Шәкәрім қолтаңбасының сыры

0
287

Шәкәрім Құдайбер­діұлының 160 жылдығына орай Абайдың бас шаңырағында ашылған көрменің атауы «Әрқашан ұмытылмасқа…» деп аталған. Атаудың осылай таңдалуының да өзіндік себебі жоқ емес. Сол үшін көрме атауы неге «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталғанын бірден айта кетейік. Бұл жердегі басты себеп – осы «Әрқашан ұмытылмасқа» сөзінің Шәкәрімнің өзі қалдырған қолтаңбаларда орын алғандығы.
Қажының бізге жеткен портреттік суретінің екі да­насының сыртындағы қолтаңбада да «Ұмытыл­масқа» сөзіне автор ба­сым­дық берген. Сол себепті, Шәкәрім бабаның осы «Ұмытылмасқа» сөзі мен «Мұтылған» сөзінің ара­сында бір байланыс бар ма екен деген ой да бізді қызықтыра түсті. Осы тұрғыдан келгенде дана Шәкәрімнің «Әрқашан ұмытылмасқа» сөзін негізге ала отырып, «Мұтылған» сөзінің де болмысына өзіміздің де, елдің де назарын аударғымыз келді.
Олай болатыны, Шә­кәрім Құдайбердіұлы өз ғұмырында халқымыздың әдебиеті мен мәдениетіне теңдессіз еңбек сіңіргеніне қарамастан, сол еңбегінің кейінгі ұрпақ игіліне қан­шалықты жолы ашық болатынына өз басы алаң көңіл болған. Даныш­пандық дең­гейіне көтерілген ақын жаңа заманның беталы­сын, қоғамның күрт өз­герістерге ұшырайтынын ерте сезінген. Өзінің бүкіл өмір­баянын өлеңмен өр­нек­тей отырып, осы биог­рафия­лық шығар­ма­сын «Мұтылған» деп ата­уы­ның сыры да әлі нақ­ты анықталмай келеді. Яғ­ни, ұмытылған сөзі­нің ба­ла­масы ретінде «Мұ­тылған» сөзі мақсатты түрде қолданылып отыр. Жас­тайынан өнерге деген құштарлықпен халық мұрасын байытып, Абай мектебін өмір­лік ұста­нымына айнал­ды­рып, ар­ғы-бергі оқымыс­тылар­дың еңбегін зерделеп, Меккеге дейін барып даңқты кітапхана­лар­ды ақтарып, ислам негіз­дері­нің маржанын теріп ел керегіне жарайтын іс тын­дырсам да түбінде ұмыты­лып қалмас па екем де­ген ой айтатындай көрінеді ол осы бір ғана «Мұтыл­ған» сөзімен.
Шәкәрім көкейіндегі осы бір сұрақ оның сол кез­дегі мемлекеттік баспа бас­шысы болып отырған жазушы Сәбит Мұқа­новқа сонау елсіздегі саятқо­радан жолдаған хатында да көрініс таппады. Ал­матыға, Сәбит Мұқанов атына жазған «Ардақты бауырым» деп басталатын хатында: «Шіркін, осы жазып жатқандарымның халыққа қажеті бар ма, жоқ па, бар болса қандай, жоқ болса не себепті, осындай сауалдарға пікір естіп өлсем арманым болмас еді» деген ойшылды он толғандырған сөздер бар.
Осы және өзге де мәселе­лерге көңіл аудара отырып көрме атауы Шәкәрім қажы­ның өз сөзімен «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталып отырғанының бір себебі осы. Бұл сөздер Шәкәрім бабаның өз қолымен жазған қолтаңбаларындағы негізгі мазмұнға иелік жасап тұрғанын жоғарыда айттық. Мәселен, екі суреттің екеуі де екі адамға естелік үшін жазылған. Екі жазуда да «Ұмытылмас үшін» дегенге басымдық берілген.
