ТОРАЙҒЫРДА ЖЕРЛЕНГЕН батыр

0
237

Сіргелі Қарабатыр (Сіргелі Қара тілек) жайындағы шындық
Сайлаубай Ағыбаевтың «Қарабатыр» мақаласына қарсы айтар уәж
Біздің тарихта қазақ-қалмақ соғысының көп айтылып, көп жазылғаны соншалық, қазіргі көпшіліктің санасына ілкі дәуірде қазаққа қалмақтан басқа жау болмаған сияқты ұғым сіңген. Содан ба, базбір зерттеушілер қазақ-қалмақ соғысынан кейінгі кезеңде аты шыққан қазақ батырларын қалмақ шапқыншылығы дәуіріне телитінді шығарып жүр. Бірақ бұл басқа тақырып. Десек те, екі ғасырға жуық жауласып, кейінгілердің ұғымына әбден сіңісті болған жаңағы қазақ-қалмақ соғысының, сондай-ақ оған қатысқан кейбір белгілі тұлғалардың ғұмырбаяндық деректері әлі күнге дейін толық ашылып, зерттеліп біткен жоқ. Кейде бұл тұрғыдағы зерттеу еңбектерде шатасқан мәліметтермен өрілген қателікке толы пікірлердің де көбірек белең алып кететіні, ізденуші жазбагерлер белгілі бір тұлғаны өз ру-тайпасына қарай бұра тартып әкететіні де бар. Алайда тарихқа, қала берді, өткен аруақтардың атына ешкімнің өктемдігі, өзімбілермендігі жүрмеуі ләзім. Осы орайда біздің бүгінгі жазбамыз – «Президент және Халық» газетінің 2015 жылғы 10-сәуірінде шыққан 15-нөміріндегі Сайлаубай Ағыбаев деген азаматтың «Қара батыр» атты мақаласына қарсы айтылатын пікірлер аясында өрбімек.
Қазақтың ұлы жүзіне жататын он екі руға бөлінетін Сіргелі деген үлкен тайпа бар. Он екі рудың бірі – Қарабатыр деп аталады. Қарабатырдың шын аты – Тілек – Тілеуке деп ата­лып кеткен (кей жазбаларда – Сіргелі Қара Тілек яғни қарадан шыққан Тілек батыр деп атаған). Ал Қара Тілек батырдан тараған ұрпақ Сіргелі Қарабатыр руы деп аталған. Бабаларының атын мәңгілікке сақтау үшін Дәуренбек (1880-1960 ж.) өмір сүрген атамыз баласының атын Тілек деп атаған. Сол Дәуренбекұлы Тілек­тен туған ұрпақтың бірі Дәуренбеков Қалдарқан Тілек­ұлы қазіргі кезде оңтүстік Қа­зақтан облысының Шым­кент қаласында тұрады, «бизнес­мен» – руы Сіргелі Қарабатырының ішіндегі «Қаракем­пірі».
Сіргелі Қарабатыр ХYII ға­сыр­дың аяғында туылып, ХҮIII ғасырдың екінші жарты­сында (нақтысын мақаланың соңында көрсетеміз) өмірден өт­кенімен, түп атасы Есентайдан тараған өрендердің бар­лығына ру атауы ретінде таңылған. Қара деген ныспы, нақтысы, жанама есім оған реңі мен дене пошымына қарай беріл­ген. Бұл жайында Бұқар жыраудың, Майлықожаның жыр-шумақтарында, Қазанғап Бай­­бол­ұлының «Батырлар» дастанында, сондай-ақ Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» және осы мақала авто­рының «Қарабатыр шежі­ресі» атты кітаптарда көп­теген мәлі­меттер бар.
