Сыр бойындағы Сырымбет батыр

0
329

және оның ұрпақтары

Жоңғар мен қазақ арасында 1457 жылғы алғашқы қақтығыстан бастап бұл халықтардың әлемде қалу не қалмау жолындағы бітіспес тайталасы үш ғасырға созылды. Қазақ жоңғармен үш жүз жыл соғысқанда шекара бойына жайласқан Жетісудың Ұлы жүз руларына және Шығыс қазақ жеріндегі қалың найман еліне сыртқы жаудың соққысы алдымен тиді. Тойтарыс берсе бере алды, тойтара алмаса күші басым жаудан шегініп, Сыр бойына дейін жылжуға мәжбүр болды.
Сол заманда Сыр бойында Орта жүз Арғынның Тобықты, Қаракесек тармағы, Кіші жүздің 12 ата Байұлы тобына жататын Есентемір, Масқар, Таз және жеті ру тобына кіретін Жағалбайлы, Кердері рулары, басқа да ағайындар тұрған. Міне, сондай дүркін-дүркін ауғаншылық заманда Сыр бойы Шиеліге дейін келген босқын елдің бірі Ұлы жүздің Албаны еді. Қалың жұртын қорғаштап Албан Алжан (Әлжан) батыры Сырымбет те келген. Осында келіп ел есін жинаған, тұлпарларының айыл-тартпасын түзеп, қайтадан атқа қонған. Сырымбет мыңғырған мал айдаған аса дәулетті бай да болған екен. «Сырымбеттiң жылқылары жаппай су ішкенде су тоқтапты» деген бейнелі сөз ел аузында қалыпты.
Сырымбеттің өмір сүрген кезеңі XVII ғасырдың екінші жартысынан бергі кез, туған және қайтқан жылы белгісіз. Оның өмір тарихы туралы деректер тым тапшы. Албан елі Сырымбеттің сүйегі Сыр бойында екендігінен хабардар. Албан ағайыннан Сыр елі Шиеліде тек бір ғана Сырымбет батырдың сүйегі қалмағаны анық. Сонымен қатар Албан елінің талай ұрпағының кіндігі осы Сыр жерінде кесілгені де даусыз. Сырымбеттің сүйегі Сыр бойында болғанымен, ұрпағының өсіп-өнген, тіршілік еткен жері – атамекендері Жетісу.
«Жеті атасын білген адам жеті жұрттың қамын жейді» деген дана сөз бар халқымызда. Бұл күнде Албан жұрты негізінен Жетісу жерінде, оның ішінде Райымбек (Кеген, Нарынқол) ауданына шоғырлана қоныстанған. Ал Сыр елі Шиеліде негізінен Орта жүз, оның ішінде қыпшақтар, сондай-ақ қоңыраттар, арғындар, наймандар, қожалар, басқа да ағайындар тұрады. Шиелі халқының талайы Албан елімен мың жылға кетер құда-жегжат. Осындай қарға тамырлы қазақтың, әсіресе жас ұрпақтың халық тарихын, ел мақтанышы ерлерін біліп жүргені абзал. 2011 жылы «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен «Фолиант» баспасынан шыққан Шиелі жерінің тарихына арналған тарихи-танымдық энциклопедиялық «Шиелі» кітабында Сырымбет батыр және оның ұрпақтары туралы қысқаша жазған болатынмын. Енді осы даңқты әулет жайлы біршама кеңірек баяндайын.
Қазақ шежіресі бойынша Ұлы жүздің Албан руы үлкен екі тармақ: Шыбыл және Сары болып бөлінеді. Шыбылдан екі ата: Қызылбөрік (шын аты Бөтей) және Қоңырбөрік (шын аты Өтей) тарайды. Олар бұл күнде қалың ел.
Сары руы да екі тармақ: Сүйерқұл мен Таубұзар (Сүйменді), бірақ, бұл есімдер Албан ішінде ата болып аталмай, олардың ұрпақтарының есімі ру атауларына айналып, таралып кетіпті. Сүйерқұлдан төрт ұл: Шоған Абыз, Досалы, Қожбанбет, Жарты және бір қыз Әлжан (Алжан) туған. Әлжан кірме жігіт Мәмбетке тиеді де, төркін жұртында тұрып қалады, төрт ұл табады: Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық. Осы Әлжан балаларының руы әкелері Мәмбет есімімен аталмай, аналарының атымен Әлжан (Алжан) атанып кетеді. Ал қазақ тарихында атасының емес, анасының атымен аталып кеткен басқа да рулар баршылық, соның бір мысалы осы Албан Алжан (Әлжан).