Мысал келтірейік: 1-сурет сыртындағы жазулар: «Любезному брату Турагулу Ибрагимовичу на доб­рую память от Шаһкарима Кудайбердина. 15 февраля 1912 г.» деген жазу астындағы араб графикасымен жазылған мәтін қазақшасы – Сүйікті бауырым Тұрағұл Ибраһим мар­құм ұлына ұмытпас белгі үшін Шаһкарим Құ­дай­бердіұлынан. 15 фев­раль, 1912 жыл.
Сондай-ақ, 2-сурет сыр­тындағы жазулар: Көне қадым ғарпімен үстіңгі көлденең жазудың кирил әріпіндегі қазақша мәтіні – «Халелұлы Мұха­ме­дин мырзаға, жас білгіш­тен әрқашан ұмытыл­масқа Шә­кәрім Құдай­берді­ұлы­­нан. 1912 жыл 11 ғиянуар». Сонымен бірге осы сурет сыртында «Араб графикасындағы қа­быр­ғалап жазылған жазу­дың кирилл әрпіндегі қазақ­ша мәтіні – «1858 июль­де туып, 1931 жылы октябрь айында қаза болды» деген жазу. Бірақ, зерттеушілер дәл осы соңғы жазу Шәкәрімнің өзінікі емес, бертін сурет табылған кезде ақынның туған және қайтқан уақыты ұмытылып қалмау үшін кейінгілер жазған болуы керек деп топшылайды.
Қалай дегенмен де, бір ғана осы мысалдардың өзі Шәкәрім қажының ішкі толғаныстарынан біршама хабар береді. Арысын есептемегеннің өзінде, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1905 жылдан бергі өмірін ғылыммен айналысуға түбегейлі арнаған. Мекке сапарын сандаған кітаптар мен ғылыми еңбектерге қол жеткізуге арнап, елсізден тошала салып, кедергісіз жазуға отыруды не үшін мақсат тұтты? Көшпенділік үрдіс үзіліп, дала дәстүрі мен бабалар институтын жат танымдар баса-көктеп иектей бастағанда ел ертеңін ойлаған абыздар жатпай-тұрмай сол бір «жымысқы
зұл­матқа» қар­сы тұра­тын иммунитет қарас­тыр­ды.
Соның бірі де бірегейі – Абай, Абай мектебі. Абай мектебінен өткен, Абай аманатын арқалаған Шәкәрім ұлы ақын өсиетін өз дәрежесінде орындау үшін бар күш-жігерін жұмсады.
Не үшін жұмсады? Ал­ма­ғайып кезеңде ел қараңғылық қамалында қа­лып қоймаса екен, өзгенің танымына байланып қалмай ұлттық болмысын сақтаса екен деп, жұртқа ағартушылық жол іздеді. Оны тапты да. Ол – Алашты да, адамзатты да адастырмайтын «Ар ілімі» қағидаты еді. Қазақ халқында ежелден келе жатқан дала демократиясын сақтап қалудың бірден-бір жолы Шәкәрім ұсынған «Ар-ұждан» философиясы болды. Бастауында ұлы Абай тұрған бұл ілім сахарада салтанат құрып кетпесе де саңылауы бар сана­ларда сақталып, өмір сүрді. Соның бір биік көрінісін Алаш арыстары­ның мақсаттан айнымас күрескерлік болмыстарынан кө­реміз. Бірақ ақ пен қы­зыл тайталасы, больше­­вик­тердің төң­ке­рісі, үстемдік алған ке­ңес үкіметі, атеизмдік көзқарас, бұлардың бәрі өздеріне дейінгіні сырып тас­тап, бар білім мен тарих­ты өздерінен бас­та­ғысы келетінін бірден аң­­ғартты. Оның бәрін Шә­кә­рім ғұлама да екшеп, біліп отырды.