Тілеуке (Тілек) 16 жасында Қаратау етегіндегі Бөгенсайдың қалың қамысында бір үлкен жолбарысты жалаң қолмен жайратып, батыр атанады. Батыр­лығына риза болған Төле би бабамыз сегізінші тоқалынан туған Жуаскүл атты қызын қарадан шыққан Қарабатыр – Тілекке қосқан. Жуаскүл ана­мыз өте кішіпейіл, қонақжайлы, барлық уақытта дас­тарқаны жинал­май қонақ күтуден жа­лық­паған, келген адамдарды жат­сын­бай өз туыстарындай күтіп үлкен сый-құрметке бө­леніп, көптің анасы деген атақ­қа ие болғандықтан кейінгі ұр­пақтары біз Сіргелі Қара­ба­тыр руының ішіндегі Қара­кем­піріміз (Жуаскүл ана­мыздан тараған) деп атайды. Қара Ті­лек батыр батыр­лы­­ғы­мен қа­тар өте әділетке жақын және алға қойған мәсе­лені болжау қабілеті үлкен болғандықтан Тө­ле би баба­мыз өзінің қа­рауын­дағы қолбас­ташы ретін­де жо­ғары баға­лаған.
Одан соң 1717-18 жылдары қалмақтар оңтүстік жеріне ша­буылдап, Бөген-Шаян ма­ңын­дағы қазақтарға қырғи­дай тигенде, соңына бес жүздей жігіт­ті ертіп, басқыншы жауға айтарлықтай қарсылық көр­сетеді. Осыдан кейін ол Қара­батыр деген ныспыны иеленіп, құба қалмаққа қарсы талай соғыстарға қатысады. Қара­батыр атақты «Аңырақай», Бұ­ланты соғыстарына да қаты­насқан. Жоңғарды оңтүстік жері­нен түре қуғанда мыңбасы ре­тінде ерекше көзге түскен.
Тарихтан белгілі, қалмақтар оңтүстік жерінен 1745 жылы түпкілікті ысырылған. Бұдан кейінгі соғыс Балқаш, Жетісу және осы күнгі Аягөз маңында жалғасқан. Жауды оңтүстік және Арқа шегінен түре қуған Алаш батырларының ең үлкен һәм ең сұрапыл әрі ең шешуші соғысы Жетісу жерінде – бү­гінгі Алматы облысының Іле, Еңбек­шіқазақ, Райымбек аудан­дарының аумағында өтеді. Бұл аумақтағы қиян-кескі шай­қас­тар 1754-55 жыл­дары болған. Аталмыш со­ғысқа үш жүздің батыр­лары мен қару ұстауға жарамды сарбаз­дары­ның түгелге дерлігі қатыс­қан.
Қазақ қолдарының қалмақты біржолата тұқырту әрекеті 1754 жылы қазіргі Еңбекшіқазақ ауда­нының жеріндегі Торайғыр жазығында іске асқан. Сол соғыс­тан кейін қалмақтар ес жия алмай, жеңіліс үстіне жеңі­ліс тауып, Алатаудан ары асып кетуге мәжбүр болады. Ал әлгі Торайғыр жазығында өт­кен соғыс «Ойран төбе қыр­ғы­ны» деген атпен тарихта қалды. Жалпы, Жетісуда қал­мақ­тарға қарсы соғыс туралы, оған Сіргелі Қарабатырдың, Жа­лайыр Тәттібайдың, Албан Райымбектің және басқа да батыр­лардың ұлы жүз жасақ­тарына басшылық жасағаны жөнінде дүлділ жазушы Қ. Жұмаділовтің «Дарабоз» романында жақсы суреттелген. Қарабатыр осы «Ойрантөбе» шайқасында улы жебеден жара­қаттанып, жазылуға еш­қан­дай мүмкіншілік емесіне көздері жеткен соң Қара Тілек батыр былай деген екен: мені елім Түркістанға жеткізіңдер. Егер жете алмасам, қай жерде жан тынысым тоқтаса, сол жерге жерлеңдер деген екен. Сондықтан Торайғырдың етегінде сол соғыс өткен жерден онша ұзақ емес жерде жерленеді.
Қарабатыр атанған Тілеукенің туған жері оңтүстікте, атап айтқанда, Қаратау маңы. Оның ұрпақтары қазір де сол өлкені жайлайды. 1977-85 жылдары мен шежіре жинап, ел-елді кезіп жүргенімде Қаратау етегінде қоныстанған ауылдардың қарияларынан Қарабатыр жа­йында, оның қалмақты Жетісуға қуып барған жорық үстінде қаза болып, сүйегі Нарынқолға таяу Торайғыр тауының маңайына жерленіп, қорымы басына сағана-белгі тұрғызылғаны туралы талай естіген едім. Бұл хақында «Сіргелі Қарабатыр шежіресі» атты кітабымда жан-жақты жаздым да.
