«У» жағылған үзеңгі

0
59

Шекара дауынан қазақтар қалай  шеттетілді?

1860 жылы  Шанхай   қаласында  Ресей мен Қытай арасында  өзара көршілік жаңа шекара белгілеу  мәселесі көтеріліп, аумақтық акт жасалды. Күн тәртібінде тарихтан жойылған Моғол, Жоңғар мемлекеттері жерлерінің тағдырын шешу тұрды. Екі жақ қол қойып бекіткен құжат бойынша Жетісу өңірі, Ташкент, Самарқан, Пішпек, Қарақол  Ресей жағына қараса, Шығыс Түркістан (Қашқар, Қотан, Қарашаһар,  Кушар, Ақсу, Яркент, (Жаркент), Үштұрфан, Алтай, Тарбағатайдың қытай жақ бөлігі, Іле, Сүйдің, Нылқы, Жұлдыз, Құлжа қалалары Қытайдікі болып келісілді.

Шын мәнінде Ресей мен Қытай «саудаласқан» сол аумақ­тар  екеуіне де тиесілі емес, ол жер­лер атам заманнан қазақ халқының меншігінде болатын.  Қытай мен Ресейдің басынғаны  соншалық, аталған жерлерді қазақтардың қатысуынсыз-ақ өздері билеп-төстеп  шешіп тастаған. Дегенмен, сырттай  «дұш­панкөз» жасап, жергілікті ұлт өкілдерін шақырып қол қойдыртып, бармақ бастыртып алмақ болды. Сондықтан  олар­дың ел билеген билерін, бедел­ді батырларын құрметтеп ша­қыр­тып, ниеттерін құжатпен нақтылауды көздеді.
Осы мақсатпен 1864 жылы Шығыс Түркістандағы Сүйдің қаласына Верный (Алматы) уе­зінің ру-тайпаларынан 18 ада­мы шақырылып, Іле аймағын­дағы Қытай үкіметінің құрметті қонағы болады. Қытай шекара шенеуніктері өтірік күлімдеп іші-бауырға кіріп, өз мақсат­тарын жүзеге асыру үшін қыздай сызылып қызмет етеді. Албан­­дардың топ басшысы Таза­бек Пұсырманұлы (стар­шын) Жәні­бектен – Бай­сейіт, Ба­бадан – Қашаған би Әуел­ұлы, Райымбек батырдың екінші әйелінен туған Әжінің бала­лары Биғара, Малғара, Жан­­ғара, олардың әйелдері Ырыс­­жан, Ақбілек, Кербез, Құрман­­нан – Саурық батыр Алпарұлы, Қы­зылбөріктен–Қатпа Төлек ба­тыр, Қыстықтан – Малай ба­тыр, Айттың Қалыбек атасы­нан ағайынды Бура би, Зура батыр Төгерек ұлдары (жұрт ұялы қасқыр атап кеткен), Шажа­дан–Дүзен би, Тама Бұршақ би, Құртқамамай Бөден батыр. Тама, Есенгелді батырлар, Жартыдан – Жаулыбай, Тойшы би барлығы  он сегіз адам Сүйдіңге барады. Ел ағалары іштен тынып, Ресей-Қытай шенеуніктерінің  не айтатынын күткен. Келесі кү­ні Шығыс Түркістанның Іле аймағындағы Найманның Ма­­­та­­йынан тарайтын Қызай руы­ның игі жақсыларының қаты­­суымен ашылған жиын, Ресей-Қытай шекара қызметінің адам­дары жаңа шекара белдеуін белгілеу, сол үшін жергілікті ұлт өкілдерінен келісім алу және құжатқа қол, бармақ басу арқылы оны бекіту мәселесі алға қойылады. Міне, сол кезде Албан атқамінерлері мен жақсылары: «Бұл шаруа туралы біз арттағы елмен ақылдаспадық.  Сондықтан халықпен сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін білмей, бір тоқтамға келе алмаймыз», – деп құжатқа қол қоюдан бас тартады. Ресей-Қытай  шекара шенеуніктері үшінші күні  Қызайдың биі Құрымбай бастаған (Ақалақшы болыс есебінде)  Қызай жақ­сы­ларын айдап салып, пай­да­ланып қалғысы келеді. Қызайдың суы­рылып сөйлеген шешендері: «Біз де қазақ едік. Шекара сыр­тында қалып барамыз. Біздің де жерде үлес-еншіміз бар. Сондықтан бізге де жайылымдық пен егін егетін жер керек»,– деп өз дә­лелдері мен дәйектерін алға тар­тады. Қытай шенеуніктерінің айдап салуымен маймөңкелеген Құрымбай ше­шенді Тазабек стар­шын:
