Тарих терең зерттелуі тиіс

0
250

Қазақстан тарих ғылымында ұзақ жылдар бойы зерттелуі былай тұрсын сыбырлап қана айтылып келген мәселе Алаш қозғалысы екендігі мәлім. Пролетариат көсемінің ра­қымшылығына қарамастан кеңес өкіметі Алашорданы өзгелерді қорқытуда құбыжық, тарихын «халық жауларының» төңкеріске қарсы әрекеті түрінде өңін айналдырып жіберді. Сол себепті аз ғана уақыт тарихы бұрмалана зерттеліп, одан кейін зерделеуге қатаң тыйым салынды. Бұлай етудің астарында сорақы саясат жатқан еді.
Большевиктер Алашты өз­дерінің аймақтағы билігіне төнетін қауіп есебінде бағалады, сондықтан да оны тамырымен құртып жіберуді мақсат етті. «Алашордашылдарды» құртса да биік мүддедегі идеясын, асыл мұрасын, игі істері туралы жазбаларын жоя алмады. Сол мұра қоғам үшін, халық үшін әлі де құнды, әлі де өзекті. Тек оны оқып-үйрену, санаға сіңдіру міндеті тұр. Ол үшін ұлттық тәуелсіз мемлекет тү­ріндегі Алаш автономиясы, осы мемлекеттің үкіметі – Ала­шорданың, ұлттық-демок­ратия­лық сипаттағы Алаш пар­тия­сының тарихының дерек­те­рін білген абзал.
Дерексіз тарихтың жазылмай­тындығы хақ. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы өз кезе­гінде деректерді «тарихтың жемі» деп атаған, олардың бар­лығының дерлік бірдей тарих жазуға жарамайтындығына на­зар аударған. Осы турасында өт­кен уақыттардағы оқиғаларды си­паттаудан гөрі олардың деректерге сәйкес шынайы зерт­­телуі қоғам, мемлекет, ғы­лым үшін маңызды екендігі дау ту­дыр­майды.
Алаш қозғалысының дерек­тері мол. Олар сонау 1910-1930 жылдардың өзінде қалыптасқан, кейбіреулері жарияланған-ды. Деректерді Алаш қозғалысы мүшелерінің еңбектері, съездер мен жиналыстарда сөйлеген сөздері, мақалалары, құжаттар жинағы, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ма­териалдар түрінде топ­тап көрсетуге де болады. Ұлттық ав­то­номияны бас­қаруға тиіс бол­ған үкіметтің Батыс және Шығыс, сон­дай-ақ Түркіс­тан­дық топтары, олар­дың өзара байла­ныс­­тары туралы тари­хи де­рек­тер өз алдына бір төбе.
Қадап айтатын мәселе Алаш ардақтыларының ең­­бектерінің барлығы дерлік жарық көре бермеген. Оған сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай тікелей әсерін тигізген. Қолжазба түрінде қалып қалғандары қаншама?! Біздің білетініміз – кеңес өкіметінің «ар­қасында» баспа бетін көр­ген деректер. Солардың ал­ғаш­қысы 1920 жылдардың со­ңына қарай жарық көрді. Қазақстанда билік басына Г.И. Голощекиннің келуімен бірге Алаш қозғалысының тарихын зерттеу «ресми», «таптық» және «партиялық» тұрғыдан зерттеу науқанымен қатар жүр­гізілді. Оның үстіне 1927 жылы БК(б)П Қазақ өлкелік коми­тетінің (Казкрайком) Алаш қозғалысы тарихына қатысты еңбектер дайындауға тапсырыс берді. Дүниеге келуі тиіс шығармалардың алдына Алаш және Алашорданы барынша қаралау мақсаты қойылды. Осы­лайша тарихи деректерді қалыптастырудың «тың» ұста­нымы пайда болды. Мұндай зерттеу методологиясының орын алуына «совет өкіметіне қар­сы әрекеттер жасады» деген жалған айып тағылған қазақ зиялыларының саяси қуғын-сүргінге ұшырауын «ғылыми» негіздеу» мұрындық болды.
