Сібір мен Жоңғариядан қалай айрылдық?

0
215

Шах-Мұхамед мемлекет құру ісінде Көшім ханды үлгі санайтын. Дәл сол секілді жас сұлтан да Жоңғарияда қалалар соғып, торғауыт, ойрат тайпаларына ислам дінін уағыздай бастады. Шах-Мұхамедтің бұл реформалары қандай нәтиже берді? Қазақ хандығы Сібір мен Жоңғария өлкесін қалай уысынан шығарып алды? Осы жөніндегі тарихтан сыр шертсек.
Тәуекел хан тұсында Қазақ хандығы іргесі мықты елдердің біріне айналып, осы кезде Тәуекел хан назарын Сібірге қадады. Осы кезде Мәскеу мемлекеті Сібірді қазақтан бұрын жаулап алу керек деген шешім шығарды. 1582 жылы 1 қыркүйекте саудагер Строгановтар әулеті мылтықпен, зеңбірекпен қаруланған 540 казакты 30 кемеге отырғызып, Сібір жорығына аттандырды. Бұл қаныпезерлердің басшысы етіп Ермак деген тегі белгісіз адам қойылады. «Орыстың бір отряды хандықтың шегіне аяқ басты» деген хабарды Көшім күні бұрын естиді, бірақ мән бермейді.
Өйткені, Иван Грозныймен екі-үш рет шайқасып, сағын сындырған болатын. Сол ұрыстан кейін орыс патшасы Сібірге тиіспеймін деп уәде берген-тін. Көшім сол уәдеге сеніп, бұл жасақ кері қайтар деген үмітте еді. Олай болмай шықты. Ермак Искердің түбінен бір-ақ шығып, астананы қорғап қалуға сібірліктер кеш қамданып, уақыт жоғалтты. Шешуші шайқас астанаға жақын жердегі Чуваш мүйісінде 1582 жылы 23-25 қазан күндері болды. Үш күндік шайқаста хантылар мен мансылар осалдық танытып, ұрысты тастап шықты.
Көшім Искер қаласынан айырылды, шегінуге мәжбүр болды. Бірақ, Көшім кек қайтаруды, шаһарды қайтарып алуды ойластырды. 1585 жылы Ертістің жоғары тұсында жүрген Ермакқа «Бағай өзені жағынан Искерге қарай бай керуен келе жатыр» деген жалған хабар түсіреді. Бұл хабарға сеніп қалған Ермак жасағымен кеуренді тонау үшін межелі жерге қарай жүріп кетеді. Осы кезде Көшім армиясы қарақшыларға шабуыл жа­сай­ды. Бір деректерде әске­рін әп-сәтте қырып тас­таға­нын көрген Ермак бас сау­ғалап, өзен ағысына қойып кетеді де, суға батып өледі. Бір деректе Ермакты Сәтбек батыр өлтіргені айтылады.
Көшім жеңді. Бірақ оның дәурені өткен еді. Көшім­нің тұсында биліктен алас­татылған Тайбұғы руының өкілі, Сейдақ (шын аты – Сейд-Ахмед. Тәуекел ханның күйеубаласы) Тәуекелдің күшіне сүйеніп, өзін хан жариялайды. Осылай Сібір хандығы тәуелсіздігін қайта қалпына келтірді. Бірақ, бұл егемендік тек ауызша ғана еді, ал іс жүзінде Қазақ хандығының субьектісіне айналды (Орысша айт­қанда, «СІБІРНАШ»). Сонымен, Тәуекел Жоңғарияны тал­қан­дап, территория­сын өзіне қосып алды. Моғолдарды Үндістанға қуып, халқы мен жерін иемденді. Сібір өлкесін өзіне қаратты. «Алты алаш» деген ұғым осы кезде пайда болды.
Не керек, Қазақ хандығы сол замандағы адам санының көптігімен, территориясының үлкендігімен әлемдегі мықты империялардың біріне айналды.Тәуекел ханның ендігі мақсаты Шайбанидтер әулетін талқандап, бір замандары екіге бөлініп қалған халықты қайта біріктірмек болды. Осы жоспарын аман-есен аяқтаса, Осман халифатының әміршісі Мұрад ІІІ-пен күш біріктіріп, Астрахань, Қазан қалаларын азат ету операциясын ойлас­тырып жатқан…
«Кaçırılmış bir fırsat» немесе түріктер Тәуекел ханның заманы туралы неге бұлай айтты?
Қап, әттеген-ай… Түріктің мына сөзі осылай аударылады. Әрі қазақтың Тәуекел хан тұсындағы дәуіріне осылай баға беруге де болады. Хан 20 жыл бойы жан-жағындағы жауыз әулеттерді құлатып, түріктектес халықтарды бір шаңырақ астына жинады. ҚАЗАҚ дейтін ұлтты былайғы әлем жауынгер, қажырлы халық ретінде тани бастады. 1560-1590 жылдарды Орталық Азияда өткізген ағылшын саудагері Антон Джониксон бүй деп естелік қалдырыпты: «Kazakhs – magometyane – very strong and numerous people». Аудармасы: «Қазақтар өздерін Мұхаммедтің үмметі санайды. Өздерінің саны көп, әрі жаугершіл халық»…
Тәуекел енді бар күшін шайбанидтер әулетін талқандауға жұмсамақ болды. Бірақ… Сібірдің қуыршақ ханы Сейдақ тым қорқақ болып шықты. Орыстың кішігірім жасағы 1587 жылы тура Искер шаһарының жанынан Тобольск дейтін қамал соғып алады. Ал Сейдақ болса, тәйт деуге дәті шыдамапты. Орыстардың бұл арсыздығына қатты ашуланған Тәуекел Сібірге 3 мың әскер бастатып, 16 жасар інісі Ораз-Мұхаммедті жібереді. Бұл 1588 жыл еді.
