Осы жұрт Медеуді біле ме екен?

0
37

Біз Медеу жайлы не білеміз? Әйгілі Медеу мұз айдыны
мен бір ауданның есімін алып отырған Медеу кім?

Қазір күллі қазаққа белгілі Медеу жайлы әңгімелегенде алдымен оның шыққан тегі, әкесі жайлы баяндағанды жөн көрдік.
Медеудің әкесі Пұсырманның арғы бабасы – шежіреге үңілер болсақ – ақындар мен батырлар елі атанған – Ша­пырашты, оның ішінде Есқожа. Ес­қо­­жа­дан үш ұл – Алысай, Алтынай, Шуаш. Ал­тынай – қатарынан аты озған, сөзі дәуірінде дүрілдеп жүрген, айтқаны келген әулие, шешімін кесіп айтқан, бә­ріне абыз атанған қадірлі жан болған. Алтынайдың бәй­бішесінен алты ұл – Қойшегір (Бессары), Байшегір, Жаншегір, Бекшегір, Нұр­шегір, Болай, екінші әйелінен – Тоқтамыс, Ша­ғаман, ал үшінші әйелінен – әйгілі Қа­расай батыр туған.
Болай – еті тірі, пысық, жұртты ерлікке, диқаншылық кәсіпке шақырып, жақсы іске ұйытқы болған. Болайдың – Бикісі, Құл­кісі, Боранғазы, Жолдыбай, Шақа деген бес баласы да намысын ешкімге жібермеген, ынтымағы жарасқан, әрқа­шан қазақ – қырғыз арасында бедел – абыройға ие болған дәулетті ата екен. Болайдың кенжесі Шақадан – Жайықбай, Дүйсенбі, Доғалақ есімді үш ұл тарайды.
Жайықбай – қолы ашық, төрінен қонақ үзілмеген, кермеден ат кетпеген жомарт жан болыпты. Жайықбайдан – Малбасар, Сәмен, Құл. Ал, Құлдан – Пұсырман, Серікбай, Төлебай, Күзенбай, Саркөбек. Енді міне, осы Пұсырманнан – Күртібай, Медеу, Батырбек атты үш ұл тарайды, – деген еді бізбен әңгімесінде ғалым, педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері Мүштай аға Батырбеков ата шежіресін жан-жақты таратып.
Пұсырманды ел-жұрты, замандастары «Ойжелке Пұсырман ер» – деп атап кет­кен. Пұсырман Сұраншы батырмен түй­дей құрдас екен, екеуі керемет дос, бауыр болған.
– Хан Кәшкенің ұрпағының тізесінен қос адым төмен отырасыңдар, – дейді Сұраншы батыр қырық құрсаулы, тоқсан баулы хан Кәшкенің туын тігіп қойып,
– Бірақ менің оң жақ тіземнің жанында ойжелке Пұсырман ғана отырады. Ойжелке Пұсырманды мен өлімнен екі рет алып қалдым, ол мені бір рет жау оғынан сақтап қалды. Екеуміз ит жейдеміз бір жылы тозған төл құрдаспыз ғой, ажал бізді алуға асықпапты, ақыреттік дос осындай болар, сарбаздарым! – деп Пұсырманды қасынан тастамаған.
Ойжелке Пұсырманның ерлігі, Сұ­ран­шы­мен достығы жайлы жазушы Мұха­метжан Етекбаев жазды.
Пұсырмандай ерден қалған асыл тұяқ – Медеу есімі күллі жалпақ жұртқа танылды, Медеу өзінің кім екенін замандастарына ісімен, өнеге-үлгі ғұмырымен та­нытты.

* * *
Медеу 1850 жылы, Жетісу губерниясында, Кіші Алматы болысының Верный уезіндегі №3 (үшінші) ауылда, қазіргі Іле ауданындағы Түймебаев атындағы ауыл тұрған жерде дүниеге келген. Медеу – сәулетіне дәулеті сай, арабша да, орысша да хат таныған дәулетті болған адам. Сондықтан да өскен ортасына көмегі көп тиген. Әсіресе табиғатқа шын жанашыр бола білген.
1902 жылғы ашаршылықта Медеу аш адамдарға барынша көмектесіп, қазақтың «Балдан тамады, бардан жұғады» дегендей кедей-кепшік, шығайларға көп болысып, жәрдемдесіп, олардың қашанда таптырмас қамқоршысы болған және де ет дайындауда және оны ашыққандарға бөліп беруде үлкен көмек көрсеткен. Әсіре­се патша әскерлері де сол таулар­дың бөктерінде әскери жаттықтыру жұ­мыс­тарын атқарып жүргендерге де та­мақ пен қымыз-сусын еш ақшасыз беріп отырған. Халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан ел-жұрт та оны қатты сыйлаған.
