақ ауылында атымен болмаған мәдениетті, көркем әдебиет пен өнерді жоқтан бар етуге күш салған газет – ауылда мектеп ашу, сауатсыздықты жою, тіл зерттеу, латын әліппесіне көшу, театр мен ойын-сауық үйірмелерінің жұмыстарын жақсарту сияқты мәселелерге көңіл бөлумен бірге жаңа көктеп келе жатқан қазақ-совет әдебиетінің алғашқы үлгілерін (әңгімелер, өлеңдер,) нөмір сайын жариялап отырған. Солардың көбі қазір қазақ-совет әдебиетінің бай қазынасына (Ілияс шығармалары) еніп отыр. Қазақтың сөздік қорын, тіл байлығын арынды және тиімді қол­данған «Тілшінің» жаттық тілін қазір де сүйіне оқисың.
Міне, осының нәтижесінде газет шыға бастаған күндерден бастап-ақ өзін тек Жетісудағы оқушыларына ғана емес, одан сырт жерлерге де танытқан. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін бірнеше мысалдар келтірейік. Жетісудың 1925 жылға дейін Түркістан Республикасының құрамында болғанын жоғарыда айттық. Бірақ осыған қарамастан Жетісуда шығарған «Тілші» газетінің ол кезде ел астанасы Орынбор болған Қазақстан Республикасының жұртшылығына да танулы екені көреміз.
1924 жылы 18 августа «Тілші» газеті екі жасқа шықты. Осыған байланысты Сәкен Сейфуллин Орынбордан мынадай құттықтау телеграмма жіберген:
«Тілші» газетінің екі жыл­дық мейрамы туралы хабар­ды соң алып, уақытында құт­тық­тай алмадым. Кеш болса да ардақты «Тілшінің» үш жасқа шығыуына құтты болсын айтып, шығарушы һәм жазушы­ларына сәлем жіберіп, істері­ңізге сәт тілеймін. Қазақстан Рес­публикасы Халық комисарлар кеңесінің төрағасы Сей­фоллаұлы Сәкен. («Тілші» , 4 сентябрь 1924 жыл).
Екінші құттықтауда: «Тілшінің» үш жылдық өмірін қарсы алып құттықтаймын. Артта қалған Жетісу еңбекші елдерін жарыққа тартады деп сенейін. Ұзақ өмір сүруіне шын тілектеспін. «Еңбекші қазақ» басқармасынан Майлин», – делінген.
Қазақтың белгілі ақыны Сәбит Дөнентаев газетке жіберген құттықтау өлеңі:
«Ат қойғандар «Тілші», – деп
Туа сөйлей білші, – деп:
Әлпештеді, шақырды:
«Еңбекші жүрші!», деп,– бастай келіп:
«Туғаныңа екі жыл,
Ойланда, ойла талап қыл,
Ай санап өс, күн санап,
Наданды хабар қыл!», – деген тілек айтқан.
Бұл айтылғандарға қосудың да, толықтырудың да қажеті жоқ сияқты. Халқымыздың атақты, ардақты ұлдары Сейфулин, Майлин, Дөнентаевтардың бұл пікірлері «Тілшінің» өз уағында бүкіл Қазақстан жұртшылығына танулы және көрнекті газет болғанының айғағы болса керек.
Газеттің бұндай дәрежеде болуы – оның редакторлары мен шағын колективінің (газетте төрт-бес адам істейтін) редакция маңына білімді, өз ісіне жеттік авторларды, талапты жастарды және тілшілерді ұйымдастыра білгенінде-ау деп ойлаймыз. Осыған байланысты газетті шығаруға атсалысқан, оның жұмысына белсене қатысып еңбек сіңірген, сол газеттен өскен кейбір авторлар мен тілшілерді атап кеткіміз келеді.
«Тілшінің» осындай дәрежеде шығып тұруы – ең алдымен оның қызметкері, үзбей жазып тұрған белді авторы және редакторларының бірі болған Ілияс Жансүгіровтың атымен байланысты. Сонымен қатар Ілияс та өзінің алғашқы творчестволық қадамын осы «Тілшіден» бастаған. Ілиястың мақаласы, өлеңі, әңгімесі, очерктері немесе фельетоны жарияланбаған «Тілшінің» нөмері сирек кездесетін. Газеттің кейбір нөмерінде оның мақаласы да, өлеңі де немесе фельетоны да қатар басылып жүрген. Мәселен: газеттің 1923 жылы шыққан 12-санында: бір өлеңі, бір мақаласы, 14 санында: бір өлеңі, бір фельетоны, 28 санында: бір шолуы, бір мақаласы, бір өлеңі жарияланған. Бірақ бұлардың әр қилы бүркеншік атпен (псевдоним) жарияланғандықтан зер­теушілердің олардың Ілияс­тікі екенін білмеуі де ғажап емес. Ілиястің бүркеншік аттары «Матай», «Ағын», «Шолжық», «Таңқыбай», «І-Ж», «Жа-жа» т.т. Мүмкін сондықтан да болар, оның «Тілшіде» жарияланған бірқатар еңбектері шығармаларына енбей отыр.