Әлбетте, оңтүстік жеріндегі қариялардың «Қарабатырдың сүйегі Жетісуда жатыр» деген әңгімесі бекерге айтылмаған сөз әрі ойдан құралмаған ақиқат. Тіпті, 1984 жылы өзім жо­лық­қан 90 жастағы шаяндық Әлім­байұлы Қыпшақалы ақса­қалдың: «Жігіт кезімде Жеті­судағы Қарабатыр бабаның са­ғанасын арнайы іздеп барып, құран оқып қайттық деп айтқан талай шалдардың әңгімесін естігем» дегенін де жазып алған­мын. Бұл сөз де жайдан-жай айтыла салған долбарлы пі­кір еместігі тағы шындық.
Кешегі кеңестік идеология қазақ санасынан өткен тарихты қанша ұмыттырам деп тыраштанса да, бәрібір, аруақ сыйлайтын Алаш баласы бұрынғы бабалар ерлігі мен ат-есімдерін жадында сақтап қалды. Бұған куә – осы Қарабатыр жайында ел ішінде айтылып, жұрт жадынан ұмытылмаған жоғарыда айтыл­ғандай естеліктерінің бірі Бұхар жырау бабамыздың дас­танынан алынған үзіндіге қаралық:
Қаракерей Қабанбай, Қан­жы­ғалы Бөгенбай, Шапырашты Науырзбай ту түбінде тұр еді. Айбатты бұл күн Абылай әрі-бері жүр еді.
Қазақ деген халқынан, батыр шыққан данқынан Сіргелі қара Тілек те келді туға жана­сып көп қосынды шатқа бө­леп. (Бұхар жырау).
Ал енді әрбір азамат өзінің азаматтық борышын ақтауы үшін шындыққа тура қарай отырып осы қазақ халқының та­рихта аты қалған төрт батырды бір-бірінен бөлуге қа­лайша дәті барады?
Төрт құбыламыз тең болған­дай осы төрт батырымызды бірдей қадірлей білсек қазақ халқының мақтанышы емес пе? Тарихта тайға таңба бас­қан­дай етіп Сіргелі қара Тілек ба­тырды зор мақ­таныш­пен Бұ­хар жырау бабамыз бекер дәріптемеген болар. Сол атақты төрт батырымызды тауып, төртеуінде бірдей есте сақтап, ұрпаққа қалдыру осы біздің міндетіміз деп есептеймін.
Міне, өздеріңіз көріп отыр­ғандай Сіргелі қара Тілек батыр (Сіргелі Қарабатыр) ойдан құрастырылған, ие болмаса рудың атын шығару үшін айтылған жасанды халық батыры емес бұл тарихта күні бүгінге дейін сақталған нағыз шындық.
Десе де, кейінгі социализм тұсында жоғары қызмет атқарған, сауатты саналған азаматтардың бабалар тарихынын шынайылығына үңілуге мұршалары болмады. Сөйтсе де, Қарабатыр ұрпақтары ара­сында батыр жайындағы әңгі­мелер оқтын-оқтын көтері­ліп тұратын. «Жақсының аты, батырдың даңқы өшпейді» деген сөз бекер емес екен. Қазақ өз алдына тәуелсіздік алған соң бейнелері тарих шаңына көміліп, болмыстары қанша көмескіленгенімен, бір кездері еліне қамқор, жұртына пана болған боздақтардың есімдері елімен қайта табыса бастады. Осы кезде ер бабаларының қастерлі атын ұмытпаған Қара­батыр ұрпақтары де ескі әңгімелер мен жазба дерек­тердің негізінде батыр аталары­ның моласы Шелек өңірін­дегі Ойрантөбеге таяу Торай­ғыр жерінде жатқанын көп­шілікке кең түрде жария етті.
