«Халық жауларын» әшкерелеу қалай жүрді?

0
282

Журналшы қызметім басталған жылдары ауылымнан шыққан «халық жаулары» жайында қарттармен әңгімелесіп, аудан мұрағатынан дерек алып, жағамды ұстағаным бар. Ал сонда кімдер «халық жауы» болған?.. Үш мысал келтірейін.
Бірінші. Әкемнің немере ағасы Құр­манбай Айтықовтың жастайғы кәсібі темір ұсталығы екен. Колхоз ұйысып, іскер жас шеберлігімен көзге түсіп, партия мүшелігіне қабылданып, оны-мұны қызмет атқара бастасымен өзі көріп-білген озбырлыққа қарсы тұрған. Айтысып-тартысып, жеңіліп, партиядан қуылып, ұсталық кәсібіне оралған. Бірде, түн ортасынан ауа, көршідегі кішкене қыз бала ботадай боздап келіп: «Ата, ата! Біздің үйге ұры кірді!» дейді. Күйеуінен айрыл­ғанына жарты жыл болған жесір келіншектің қызы. Құрекең тұра жүгіріп жетіп барса, колхозға егін науқанын бақылауға ауданнан келіп жатқан өкіл жігіт пен келіншек жұлқысып жүр екен. Құрекең жігітті бассалып, сілейтіп сабап, қуып тастайды. Содан екі күннен кейін қызылжағалы екеу келеді де: «Партияның өкілін сабадың! Сен – партияның, яғни халықтың жауысың!» деп Құрекеңді ала жөнеледі. Ұста атам содан қайтып келмепті, 10 жылға Сібірге айдалып, сүйегі Магаданда қалыпты. Ал бала-шағасы тоз-тоз етіп жіберілген. Жұмыстан, мектептен қуылған.
Тұңғышы, 19 жастағы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И. Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Әкем халық жауы емес! Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942 жылы майданға алыныпты. 1944 жылы шілдеде Батыс Двина өзенінен өткендегі қиян-кескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Ізғұтты Айтықовқа Совет Одағының Батыры атағы берілген. Сол жолы ауыр жараланып, госпитальге түскен Із-аға екі аптадан кейін көз жұмыпты.
Екінші. Көшербай Кешубаев деген тентектеу жігіт: «Осы біздің үкіметтің салыққа тоятын күні бола ма?!» дегені үшін «халық жауы» ретінде тұтқындала жаздап, алып кетуге келген милиционерлерден қашып құтылып, тауға сіңіп кетеді. Үйі тау етегінде екен. Милиционерлер ақырында оны ұстай алмай, үшінші күні оның өздігінен жүріп-тұруы қиын мүгедек ағасы Сыдықты алып кетеді, сөйтіп, «халық жауы Кешубаев ұсталды» болады.
Үшінші. Бір жиынға кешігіп келген Қайырлы деген жігіт қойынқалтасынан бүктеулі бір қағазды алып: «Кәне, сүйінші беріңдер! Міне, біздің ауданда «Социалды майдан» деген гәзет шықты!» дейді. Сонда Рақыш деген жігіт: «Оу, алақандай «Майдан», шыға келдің қайдан? Бастықтарға жағарсың, бізге болмас пайдаң!» деп жұрт­ты күлкіге қарық қылады. «Пар­тия­ның гәзетін масқаралаған халық жауы» делініп Рақыш та, Қайыр­лы да ұсталып кетеді.
Осыған ұқсас оқиға-сұмдық аз емес. Сонда «халық жауын әшке­ре­леудің жоспары» кімдердің есебінен орындалған болды? Бертінде қызмет бабымен облыстарды аралап жүріп естіп-білгеннен түйгенім, мәселен, атышулы Қарлагтың «дәмін тат­қан» қазекемдердің 80 пайызы өз ауыл­дарынан басқа жердің бар екен­дігін естіп білмеген құрманбай-сы­дық-қайырлы-рақыштар болды! “Оған кі­нәлі кімдер?” десек, олар жамандық үшін жаралған жергілікті сұр­қыл­тай­лар!
