Тарихшының көзімен үңілсек

0
280

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мәні бар мақаласы жарияланғалы бері қазақстандықтар жаппай талқылап, білім-біліктері аясында өз ой-пікірлерін айтып жатқаны құптарлық жайт. Бұл азаматтық белсенділік. Ал, ұлы даланың мыңдаған жылдық тарих қатпарларын қопара сөз етуге талпынған Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ тарихшылары ортасына тастаған қасиетті көк серке көкпарын тарту үшін үлкен дайындық, жан-жақтылы тарихи білім керек екенін біреу түсінсе, біреу түсінбей ауа қармап, бетінен қалқып, уралап өте шығатынын да көріп отырмыз.

Егер баспасөзде осылай ұрандата берсек «ұлы даланың жеті қыры» бір жақта, зерттеушілер мен оқыр­мандар бір жақта қа­лып қоюы әбден мүмкін. Сон­дықтан мен Ерте орта ғасыр тарихын зерттеуші ма­ман ретінде «Ұлы дала­ның жеті қырының» бірі, әрі түп бастау көзі болып табылатын ежелгі ру-тайпа­лық бірлестіктердің этникалық құрамы мен этноау­мағы, олар құрған үлкенді-кішілі хан­дықтар мен қағанат­тар­дың бүгінгі Тәуелсіз Қазақ мем­лекетінің тікелей әрі үздік­сіз жалғастылығын анық­тап, дәлелдеу керек деп түсінемін. Менің тарихи тақырыпқа жаз­ған еңбектерімнің барлы­ғы дерлік осы мақсатқа қыз­­мет етуді көздеген болатын.
Тарих толқынына құ­лаш ұрып, ұлы даланың сан қырын танып-білгісі келген отан­дастарыма қазақ хал­қы­ның арғы тегін қалып­тас­тыруға орасан зор үлес қос­қан қаңлылар туралы зерт­туімді ұсынғым келді. Нұр­сұлтан Әбішұлы айрықша атап өткендей «күні кешеге дейін «Еуропацентристік көз­қарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халық­тарының арғы бабалары саналатын этностық топ­тар біздің ұлтымыздың та­рихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді кө­руге мүмкіндік берген жоқ» дей келіп «Протомемлекеттік бірлестіктердің де­ні қазіргі Қазақстан аума­ғын­да құры­лып, қазақ ұл­ты этногенезінің негізгі эле­мент­терін құрап отыр» деген тұжырымында бұл­тарт­пас тарихи шындық бар бола­тын. Соның бір көрне­кі үл­гі­сін­дей болған қаңлы­лар ту­ра­лы тоқталғым келді.
Қазақ халқының этника­лық көздерінің бірі әрі біре­гейі ежелгі қаңлылар болғаны бұл күндері баршаға аян болса да тарихи зерттеу еңбектерінде ертедегі қытай жазба деректеріндегі «Каң жүй» иероглифін «Кан гуи» түрінде таң­балап келе жатқан отандық дерек­танушылардың негізсіз ойжоталарына тоқтау айтатын уақыт келді.
Қытай иероглифінен бұл этнонимнен этимологиялық мән-мағына таппайсың. Ал, «қаң­лы» сөзі үнді-еуропа тілдерінде «өзен, су» деген мағына берсе, түркі тілдерінде «кан»-«кең», «жалпақ» «кең дала» деген мағына береді. Бұл сөздің алғаш­қы мағынасы қаң­лы хал­қы өмір сүр­ген Сыр­дария өзе­ні­­нің атауы ретінде қолда­нылған. Қаңлы – Кан этнонимін олар­мен көршілес алыс-жа­қын елдер түрліше ата­ғанымен, біз оны «Кан өзенінің жаға­лау­ларында тұра­тын ха­лық, өзен хал­қы» де­­ген байламға тоқ­тай­мыз.
Қаңлылар тарихы б.з.б. ІV ғасырдан белгілі, олар тарихта кангха халқы ретінде көрсетілген. Қаңлылар жөніндегі жазба дерек алғаш рет б.з.б. ІІ ғасырдағы қытай орда жазбаларында «Каң жүй го» – Қаңлы мемлекеті ретінде таңбаланған. Сол жазбаларда қаңлылар шығыста үйсіндермен, батыста алаңдармен, оңтүстікте Ферғанамен шекараласатыны, арасы атты адамға жеті күндік жол болатын қысқы астанасы Люениди мен жаз­ғы астанасы Битянға жететі­ні, түтін саны 120 мың, жан саны 600 мың, 20 мың сайлауыт әскері бар хандық екені жазылған. Хандық бес би басқаратын бес иелікке бөлінген. Негізгі мекендері Сырдария, Шу өзендері жаға­лау­лары мен Қаратау бөк­тер­лері болса керек.