Аталмыш методологияны қа­лыптастыруда А.Богачев еңбегінің рөлі айтарлықтай еді. А.Богачев Алаш қозғалысына қатысты жекелеген дұрыс пікірлер айтқанына қарамастан, жалпы алғанда Алашорданы жамандаудан аспады. Соған қара­мастан  А.П. Богачев жина­ған құжаттар кешені жарам­сыз деп танылды. Билік тарапынан «автор Алаш тарихының әртүрлі кезеңдері мен қызметіне объективті баға бере алмаған» деген тұжырым жасалды. Сон­дықтан да осы бағыттағы зерт­теулер дайындау науқаны ары қарай жалғастырылды. 1929 жылы келесі жинақ жарық көрді. Бұл Н.Мартыненконың дайын­дауымен жарық көрген құжаттар жинағы болатын. Ол Алаш қозғалысы тарихын зерттеуде  таптық бағытты ор­нықтыруда әрі оны қаралауда айтарлықтай септесті.  Соған қарамастан бұл жинақ биліктің діттеген жерінен шыға қой­мады, өйткені зерделі адам­ға жарияланған құжаттар Алаш­тың шынайы қызметін ай­қындап берген еді. Дегенмен, бұдан кейін  Алаш қозғалысы туралы айтуға тйым салынған тұс­та де­рек­­тер жай­лы сөз қозғау аңызға ай­нал­ды. Ел еге­мен­дігіне қол жет­кізген тұста ғана дерек­ көз­­дер көп­ші­ліктің назарына ілік­ті.
Алаш қай­рат­­керлерінің еңбектері, қазақ халқының үнжариясы «Қазақ» газетінің материалдары, т.б. жарық көрді. Соңғы жылдары жекелеген Алаш ардагерлерінің шығармалары бірнеше том түрінде  қалың оқырманға  ұсынылуда. Дегенмен, олардың барлығы  дерлік  зерттеліп, өз бағаларын ала алмай келеді.
Алаш қозғалысы тарихының зерттелу  деңгейі туралы айтатын болсақ, қарама-қайшы екі бағыт айқын көрінеді. Осыған орай оның тарихнамасын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Оның алғашқысы Алаштың өткеніне күйе жағып, ұлт жана­шырларының қызметін іске алғысыз етіп тастаса, екін­шісі оның ақиқатын ашып, халық игілігі үшін  адал еңбек еткен­дер­дің шынайы бағасын берді.
1920 жылдардың соңына қа­рай Алаш қозғалысы төңірегінде ең алғашқы  зерттеулер жазыла бастады. Олардың ұстанымы большевиктік биліктің мүд­де­сіне сәйкестендірілді. Басқа­рушы биліктің саяси диктаның күшеюіне байланысты Алаш қозғалысының ақпан төңкері­сіне дейінгі объективті-револю­циялық рөлі» және «оның кейінгі контрреволюциялық қайта жаңғыруы» туралы тезис басты қағидаға айналды. Осы­лайша «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің рөлі мен қызметін бұрмалаған еңбектер пайда болды.
Осы кезде А. Байтұрсыновтың, С. Сейфуллиннің, Ә Әйтиевтің, А. Кенжиннің мақалалары жа­рия­­ланды. Зерттеушілер Алаш қозғалысына бір қырынан ғана баға беріп, оны барынша қара­лады. Мәселен, өз кезегінде С.Сейфуллин қозғалысқа сы­ңаржақ баға берді. Оның ба­ғасын Ә. Әйтиев те жақтаған. Е. Федоровтың, П. Галузоның және басқалардың еңбектерінде Алаш және Алашорда тарихы осы үрдісте талданды. 1933 жылы Қазақ марксизм-лени­низм ғылыми-зерттеу инсти­тутында «Алашорданың» контр­революциялық мәнін ашып көрсету және оның қазақ хал­қының тарихындағы жире­нішті, жексұрын, рөлін түпкі­лікті жою» деген айдармен аран­датушы пікірталас өткізілді. «Алаштың революцияға дейінгі кезеңдегі объективті-революциялық рөлі» туралы қағиданы толығымен теріске шығару проблеманы зерт­теудің методологиясындағы айқын­даушы көзқарас етіп алынды. 1935 жылы С. Брайнин мен Ш. Шафироның «Алашорда тарихы туралы очерктер» деген еңбегі жарияланды. Автор­лар Алаш қозғалысының жетек­шілері мен оған қатынас­қандар­дың барлығына дерлік «орыс патшалығы мен уақытша үкі­­­меттің итаршы, қолшоқ­пар­лары, қазақ халқының қас жау­лары» деген айдар тақты.  Ала­шордаға «ұлтшыл контр­ре­вол­юцияның үкіметі деп баға берді. С. Брай­нин мен Ш. Шафироның Алаш қозғалысы тарихын зерт­теуге ықылас таныт­қан­дар­дың ұм­ты­лысына кедергі жасады әрі өлкедегі ұлт-азаттық қоз­ға­лыс тарихын зерттеуде тап­тық бағыттың түбегейлі ор­ныққанын дәйектеп берді. Ең­бек большевиктік идеологияға сәйкес жазылғанына қарамастан қатаң сынға алынды және автор­ларының «тағдыры» Алаш қоз­ғалысы үшін оп-оңай әрі тез шешілді. Мұның бәрі ком­мунистік партияның қолымен жасалды. ВКП(б) Қазақ Өлкелік партия комитетінің бюросы 1935 жылғы сәуірдің 15-індегі қаулысында айтылмыш кітапқа қосымша ретінде жарияланған құжаттар тізбегі «Алашорданың контрреволюцияшыл ұлтшыл­дық идеологиясын таратуға қызмет етті» деп бағаланды. Сондықтан «Очерки по истории Алаш-Орды» деген кітапты бюро пайдаланудан алып тастау жөнінде қаулы қабылдады.
