Тауқыметті тағдыр

0
24

Көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туғанына – 100 жыл

Кеңес заманында ста­ли­низм­нің құрбаны болған, ке­ңес та­рих­шы­ларының бірі әрі бірегейі, кеңес тарих ғылымын­да доктор ата­ғына ие болған азамат, профессор, Қазақ­стан Ғы­лым академиясының корреспондент-мүшесі Ермұ­хан Бекмаханов тағдырлы ға­лым еді. Бекмаханов – обьектив­ті ғы­лы­ми шындықтың жа­ғын­да­ғы зерттеуші бола білді. Оның есі­мі осынысымен биік тұғырға шығып, ел есінде сақталып, шет елдерде де жоға­ры беделге ие болды. Бекмаханов жайлы пі­кір айтқан аузы дуалы, академиктер Греков, Панкратова, Дружининдер кеңес тарих ғылымын жасаушы, Бекмахановты қол­даушы және өз пікірлерін ешуақытта өзгертпеген, тіпті ең жоғары партия басшылары алдында да жасыр­маған ұлы тұл­ға­лар еді.

Ермұхан 1915 жылы қазір­гі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №10 ауылда Жасыбай жерінде шаруа Бекмахан Бегенұлының ша­ңы­ра­ғын­да дүниеге келеді. Кедейлер тобына жататын бұл отбасы Абылай ханның ұрпағы екені, ал Ер­мұхан Абылайдан тараған 7-ші буын екені соңғы кездері ғана ашық айтыла бастады.

Әкесі Зында Шорманов деген байдың жалшылығында жүріп 1921 жылы дүние салады. Анасы Бәпіш үш баланы өзі бағып-қағып, 1932 жылы қайтыс болады. Анасы мен қарындасы ашаршылықта қайтыс болып, денесінің қайда қалғаны бел­гі­сіз болып қалады. Ермұхан ағасы Діншенің қолдауымен ға­на мектепте білім алады, бірақ аға­сы да 1931 жылы, тым ерте қай­тыс болады. Ол, 1932 жылы Баян­ауылда­ғы 7 жылдық мектеп­ті тә­мам­даған соң, Семей­де­гі 1 жыл­дық курсты бітіреді. 1933 жылы Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қала­сын­да­ғы пе­да­гогикалық инсти­тут­қа оқуға түсіп, 1937 жылы тарихшы мамандығын алып шығады.

Қазақ КСР халық ағарту ко­мис­сариатының жанында­ғы ғы­лыми зерттеу институтында ең­бек етеді. 1939–1940 жылдары директор дәрежесіне көтері­ле­ді. Оған қоса ҚазПИ-дің аспирантурасын бітіріп, 1940-1941 жылдары БКП (б) Орталық Ко­ми­те­ті жа­нын­дағы жоғары партия мек­те­бін­де оқып, оны біті­ріп шы­ға­ды. Сондай-ақ 1939 жылы партия қатарына қабылданады.

1941–1942 жылдары ҚазКСР Оқу халық комиссариатында мектептер басқармасының бас­ты­ғы, 1942–1944 жылдары – Қаз (б) КП Орталық Комитеті­нің лекторы, 1943–1948 жылдары ҚазКСР ҒА тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер, институт директорының орынбасары болып қызмет етеді.

Қазақ мектептері үшін тұң­ғыш ерте дүние тарихы мен КСРО халықтары тарихы бо­йын­ша методикалық құрал жа­сау­ға атсалысады.

1943 жылы жазда ежелгі дәуірден сол кезге дейінгі кезеңді қамтитын тұңғыш «Қа­зақ КСР тарихы» Алматыда жа­рық көреді. Кеңес рес­пуб­ли­ка­ла­ры­ның тұңғыш дербес тарихын жазудың бас­тамасы бол­ған және беделді ғалым­дар күш салғандықтан бұл кі­тап, бір­ден көзге түсіп, Сталин­дік сый­лық­қа ұсынылады. Бі­рін­ші сыннан сүрінбей өтеді. Бір­ақ авторлардың қуанышы бір­не­ше жылға созылған дауға, ал Бекмаханов үшін трагедияға айналады. Сталиндік сыйлық жө­нін­де­гі комитеттің соңғы мә­жі­лі­сін­де КСРО ҒА корреспондент-мү­ше­сі Яковлев «Қазақ ССР тарихы» орыстарға қарсы жа­зыл­ған, зиянды кітап деген пі­кір айтып, сарапшыларды шошытады. Оның ойынша Отан тарихы біртұтас КСРО тарихы, яғ­ни интернационлизм принципіне сай келуі тиіс болатын. Бұл ста­лин­дік тұжырымдамаға сай ке­летін қасаң, догматтық ұлы дер­жавалық шовинистік көз­қа­рас еді.

Осы кезде 1943 жылы 28-мау­сымда Ермұхан Мәскеуде «Қа­зақ­тардың Кенесары Қа­сым­ұлы бас­та­ған азаттық күресі» деген та­қы­рып­та кандидаттық диссертация қорғайды. Ал, 1946 жылы «Қа­зақ­стан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары» деген доктор­лық диссертация қорғайды. Осыдан кейін оған ашықтан-ашық ауыз салып, оған жала жабу бас­та­ла­ды.