Алжанның үлкен ұлы Сырымбет өз тұсында Албан еліне танымал би болған, батырлықпен өткен адам екен. Сырымбеттің бәйбiшесi – Әжi төренiң қызы Пернештен Әлi, Көшек, Малқар, Барақ, Қойгелдi тарайды. Ал екiншi әйелi Барақ сұлтанның қызы – Күнбибiден Қангелді (Хангелді) туады. Ол туған кезінде уысында шеңгел қан болыпты. Содан оның есімін ырымдап Қангелді қойыпты, яғни кейде жазылып жүргеніндей Хангелді емес екен. Жаугершілік заманда Сырымбет есімі Алжан ұрпақтарының жауынгерлік ұранына айналған, олардан батырлық, байлық, мансап үзілмеген дейді зерттеушілер. Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, атаға артып туса игі дегендей, Сырымбет ұрпақтары елін қорғаған батырлығымен даңқты, тіпті атасынан да асып түсті деуге болады. Енді Сырымбет ұрпақтарына тоқталып өтейік.
Алжанда Сырымбеттің Әлі деген тұңғыш ұлы туралы «Сырымбеттің Әлісің, оң бетімнің қалысың» деген сөз бар. Сырымбет ұрпақтары «ең үлкен үйіміз Әлінің шаңырағы» деп, құрмет етіп келген.
Сырымбет бидің қазақ тарихындағы аты қалған даңқты баласының бірі Қангелді батыр. Ол 1688–1763 жылдары өмір сүрген. Жоңғар шапқыншыларына қарсы ұзақ жылдар бойғы азаттық үшін Ұлы Отан соғысына белсене қатысқан, соның ішінде шешуші Аңырақай шайқасында, Аягөз, Тесіктас ұрыстарында қол бастаған.
Елшілік жұмысқа да араласқан. Абылай сұлтан жоңғарлар қолына тұтқындыққа түсіп қалғанда, оны босату үшін келіссөзге Төле би бас­тап барған беделді топтың ішінде Қангелді де болған көрінеді. Қытаймен арадағы елшілік іспен де айналысқан. Қангелді батыр 1733 жылы Ұлы жүздің Төле, Қодар билері, Сатай, Бөлек батырларымен бірге орыс патшасы Анна Иоановнаға хат жазып, елші жіберіп, Ұлы жүз руларын Ресейдің қол астына алуын өтінген. 1734 жылы Қангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі осы өтінішпен Санкт-Петербургке патшайымға барып та қайтқан. Бұл оның өз уақытында Ұлы жүздің беделді адамдарының бірі болғандығын көрсетеді.
Бұл кезде 1731 жылы Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз жұрты орыс патшасына бодандыққа өтуді бастап қойған еді. Қазақтардың осылай іргелі мемлекетті паналауы олардың халық ретінде құрып кетуінен құтқарған бірден-бір дұрыс шешім болды деп, кеңес заманында жөн іс ретінде құпталып келгенімен, жаңа тәуелсіз заманда бұрынғыдай біржақты бағаланып отырған жоқ. Осы ретте Қытайдың соғыстан қалжыраған жоңғар халқын жойып жібергенін еске алыңыз. Ал қазақ халқы 260 жылға созылған игілігі де аз емес, қиянаты да жетіп-артыларлық Ресей – Кеңес Одағында отарлық күй кешу, жансебіл тарихты бастан кешті. Бұл кезеңде ХХ ғасырда 1916 – 1945 жылдары, бас аяғы отыз жыл ішінде қазақ халқы жоңғар шапқыншылығынан кейін тағы да үштен екі бөлігіне жуық адамынан, бас көтерер арыстарынан айрылып, есеңгіреп қалды.