Әрине, бұл іс бір күнде немесе бір сағатта іске аса салған жоқ. Бұған түрткі болып, қозғау салған ескілікті әңгімелер болғанымен, 1993 жылы батыр ұрпағы Жандарбекұлы Арыстанбек деген азамат Қытайға сауда ісімен бара жатып, Бұрынғы Шелек ауданының тұрғындарынан Көкпек сайының үстіндегі Торайғыр жазығында Сіргелі Қарабатырдың сағанасы бар екенін естіп, арнайы барып көреді де, ол туралы елге айтып келеді. Бұған қоса, сол жылдары Шымкент облысы, Алғабас аудандық «Алғабас» газетінде қызмет жасайтын, түбі шелектік Мұқатай Батырханұлы да шаяндықтарға көптен бері осы жайын айтып жүрген. Оны аз десеңіз, қазақы әңгімешілдік дәстүр бұзылмаған Қытайдағы қазақтардың арасында туылып, 1962 жылы Қазақстанға қоныс аударған Әлмерек батырдан өрбіген, Құрман руынан шыққан Сәрсен Көзімбеков деген жігіт ағасы да Торайғырдағы кесене Сіргелі Қарабатырдікі екенін бұрынғы қариялардан әбден естіп, оның Албан рулары арасында құлақсіңісті әңгіме болғанын Қарабатыр ұрпақтарына талай айтқан.
Осындай әңгімелер мен деректерге қаныққан Қарабатыр ұрпағы, энтузиаст Бораш Ақа­тайұлы шаяндық Қара­батырлардың ішінен алғаш болып Шелек жеріне барып, баба сағанасын табады. Көп кешікпей Қарабатырдан тараған он шақты кісі (ішінде осы мақаланың авторы да бар) Шелекке аттанып, Торайғырдағы батыр сағанасын өз көзімізбен көрдік. Онда бізді көп жыл Кеген аупарткомында бірінші хатшы болған Үмбетжан Нұрғазиев, «Сөгеті» кеңшарын 30 жылдай басқарған Сағыныш Есбергенов, Қарабатыр сағанасына шырақшылық етіп жүрген Әбілқасым Молдабеков сияқты қариялар және бірнеше кісілер (бәрі де Албан руларының өкілдері) қарсы алды. Сонда талай тарихи әңгімелер айтылды.
Әсіресе, Үмбетжан қария шежіре мен көне әңгімелерге жүйрік екен. Қарабатырдың бұл жерде қалай қаза тауып, қалай жерленгені жайында ұзақ сыр шертті. Ол бір кездері Алматыда Жазушы Сәбит Мұқановпен көрші тұрыпты. Бір күні Сәбең оған: «Сендер жақта баяғыда оңтүстіктен қалмақты қуып келіп, «Ойрантөбеде» қаза тапқан Сіргелі Қарабатыр дегеннің сағанасы бар. Мен осы сол «Ойран төбе» соғысы мен Қарабатыр, Райымбек және басқа батырлар хақында кітап жазсам ба деп жүрмін» дегенді айтыпты. Одан соң шырақшы Әбілқасым қария да бұл сағана-белгінің Сіргелі Қарабатырдікі екенін бұрынғы жергілікті көнекөз шалдардан естіп, білгені жөнінде және бұған ешкімнің таласы болмауы керек­тігін нығарлап айтты.
Сол жердің тұрғылықты ұрпақтарының бірі 30 жыл «Сөгеті» кеңшарының директоры болған Сағыныш Есбергенов аға да олардың сөздерін қуаттап, өзі естіген көне тәмсілдерден сыр шертті. «Бірде – деді ол. –Біздің кеңшарға Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д. А. Қонаев іссапармен келді. Кеңшар жерін аралап, шаруашылық жұмыстарымен танысып жүрген Димаш Ах­метұлының көзі дала-дала­лардағы ескі зираттарға түсіпті. Қайтар кезде ол мені оңашалап, «Сағыныш, мен сенің кең­шарыңның жерінен үстеріне сағана тұрғызылған бірнеше қорымдарды көрдім. Ондай қорымдардың астында тегін адамдар жатпағаны белгілі. Оларды мал басып қорлағаны обал. Лажы болса, біреулерге айтып, сондай молаларды қоршатып қой». Содан мен бұл істі Әбілқасымға тапсырдым. Ол Қарабатырдың сағанасын темірмен қоршап тастады». Осы әңгімені белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбаев өзінің Қонаев туралы жазылған «Мың жыл жасайды» деген кітабында тәптіштей келтірген.
