Қызыләскер Қызылби

0
112

Брест қорғаушысы
Менің алдымда соғыс ар­дагері Қызылби ақсақалдың жас кезіндегі суреті жатыр… Сұң­ғақ бойлы, костюмде, ақ жей­де­сі­не галстук тағып түс­кен жылы жүзді жігіттің жанары­нан қай­сар­лық пен қағылездік қа­тар бай­­қа­лып тұрды. Жас шамасы орда бұзар отызда болуы ке­рек. Ағайын-ту­ған­дары­мен, жа­қын­да­рымен түс­кен өз­ге де су­рет­тері­нің арасында бә­рі­нен де бой­шаң екені көз­ге бір­ден ұрады. Әс­керде жүр­ген­де үне­мі сап­та­ғы жауын­гер­лер­дің ал­дың­ғы қата­рынан табылатын осынау ұзын бойлы қа­зақ жі­гі­ті­нің аты-жөнін, қай­дан екен­ді­гін сұ­рап-білген коман­ди­рі оған та­мақ­ты еселеп, қосымша үс­те­ме­леп беруді табыстапты.
Әке-шешесінің азан шақы­рып қой­ған шын аты – Жұмағұл.1909 жылы қазіргі Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы, Төле би ауда­ны­ның Аққұм ауылында (бұ­рын­ғы Ленгір ауданы, Ақ­құм се­ло­лық кеңесі, Қы­зыл­әс­кер ауылы) дүниеге келген. Кейін қатар­лас құрбы­ла­ры­нан ерекше бойшаң болып өсіп, ат­қа қон­ған­да гимнастеркалы жас жі­гіт жұрт­тың көзіне оттай басылыпты. Содан «Қызыл әс­кер», «Қы­зыл өкмет» деген ұғым-тү­сі­нік­пен ауылдастары оны «Қызыл би», «Қызыл би ке­леді» деп атап ке­тіпті. Сол жанама атаумен қыл­шылдаған жас жігіттің есі­мі Жұмағұл емес, куәлігіне Қы­зылби боп жазылады. Қы­зыл­би Айтқұ­лов отызыншы жыл­дар­дың ба­сын­да комсомол қа­тарына өт­кенде де қа­тар­лас­та­ры­ның арасында бел­сен­ді­лі­гімен кө­рін­ген. Ор­тан­қол шаруа әке­сі Айт­құл малын сатып, ши­бар­қыт­тан костюм-шалбар тік­кі­зіп, жол-пұ­лын қалта­сы­на салып беріп, ауыл­дың бір­не­ше баласымен Әу­лие­атаға (қа­зір­гі Тараз қа­ласы) мұға­лім­дер учи­ли­ще­сіне оқу­ға шы­ға­рып салады.
Педучилищені бітірген 1939 жылы Қызыл армия қатары­на ша­қырылып, Белоруссия­ның Бе­ло­сток қа­ла­сында қызмет ете­ді.
1941 жылдың 22-маусымына ауған түн. Әскери міндетін өтеп біткен сарбаздардың көңілі шат, қуаныш үстінде еді. Екі жыл үй­лерін көрмеген жігіт­тер елге қайтпақ. Осы уақыт ішін­де бір-біріне қатты бауыр басқан жі­гіт­тер дабыр-дүбірмен түн­нің бір уағына шейін ұйықтамаған…
Брест қамалындағы қыр­ғын со­ғыс туралы тарихтан біле­міз. Бе­лоруссияның Белосток қа­ла­сын қорғауда фашис­тер­дің ал­ғаш­қы ша­буы­лына Батыс май­да­нын­дағы шені ар­мия генералы Д. Г. Пав­лов­тың армиясы барынша той­тарыс берген. «Ақ­па­рат көз­де­рі көп қой, кейін, тарихи дерек­тер­ден осы мәлімет­тер­ді әдейі із­деп тап­тым, – дей­ді біз­бен әң­гіме­сін­де Қы­зыл­би­дің перзенті Дос­мұ­рат Айт­құлов. – 1933 жылы би­лік басына келгеннен КСРО-ға со­ғыс ашуға жан-жақ­ты әрі тиянақты әзірленген Адольф Гитлердің әуеден де, жерден де жасаған жойқын шабуылына кеңес әскерлері мен әс­ке­ри техникасы төтеп бермек тұрмақ, тұт­қиыл­дан бас­тал­ған соғыстың ал­ғаш­қы сә­тін­де командирлердің өзде­рі абыржып, жина­қы­лық та­ны­та алмағаны тарихта ашық айтылады. Сонда қан­ша ке­ңес әс­ке­рі мен әс­кери техни­кала­ры­ның не­міс фашис­терінің қо­лы­на түс­ке­нін тәптіш­теп айт­пай-ақ қоялық. Олар аз емес, әрине. Ал, әкем Қызылби Айт­құ­лов тіке­лей қызмет еткен Батыс май­данның басшысы, армия-генералы Д. Г. Павловқа кеште болса Кеңес Ода­ғы­ның батыры ата­ғы бе­рілген еді.