– Қазақ болсаң қайтейін! Қа­зақтың жерін бөлуге, беруге саған ешкім билік берген жоқ, – деп тоқтатып көрмек еді. Құрымбай шешен тыңдаудан қалып, өз ойларын дәлелдемек болып одан әрі өршелене түсті. Міне, осы кезде Тазабектің төзімі таусылды білем, қолын­дағы қам­шысымен қызай биі Құ­­рымбай шешенді арқадан жондата  тартып жі­береді. Сөй­­­­тіп, келісім аяғы дауға ай­налады. Елге қайтуға бекі­ніп отырған Албанның игі-жақ­сы­лары кінәлі болып, енді өз бас­тары дауға қалды.  Сөйтіп, қайта алмайды. Әрі құжатқа қол қойылмай қалады.
Ресей-Қытай шенеуніктері  сөйтіп мақсаттарына жете ал­мады. Ертесі Албанның игі жақ­сылары Тазабек Пұсыр­манұлы мен Құрымбайды татуластырып, табыстырады (арағайындыққа қызайлардың албандарға жиен екендігі тілге тиек етіледі). Та­забек Құрымбай биден кешірім сұрап, қол алысты. Бірақ шекара мәселесі тағы бір айналып соға­тын шаруаға айналып, ше­шіл­мей қалды. Албанның игі-жақ­­сылары атқа қонып, елге қайт­қан еді.
Амал не? Қараулықпен,  қа­ныпе­зерлікпен өз шаруасын тын­дырған қытайлар албанның игі жақ­сыларының ер-тоқы­мы­ның үзеңгісіне алмас қо­сып жасалған «у» жағып жібер­ген еді. Қайтар жолда Қашаған бидің атын Малай батыр мінеді. Малай батырдың атын Қашаған би мінеді. Ал­бандардың атынан сөйлеген үш адам­ның біреуі Қашаған би, Таза­бек старшын, Бура би еді. Тазабек қызметіне байланысты ел атынан сөйлесе, Қашаған мен Бура билер жасы үлкен ел қария­лары ретінде сөйлеген болатын. «Со­ңымыздағы ел-жұрт бұл мәселеден хабарсыз. Қалың жа­ныс пен қаңлы, алты болыс албанның бәрі естіген жоқ. Жер қазақтікі, ал сіздер  жерді, елді бөліске саласыздар. Сонда бір елдің жері де, елі де екі  бөлініп басқа елге жем болуы керек пе?.. Сондықтан елмен, жұртпен  ақылдасайық. Жауабын сонан соң береміз», – деген сөздерді үшеуі үш түрлі жолмен жеткізген болатын.
Сүйдіннен еліне қарай аттан­ған ел жақсылары Іледен бері өткен соң екіге бөлінді. Бірін­ше топ – Қалжат арқылы Тазабек бастап Қоңырбөрік, Жарты, Қожбамбет руларымен Алма­тыны бетке алады. Айт, Қалы­бек, Сүйіндік балалары Қар­қара, Қулықтау, Қостөбеге бет бұ­рады (бұған соңғы кезде дә­лел­денген ағайынды Сүйіндік би мен Қалыбек батыр бейіт­тері­нің «Есеқартқан» деген жерде Жанбаба бейітінде қатар жерленуі дәлел бола алады). Ра­йым­бек батырдың үш не­мересі Биғара, Малғара, Жан­ғаралар әйел­дерімен, Ма­лай, Қатпа-төлек, Бура, Зура батырлар Байынқол, Шар­­тас, Тұзкөл арқылы жүретін бағыт­пен Кеген өңіріне бет алған еді.
Кеген маңындағы Түменбай бұлағында ағайынды Бура, Зура  Төгерек ұлдары мерт болып, ат­тан құлайды. Кеген мен Жалау­лы аралығында Қатпа-төлек батыр көз жұмады.
Қазіргі Жалаулы аулында Райымбек батырдың немерелері Би­ғара, Малғара, Жанғара әйел­дері Ақбілек, Кербез, Ырыс­жандар көз жұмады. Шыбышы ма­ңында Малай батыр да құ­лайды. Жалпы Қытайға барған он сегіз адамның  он екісі мерт болып ажал құшады. Тазабек Старшын, Қашаған би, Саурық Алпарұлы аман қалады. (Қалған аман қалған үш адамды анықтай алмадық. Білетіндер болса үн қосар).