Осылайша, бабаларының жат­қан жерін тапқан Қарабатыр ұр­пақтары ол жерден бір уыс топырақ пен сағанадан құлаған бір қышты Оңтүстік Қазақстандағы Шаянға әкеліп, батыр белінен тараған өрендер қоныстанған ауыл маңына қайта жерлеп, басына зәулім кесене салдырды. Ол біткен кезде жер-жерден қонақтар шақырып, ұлан-асыр той өткізді. Оған жоғарыда аталған Ү. Нұрғазиев, С. Есбергенов сынды қариялар арнайы шақырылды. Сонда Үмбетжан ақсақал сөйлеп келіп, сөзінің соңын былай аяқ­таған: «Қарабатыр жалғыз Сіргелінің батыры емес. Ол – күллі қазақтың батыры! Қазақтың азаттығы жолында сонау Жетісудың түкпіріне дейін қалмақты қуып барып, Алаш бостандығы үшін жанын пида еткен есіл ердің мазарын Албан елі қастерлеп, сақтап келді. Бүгін оның рухы туған еліне оралды. Бірақ Қарабатырдың денесі алыста жатса да, бөтен өлкеде емес, өз туысы Албанның жерінде жатыр. Алаш мүддесі үшін күрескен қай батыр да қазаққа жат емес».
Бір өкінерлігі, аталған кісілердің ешқайсысы қазір бұл өмірде жоқ. Бірақ біздің есімізде айтқан сөздері қалды, әңгімелері 1997 жылы шыққан кітабымызға түсті. Үмбетжан қарияның Шаянда өткен жиын­дағы сөздері бейнежазбаға жа­зылып, қолымызда естелік ретінде сақтаулы тұр. Осылайша, Қарабатыр ұрпақтары аталарының сағанасын тапқан. Енді сол Торайғырдағы баба бейіті басына көрнекті кесене орнатамыз деп жоспарлап жүрген. Бірақ, иә, бірақ…
Қазақта «жатып, жатып, үн қатқан мырза» деген сөз бар. Түсінген кісіге бұл сөздің астарында ауыр сын мен сыр бар. Бұрынғы Шелек пен Кеген ауданын жайлаған жергілікті тұрғындардың дерлігі біз атаған сағана-белгіні Сіргелі Қарбатырдікі деп келген. Алайда біраз уақыттан бері аяқ-астынан оны базбіреулер Албан Қара батырдікі деген уәж айта бастады. Мен күллі Ұлы жүздің шежіресін жинаған және жатқа білетін адаммын. Дегенмен, осы күнге дейін Албанда батырлардың көп болғанын білсем де, оларда дәл Қарабатыр деген батырдың өткенін естіген де, еш кітаптан оқыған да емеспін. Рас, Албанда Қаракісі және Қара деген аталар бар. Шежіре бойынша тарқатсақ, Әлмерек батырдан – Жәнібек, Құрман, Қаракісі, Тоқан, Баба атты бес бала. Қаракісіден – Маш, Сақау, Шүрек, Аю, Марал, Жайық, Жұмық. Қазір бұлардың шамамен алтыншы, жетінші ұрпақтары өмірде бар. Демек, жоғарыда аталған аталардың шежіредегі буындық кестесіне қарасақ, жас-кәрісі болып барлығы Райымбек бастаған соғысты немесе «Ойрантөбе» уақиғасын көзімен көрген кісі­лер. Қаракісінің сүйегі қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Асы-саға ауылының шығыс бетіндегі Бақай тауы­ның етегіндегі жазықта жатыр. Асысағалық қария Шен­сізбайұлы Мараттың айтуынша, Қаракісі Райымбектің жауырыншысы, яғни батырдың соғыс алдындағы бал ашушы кісісі болған. Бұдан шығатын қорытынды – Қаракісінің аты жалпы елге мәшһүр болатындай ба­тыр деген атағы шықпаған тәрізді.