Досмұрат әңгімесін әрі са­бақ­тады – Әкемнің өз аузынан ес­ті­ге­нім: ол зенитшілер бөлі­мі­нің ко­ман­дирі болыпты. Ес жиып үл­гер­мейтін соғыс бас­тал­ған сәт­те әкем жинақылық таны­тып, қа­рауын­дағы жауын­гер­лер­ді са­быр­лылыққа ша­қы­рып, бө­лім­­ше сарбаздарымен әуе­ден жой­қын соққы жасап жат­қан жау­дың бомбалаушы ұшақ­та­рын зенит қондырғысынан ат­қылай­ды. Бомба тасталып, жан-жақта жарылып жат­қан сна­ряд­тар… Көз алдында өлім құш­қан қа­рулас жауын­гер­лер. Ары да бері гүрілдеп ұш­қан жау ұшақтары әскери бө­лім­ше орна­лас­қан аймақты дамылсыз бомбалауда. Атқылаған зенит қон­дыр­ғы­сы­нан жаудың бір-екі ұшағы жер құшыпты. Ен­ді келесі бір жақындап қал­ған жау ұша­ғын көз­деп ат­қанда, ұшақ бомбасын бұларға қа­рай тастап үл­ге­ріп­ті. Көз алдында қал­ғаны сол сәт қана. Ар жа­ғын білмейді. Әкем контузия алған. Тірі қал­ған­дарын тұт­қын­ға алып, шалажан­сарын атып, ал, әкемді өлдіге са­нап өтіп кетсе керек. Содан әзер ес жиып, өзі сияқты жаралы әрі аман қалғандарға қосылып, бір айға жуық уақытта қоршау­дан шығып, кеңес әс­ке­рі­не келіп қосылады. Сон­да­ғы ұрыс кезіндегі батырлық­та­ры мен қайсарлықтары үшін, ішін­де менің әкем Қызылби де бар, бір­неше жауынгерді әскери бас­шы­лық мемлекеттік марапат-наг­ра­даға ұсыныс жасаға­нын хабарлапты. Әйтсе де, генерал Д. Г. Пав­ловтың өзі тұт­қын­ға алынуына байланысты бұл іс ше­ші­мін таппай аяқсыз қа­лады.
Алған контузиясы бар әрі не­міс ұшағын атып түсірген ер­лік істері ескеріліп, Қызылби Айт­құлов 1941 жылдың күзінде ем­деліп оралуға елге жіберіледі.
Ауылдық Кеңес төрағасы
Қауқары барлардың бәрі қо­лына қару алып қан май­дан­ға ке­туінен ауылда, тылда ең­бек ете­тін білімді азаматтардың же­тіс­пеушілігіне орай жергі­лік­ті пар­тия басшылығы Қы­зыл­би Айт­құ­ловты бірде өзіне ша­қыр­ған.
– Сіздің қан көріп, соғыс­тан жаралы қайтқаныңызды ес­ті­ген­біз, – дейді партия ұйы­мы­ның хатшысы. – Енді ден­сау­лы­­ғы­ңыз оңалып, таяу күн­де­рі май­дан­ға қайта кетпек екен­сіз. Оны да біліп отырмын.
– Иә, жолдас хатшы. Дәл солай. Елімізді біздер қор­ға­ма­сақ, кім қорғайды!?
–Дұрыс айтасың, қызыл әскер Қы­зылби! Оныңа шын қуа­ныш­тымын. Нағыз патриот жан сіздей-ақ болар. Әйтсе де Сіз­ге айтайын деп отырған бір мәсе­ле бар. Сізге Аққұм село­лық Ке­ңе­сіне төраға болсаңыз деп ұсы­ныс жасайын деп отырмын, – деді бірінші хатшы.
– Бұрын мұндай жұмысты іс­теп көрген емеспін, – дей беріп еді, хатшы:
–Білем. Қолымнан келе ме, келмей ме, оны білмеймін деп айт­қалы отырсың ғой.
Үні қатқылдау шықты.
– Тоқ етерін айтқанда, өзің кө­ріп отырған шығарсың, ауылда бас көтеретін кісі жоқ. Бә­рі майданда. Осымен шешім қа­был­данды деп есептейміз. Ер­тең­нен бастап ауылдық Ке­ңес­те­гі қызметіңізге кірісіңіз! Ал, әскери комиссариатқа жағдай­ды өзім айтып түсіндірем.
Қызылбиге қан майданға қай­та баруға осылайша жол түс­пе­ді.
