Құрманның діни-танымдық мектебі

0
262

ХVII ғасырдың басы үш хандыққа бөлінген қазақ халқы үшін өте бір ауыр кезең болды. Би-сұлтандардың ел басқарудағы, билік бөлісуіндегі кейбір түсінбеушілігі, елдің қорғаныс саласына кері ықпалын тигізе бастады. Сондай ымырасыздықтың кесірінен, үш хандық әрқайсысы өз мәселелерін өздері шешуге мұқтаж болды. Ел ішінде болған осындай берекетсіздікті, сыртқы жаулар пайдалануға кірісті. Ұлан-ғайыр жерге иелік етіп отырған қазақ елінің тағдырына шынайы қауіп төне бастады.
Үлкен көрші орыс пен қытай қазақ билігінің осал тұсын ұтымды пайдалану мақсатында жоспарлы істі жүзеге асыра бастаған еді. Ол дін арқылы ел бірлігін ыдыратып, онсыз да үшке бөлінген қазақтарды тағы да ислам, христиан, буддаға бөлшектей отырып ұлан-ғайыр қазақтың сары даласын билеуді түпкілікті мақсат етіп қойған еді. Басқару жүйесі әлсіреп, қорғанысы қожырап, бытыраңқы елге айналып, бастарын қоса алмай қалған қазақтарға азу көрсетушілер орыс пен қытайдан басқа елдер де жетіп-артылатын.
Солардың ішінде қытай тарапынан қолдау тауып, орыстан қару алған жоңғар мемлекетінің әрекеті шектен шыға бастады. Бұған дейін біріккен өзбек хандығын тас-талқан етіп қиратып, кішкене ұлыстарға бөлшектеп жіберген жоңғар мемлекеті қандайда бір әрекеттерден тайынбайтын қатыгездікпен аты шыққан басқыншы еді. Атырау мен Алтайдың ортасын мекендеген қазақтардың жерінің көктігі мен малының көптігіне көз тіккен майда мемлекеттердің барлығы да осы бір сәтті пайдаланып қалуға тырысатыны айдан-анық бола бастады.
Сол кездегі болған ханталапайды Бұқа­радағы орыс елшісі Беновин былай деп жазған екен: «Орта Азияда үздіксіз соғыстар болып жатыр, соғысқа ауғандар, парсылар, хиуалықтар, қазақтар, қырғыздар, қарақал­пақтар, орыстар, қалмақтар қатынасып, қазақ ұлыстарын тас-талқан етіп, малдарын тартып алып, қыстың қақаған суығында әбден күйзеліске салды». Сол соғыстардың ішіндегі, ерекше атап өтуге тұрарлығы, Жоңғар мемлекетінің басқыншылығы қазақтар үшін «Ақтабан шұбырынды, алқа­көл сұламаға» соқтырып, бірнеше жылдан кейін ғана есін жия бас­тағаны.
Бірнеше жылдай иелік еткен жерлерін босатқан жоңғарлардың туы жығылғанмен, қазақ жеріне деген ынтызары ерекше болатын. Киіз туырлықты қазақ пен қалмақ жер ыңғайына қарай жақын отыратын кез­дері де жиі болған. Көп жағдайда көр­шілік қарым-қатынастың соңы – барымта, ұрыс, қақтығысқа жалғаса беретін. Бұл көшпенділер өмірінің жазылмаған тәртібіндей, ғасырлардан келе жатқан әдет болатын. Осындай қақтығыстардың бірінде, ел ішінде беделді Құрман батырдың баласы қаза болады. Найзалы ғұмыр кешіп, қалмақ қуған батыр атанған Құрманға, ұлының қазасы қатты батады. Ат жалын тартып мінгенмен, әлі үйлене қоймаған ұлының оқыстан болған өлімі батырды есеңгіретіп тастайды. Өкінішке бой алдырып, ұлынан ұрпақ қалмағанына кейіп, Алланың әміріне назын айта берсе керек. Ағайын-туыстары, қоғадай жапырылып Құрманды қайғысынан сейілтуге тырысқанмен, шерлі көңілді селт еткізе алмапты. Мінезге бай батыр, көбінде іштей тынып, үнсіз жүріп алатын болса керек.