Қаңлылар б.з.б. ІІІ-І жүз жыл­дықтарда-ақ көрші елдермен тығыз қарым-қатынастар орнатып, алыс-беріс жасап отырған. Тіпті шалғайдағы хан патшалығымен де тең дәре­желі дипломатиялық байланыста болғаны қытай орда жаз­баларында көрініс тапқан.
Қаңлы халқы жартылай көшпелі, жартылай оты­рық­шы болғандығын оның жаз­дық және қыстық екі астанасы болғандығынан-ақ білуге болады. Ханның қысқы сарайында ел билеудің заң ережелері жызылған кітаптар болған. Қылмыскерлер сол заңдар бойынша жазаланады.
Түріктің ұлы ғұламасы Мах­мұт Қашқари «Түрік сөзді­гінде» қыпшақ бірлестігінің та­маша руларының бірі – қаңлылар» деп жазады. Ол сонымен бірге Хақанияның хандары қаң­лылардан шық­қан­дығын да айғақтайды.
Күні кешеге дейін халық арасында «Қарадан хан сайласа қаңлыдан сайлайды» «кәделі елде қаңлы бар» деген ата­лы сөз қолданыста жүр­гені белгілі.
Әр ел тарихшылары мен түр­ко­логтары қазақ хал­қының этникалық құра­мы мен этнотегі туралы әр­қалай пайымдаулар жасап, қазақтар алуан түрлі ру-ұлыстар мен бөгде этнос­тар­дан ХV-ХVІ ғасырда ғана пайда болған құрама халық деп жазып келгенін білеміз.
Әйгілі жапон ғалымы Ширатори болса «Ежелгі қаң­лылар тұрмыс, әдет-ғұрып және тіл жағынан қа­зіргі қазақ елімен бірдей» деп жаз­ды. Қытай ға­лымдары Бей йуан «Үш ор­даға бө­лінген қазақтар – ежелгі қаң­лылар» деп жазса, Чи Юан­шы деген атақты та­рих­шысы: «Қазақ дегеніміз ежел­гі замандағы қаңлы елі бо­латын» деп нақтылай тү­се­­ді.
Міне, осылайша қазақтың ата-тегі ретінде дәріптелген қаңлылардың қос ішекті, бес ішекті музыка аспаптары, сыбызғы-сырнайлары, дап-да­был­дары шалғайдағы қы­тай патшалықтарына мағ­лұм бол­ғаны Жу патшасы той жасағанда қаңлы елімен Кү­шәр бектігінің музыка аспап­тары мен өнерпаздарын ар­най­ы шақыртып алдырғаны жа­­зыл­­ған.
Таң патшалығының әйгілі ақыны Бай жүий (772-846) қаң­лының биші бикешін былай­ша шалқыта жырға қо­са­ды:
Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап.
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып, шарық­тап,
Мүдіруді білмеген.
Келіпті бикеш Қаңлыдан,
Алты айшылық арыдан.
Жарыса зырлап күймемен,
Көңілі толқып күйменен.
Бидің биік сарасы.
Әлемде жоқ бағасы,
Қол жеткісіз асылға.
Әркімнің бар таласы,
Алқақотан айналды
Жұрттың төре-қарасы.
Бұдан қаңлы елінің, оның әсем де асқақ өнерінің деңгейін шамалауға болатын шығар.
Қаңлылар күнге, айға, киелі жануарларға табынған. X ғасырға дейін Зорастризм дәстүрін ұста­нып, әйгілі қа­ра­хандықтар тұ­сында мұсылман бол­ған. Антрополо­гиялық типі Андронов мәдениетінің адам­дарына өте ұқсас болып, тілі мен әдет-ғұрпы үйсіндерге, аландарға, хұндарға жақын, аудармашысыз түсінісе алған. Ежелгі Орхон-Енесай руна жазуын қолданған.
Қаңлылар VІ-VІІ ғасыр­лар­да түрік қағанатының құра­мын­да болса, VІІ-ІХ ға­сыр­лар­да арабтардың, ХІ-ХІІ ға­сыр­ларда қыпшақ бірлес­тігінің ықпалында бола­ды. Қазақ хан­дығын құ­рысқан белді тай­па­лар­дың бірі ретінде кейінгі Ұлы жүз құрамына енді.
Біз мақтансақ, ата тарихы­мыз­дың адамзатпен бірге жа­сасып келе жатқан ежелгі халықтардың бірі екенімен, бүгінгі қазақ мемлекетінің ұлан-байтақ тауы мен даласын жайлаған автохонды халық екенімізді алдымен өзі­міз танып-біліп барып мақ­та­найық. Жоғарыда атап өт­­кенімізден шетелдік Ши­ра­тори сияқты ғұламалар әлдеқа­шан осы тарихи шын­дық­­ты айтып та, жазып та ке­ле жатқаны үшін рақ­ме­ті­міз­ді айтайық.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының профессоры, т.ғ.к.

 

 

Жауап қалдыру