Албандарды қатты күйзеліске ұшыратқан 1916 жылғы көтерілістің ауыр зардаптарына жиырмасыншы жылдары жас жазушы Мұхтар Әуезов мән беріп, «Қилы заман» деген шерлі шығарма жазды. Бұл Албанның қилы тарихы еді. Ол 1928 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылды да, одан кейін қырық бес жыл бойы жарыққа шықпады. «Қилы заман» 1972 жылы ғана «Новый мир» журналының 6-санына қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен орыс тілінде басылып шықты. Артынша қазақша нұсқасы «Жұлдыз» журналының 1974 жылғы 8-санында көрнекті жазушы-ғалым Әди Шәріповтің алғысөзімен жарияланды. «Қилы заман» 1987 жылы қырғыз тілінде де басылды. Бұған қырғыз жазушысы Қымбатбек Укаевқа аудару жөнінде өтініш айтып ғайыптан менің де септігім тигені бар.
Кітап шыққан уақыт 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың еңсесі түсіп тұрған, қуғын-сүргін басталған кез еді. Алматыға келген Қымбатбек аға менен Желтоқсан жайын қазбалап көп сұрады, білгенімді айттым. Иә, тарих қайталанды, қазақтардың басына тағы бір қилы заман орнап тұр деп түйдік ойымызды 1986 жылғы Желтоқсан мен 1916 жылғы Албан көтерілісін сабақтастырып.
Әңгімемізді қайтадан Сырымбет ұрпақтарына бұрайық. Қангелдінің батырлық істері туралы аңыз әңгіме көп, соның ішінде мына бір әңгімеге тоқталып өтейік. Қангелдіде сегіз ұл, кейбір деректерде он бір ұл болған. Олардың көбi шетiнен батырлығымен, шешендігімен және байлығымен танылған.

Бастаған ақтылы қой көсем серке
Байлықпен аты шыққан Тұрсын, Мөңке
Қалмаққа қарсы келiп қан құстырған,
Баласы Қанкелдiнiң ер Тiлеуке.
Ат баптап, құс салатын өнерi бар
Қайыстай жiгiт екен қара Түке,– деген сипаттама соның бір дәлелі.
Қанкелдi батыр өз балаларының болашағын болжау үшiн салқын күннiң бiрiнде ересек төрт ұлын – Тiлеуке, Түке, Мөңке, Төңкенi (Тұрсынды) далаға төсек салдырып жатқызады. Таң алдында келіп олардың жатқан жатыстарын көреді. Басы ашық жатқан Тілеукені батыр болады екен деп жориды, басы-аяғын түгел бүркеніп жатқан Мөңке мен Төңкенi бай, еліне қамқор болады деп пайымдайды. Ал Түкенің көрпесi бөксесiнен төмен ашық жатыр екен. Әкесі бұдан ештеңе шықпайды деп ұйғарыпты. Бос неме деп ашуға басып қылышпен шауып тастамақ болыпты. Отағасының ыңғайын байқап тұрған әйелі баласына араша түсіпті: «Батыр, сабыр, бұл балаңа тектi жерден қыз әперсең, қол бастаған батыр, ел бастаған көсем туады екен, қуаты белінде»,– деп өз жоруын айтады. Кейін балалары туралы әкенің де, ананың да айтқаны келіпті.
Бірде көрші жатқан Ұлы жүздің Жалайыр еліне жау тиді деген хабар жетісімен Албан Қангелді батыр қатуланып жасағын сайлап, дереу құба қалмаққа қарсы аттанады. Ел егесі Орақты батыр басқа жақта жүр екен. Қангелді батыр қазақ ауылдарын қырып-жойып келе жатқан қалмақ қолына қарсы кездескен. Дұшпанның батырымен жекпе-жекте Қангелді екі айналымға келтірмей қалмақтың басын шауып түсіреді. Рухы көтерілген қалың қазақ лап бергенде дұшпан шерігі бас сауғалап қаша жөнеледі.
Суыт хабарды естіп, асығып жеткен Жалайыр Орақты батыр жауды жайпап, еліне тыныштық орнатқан Албан Қангелдінің ерлігіне риза болады, қонақ етіп, қошемет көрсетеді, қайтарында не тілегің бар дейді. Сон­да Қангелді: «Арамызды жегжаттық жалғастырса, қисаң қызың Қара­шашқа үкi тағайын»,– депті. Сөйтіп екі жақ келісіп, ойламаған жерден Қангелді батыр екінші ұлы Түкеге Қарашашты алып береді.