Құдайға шүкір дегенмен, көңілдегі бір өкініш айналып келіп еңсесін баса беріпті. Үзеңгілес жолдастары Қаржау, Әжібай, Елдес, Шитемір, Биеке батыр бастаған біршама ел азаматтары батырға келіпті, деп айтады сексеннің сеңгіріне келген, әулет тарихын жаттап өскен батыр ата ұрпағы, бүгінде Көксай ауылының тұрғыны Қалыбай Акбиев ақсақал;
– Кешегі Мойынқұм-Жұлдыз аралығында найзасын жауға сілтеген батыр емес пе едің? Алланың барлық ісіне шүкір емес пе, құдайсыз қурай сынбайды деген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген. Балаң майданда өлсе, өзіңе тартқаны емес пе. Тіккен туыңды шайқамай, тағынан түспеген ұрпақты өлді деуге бола ма?
Өлімсіз соғыс болғанын көрген жерің бар ма осы? Елі үшін жалғызын да жер қойнына бергендер бар. Арындап тұрсаң да, ақылға кел, асқақтағанды Алла тағала ұнатпайды.
Ай бойы пәс көңілмен, іштен тынып жүрген Құрман райынан қайтып, сабасына түскендей болыпты.
Көп өтпей ағайындарының қалауымен Құрман Далашелек өңіріндегі Қаратұрақ қыстағында діни сауаташу мектебін ашады. Көзі ашық, көргені мол батырдың діннен де сауаты бар емес пе. Ол мектепте Қаратұрақ, Қызылшарық, Малыбай қыстақтарынан алғашқы 7-8 бала ислам дінінен сабақ ала бастайды. Бұл әңгімені енді 2003 жылы жарық көрген Албан шежіресімен сабақтастырсақ, былай болып толыға түсетініне көзіміз жетеді екен.
Әуелгі білімін Әндіжанда алып, онан соң Қашқарияда жетілдірген Байсейіт білімнен, діннен хабары бар сауатты молда болып елге оралады. (Байсейт Жәнібектің екінші ұлы. Ал, Жәнібек Әлмерек абыздың тұңғышы болса, Құрман Әлмеректің үшінші баласы). Кіші әкесі Құрманның қайғысына бір жылдан кейін Әндіжаннан көңіл айта келген молда бала сол ауылда қалып әкесінің ісін жалғастыра бастайды. Әу бастағы діни мектеп, жаңа мұғалімнің біліміне сәйкес танымдық сабақтардан дәріс өткізуді қолға алады. Сол мектептің алғашқы шәкірт­терінің ішінде Түке ұлы Райымбектің болғандығын Албан шежіресінде анық жазады. Алты жасар Райымбектің Құрманның мектебінен білім алуының сыры, ағайын арасының ынтымақты дәстүрінен туғаны еді. Биеке батырдың бір жағы жолдасының құлазыған сәтінде демеу ретінде, екінші жағынан Құрманның мектебінің алған бағытына сенгендіктен туған деп қарау керек. Шынында діни-танымдық мектеп, шәкірттерге діни сауат ашудан басқа, жағрапия, емдеу, әскери өнерді де үйреткен еді. Даңқты қолбасшы Қангелді немересі Райымбектің ерліктерімен, қысылтаяң шақтардағы тапқырлығы, табиғатындағы батырлығымен қоса, дәйекті білімді дұрыс пайдаланып, ұштастыра білгендігінде екені көңілге әбден қонатын сияқты. Уақыт өте келе бала молда Бәйсейт үйленіп, сол жерден он шақырымдай жердегі, бүгінде Байсейт деп аталатын жерге қоныс тебеді. Бала оқытудан бөлек, ағайындарын ұйымдастырып, тоған қаздырып, егіншілік кәсіппен де айналысады. Жартылай отырықшы елдің сол заманда қазған тоғаны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін «Байсейттің тоғаны» атанып, ел игілігіне жарағанын ауыл тұрғындары ілтипатпен еске алады.