Жоқ жерден жау табуда біздің қа­зекемдер, әй, ешкімді алдарына шығара қоймады-ау. Бүгінде сексеннен асып отырған жасымда біраз елді көріп, сан ұлттың өзімнен жасы үлкен-кіші ақын-жазушыларымен, тарихшы-саясатшыларымен әңгімелесе жүріп аңғарғаным: бірінің жақсылығына бірі қуана алмау, қызғану, күндеу, ғайбаттау, кемсіту… сияқты жиіркенішті пиғылмен жоғарыға бірінің үстінен бірі өсек-өтірікті айдау «өнеріне» біз «жетік» екенбіз. Патшалық Ресейдің езгісінен құтылып, жеке шаңырақ көтерген сәтімізде – Қазақстан Өлкелік партия комитетін басқаруға лайықты қазақ «таба алмай» айтысқан, тартысқан саяси қайраткер ағаларымыз кезінде И. Сталинге хат жазып, «лайықты кадр» сұрап, басқаларға мазақ болып, масқарамыз шықты емес пе?
Тарихи тақырыпқа қалам тар­тып, халқымыздың өткен-кеткенін өзек ете тартымды еңбек жазу мақса­тымен Алматының, Мәскеудің мұрағат­тарын­дағы құпия құжаттармен таныса алған қаламдас, сырлас ағаларым Қалмұхан Исабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Тоқ­тар Бейісқұлов: «Егер Одақтық мұра­ғаттарды былай қойып, өзіміздің мемлекеттік мұрағаттарда жабық жатқан дүниелерді – сонау саясатшыл басшы ағаларымыздың бірін бірі «халық жауы» деп күйелеумен: БК(б)П Орталық комитетінің Саяси бюросына, И.Сталинге, республикамыздың пар­тия ұйымына, Мемлекеттік қауіпсіз­дік комитетіне, Ішкі істер халық комис­сариатына жазған жалақорлық хат-арыздарды бір күні жарыққа шығара қалсақ, ол ағекемдердің бүгінгі бала-немере-шөберелері қырық­пы­шақ болып қырқысар еді, құдай сақ­тасын!» деген-ді.
Жазушылар одағымызда қызмет істеп жүргенімде бірде, 1974 жылы, іссапармен Ташкентке бардым. Негізгі шаруа әредіктеріндегі әңгімеден 1937-1938 жылдарға «халық жауларын әшкерелеуде» өзбек ағайындардың, олардың ішінде ақын-жазушылардың қаншасы Сібірге айдалғанын, қаншасы атылғанын естідім. Тарихшы жігіт: «Сіздерде ше?» деді маған. Мен: «Біл­меймін, ол сұмдық оқиғаға көңіл бөлген емеспін» дедім. Кейінде цифрларды салыстыра орта есеппен бажайласам, халқы бізден төрт есеге жуық көп Өзбекстанда «әшкереленген халық жауларының саны біздегіден бес еседей аз болыпты. Біздің отыз шақты жазушымыздың жиырмаға жуығы тұтқындалып, жартысы атылса, қырықтан астам өзбек жазушылардың бесеуі ғана тұтқындалып, екеуі аты­лыпты… «Қазақ десең, өзіңе тиеді»…
Біздің тарихшылардың дені ашар­шылық, «халық жауы» жайында бір­деңе айта қалса, жаза қалса: «Қылы­шынан қан тамған Кеңес өкіметі!», «Қандықол Сталин!» деп шыға келеді, кейбіреуі олай деуді «білгіштігім, батылдығым» дейтін сияқты. Олар қанша қазақты тұтқындау, қаншасын ату керектігі туралы Кремльден, тіпті аты-жөндері жазылған тізім түскенін көрген тәрізденеді. Ондайлар – алаяқ Н. Хрущевтың қаңырап қалған ауласында жүргендер. Олар Ресейде концлагерь салу Лениннің бастамасы екенін, қызыл қырғынды Троцкий-Свердлов жүргізгенін «білмейді». Олар, мысалы, танымал америка тарихшысы Г. Феррдің «Антисталинская подлость» атты деректі кітабын оқымаған. Егер оқыса, «жүгеріші көсем» Хрущевтың СОКП ХХ съезінде жеке басқа табыну туралы баяндамасында И. Сталинге 61 айып таққанын, кітап авторы соның бәрі өтірік екенін мұрағаттық құжаттар негізінде дәлелдегенін білер еді.