Жақында біз Асы-саға ауылындағы Қаракісінің бейітіне арнайы бардық. Сонда Асы-саға ауылының тұрғыны, көне әңгімелерге құлағы түрік Алдаберген Шәліпов деген жігіт ағасы бейіт басында маған мынадай әңгіме айтты: «Бала кезімде ауылдың Қожахмет Сайбыров деген қарты маған Қаракісі атамыздың бейіті осы деп, мына өзіміз көріп тұрған мазарды көрсеткен. Бір ол емес, ауылдағылардың бәрі бұл мазарды Қаракісі атамыздікі деп біледі».
Қаракісі атаның үстіне тұр­ғызылған сағана-белгі бұл күндері әбден мүжіліп, көнер­ген. Бастапқы қалпынан пәс тартқан. Сағана-белгі үйшік тұрпатта емес, тұтас қалыпта дөңгелене тұрғызылған. Былай қарасаң, Торайғырдағы Қарабатыр сағанасына ұқсайды. Жалпы, Жетісудың шығыс тарапындағы көне молалар үстіне тұрғызылған сағаналар осы тақылеттес болып келеді.
Бұл Албанның Қаракісісі жайындағы білгеніміз. Енді «Қара батыр» мақаласындағы Қараға келейік. Автор Құрманның – Үмбет, Мәмбет, Қара, Кенжебек деген төрт баласы болған дейді де, ары қарай Қараның батырлығын дәріптей жөнеледі. Мақұл-ақ, дерек-дәйегі ешбір тарихи немесе ауызекі әңгімелер негізіне сай келмесе де, оған өңеш жыртысып дауласқымыз жоқ. Бірақ дәл сол Қара Райымбек кезінде топ жарған батыр, қол бастаған сардар болса, оны іздеушілер атын көкке көтеріп дәріптеушілер осы күнге дейін неге үнсіз жатқан?! Содан соң бізді 1994 жылы «Сөгеті» жерінде күтіп алып, екі күн бірге жүрген сол кездегі Албан елінің белді адамдары саналатын азаматтар мен Қарабатыр сағанасының шырақшысы болған, ең ақыры Сайлаубай мырза Қараның әкесі деп көрсеткен Құрман атадан тараған Әбілқасым қария ол сағананы неге Сіргелі Қарабатырдікі деп атады және ескіден қалған әңгімелерді жадымызға құйып, неге бізді соған сендірді?! Себебі, олар көне қариялардың ғақлия-тәмсілдерін көп естіген, ата-бабалардың шынайы тауарихынан мол тағылым алған, ақиқаттан алшақтамайтын, бұра тартуды жаны сүймейтін көргенді кісілер-тұғын. Олай болмаса, ол кісілер Қарабатырды өз руларына тартып кететін еді ғой. Оған олардың сөздік қорлары да, әңгімелері де жететін. Дегенмен, олар аруақ атына жалған айтуға ары бармайтын таза кісілер-тін. Рас, қазір Сіргелі Қарабатыр жайында ең көп білетін Әбекеңнің көзі жоқ. Бірақ ол айтқан әңгімелерді оның кемпірі Мұхамедқалиқызы Анархан апа мен баласы Табиғат жақында бізге тағы қайталап берді. Бұдан соң жоғарыда аталған Үмбетжан мен Сағыныш және басқа да қарттар өздері Албан бола тұра, бізге аталмыш сағананың Сіргелі Қарабатырдікі екенін біреулерге жағыну үшін, жағымпаздану үшін айтты ма? Болмаса, оған керісінше, біздің оңтүстіктің қариялары Қарабатырдың сағанасы Жетісу жерінде дегенді ойдан құрап айтып жүрді ме? Неге олар оны не Шуда, не Балқашта, не басқа жерде деп айтпайтын?..