Селолық Кеңестің жұмысы да оңай емес екен. Әйтсе де, «Айт­құл­дың баласы ерледі», деген жылы сөзді жұрт аузынан ести бастады. Жергілікті тұр­ғын­дардан азық-түлік, жылы киім-кешек жинап, жөнелтті. Ха­лық май­дангердің ісін оң баға­ла­ды. Ерен еңбегі үшін 1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңе­сі Президиумы тарапынан Құр­мет грамотасын алды. Содан бері арада 70 жыл уақыт өтті. Кө­не тартқан Құрмет грамотасы кө­мес­кілене бастаған. Әке ама­натына адал перзенттері оны әс­пет­теп, алтыннан да қымбат кө­реді.
«Мен перзентті болуды қаладым!»
Шу аяқ астынан шықты. Әке­сінің бірге туған бауырлары бі­рінен кейін бірі қайтыс болып, Айтқұл Жақсыкүл, Бақыт­күл есімді екі немере қарындасы­мен бәрі бір үйде тұрып жат­қан. Селолық Кеңес төраға­сы Қызылби Айтқұлов бұл кезде Алмагүл есімді жарымен отас­қанына бірнеше жылдың жүзі болса да, перзент сүймеген еді. Елу жасқа қарай аяқ бас­қан олар­дың сәби күлкісін аңса­ған үміт оты жылдар өте сөне бас­та­ған-ды. Әкесі Айт­құл бір күні қа­сына Алмагүл ке­лі­нін ша­қы­рып алып, ұзақ сөй­лескен. Әң­гіме төркіні Қы­зыл­би­ге де тү­сінікті еді. Сонымен, нау­қас­танып жүрген Ал­ма­гүл бәй­бі­шесінің келісімді рұқ­са­ты­мен Қызылби әйел үстіне әйел алу­ға той қамына қамдана бастайды. Тоқал қалыңдық Алмагүл апа­ның ағайындас сіңлісі – Қыз­дар­гүл еді.
Той өтеді. Ертесінде-ақ ми­ли­ция келіп, Қызылбиді қо­лына бұғау салып, алып кете­ді. «Ком­мунист екі әйел алды, той іс­те­ді және сол тойда келген аттылы кісінің көп­тігі сонша, та­уық фермасындағы тауық­тар­ды таптап кетті!» Осы тек­тес жазылған домалақ арыз бойынша Қызылбиді пар­тия­дан шы­ға­ру мәселесі төте­сі­нен қойы­ла­ды.
Ашаршылық жылдары бір уыс тары алған комсомол­ға «Өзің комсомолсың, өзің тары жей­сің!» деп, комсомол мү­ше­сі­не орынсыз кінә артылған­дай, бұл да Қызылбиге тағыл­ған орын­сыз кінә еді.
«Өзің коммуниссің, неге екін­ші әйел аласың!» дейді істі жүр­гізгендер. «Мен әйелім­нің рұқ­сатымен, онда да перзен­тіміз бол­маған соң үйлендім!», – дей­ді бұл. Не керек, бұлардың жәйін түсінетін жан бар ма!? Іс на­сыр­ға шабады. «Сол кезде ме­нің алдымда екі таңдау тұрды. Дұ­ры­сында маған қатаң екі шарт қойылды», – деп айт­қан Қы­зыл­би әкесінің сөзін есі­не тү­сір­ді Досмұрат. «Не партия би­ле­ті қалтаңда қалады немесе одан айырыласың!» депті. «Мен сен­дер­ді қаладым» деген әке сө­зі Досмұраттың құла­ғын­да әлі күнге жаңғырып тұрған­дай. «Мен перзентті болуды қа­ла­дым!» Содан мұғалімдік қыз­мет­ке ауысады. Қазір айту­ға ға­на оңай, ал, ол кезде партия қа­тарынан шығарылу деге­нің ату жазасына кесілген үкім­нен де қатал естілетін заман еді. Әке­сінің жиені Әуел көке­сі Дос­мұ­рат­қа сонда партия би­леті үшін Алматыға неше мәр­те бірге барғанын айт­қан. Партия билетін 1953 жылдан кейін, Ке­ңес үкіметін­дегі оңды өз­ге­ріс­тер­ге байланысты қай­та­рып ал­ған.
Досмұрат Қызылбиұлы ол оқи­ға туралы бірде ойламаған жерден бір кісіден естіп, білген еді.
Әңгіме былай болған екен. Әл­гі екінші әйел алуына бай­ланысты Қызылбиді абақ­ты­ға әкеп жапқан сенбі күн­нің ер­те­сінде тамақ көтерген біраз адам абақ­тыға Қызылбиге ке­ле­ді. Уа­қиғаға куә кісі мили­ция­да іс­тейтін, сол күні кезек­ші­лікте екен.