Октябрь революциясын, Кеңес өкі­метін, В. Ленинді, И. Сталинді хру­щев-солженицын-суворов-млечин… сарынымен албаты жамандаушылар ашаршылық, «халық жауларын әш­керлеу» науқаны кезінде қазақтың қынаша қырылғаны туралы жар салып жүр. Осы орайда Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында болған жазалау есебін ескерелік. Саяси бояулы «қызыл қырғын» кезеңінде КСРО-да қанша адамның қаза тапқаны туралы сан қилы дерек бар. Алайда олардың ең тиянақтысы – Хрущевтің бұйрығы бойынша КСРО Бас прокуроры Р. Руденко, Ішкі істер министрі С. Круглов, Әділет министрі К. Горшенин комиссиясы жүргізген тексерудің нәтижесі (08. 12. 1953 ж.): 1921-1953 жылдар аралығында қылмыстық жазаға тартылғандар – 3. 777 380 адам, оның ішінде «халық жауы» бабымен ұсталғандар – 1 344 923 адам. Атылғандар – 642 980 адам, қалғандары – 10-25 жылға лагерь мен түрмеге кесілген. Жазаланғандар арасында: түрлі себеппен кісі өлтіргендер, қас­күнем­дік, ұрлық-зорлық, алаяқтық жаса­ғандар болған. Ол жылдары жеке Ішкі істер министрлігі (милиция) жоқ-ты, сондықтан қылмыстылардың бұл тобы жіктелмеген. 2,9 млн адамды ОГПУ (оперативная группа политуправления), «Үштік соты» және Төтенше кеңес, ал 900-ге жуығын Әскери трибунал соттаған (Ресейдің Орталық мұрағатынан).
Үшеудің бұл мағлұматы алдына барғанда Хрущев: «Мұның ешкімге керегі жоқ!» деп долданып, үстелінің суырмасына тастай салыпты да, партияның ХХ съезіндегі «құпия» делінген баяндамасында: «Сталиндік қуғын-сүргін жылдары 10 миллион адам құрбан болды!» деп ресми деректі түзетіп тепсінген. Сол-ақ екен, бастапқы ресми цифрды (3,7 млн) түзетушілер көбейді. Мысалы:Д. Вол­когонов пен Р. Медведев – 5 мил­лион; А. Антонов-Овсеенко – 16 мил­лион; Ю. Феофанов – 16-20 миллион; А. Кириллов – 40 миллион, – десе, атақты суайт А.Солженицын Франконы қолдау үшін 1976 жылы Испанияға «тарихи» сапар шеккенінде: «сталиндік социализм 110 миллион адамды құртты» деп, 1938 жылы халқы 168 миллион КСРО-ны картадан өшіріп тастай жаздады.
«Ерікті ауызға бөрік» қана емес, бөшкелі арба сиып кетіп жатқан заман.
А. Шамбаровтың кітабына және бір үңілелік:
«…2 сентября (1918 г.) ВЦИК рассматривает вопрос о «красном терроре». Точнее… никакой ВЦИК даже и по этому поводу не собирался. Яков Михайлович придумал и применял очень удобную формулу – дескать, ВЦИК «в лице президиума» рассмотрел и постановил. То есть заседал-то не ВЦИК, а только пре­зидиум, но составляются протоко­лы заседания не президиума, а ВЦИК. И пишутся постановления не президиума, а ВЦИК. Это примерно то же самое, как если бы нынче собирались спикер Государственной Думы с вице-спикерами и принимали законы. От лица всей Думы. А по поводу «красного террора» ВЦИК постановил: «…Расстреливать всех контрреволюционеров. Предоставить районам право самостоятельно рас­стреливать… Устроить в районах ма­ленькие концентрационные лагеря… Принять меры, чтобы трупы не попа­дали в нежелательные руки. Ответст­венным товарищам ВЧК и районных ЧК присутствовать при крупных расстрелах. Поручить всем район­ным ЧК к следующему засе­данию доставить проект решения вопроса о трупах…».
Міне, «қызыл қырғынды» бастап, өрттей қаулатып, «барлық ауданға дейін» жеткізгендердің кімдер екені белгілі болды.

Ғаббас ҚАБЫШЕВ,
жазушы

Жауап қалдыру