«Қара батыр» мақаласының авторы Шелек төңірегінде Қа­ра батырдың құрметіне орай қойылған Қараның сайы, Қа­раның бұлағы, Қараның текшесі, т. б. сияқты атаулармен аталған жер аттарын тізбелепті. Ондай атаулар ол жерлерде аз емес. Малыбайдың жайлауы, Байсейіттің сазы, Бақайдың тауы, Көкпектің сайы, Торайғырдың жазығы, Киікбайдың жайлауы, Баба тоғаны, Бекбау қорғаны… қанша санамаласаң да, кете береді. Бірақ бұлардың барлығы тек батырлықпен аты шыққан адамдардың құрметіне орай берілген атаулар деп кесіп айтуға болмас. Тағы бір айта кететін жәйт, Шелек жерінде Қарасай деген атау бірнеше жерде бар. Біз сондағы жергілікті қариялардан қанша сұрастырсақ та, «Қарабатыр» мақаласында жазылған Қараға қатысты жер атауларының нақтылығын анықтай алмадық.
Аталмыш мақалада жоғарыда біз атаған Әбілқасым ақсақал туралы да айтылыпты. Онда Әбекеңнің Қарабатыр сағанасы үстін қалай темір шарбақпен қоршағаны жайында жазылыпты. Автор мақаладағы әңгімені кімнен естігенін білмеймін, бірақ бұл уақиғаны ол кісі бізге былай айтқан. «Келінім Бағила біздің үйге түскен соң көп уақыт көтермей жүрді. Содан бір күні түсіме Қарабатыр кіріп, аян берді. Сосын оның басына келінімді ертіп барып, зиярат жасадық. Көп кешікпей келінім жүкті болып, немерелі болдық. Содан Қарабатырдың әулиелігіне сендім де, басына темір шарбақ орнаттым. Бұған кеңшар директоры Сағыныш Есбергенов көп қолғабыс жасады. Шарбаққа «Сіргелі Қарабатыр» деп темір әріптерді дәнекерлеп жабыстыра жазып қойдырдым». Бұған сенбегендер болса, бұл әңгімені қазір Алматыда тұратын Әбекеңнің келіні Бағила да растап береді. Осыған көз жеткізгісі келген кісілер табылса, Бағиланың телефонын да беруге әзірміз.
Бұл мақаладағы тағы бір кемшін дерек, әлдеқандай жолаушының (мақалада оны Әбекеңнің өзі деп көрсетіпті) Торайғыр жазығында аттан түсіп, түстеніп отырғанда атының қашып кететіні жайындағы сюжетке байланысты. Қашқан ат Қарабатыр сағанасы маңына барғанда өзінен-өзі тоқтап қалады. Атының соңынан ентелеп қуған жолаушы ентігіп жетіп келсе, аттың шылбыры топ жусанның түбіне байланып қалғанын көреді. Ат содан жүріп кете алмай тұр екен. Күлкілі әрі адам сенгісіз жәйт. Қазақ қандайда бір аңызды, әңгімені шығарса да, қисынға байланыстыра айтады. Біріншіден, жусан түбіне арқан оралып қалатындай топтана өспейді. Екіншіден, қандай себеп болса да, жусанға арқан оралмайды, жусан бекем қазықтай бола алмайды.
Әбекеңнің бізге бұл жайында айтқан әңгімесі бойынша, бұл уақиға Мерғали деген кісінің басынан өткен. Қашып кеткен Мерғалидың аты Қарабатыр бейіті жанына келгенде ұзын шылбырын басып сүрінген де, құлап қалған… Ал мақалада бұл уақиғаға Әбекеңді қатыстырады. Жазбадағы дәл осы эпизодты Әбекеңнің баласы Табиғат мүлдем жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, әкесі қызмет істеп жүрген кезінде өмірі атқа мінбеген. Оның үстіне әкесінің тегі – Нұрқасымұлы болып, мүлде дұрыс жазылмаған. «Шындықтың бетін бір нәрсені ойдан құрау арқылы жабуға бола ма?» – дейді ол.