1868 жылы Генерал Г.А. Кол­па­­ковский Алматы маңын­дағы  жаныс, қаңлы, албан­дар­дың шұрайлы жерлерін орыс «пере­селендеріне» алып беріп, тауда, жайлауда отырған қазақ­тарға: тау, орман, жер, қарағай, су бәрі патшаның меншігінде, деп мал бағуға, ағаш кесуге, шөп шабуға шектеу қояды. Көн­бегендерді сабатып, дүре­летіп, қаматып, айдап, тіпті кейде «байқамай» атып тастай­тын болған. Осындай тізе баты­ру­ларға шыдамаған  мыңнан ас­там албан отбасы туған жерін тастап,  Қытайға, Шығыс Түркіс­танға өтіп кеткен болатын. Г.А.Колпаковский Қытайдың Құлжа қаласындағы үкіметіне үш рет хат жазып: «Біздің адамдарды қайтарыңыздар», – деп жауап күткен.
Бірақ 1871 жылға дейін еш­қандай жауап болмаған соң генерал Г.А. Колпаковский бір жарым мың әскерімен Құлжа қаласын басып алып, 1881 жылға дейін он жыл билеп тұрған. 1881 жылы Құлжа қаласында Тазабек старшынның жақын досы Әліханды қолға түсірген қытайлар сол арқылы Тазабекті шақыртып, түн ішінде Тазабек он шақты адам­мен Әліхан жатқан түрмеге шабуыл жасап, оны босатып алу сәтінде қолға түседі. Дауға орыс үкіметі араласып Тазабек Пұсыр­манұлын Алматы түрме­сіне әкеліп қамап, сонда азап­тап өлтіреді. Саурық батыр Алпарұлы да Алматы түрме­сін­де қаза тапты. Тек қана Қашаған би Әуелұлы ғана 1905 жылы 85 жа­сында өз ажалынан өледі.
1882 жылы Ресей-Қытай үкі­меттері ымыраласып, Қытай­ға көшіп кеткен отбасыларын қайта көшіруді қолға алады. Жергілікті жаныс, қаңлы, албан тайпаларының қолдауымен Жәнібектің Байсейт атасынан 12 үйді көшіріп әкеліп қазіргі Шелек маңындағы Байсейітке, Құрманның Малыбай атасы­ның балаларын тау етегіне қоныстандырады. Қазіргі Қо­рам ауылына Әлмеректің шө­бере ұрпақтарын орналастырады. Қаңлы Ше­лек қыстағының төменгі жағына Әлмеректің баласы Баба тұқымдарын орналас­ты­рады. Шелек ауылының төменгі жағында «Бабатоған» деген жер содан қалған.  Қазіргі Бәйдібек  (Маловодное) ауылына Атамқұлды қондырған. Айт балалары Кеген, Нарынқол өңірінде аталары Уанаша, Мамадайыр дәуірінде қоныстанған.
Солай шешілмей қалған шекара мәселесіне 1882 жылы Ресей – Қытай шенеуніктері сол кездегі Албан руының беделді адамы Батыр Жетен Тұрлыбекұлын, Айттың Қалыбек атасынан  шыққан Бауыстың Садысы­нан тараған ұрпақтарын Қаң­лы Қараштың ұрпақтарын шақырып Қытайда құжаттарға қол қойдыртады. Қазіргі Қазақ-Қытай шекара белдеуі солай қалыптасқан. 1860 жылдары Шанхай  қаласында аумақтық актімен  басталған шекара тарихы 1882 жылы мамыр айында  Петерборда Ресей – Қытай мемлекет орындары ресми қол қойған келісім-шарт бойынша шекара түбегейлі бекітілген.
Қытай мен Қазақстан 2003 жылы жасасқан соңғы шекара келісімінде Қазақ жерінің бес мың шаршы шақырым жері Қытайға тағы кетті. Неге кетті? Қалай кетті? Беймәлім. Бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, керек болса өмірін беріп, қорған өткен, жанын қиып, қанын төккен жерді екінші біреу әкесінің жеріндей бере салмаса керек-ті.
Тарихта шежірені шала бі­летін ағайындар кейінгі батырларды жоңғарлармен соғыс­тырып қояды. Бұл әрине, күлкілі жағдай. Әркім өз ата-бабасын мақтауға, дәріптеуге көшкен заман. Ондай пысықтықпен шаруа бітпейді. Керісінше ерте ме, кеш пе шындық  айтылады.
Мен қытайлар «у» жағып өлтірген бабаларымыздың бесінші ұрпағымын. Одан бері де сол оқиғаға 150 жылдан асып кетті. Шындық шыңыраудан да шығады дегім келеді.

Әбдіғани ЖҮНІСБАЙ,
өлкетанушы.

Талғар қаласы

Жауап қалдыру