Расында, жиырмасыншы ғасыр басындағы жаңа үкіметтің беталысы абыз ақынды қатты алаңдатпай қалған жоқ. Кеңес үкі­метінің өзіне дейінгінің бәрін ұмыт қылатынын жақсы сезді. Сол себепті де «Шіркін, осы жазып жат­қандарымның халыққа қажеті бар ма, жоқ па, соның жауабын естіп өл­сем арманым болмас еді» деп ағынан жарылып, ақиқатын сұрады. Кү­дігі күн сайын қалыңдай түссе де келешектен күдер үзбеді. Сол үшін жұртқа берген қолтаңбаларында «ұмы­тылмасқа», «ұмыт­ыл­мас үшін» деген сөздерді тұрақты пайдаланған.
Бұл бізге жеткен екі қол­таңба ғана, осы тектес қолтаңбалардың аз бол­мағыны анық. Бұдан өзге суреттері мен көзі тірі­­сінде жарық көрген кітап­тарындағы қолтаң­балар да осы мазмұндас болған шығар деп топшылаймыз.
Міне, абыз ақынның өз қолымен жазған жазулары мен шығармаларын таразылай келе, ойшылдың рухымен сырласа отырып, ғұмырбаяндық өле­ңін «Мұ­тылған» деп атау­дағы сы­рына үңілуге тырыс­тық.
Ой елегінен өткізе ке­ле көрме атауын «Сіз енді ешқашан ұмытылмайсыз, ұлы шығармаларыңыз ұмы­тыл­­майды, Шәкәрім баба!» деген пейілмен көр­ме тақырыбына «Әрқа­шан ұмытыл­масқа…» деген өз сөзін лайық санадық.
Бір қызығы, осы «Ұмы­тылмасқа» сөзін басшы­лыққа алып, материал жинау барысында біз­дің алдыға қойған бағы­ты­мыз философия ғылым­дарының докторы, академик Ғарифолла Есімнің «Мұтылған философиясы» атты еңбегіндегі ойлармен өзектес болып шықты. Ойымызды бекіте түсу үшін мақаламызды академик сөзімен түйіндемекпіз.
«Шәкәрім өзіне-өзі «Мұ­тыл­ған» (ұмытылған – Ғ.Е.) деп ат қойған. Біз­діңше, бұл псевдоним. Мә­селенің байыбына барсақ, ақынның өзіне осылайша ат қоюында мән бар. Оның дәлелін «Мұтылғанның өмірі» деген толғау-өлең­нен табамыз.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым: «Мұтылған».
Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмыты­латынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан…
Мұтылған деген сөздер­дің астарында ұмытыл­майтын мән жатыр. Ұмы­тылатыны немесе ұмы­тылмайтыны қайсы. Әр­кім өзі ойлануы керек. Өз-өзінен жапырақтың сар­ға­йып, жерге кеуіп түскеніндей, құмды жерге нөсердің із-түссіз сіңіп кеткеніндей болмыста ұмыт болып жататын жайлар аз ба?! Оған кім пәлендей мән берген? Немесе Адам атадан тараған сансыз ұрпақтың қайсыбірінің есімі жұрт есінде қалды? Оның ұмыт болғандары да орынды. Есте қалатын адам есімі емес, оның ұзақ кешкен ғұмыры емес, Абай айтқандай, арты­на өлмейтұғын сөз қал­ды­руы. Бірақ сол сөз қалдырғандар да ұмыт болады екен. Осындай жайлар, негізінде, ұмыт болу деген тарихтан, халық санасынан мүлдем жойылу емес. Ел өзінің есін жиған кезінде ұрпағы есіне алатынына сенім білдіру. Сол үшін Шәкәрім өз ғұмырын тиянақты түрде өлең етіп жазып қалдырған. Бұл ес жинағанда елі ұмыт болғандарды есіне түсірсін дегені» –, дейді академик Ғарифолла Есім.

Қайрат САБЫРБАЕВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
музейінің жетекші ғылыми қызметкері.

Жауап қалдыру