Ең бірінші болып, Жоға­ры ат­тес­тациялық коммиссияға (ВАК) Бекмаханов негізі­нен Ряз­анов­тың жарыққа шық­па­ған қол­жаз­басын пайдаланды деген арыз түседі, бұл істі тексер­ген ака­демик Дружнин плагиатты то­лық теріске шығарып бе­ре­ді.

1948 жылы 28-ақпан­да КСРО ҒА тарих институ­тында оның мо­но­графия­сы тал­қы­ла­нып, Ал­ма­ты­дан әде­йі кел­ген т. ғ. к. Ай­да­рова қа­ты­са­ды. Та­рих ғы­лы­мы­ның кан­ди­дат­та­ры Т. Шо­йын­баев пен М. Ақын­жа­­нов­тар­дың жазбаша пі­кір­ле­рі оқылады. Қазақ­стан­дық­тар Ке­несары қозғалысы реакция­шыл, фео­дал­дық-монар­хия­лық ұлт­шыл­дық сипатта деген ор­тақ пікір айтады. Бұ­лар­ға Дру­жи­нин, Бахрушин, Вят­кин, Куч­кин­дер қарсы шығып, қо­ры­тын­ды­сын­да академик Гре­ков ав­тор­дың жеке басына тиі­су, оны буржуазияшыл-ұлт­шыл деп айып­тау ғы­лыми пі­кір­талас­қа жат әре­кет екен­дігі­не кө­ңіл ау­да­ра­ды.

Араға үш жыл салып, 1951 жылы 15-мамырда оны «ірі саяси қателіктері үшін» ҚазМУ-ден КСРО тарихы кафед­ра­сы­ның про­фес­сорлығынан, партия қа­та­рынан шығарлады. Алматы облысы, Нарынқол ауда­нын­да мектепте тарих пәнінен са­бақ бе­ре­ді. 1952 жылы 5-қыркүйекте Жамбыл облысы, Новотройцк селосында мектепте мұғалім болып жүргенінде тұтқында­лып, РКФСР ҚК (Қазақ КСР емес) 58-бабының 10-тарма­ғы­на, 2-бө­лімін­де көр­сетіл­ген­дей «Ке­ңес үкіметіне қарсы болып, 1942-1951 жылдар аралы­ғын­да ұлт­шыл­дық идеяларды уа­ғыз­дап жә­не антисоветтік үгіт жүр­гіз­гені үшін» айып тағы­лып, 1952 жылы 4-желтоқсанда Қа­зақ КСР Жоғары соты оны 25 жыл­ға соттап, ГУЛАГ лаге­рі­не ай­дау­ға жібереді.

Кейін заман өзгеріп, 1953 жылы 16-қазанда КСРО Бас Про­куроры Бекмахановты ақ­та­ды. 1954 жылы 1-қыр­күйек­те ҚазМУ-ге қайта оралады, аға оқы­ту­шы деген лауазым бері­ле­ді.

1957 жылы Мәскеуде «Ғы­лым» баспасында «Присоединение Казахстана к России» мо­но­графиясы жарыққа шы­ғып, докторлық дәрежесі мен про­фес­сорлық атағы қай­та­ры­ла­ды.

1962 жылы Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі болып сайланады. Асыл азамат 1966 жылы 6-мамырда 51 жас­қа қа­ра­ған шағында ауыр нау­қас­тан дү­ние­ден өтеді.

Қайтыс болғаннан кейін Батыр Бауыржан Момыш­ұлы­мен қоштасарда айтқан соң­ғы сө­зі:«Үлгере алмай кетіп барам, ке­ші­ріңіз!» болса керек. Ал осы­ған халық атынан ке­ші­рім сұ­рап, жауап бергендей Бау­кең былай деп жазыпты: «Қа­ді­рін біл­меп­піз ғой тірі кезде, деп боз­дар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұх­тарға т. б. арнап жазып едім. Інім едің – сенімен қош­та­сып, ба­сыңа қойып тұрмын. Жат­қан же­рің торқа болсын. Әрқа­шан да есім­десің, бауырым. Жылау­шы Б. Момышұлы. 7.VI.1966. Алматы».

Біздің жұбанышымыз – Ер­мұ­хан Бекмахановтың мекте­бі, асыл идеялары, танымы мол ең­бек­те­рі жастарға мұра болып, та­рих­қа қиянат жасалмағай!

Олжас БЕРКІНБАЕВ.

Материал тарих ғылым­дарының докторы, профессор, Әбу Тәкеновтың «Е. Бекмаханов Қазақстан ХХ ғасырдың 20 – 40 жылдарында» еңбегінде жарық көрген Тарихшы Ермұхан Бекмаханов (тарихнамалық шолу) атты мақаласының негізінде дайын­дал­ған.

Жауап қалдыру