Түбі бір түркіге ортақ ұлы тұлға

0
756

«Абыз тұлға, аңыз тұл­ға – Кет­бұ­ға» кітабы Ұлытауда, Жез­қаз­ған қаласындағы «Қа­зақ­тың Кет­бұғасы» қоғамдық бір­лес­тігінің бастамасымен жа­рық көр­ді.
Елбасының «Бірлігі бе­ре­ке­лі, тір­лі­гі мерекелі, ынтымағы жа­рас­қан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», – деген сөзі белгілі ұлы тұлға Кет­бұ­ға Ата­лық бидің ата жұртына қал­дыр­ған аманатымен сабақ­та­сып жатса ке­рек-ті. Сол заманда Кет­бұ­ға бабамыз былай деп­ті:
Қызыл тауды селдер бұз­са, Қы­зыр кетер, сақ болғын,
Ұл-қыздарың дүние қуса, «құл» көбейер, сақ болғын.
Ын­тымақсыз болған ел­ден ырыс кетер, сақ болғын,
Бірлігі жоқ Алашымнан Қы­дыр кетер, сақ болғын.
Осы ой жалғастығы таяуда Өс­ке­мен­дегі Пушкин атын­да­ғы об­лыс­тық кітапханада Тұң­ғыш Президент күніне ар­нал­ған «Абыз тұлға, аңыз тұл­ға – Кет­бұ­ға» кітабының тұсау­ке­се­рін­де одан әрмен ашыла түсті.
Биылғы жылы түркі ха­лық­та­ры­на ортақ, XIII ғасырда өмір сүр­ген, Шыңғыс хан им­пе­рия­сы­ның тұтас түменін бас­қар­ған батыр бабамыз, жырау Кет­бұ­ға Аталық бидің туғанына 830 жыл. Жаңа кітапта Кет­бұ­ға жайлы республика кө­ле­мін­де жа­рық көр­ген материалдар жи­нақ­тал­ған.
Кітаптың тұсаукесері барысында осы бірлес­тік­тің төр­а­ға­сы Төлеген Бү­кір­ов, Қ. И. Сәт­баев атын­да­ғы тарихи-өн­ді­ріс­тік мұ­ра­жай директоры Кенжал Балкеновпен онлайн байланыс ұйым­дас­ты­рыл­ды. Шы­ғыс Қа­зақ­стан об­лыс­тық мем­лекет­тік мұ­ра­ғат директоры А. А. Әу­бә­кі­ров, тарихшы Зейнолла Қай­се­нов, кездесу қо­нақ­та­ры Мәуіт­қазы Зү­ке­нов, Советхан Қа­ли­ғо­жин, Мағ­за­мов Мұ­ха­мет­ол­ла онлайн-байла­ныс­қа шы­ғып, өз ойларымен бө­ліс­ті. Сон­дай-ақ, тұ­сау­кесерге осы жа­ңа кі­тап­тың Шығыс өңі­рі­не таралуына көмегін тигізген қа­ла­мыз­дың құрметті азаматы, кә­сіп­кер Қайрат Мусин қа­тыс­ты. Кет­бұ­ға баба жайында бейне­фильм көрсетіліп, «Сақ бол­ғын!» өлеңінен үзінді оқыл­ды.
Президент Н. Ә. Назарбаев «Ұлы тұл­ға­лар­ды біл­мейін­ше, бір де бір дәуірді дұ­рыс­тап тану мүм­кін емес…» деген еді. Кет­бұ­ға сынды тарихи тұл­ғалар­дың өне­ге­лі өмірі мен ерлік іс­те­рі жас ұр­пақ­тың «Нұрлы жолда» лайықты орнын табуға ық­па­лын ти­гі­зе­ді деп сенеміз.
Ж. АРШАБАЕВА

Жауап қалдыру