«Тілшіге» үзбей жазып тұр­ғандардың бірі Жетісуда халық ағарту жұмысын басқарған Біләл Сүлеев. Ол сықақ өлеңдер мен әңгімелерді жазушы еді. Оның бірқатар мақалалары, өлеңдері, әңгімелері газетте «Қаптағай» деген бүркеншік атпен жарияланған. Алматыдағы қазақ-қырғыз ха­лық ағарту иниститутының оқытушысы, соның деректоры болған Хажым Басимов газетте «Сарыалшын» деген бүркеншік атпен мақалаларын, өлеңдерін, тіл жайындағы ғылыми зерттеулерін жариялап отырған.
Соңғы жылдарда газеттің жұмысына атсалысып, жазып тұр­ған журналистер: Орынбек Беков, Жүсіпбек Арыстанов және Зарап Темірбеков. Орынбек пен Жүсіпбек редактордың міндетін де атқарып жүрді. Театр маманы, тіл шебері Жұмат Шаниннің де «Тілшіде» мақалалары жа­рия­ланып тұрған. Әскери қыз­мет­керлер Айтжан Бутин мен Әбілқапар Әзмұхаметов Отан қор­ғау тақырыбын жазып тұру­шы еді.
Газеттің көне нөмерлерін ау­дар­ғанда оның беттерінен арысы Қазақстанға, берісі Же­тісуға аттары белгілі Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Қабыл­бек Сармолдаев, Абдолла Роз­бақиев, Нығмет Сырғабеков, Жүсіп Әбдірахманов, Мағаз Ма­санчи, Жүсіп Бабаев сияқты көрнекті комунис басшылардың мақалаларын оқимыз. «Тілші» талантты жастардың қалам өнеріне жетісуіне көмектесіп, оларды баулыған кез еді. Жұртшылығымызға белгілі ақын жазушылар: Ғали Орманов, Сағыр Камалов, Тайыр Жароков, Дүйсенбек Еркінбековтар алғашқы қаламын «Тілшінің» «Тайжарыс» атты әдебиет бетінен бастаған. Қырғыздың белгілі жазушысы Қасымәлі Байә­линов өзінің алғашқы өлең, әңгімелерін (қырғыз тілінде) осы «Тілшіде» жариялаған. Соңынан журналист болған Нұрсейіт Ерубаев, Нақысбек Оразбеков, Несіпбай Манашевтар да осы газеттің тілші, хабаршы қатарында өскендер. Газетте ол кезде жас талапкер ақындар Құсайын Шөкеновтің, Сұлтанбек Берсүгіровтің өлеңдері де жиі басылып жүрді. Ілиястың жерлестері Рахым Омаров пен Бердіқожа Жантасов та осы «Тілшінің» қазанынан қайнап піскен журналистер болатын.
Мені де жазу-сызуға баулыған «Тілші» газеті! Мен газетке 1926 жылдан бастап Алматыдағы қазақ-қырғыз халық ағарту иниститутында оқып жүрген кезімнен жаза бастадым. Оқу үстіне қосарлата «Тілші» газетін­де қызмет істедім. Менің қалай істе­генімді «Тілшінің» өзіне айт­қызған жөн сияқты. 1927 жылы «Тілші» алты жасқа толуын атап өтті. Оған өзінің тұтас нөмірін арнады. Тұрақты авторларының, тілшілерінің аттарын атады. Сонда менің де суретімді басып, астына мынадай сөздер жазған екен:
«Рақымалы Байжасарұлы. 1926 жылдан бері «Тілші» газе­тінің баулып өсірген жазу­шы­ларының бірі. Рақымалы ең әуелі хабардан бастап жазып, кейінгі мезгілде «Тілшінің» қа­тарындағы жазушыларының бірі болды. Осы күні басқармада істейді. Алматыдағы Қазақ институтын биыл бітіріп шыққалы отыр.
Рақымалы жас. Осы күнгі істеген іс, еткен талабына қарағанда болашағынан көп үміт күтеміз («Тілші» 18 август 1927 жыл) делініпті.
1929 жылы июньде Алматыға Қазақстан астанасы көшіп келді. Ол кездегі полиграфиялық базаның тапшылығы респуб­ликалық газет, журналдар және баспалармен қатар «Тілшінің» шығуына мүмкіндік бермеді. Алматы округін республикалық газет «Еңбекші қазақ» қамтитын болды. Осыған байланысты Жетісуда зор рөлі атқарып келген «Тілші» газеті уақытша шығуын тоқтатты. Оның кейінгі облыстық газеттің басқа атауымен шыққаны белгілі.

Рақымалы БАЙЖАРАСОВ,
СССР Журналистер одағының мүшесі.

Жауап қалдыру