Түке сөзге тұйық, іске шебер, ой­лағанын орындамай қоймайтын бірбеткей, шаруа жайын қамдай білген малсақ әрі атбегі адам болыпты. Кейбір деректерде Түкенің жастай өмірден өткені, яғни 1681 жылы туып, 1716 жылы қайтыс болғаны айтылады. Орақты мен Қангелді екі текті батыр тұқымнан дүниеге Райымбек, Толмаш атты ұлдар келеді, Райымбек келешек күллі Албанның ұранына айналатын батыр болады. Райымбек 1705–1785 жылдары өмір сүрген.
Райымбек жорыққа ерте қаты­сады, Өз атын өзі ұрандап шауып, 17 жасында батырлығымен жұрт кө­зіне түседі. Бұл оқиға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың кеңес заманында қиыншылықпен жарық көрген «Райымбек! Райымбек!» поэ­ма­сын­да көркем суреттелген. Ал­­­маты облысының Кеген және На­рын­қол аудандары біріктірілген кез­де жеңімпаз Райымбек есімі жаңа ауданға берілді.
Сырымбет батырдың үш ұрпағы – баласы Қангелді, немересі Тілеуке және шөбересі Райымбек тізе қосып, Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бө­генбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, 1729 жылы Аңырақайда шайқасты, қазақ жерін жаудан тазарту жорықтарына қатысты, дұшпанды шекарадан асырып өз жеріне дейін қуып барды.
Бүгінде Райымбек ауданында орна­тылған оның еңселі ескерткі­ші батыр әлі күнге ел күзетінде тұр­ған­дай елестетеді. Қытайда Іле Қа­зақ облысының орталығы Құлжа қаласында қызыл гранит тастан қаланған биік тұғырға Райымбектің ат үстіндегі мүсіні орнатылыпты. Оны орнатуға мұрындық болған сол Қазақ автономиялы облысының әкімі Қызайжан есімді азамат екен.
Ел ауызындағы аңыз әңгіме бойынша Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына «денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе, сол жерге жерлеңдер» деген өсиет айтыпты. Сол ақ түйе шөккен жер – қазір Алматы қаласында Райымбек батыр атымен аталатын даңғыл бойындағы зиратына үлкен кесене тұрғызылған, жанына ақ түйесінің мүсіні орнатылған. Қасиетті орын саналатын бұл жер батыр рухына тәу етуші адамдардан үзілмейді. Қаншама сәбидің есімі Райымбек аталды. 2005 жылы Қазақстанда батыр бабаның 300 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді.
Райымбек батырдан өсіп-өрбіген ұрпақтар аталарының атын тура атамай өздерін «Алжан ішінде батыр ұлымыз» дейді екен. Батыр Райымбектің сол замандағы дәстүр бойынша бірнеше әйелі болған. Бұлардан тараған ұрпақ бұл күнде қалың елге айналған. Райымбекке дейiн қосып санағанда ең көп өскен алдыңғы буын 11 ұрпаққа жетедi. Кейбiр кенжелегенi 8 – 9 буын. Сонда ұрпақ саны орташа алғанда 10 буын екен, – дейді алматылық өлкетанушы Тұрсынжан Әлдибекұлы. Ақын Мұқағали батыр Райымбектің бесінші ұрпағы болып шықты. Кеңес заманында Сырымбет ұрпақтарының кейбірі бай, болыс тұқымы ретінде қуғын да көрген.
Өзі де, ұрпағы да жоңғарлармен соғыста ерілік, қолбасылық істерімен аты шыққан Албан Алжан Сырымбет батырдың зираты Шиелі жерінде. Сырымбет батыр Шиелі ауданында Жөлек ауылы маңында Көзей Қыпшақ Жуғы әулиенің қасында жерленген.
Сүйегі Сыр бойында Шиелі жерінде мәңгілікке жайласқан Албан Алжан Сырымбет батыр және оның даңқты ұрпақтары туралы қысқаша шолып айтарымыз осы. Таяу жылдары Сырымбеттің ұрпақтары Жетісудан іздеп келіп, батыр бабасының басына белгі орнатып қайтыпты. Иә, аруақтарын ардақтаған ел озар.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы
Суретте: Албан Сырымбет батырдың зиратындағы құлпытас. Құлпытаста «Сырымбет Мәмбет (Алжан) баласы. Белгі қойған Тоққожа, Өмірбек» деп жазылған.
Суретті түсірген автор.

Жауап қалдыру