Жас сұлтан Сейдақты ертіп, бұл қай басынғаны деп, Тоболск бекінісіне келеді. Орыстар құрақ ұшып, зыр жүгіріп, қазақ ханзадасы мен Сібір сұлтанына қамалға кіріп, қонақ болуын өтінеді. Данил Чулков дейтін қолбасының өзі шығып, өтініш жасайды. Қамалға кірген бетте елшілерді ебін тауып өлтіру үшін, әлгі Данил деген сылтау іздей бастады. Меймандардың мұсылман екенін, олардың арақ ішпейтінін біле тұра, Данил Чулков «ақ патшаның» құрметіне алып қояйық деп, қолқалайды.
Бұл оқиғаның әрмен қарай қалай аяқталғанын орыс жыл­намасынан оқып білуге болады: «Но понеже Сейдяк и его товарищи ту чашу выпить отговаривались, то оное принято за явное доказательство, что, конечно, у них намерение худое. Между тем, по Чулкову приказу, все русские войско в городе вооружилось и, по данному от него знаку, знатнейшие гости взяты под караул, а рядовые, которые у них были в провожатых, – все побиты». Орыс жылнамасы осылай дейді.
Осы оқиғадан соң орыс жасағы Искер қаласына шабуыл жасап, шахарды жермен-жексен етеді. Бар-жоғы үш-ақ мың әрі жеңіл қаруланған қазақ жасағы зеңбірек арқалаған әскерге қарсы шауып, барынша ерлік көрсетеді. Бірақ, күш тең емес еді. Не керек, қазақтың қолынан Сібір өлкесі сусып шығып кетті.
Ораз-Мұхаммед тұтқында бола тұрсын, біз Тәуекелдің баласы Шах-Мұхаммедке ба­райық. Ол Көшім хан секілді көшпелі халықты егіншілікке баулып, торғауыт, дурвэд тайпаларын тездетіп мұсылманға айналдыруды көздеді. Бірақ, асыққан шайтанның ісі демей ме? Шах-Мұхаммед бір жағынан дінді агрессивті түрде үгіттеп, шүберек байланған ағаш, тас мүсіндерді қирата бастады.
Осы әрекетіне налыған жоңғарлар бас көтереді. Ол кезде Тәуекел хан 100 мыңдық әскерімен Мәуе­ре­нахрды жаулап алу жоры­ғында жүрген еді. Көтерілісті тез арада жаншып тастауға мүм­кіндік болмады. Ойраттар күш алып, Шах-Мұхам­мед сұлтан өлтірілді. Міне, қазақтың қолынан Жоңғар өлкесі де шығып кетті.
Ал енді Тәуе­келдің өзіне кел­сек. 1597 жылы Мәскеуге елші жі­беріп, тұтқын­да­ғы інісі Ораз-Мұ­хаммедті босатуды сұрайды. Не керек, орыс патшасымен келісім жасап жатып, қазақ дипломаттары Мәскеуге келген сефевидтік Иран елшілерімен де тілдесіп қалуға барын салды. Олармен кездесіп, 1598 жылдың көктемінде Бұхара хандығына Иран армиясы оңтүстіктен, қазақ қолы солтүстіктен соғыс ашады деп келісім жасасты.
Уәде бойынша, Тәуекел Шайбани ұрпақтарының мемлекетіне жаңа шапқыншылық жасайды. Абдаллах хан «бұл қазақтардың кезекті тонаушылық жорығы болар» деп ойлап, оған шекаралық аймақтағы әмірлердің әскерін ғана қарсы қояды. Дала армиясы отырықшылардың тас-талқанын шығарып жеңеді. Осы шайқастардың бірінде Абдаллах ІІ көз жұмады. Қазақтар Орталық азияға ішкерілей енген кезде, Иран шахы Аббас Өзбек жеріне армиясын кіргізеді.
Абдаллахтың баласы Әб­дімүмин екіжақты майдан­да соғысуға мәжбүр бола­ды. Бірақ, шайқастың бар­лығында жеңіліп қала бер­гесін, көтеріліс бұрқ етіп, ханның басы алынады. Қа­зақтар Ахси, Әндіжан, Таш­кент, Самарқанд қала­ларын басып алады. Тәуекел қос өзеннің арасын біржолата өзіне қарату үшін, шайбанидтердің соңғы бас­тионы Бұхараны жаулап алуға жорыққа кетеді. Есім сұлтанды 20 мыңдай әскер­мен Самарқанда қал­дырады, ал өзі 80 мың қолды ертіп, жолға шығады. Бұхара халқы 20 күн бойы ерлікпен шайқасады.
Тәуекел қатты ашуланып, қазақ қосындарын соңғы шешуші шайқасқа шығарады. Бұл шабуыл сәтті басталады. Қамалдың бір бөлігі құлап, қаланың жартысы ақ ту көтергенде, қаңғырған бір оқ Тәуекелге тиеді, содан ауыр жараланады. Көп өтпей хан қайтыс болады. Міне, Шыңғыс ханнан кейін, бүкіл түрік халқын бір мемлекеттің астына жинамақ болған тұлға өмірден озды. Кім біледі, бәлкім Шах-Мұхаммед сәл сабырлылық қылғанда, бүгінде Шығыс Түрікстан дейтін ауданда «Жоңғар авто­номиялық Республикасы» жатар ма еді? Ораз-Мұхам­мед сол орыстың қамалына кірмегенде, қазір қазақтар Арктикада мұнай өндіріп жатар ма ек?! Эх. Бірақ, өкінуге болмайды. Мұның атын тағдыр дейді.

Нұрбек БЕКБАУ

Жауап қалдыру