Медеу тарихына тереңірек бойлау үшін, алдымен Жетісу өлкесінің сол ғасырдағы тыныс-тіршілігінен бастау керек. Өйткені сол уақытта Верный бекінісінің салына бастауы, соған сәйкес осы төңіректегі әлеуметтік өзгерістер, жергілікті қазақтар мен қарашекпенділер арасындағы қа­рым-қатынастардың нығая түсуі, тағы басқа тарихи жағдайлардың Медеу есіміне де қатысы бар.
Белгілі саяхатшы А.К. Гейнс Алма­ты­ның орнына алғаш салына бастаған бекі­ністің Верный аталғанын былайша түсіндіреді. София, Николай патшаның Вера, Надежда, София деген үш қызы болған екен. Генерал-губернатор Г.Х.Гасфорт патшаға хат жазып Алматы мен оның маңындағы ежелгі қазақ қоныстарына ірге тепкен казак станицаларын Верино, Надеждино, Софияно деп атау жөнінде ұсыныс жасайды. Николай патшаға бұл атаулар ұнамай Вериноны –Верный (Алматы), Надеждиноны – Надеждинск (Есікті), Софиноны – Софийск (Талғар) деп түзетеді. Жалпы Медеу жайлы айтқанда Алматы қаласының арғы-бергі тарихына көз жүгіртпесе болмайды. Алматы мен Медеу тығыз байланысты.
Қала атауының пайда болуы кездейсоқ жағдай емес. Ежелгі заманнан Жібек жолымен жүріп өтетін керуендерді Іле Алатауының баурайында гүлдеген кезінде өңірді түрлендіріп жіберетін жабайы алма ағашы тоғайы қызықтыратын. Бұлар негізінен алма ағашының алты мыңнан астам сортының арғы тегі болып саналатын жабайы алма ағаштарынан тұрады. Оның генотипі ең ежелгі генотип болып есептеледі және биологтардың пайымдауынша, оның биологиялық өрісі өте күшті болып келеді. Біздегі жабайы алма ағашының генетикалық ресурсы селекция үшін төзімділік генінің көздері бола алады. 1867 жылдың 11 сәуірінде Верный бекінісіне қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.
Үйлер, негізінен алғанда, тастан салынды, осыған қарамастан, қала төңі­регіндегі ормандарды кесудің кең құлаш жайғаны соншама, Жетісу облысының ал­ғашқы губернаторы әрі казак әскер­лерінің алғашқы тағайындалған атаманы генерал Герасим Алексеевич Кол­па­ковский орманды бұдан әрі ба­қылаусыз кесуге, одан соң ағаштан үй­лер тұрғызуға қатаң тыйым салуға мәж­бүр болды.
Ормандарды кесуден сақтау мақса­тында Верный қаласының төңіре­гіндегі шатқалдарға қарауыл қойылды. Көп­теген шатқалға сонда күзетшілік істеген қарауыл казактардың есімі көшіп кетті. Шыбынсай – Бутаков, Ерменсай –Ремизов деген сияқты.
Қалада Медеу бастаған дәулеттілердің қолдауымен салынған бірнеше мешіттің жанынан мұсылман мектептері ашылды.
Медеу генерал-губернаторға қалада және оның төңірегінде орман-тоғай, бақ­тарды отап жатқандығы туралы бірнеше рет арнайы ашына айтады. Осыны ескерген губернатор Г.А.Колпаковский 1874 жылы Верныйдың бүкіл тұрғындарына өз үйлерінің көше жағына екі қатар етіп, ағаш отырғызуды ұсынды. Ал 1878 жылы Верныйға келген белгілі ботаник А.Э. Регель жасыл желектердің молдығына назар аударып, бағбан-ғалымдар Фетисов пен Баумның, игілікті істерін атап көрсетеді. Жасыл желекті молайту ісіне Медеу Пұсырмановпен бірге Н.Қатабердин деген қазақ бағбаны да үлкен үлес қосқан. Жалпы Медеу жергілікті жаныс, албан, қаңлы, сарыүйсін тайпасының шонжарларымен қатты араласты. Әсіресе Қаңлы Қараш биді аға тұтып, үнемі төрден орын ұсынатын. Сондықтан да болар жұрт ішіне Қараш бидің:
«Албаным сыйлар ағам деп,
Шапыраштым сыйлар жағам деп,
Қос қанатым тұрғанда
Жұрт ішінде бағам көп», – деген қанатты сөзі қалған.