Келген адамдармен жолығуға Қы­зылбиге рұқсат беріп, оны аулаға шығарады. Олар сонда отырып тамақтанады.
Ертесінде абақты бастығы жұ­мысқа келсе, аулада қарайып бі­реу отыр дейді.
– Сен кімсің?
– Абақтыға қамалған Айт­құ­лов Қызылби­мін, – дей­ді әке­сі.
– Мұнда неғып отырсың?– десе, – Мен ішке кіре алмай тұр­мын, – деп жауап беріпті Қы­зыл­би. Сөйтсе оны абақтыға қа­мау­ды ұмытып кеткен екен.
– Сенің әкеңнің адалдығы ғой, кетіп қалмай, түнімен сонда отыр­ғанын көрмейсің бе! Ке­тіп қалса, онда шу да шықпас еді. Абақты бастығы маған тү­сініктеме жаз деп бұйырды. Ал, мен «Мұндай таза, адал адам­ды қа­мап, күзетте тұр­ған­ша, мұн­дай жұмыстан мүл­дем бас тар­тамын!» деп, қаруым­ды тап­сырып, милиция қызме­тін тастап шыққан жанмын, – деп әң­гі­месін аяқтап­ты куәгер қа­рия.
Әке өсиеті
Көп ұзамай жары Алмагүл өмір­ден өтеді. Қызылби Айт­құл­ұлы Қыздаргүлмен отасқан­нан кейін дүниеге келген үш ұл, екі қы­зын адамзаттың ең асыл қа­сиет­терін: адамгершілік, әділ­дік, біреудің ала жібін аттамау, түзу жүру, түзу сөйлеу се­кіл­ді адам­гер­ші­лік нормаларды бой­ла­ры­на сіңіріп өсірді. Ұл-қыз­дары әкесінің осынау ақыл-кеңес, өсиеттерін қайда жүр­се де, қандай қызмет, жұмыс іс­тесе де, әсте естерінен шы­ғар­ған емес. Кі­шіпейілділік – кі­ші­рей­ген­діктің белгісі емес, тө­беде отырса да үнемі төбеге қа­рамай, төмендегілерге көз қырын салып, ілтипатпен иі­луді үй­рен­ген ұлы, мәселен Дос­мұ­рат Қы­зыл­биұлы тұлпар мі­ніп ту ұс­тау­ға деңгейі жетіп жүр­се де астамшылдық жасап, ар­тық сөй­леуді көңілі қала­май­ды. «Дү­ние­құ­мар­лық, өтірік күліп, өңін өзгертіп құбылу, жал­ған сөй­леп, жаманшылық қуу – тү­бі жақсылыққа апармайды, балаларым. Мұны әрдайым есте сақ­таң­дар! Қарғыс алмаңдар, ал­ғыс алыңдар!» деген сы­ңай­лы аяулы әкенің айтқан сали­қа­лы сөз­дері өміріне талай пайдасын ти­гіз­генін, сабақ болғанын ен­ді бү­гін өзі өз балаларына айтып жүр. Өсиетпен өрілген ұрпақ са­бақ­тас­тығы деген осы болар.
Түйін
Тәрбие – тал бесіктен. Ата-анасының үмітін ақтап, Дос­мұ­рат­тың өзі де ұстаздық қыз­мет­те жүр. Кезінде ҚР Білім жә­не ғылым министрлігі ұй­ға­ры­мы­мен Қа­ра­ған­ды облысын­да­ғы Бал­қаш қа­ла­сында еліміз­дің ірі тау-кен ме­таллургиялық «Қа­з­ақ­мыс» компаниясымен бір­ле­сіп құр­ған жа­ңа жоғары оқу орнының ұйым­дастыру­шы­сы әрі ректоры да болды. Аталмыш ми­нистрлікте және бірнеше ірі мемлекеттік жоғары оқу орындарында басшылық қыз­мет­тер атқарды. Жемісті ең­бе­гі­мен ел құрметіне бөленді. Техника ғылымдарының докторы, ғалым атанды. Алған мақ­тау-марапаттары да аз емес. Қа­зір Қ. И. Сәтбаев атында­ғы Қа­зақ Ұлттық техникалық уни­вер­ситетінде лауазымды бас­шы қызмет атқарып отыр­ған Дос­мұрат Қызылбиұлы Айт­құ­лов өмірінде үлгі тұт­қан ұс­таз­дарын, «түзу жолдан ауыт­қы­май жүріңдер» деп өсір­ген ата-анасын әрдайым мақ­тан тұ­тады. Ұлы Жеңісті жа­қын­да­ту­ға соғыста да, тылда өз үле­сін қосқан әкесі Қызылби Айт­құ­лов­тың әруағына бас иеді. Май­дангер ардагерлерге біз­дер­ден де мың тағзым!
Марат ӘБДІХАЛЫҚ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Жауап қалдыру