Желтоқсанда жалындаған Анар

0
209

Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңнан түсірілген суреттердің ішінде қаршадай қызды мұздай қаруланған екі милиционер ұстап әкетіп бара жатқан осы бір сурет көпшілікке жақсы таныс. Ал сол қайсар қыздың кім екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ол қыз сол кезде Алматыдағы құрылыс кәсіпорындарының бірінде қарапайым жұмысшы болып істеген өскемендік Анар Рақымжанова болып шықты. Бүгінде ол Алматы қаласында тұрады.
«Мен кезекті демалыста ауылға барып қайтқан едім, – деп еске алады Анар. – Ертесіне, 16-желтоқсан күні сөз байласып жүрген жігітім Маратпен киноға барғанбыз, содан қайтып келе жатқанда радиодан Қонаевты орнынан алып, Колбинді тағайындағанын естідік. Кешке қарай жатақхана алдына бір жігіт келіп: «Қазақтар, неге үнсіз отыр­сың­дар?! Орталық алаңда қазақ­тарды қырып жатыр!» – деп айқай­лады. Жанымдағы құрбым екеу­міз осыны ести сала алаңға бармақ бол­ғанбыз, бірақ милиция жатақ­ха­надан шығармай қойды.
Өзім жолдан сырқаттанып келген едім, 17-сіне жұмысқа бармай, құрбым Гүлшат екеуміз емханаға барып, маған емделуге демалыс алдық. Сосын бірден автобусқа отырып, орталық алаңға тарттық. Бірақ қоғамдық көлік жүргізушісі «Балуан Шолақ» стадионына жеткесін ары қарай бармайтынын айтып, бәрімізді түсіріп тастады. Біз ары қарай жаяу тарттық, сөйтіп патриоттық әндер шырқап, орталық алаңға жеттік.

Біз барғанда алаңда адам өте көп екен. Айқай-шудан құлақ тұнады. Гүл­шат екеуміз көп адамның ортасына ен­ген бетте-ақ бір-бірімізді таппай қал­дық.
Сөйлеп жатқандар бар ма екен деп алға қарай жылжуға тырысып бағу­да­мын. Бір кезде бізге қарай әскери адам­дардың жүгіріп келе жат­қаны көрінді. Жұрт топырлай ығысып, бірінің үстіне бірі құлап жатты. Мен де құладым, сол кезде екі милиционер келіп ұстады. Мен сол кезде әскерилердің қарусыз топты аяусыз соққыға алып жатқанын, бұйра шашты бір жігіттің басын тас­қа соққанын көрдім.
Ал бізді, көп қыздарды көлікке тиеп, Қаскелеңдегі полиция бөліміне апарып тергеді. Сосын қайтарып жіберді.
Жатақханаға келсем, құрбым бөл­меде жоқ. Ол кейінірек келді. Фрунзе аудандық полиция бөліміне, орыс­тардың қолына түскен екен, әбден таяқ жепті. Басынан қатты соққы алған, шашынан ұстап, қа­быр­ғаға соққан екен, көзі ісіп кеткен, мүлдем ашылмайды.
Бұл аздай, оны кейін жұмыстан шығарып жіберді, Алматыдан кетуін талап етті. Оның сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев Ауғанстанда қызмет еткен еді, ол да оқиға кезінде қолға түсіп қалыпты. Оларды Боралдай жаққа апарып, қақаған қыста киімдерін шешіп алып, тастап кетіпті. Сол кезде құжаттарын жоғалтып алыпты.
Олар кейін екеуі үйленіп, отбасын құрды, төрт бала өсірді.
Қысқаша айтқанда, Анар Рақымжа­нованың 1986 жылғы Желтоқсан күн­дерінде бастан өткерген оқиғасы осындай екен. Тағы бір білгеніміз – ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, шығысқазақстандық ақын Төлеген Рақымжановтың қызы болып шықты. (Т.Рақымжанов – Қатон­қарағай өңірінің тумасы, осы ауданның Құрметті азаматы атағының иегері, ҚазМУ-дің филология фа­культетін бітірген, мектепте ұстаздық еткен, мектеп директоры болған, бірнеше жыр жинақтарының авторы).
Анар алғашында өзінің туған жері – шағын ғана Еңбек ауылындағы 8 жылдық мектепте, сосын нағашы­лары­ның ауылындағы мектепте оқыпты. Кейін бір жыл Семей қаласында жұмыс істеген. 1985 жылы Алматыға ауысып, сондағы құрылыс-монтаж бас­қармаларының біріне жұмысшы болып кірген. Өзі бала кезінен тіл ма­маны болуды армандаған екен. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына тапсырмақ болғанда құ­жаттарын жоғалтып, оқуға түсе алмай қалыпты. Бұл – 1986 жыл. Ал осы жылы қыста әйгілі «Желтоқсан көтерілісіне» қатысқаны үшін жазаланып, 5 жылға дейін жоғары оқу орнына түсу құқынан айы­рылған. Кейін отбасын құрып, балалы болып, сол күйі оқуға түспепті.
Бізге Анар сыпайы мінезді көрінді. Желтоқсан көтерілісіне қа­тыс­қанын жар салып айта бермейді екен. Дегенмен ұлттық тәрбиеден сусындағаны, әр нәрсеге деген өзіндік талғамы бары байқалады. Сонау жылғы ызғарлы күндерде небәрі 19 жастағы балауса қызды қаймықтырмай, аласапыраны шығып жатқан алаңға сүйрелеген де осы ұлттық болмыстан нәр алған мінезі болар деп түйдік.
Анар Рақымжанова бүгінде Алматы қаласының тұрғыны. Ол күйеуі Маратпен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріпті. Балалары жоғары білім алған, бүгінде екеуі де отбасылы екен.
Қара­пайым қазақ қызының өмірі туралы біздің білгеніміз осы. Менмін деп көкірек кермей-ақ көпші­ліктің ықыласына бөленген Анар Рақым­жанованы бүгінде жұрт құрметтейді, оны үлгі тұтады. Ал оның осыдан 32 жыл бұрынғы түсірілген суреті сол бір қаһарлы күндердің айғағындай, қазақ қызының асқақ рухының символындай болып бүгінде ақпарат құ­ралдары мен әлеуметтік желілерде жүр.
Аман бол, арман-мақсаттарың орын­дала берсін, ардақты қазақ қызы!

Д. НҰРПЕЙІС

Жауап қалдыру