ӘУЕЗОВТІҢ АМАНАТЫ Қайым Мұхамедхановтың бір хаты хақында

0
78

Биыл Ертістің Семей өңірінде Абайтанудың асқан білгірі, ғалым-текстолог, профессор Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығы жан-жақты атап өтілуде. Көрнекті ғалымның ерен еңбегін еске алып, өлмес рухына тағзым етуге және жас ұрпаққа үлгі тұтуға арналған шаралар керуені, таяуда ғалымның ескерткішіне қаланың зиялы қауым өкілдерінің гүл шоқтарын қоюымен басталып, одан әрі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы мен Абай атындағы кітапхана және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіндегі мерейтойлық кештер мен көрмелерге ұласқан еді.
Мерейтойлық шаралар бары­сында абайтанушы Қайым Мұха­медхановтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер мен материалдар жи­нау, жұртшылықпен, әсіре­се жастармен танымдық кезде­сулер өткізу және респуб­лика­лық көлемде бірнеше кон­фе­рен­циялар ұйымдастыру көз­делген. Осының бәрінің, Ұлы Абай айтқандай, «өзіне ғана сенген, өзін екі жақтап алып шығар еңбегіне сенген», жазық­сыздан-жазықсыз түрме тозағын бастан кешкен қайрат­кер-ғалымға де­ген құрме­тімізді толымды ете түсері анық.
Соған орай тілектес ағайын­ның қолдауымен Семейдегі Абай музейіне Қайымға қатыс­ты да құжаттық және заттық жәдігерлер келіп түсе бастады. Солардың бірін Семей өңіріне жақсы танымал азамат, кезінде бүкіл Кеңестер Одағына дүркі­реп аты шыққан М.Әуезов атын­дағы совхоздың директоры, нарық заманында да сыбағасы толымды шаруашылықтың же­тек­шісі Амантай Мұқатаев әкеліп тапсырды. Бұл – Қ.Мұха­мед­хановтың 1988 жылғы 8-қыр­күйекте жазған хаты­ның түпнұсқасы. Әбекең­нің ай­туын­ша, Мұхтар Омар­хан­ұлының 90 жылдық мерей­тойы қарсаңында Ұлы жазушының ата-ана­сының зират­тары­ның орындарын анықтап, ба­сына кесене тұрғызу мә­селе­сі көтеріледі. Өйткені, кеңестік аласапыран мен қып-қызыл атеизм тұсында бұған мүмкіндік болмағаны түсінікті. Бірақ, Мұхтар Омарханұлы өз ай­наласындағы жақындары мен шәкірттеріне ата-анасының қабірін көрсетіп кеткен екен.
Енді хаттың өзіне оралайық, «Қадірлі, Амантай! – деп бас­талады Қайымның М.Әуе­зов­тің атамекені аумағына орналасқан шаруашылықтың басшысына жазған хаты. – Бұдан 45 жыл бұрын, 1943 жылы Мұхтар Әуезовпен Абай елінде болдық. Ел аралап, жер көру сапарымыз Аягөзден басталған. Осы сапарымызда Бөрілі, Тышқан, Аралтөбеде де болғанбыз. Бө­ріліде болғанымызда Мұхтар өзінің қыстауын, әке-шешесінің бейітін көрсетіп, көп әңгіме шерткен. Сол жолы Мұхтармен жүргенде естіп-білгендерімді, көргендерімді мүмкіншілігінше қағаз бетіне түсіріп отырған едім. Ол жазбаларымды өзім­ді тұтқынға алғанда, 1951 жылы, жазалау органы сыпы­рып алып кеткен. Бөрілі, Арал­төбе, Шиліөзек, Тышқанда болған кезде Мұхтардың ай­тып, түсіндіруі бойынша, жа­зып алғандарымнан бірер бет сақталып қалыпты. Ол аман қалған бір бет қағазда Арым­­бектің, Омарханның – Мұх­­тар­дың қыстаулары, Мұх­­тар­дың әке-шешесінің, аға­сы Қа­сым­бектің зираты, шарт­ты түрде қағазға түсіріліп көрсетілген. Сол жазбаларымды, 1943 жылы жазылған қалпын сақтап, көшіріп, сенің сұрауың бойынша жіберіп отырмын. Тұрағұл, Мекәйіл, Ақылбай қыс­таулары, сол жердегі зираттар да көрсетіледі. Ағалық, достық көңілмен – Қайым Мұ­хаметханов».
Ғалымның осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын жол­даған сәлемінен хаттың Амантай Мұқатаевтың сұра­уы бойынша жазылғаны көрініп тұр. Ол жоғарыда айтқаны­мыздай, сол тұста М.Әуезов атындағы совхоздың директоры ретінде осы аумақта орналасқан Ұлы жазушының ата-анасының басына кесене тұрғызу жұмы­сын қолға алып, Әуезовтің ама­натын тікелей атқарып шыққан азамат. Мұны да біреу білсе, біреу біле бермейді.
Міне, Мұхтар Әуезовтің пер­зенттік парыз ретінде ай­тып кеткен аманатын, бірі – әдебиетші, бірі – шаруашылық басшысы, қос қайраткер осылай атқарған екен. Ал, Қайым Мұха­мед­хановтың абайтану мен мұх­тартануға қосқан зор үлесі әдебиетсүйер қауымға жақсы мәлім.
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры

Жауап қалдыру