Осындай үрдістерден кейін тақырып айналасында ұзақ уақыт­тарға үнсіздік орнады. Алаш қозғалысының тарихына бай­ланысты деректерге «аса құпия» деген таңба басылып, архивтерге тоғытылды. Оның тарихын зерттеуге мүлде тыйым са­лынды. Ал алашор­далық­тардың тағдырын кеңестік билік өз мүддесінде шеше салды. Олар саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әртүрлі ұзақ мерзімдерге концлагерьлерге айдалды, атылды, жер аударыл­ды. Одан аман қалғандарына «халық жаулары», «шетелдер пай­дасына қызмет еткен шпион­дар» деген жалған айып­тар тағылып, 1937-1938 жылдар­дағы үлкен террордың құрбан­дарына айналды.
Бағымызға орай горбачев­тік қайта құру өшкенімізді жаң­ғыртып, өлгенімізді «тіріл­туге» себеп болды. Тарихы­мыздың өңі айналдырылып, бұрмалана зерттелген немесе мүлде тыйым салынған мәселелер қайта зерделене бастады. Осы кезеңде біраз шындықтың беті ашылды.
Алаш партиясы мен Алашор­да үкіметінің қоғамдық-саяси қыз­метін зерттеу елімізде 1988 жылдан бастау алды. Мәселенің жаңаша қойылымының тұсау­кесері ретінде 1988 жылы қазақ зиялыларының шығармашылық мұрасын қайта қарау мақса­тында құрылған Қазақстан Ком­мунистік партиясы Орталық коми­теті комиссиясының ше­шім­­дерін атауға болады. Алаш зиялыларын ақтайтын комис­сия құрамында Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ма­наш Қозыбаев белсенді жұ­мыс жасады. Міне, осы кезден  Алаш қозғалысына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіру бағытында тың ғы­лыми ұстанымдар қалыптаса бастады. Айта кетерлік бір жайт, 1989 жылдың шілде айында республикалық көлемде өткізілген Алаш қозғалысының объективті тарихын зерттеуге арналған  ғылыми пікір алысу оның тарихына деген көзқарасты өзгертуде түбегейлі бетбұрыс болды. Осы пікірталасқа бір топ қазақстандық тарихшылар мен қоғамдық ғылымдар өкіл­дері қатысып, өздерінің ой-тұжырымдарын ортаға салды. Мәселені жаңа тарихи таным тұрғысында зерттеуге алғашқы қадамдар жасалды.
Ұлттық-демократиялық пар­тия құрылды ма, әлде құрылып үлгермеді ме деген мәселенің төңірегінде айтарлықтай дау туды. Әлсіреп, беделі түссе де тақтан тайдырыла қоймаған коммунистік партиядан жас­қанғандар бұрынғысынша оны ұлттық ұсақ буржуазиялық партия деп сипаттаудан танбады. Алашорданы контррево­лю­циялық қызмет атқарды деп, оның өзге қырларына үңілгілері де келмеді. Ал Т. Кәкішев тәрізді қара қылды қақ жаратындар партия құрылып үлгермеді деп, оның өзіндік себептерін ашып берді.