Осы мақаланың авторына тағы бір нәрсе айтайын. Мейлі, біз әңгімелеп отырған сағана Албан Қаранікі-ақ болсын. Бірақ әлімсақтан Шелек-Кегенде отырған қалың Албан өзінің Қара батырының сүйегін бақсының моласындай етіп, неге айдалаға жерлеген? Неге ол мола маңына кейін басқалардың мазары түспеген? Арғы Аласа тауының батыс беткейінде мыңдаған молалардың орны жатыр. Соларға қоспай, болмаса Қалмақ асудың етегіндегі немесе Қарабұлақ маңындағы, Асы суының жағасындағы қалың Албанның мазарларына неге қоспаған? Қазақта өлген кісілерін атақты адамның моласының жанына жерлейтін ілкі жосық бар. «Торайғырдың жазығы» сияқты кең көлемдегі жазықтың тура ортасына Қара батырдың жалғыз жерленуінің себебі неде? Осы жайын ойлаған жан бар ма?
Сіргелі Қарабатырдың сол жерде жатқанын шығарушылар «Мұнда оңтүстіктің Сіргелісі қайдан қаңғып жүр?» дейтінге ұқсайды. Жарандар-ау, сүргінді заманда қай батырдың сүйегі қай жерде қалмаған. Жатыр ғой, атақты Қарасайдың моласы Көкшетауда, Бердіқожанікі Шыңғыстаудағы елсіз далада. Бір күнмен аяқталмайтын аласапыран шайқастың кезінде сарбаздар ажал тапқан қадірлі батырларын көрнекті бір жерге қойып, өздері соғысты ары қарай жалғастыра берген. Артқа қарайлайтын мамыражай күн жоқ онда. Кейін жауды жеңгендер елдеріне қайтады. Есіл ерлердің моласы қалады қарайып жерленген жерлерінде. Бірақ оны кейінгілері ұмытпайды. Ол жайындағы сыр мен әңгіме ауыздан-ауызға өтеді. Сіргелі Қарабатырдың да жайы осы кепке түскен. Ілкі батырлардың серті бойынша, «шайқаста өлген ерде арман жоқ». Мұндай кезде Құдай тура өзі туылған жердегі шайқаста қаза табуды ешкімнің, ешқандай батырдың маңдайына жазбайды. Кейінгі ізденушілер осыны ұқса керек-ті.
Біздің пікіріміз рулық тартысты қоздырып, біреуді мұқату емес – ақиқат жолын қуалау. Егер талас-тартысты қалайтындар болса, өздеріне сын. Осы жақын уақытқа дейін біз айтып отырған сағана басындағы темір қоршауда баяғыда Сағы­ныш пен Әбілқасым қариялар жаздырған «Сіргелі Қарабатыр» деген ақ сырмен боялған жазу тұрды. Бүгінде ондағы «Сіргелі» деген жазуды біреулер алдырып тастапты да, «Қарабатыр» деген атауды қара сырмен бояп қойыпты. Айтуға аузымыз бармаса да, шетін білдірейік, осы іске ұйытқы болған бір-екі кісінің өмірі өкінішпен аяқталыпты. Бәлкім, тыныш жатқан аруақтың наласына ұшырады ма, қалай, өзі?..
Мен Қарабатырдың ұрпағы емеспін. Тіпті Сіргеліге де жатпаймын. Бала кезімнен шежіре мен бабалар тарихын жинаушы адаммын. Ұлы жұз, орта жүз руларының шежіресі, батыр-бағландары, жалпы қазақ тарихы туралы бірнеше кітап жазған адаммын. Мен үшін қазақтың белгілі қай тұлғасы да ерен қайраткер, халық қаһарманы. Сондықтан да, тарихи ақиқат бұрмаланбай, таза күйінде жазылса деген ниеттемін. Жоқ жерден дау көтеру кімге абырой? Жоғарыда айтқанымдай, «жатып, жатып, үн қатуды емес», зерттене жүріп, іздене жүріп, ең ақыры жөн сөз бен қисынды уәжге құлақ түре, зейін қоя жүріп, әрекет еткенді әдетке айналдырсақ игі еді. Дегенмен, біздің пікірімізге Сайлау­бай мырзаның дұрыс түсініп жіберілген қателіктерін тез арада өзі түзетер деген ойдамыз. Әрі Сіргелі Қара­батыр туралы бұл мақалада айтыл­маған дерек-дәйек­тері­міздің та­ғы бірнешеуін және жария­лауға дайынбыз.
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы, шежіреші. Қазақстан педагогика академиясының профессоры.

Жауап қалдыру