Көшпелі мал шаруашылығы мен жартылай отырықшылық тірлікке ден қойған Әлмерек баба ұрпақтары, сол кездері Далашелек өңірін мекен етіп, бірнеше тоғандар қаздырған болатын. Олар Бабаның тоғаны (Милянфан елдімекенінде), Малыбайдың тоғаны (Малыбай ауылында), Киікбайдың (Киікбай сайында) тоғаны болып аталды.
Құрман атамен, Байсейт мұғалім негізін қала­ған діни және діни-таным­дық мектеп қолдаушысын тауып, ары қарай да­ми берген­дігін ХІХ ғасыр­дың соңы мен ХХ ғасыр­дың алғаш­қы онжыл­дығында, осы өңірді зерттеп жаз­ған П.Румян­цев­тың кішкене Далаше­лек өңірінде: 3-4 ауылында ғана 12 жұма мешіті, он бес күнделікті мешіт, 3 қазақ мектебі, сонымен қатар бір жоғары білім беретін мұсылман оқу орны болғандығын жазады.
Малыбай, Киікбай сайының аузында орналасқан, жартылай отырықшылдықпен айналысқан, «ілім-құранға» ұйыған ауыл тұрғындары ХVІІІ ғасырдың соңында, Аспантау өңіріне қоныс аударуға мәжбүр болады. Оған орыс-қытай билігінің «Шәуешек келісімі» бойынша қытайдың Шапшал, Тоғызтарау атты жерінен (60 түтін) тараншы-сарт, дұңғандар көшіп келеді, (және 60 түтін-тексіз қаңғыбастармен, қайыршылар-обывателдер) ішкі Ресейден. Жері шүйгін, отын-суы мол жерге келген келімсектер тез арада естерін жиып, ел қатарына қосылып алады.
Патшалық орыс мемлекетінің әділетсіз басқару жүйесі қазақ жерінде наразылыққа тап болып, арты көтеріліске жалғаса бас­тайды. Келімсектерден құралған ауыл тұрғын­дары түгел дерлік 1916 жылғы Албан-Қарқара көтерілісін қолдағаны үшін Му­раевтың пулеметінен жұма намазы үс­тінде қаза болады. Жазадан қашып құтылған адамдар жөнінде дерек жоқ. Қанды оқиғаның қасіретті куәсі болған ауыл 1970 жылға дейін ашық аспан астындағы үрейлі музей экспонаты ретінде сақталып келсе. Кеңес билігі Үлкен Алматы каналын қазу кезінде жермен жексен етіп сүріп тастаған еді. Отар елдің тарихының бір беті осылай сырылғанмен, ел жүрегінен, тарих бетінен өшпейтіні анық еді. (Нұрсадық Сарғожаев «Шелегім мен Есігім – жерұйығым, бесігім», Алматы қаласы, 2001 жыл).
Аспантау өңірінде де Құрман ата ұр­пақ­тары діни мектеп жұмысын ары қарай жалғастырған көрінеді. Әр жылдары сол мектепте жұмыс атқарған білімді мол­далардың ішінде, аң-құстың, жылан­ның тілін білгендері болған деседі. Соның ішін­де иманы мен ерлігі қабысқан Кәр­боз Қаңтарұлы 1916 жылғы Қарқара көтері­лісінің басшыларының бірі ғана емес, өңірде бірінші болып Қазанда «Мархаба-иа Рамазан» атты діни-танымдық кітабын 1912 жылы Қазанда бастырған үлкен молда болған.

Сайлаубай АҒЫБАЕВ

Жауап қалдыру