Ғылыми көпшіліктің назарына дөңгелек үстелде жасалған, мән­ді дегендері мерзімді басы­лым беттерінен көрініс тапты. Сондай баяндамалардың бірінің авторы Тұрсынбек Кәкішев еді. Өзінің «Шындықты бұрма­ламай, жұлмаламай айта­йық­шы» деген мақаласында Алаш партиясы мен Алашорда тарихына қатысты тың пікірлер білдірді. Т. Кәкішевтің мақаласы ғалымдар мен зерттеушілерге ой салды. Алаш қозғалысының деректерін терең зерделеудің қажеттілігі айқындалды. Алай­да олар әлі де қолжетімсіз бола­тын. Тарихшы-ғалымдар К.Нұр­пейісов, М. Қойгелдиев Алаш қозғалысының тарихи ма­ңы­зымен қоса «қай­шы­лық­ты» тұстарының бар екен­дігіне назар аударды. Осы­лайша сең қозғалды, ты­йым салынған мәселе күн тәртібіне шығарылды. Көп ұзамай дөң­гелек үстел материал­дары­мен қатар моног­рафиялар, эн­цик­­лопе­диялар, оқулықтар, құ­жаттар жинақтары, қозғалыс жетекшілері мен мүше­лері­­нің еңбектері жарық көре бас­тады. Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Ай­мауы­тов және басқа Алаш қоз­ға­­лысы көсемдері мен мү­ше­лері ақталды. Олардың шығар­ма­шылық мұрасы қайтадан халықтың игілігіне айналды. Олардың басым бөлігі қаза тілінде жарияланды.
Алаштың ақиқаты 1990 жыл­дардың екінші жартысында іргелі еңбектер дайындалды. Со­лардың бірегейі – Кеңес Нұр­пейістің – «Алаш һәм Ала­шорда» монографиясы және Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» дербес зерттеуі. Осылардың жарыққа шығуы арқылы Алаш тарихының күнгейі мен көлеңкесі ашыл­ды. Д.Аманжолованың «Казах­ский автономизм и Россия: История движения Алаш» атты зерттеуі зияткер қауым тарапынан  жоғары бағаға ие болды. Аталғандармен қатар А. Сармурзиннің, В. Гри­горьевтің, Т. Омарбековтің, С. Аққұлының, еңбектерінде Алаш қозғалысы тарихының жекелеген аспектілері көрініс тапты. «Алаш» партиясы мен қозғалысы тарихының мәселелерін, оған қазақ ұлт зиялыларының қатысуын талдап түсіндіруде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің зерттеулері ерекше маңызға ие, себебі автор еңбегінде ұлт зиялыларының бұрын-соңды беймәлім болып келген еңбектерін оқырманға ұсынды. М. Құл-Мұхаммед «Алаш ардагері» атты кітабына Жақып Ақбаевтың 1927 жылғы 28-қаңтарда Қазақ педагогика техникумында «Қазақтың шы­ғу тегі мәселелері» тақы­рыбында жасаған баянда­масының мәтінін заң ғылым­дарының докторы, профес­сор, академик Ғ.С. Сапар­ғалиевтің жеке мұраға­тынан алып, қо­сымша ретінде жариялады.
Алаш қозғалысы шетелдік зерттеушілердің назарынан тыс қалмады. Америкалық зерт­теуші Марта Олкот мәселеге арнайы тоқталып, былай деп жазған: « … Алаш партиясын қазақ зиялыларының (интел­лектуалдарының) пар­тия­сы, олар большевиктік үстем­дікті Қазақстанда болдыр­мау мақ­сатында Алаш автоно­мия­сын жариялап, оның үкі­метін құрды». Тарихи шын­дық­ты баян етуге ұмтылған шетелдік тарихшының пайда­ланған деректер қорының  аздығынан еңбегінің кемшіл тұстарының бар екендігі бай­қалады.  Соған қарамастан мәселенің америкалық тарих­шы­лардың назарына ілігуі олардың ұлт, тәуелсіздік, мемлекеттік, басқару, т.б. мәселелердің шешімін табуда әлемдік өркениет деңгейінде көз­қарас танытып, адамзат құн­дылықтарына сәйкес ұсы­ныс жасап, соларға ұмтыл­ған­дарынан хабар береді.
Алаш қозғалысы тарихының деректері мен тарихнамасы қысқаша осындай. Болшақта жүргізуге тиіс ізденістердің бар екендігі байқалады. Соларды жан-жақты зерттегенде  ғана оның тарихы толық ашылады.
Ұлттың рухын асқақтатып, ғұмырын ұзартатын құдіретті күш Алаш қозғалысы та­рихынан орын алған. Бұл тарих тек мақтануға лайық. Оны оқып-үйрену, зерттеу және насихаттау қажет.  Осы орайда «… біз тамырын тереңге тартып, тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет» деген Елбасының сөзін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Ұлттың мүддесі үшін, азаттық үшін күрескендер тарихын құрметтеп, терең білсе болашағымыздың да жарқын болары сөзсіз. Тарих арқылы келешек ұрпақты тәр­биелеу дегенді үнемі назарда ұстағанымыз жөн.

Оразгүл МҰХАТОВА,
 тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы  
Қазақ  ұлттық
университетінің профессоры

Жауап қалдыру