1887 жылы өте күшті апат – естен кетпес жер сілкінуі болды. 28 мамырда таңғы 4 сағат 35 минутта жер астынан гуіл естіліп, ізінше жер асты дүмпуі сезілді. Бірнеше минут өткен соң бұдан да күшті дүмпу болып, жердің кенет теңселуі екі минутқа дейін созылды. Қаланың ұйқы құшағында жатқан бірқатар тұрғындары оянбаған күйінде опат болды. Қала толығымен дерлік қирады. Гимназия, шіркеумен қоса архиерей үйі, губернатордың үйі секілді кірпіштен тұрғызылған үлкен үйлер ерекше зақымданды. Собордың шіркеу мұнарасы, Покров шіркеуі… құлап түсті. Тауда адам сенбейтін гүрсіл естіліп, шың-құздар құлап, аңғарларды, жолдарды, ауылдарды, тұрақтарды, адамдар мен малды басып қалған. Қала бірнеше күн ауыз сусыз қалады. Зақымданбаған бірде-бір ғимарат қалмаған. Ағаштан салынған үйлер аман қалған, олардың пештері ғана қирап, терезе әйнектері сынған. Қала мен оның төңірегіндегі 483 адам қаза тапқан, жараланғандардың саны анықталмаған. Қаза тапқандар осы жердегі зиратқа жерленген, мұнда қазір 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі орналасқан.
Жетісу облысының әскери губернаторы 1887 жылдың 1 маусымында берген бұйрығында былай деп жазды: «Жер сілкінуі кезінде кірпіштен салынған үйлердің осалдығы анықталуына байланысты алдағы уақытта үйлерді тек ағаштан тұрғызу ұсынылады».
1889 жылы тағы да жер сілкініп, ол 30 маусымнан 3 шілдеге дейін – төрт күнге созылады. Бірақ құрылыстар аз болып, оның үстіне, жаппай дерлік ағаштан тұрғызылғандықтан, қала айтарлықтай қираған жоқ.
Осы екі зілзала кезінде Медеу қайғыға ұшырағандарға ел-жұртын жинап ерекше көп көмек көрсетті.
Ресейдің оңтүстігінде көзге түспейтін алма сорты Верный қаласында зор биологиялық «дүмпу» жасады. Ал, осы іске Медеу Пұсырманұлы тікелей араласып, орыс биологтарымен бірігіп, алманың жерсіндірілген апорт деп аталатын жаңа сортын өсіруге атсалысты.
Қаладағы селекционер Н.Т.Моисеевтің бағынан 1913 жылдың көрмесі үшін іріктеліп алынған апорт алмасының салмағы 3 фунтқа (1 фунт – 409,5 гр.) дейін жетті. Барлық талаптарға сәйкес өсірілетін болса, апорттың «Император ІІІ Александр» сорты қазіргі кезде де жемісінің көлемі мен әдемілігі жөнінен алдыңғы орынды бермейді. Бірақ жаңа сорттың басты құраушысы – жабайы алма ағашы біздің тау бөктерлерімізден жойылып барады. Алматы маңайындағы тау бөктерлерін табиғаттың өзі алма ағашының жақсы өсуіне лайықтап жаратқандай: топырағының минералдық құрамы, күннің нұр шашу уақыты мен мөлшері, жауын-шашын мен қолайлы температураның мөлшері – керемет топырақ – климат жағдайларын түзеді.
Агроном-ғалым Теңізбай Қаймұратов «Алмалы» тәжірибе шаруашылығында басшы болған кезеңде 900-1000 грамм­­ға жететін апорт алмасын өсіріп, үлкен жетістікке жеткен.
Орыс-қазақ мектептері жұртшылық арасында кең қолдау тапты. Верный­дағы ерлер гимназиясында арнаулы қазақ пансионы жұмыс істеді. 1896 жы­лы гимназиядағы 226 оқушының 22-сі қазақ балалары болды. Верныйдағы бағбандық училищеде де ауыл қазақ­тарының балалары оқып, білім алды. Медеу бұл оқу орындарына ауыл-ауылдан балалар іздеп, тауып әкеліп оқытты.
Осы кезде Алматының жасыл желекке бөленуіне үлкен еңбек сіңіргендердің бірі – Эдуард Оттанович Баум (1850-1921). Ол Медеумен құрдас, дос, тамыр болып, Алматыны абаттандырып, бақ өсіруді бірігіп қолға алды. Атақты ғалым 1892 жылы «Қазына бағын» (Баум тоғайы) отырғызады. Үш жарым шақырымға созылған бұл тоғай қазірде қала халқының демалатын жері болып отыр. Қала көшелерін қуалай ағатын арық және Абай көшесіндегі бас арық та Баумның ұсынысы бойынша 1894 жылы салынған, және қаладағы барша үй иелері өздерінің тұрғын-жайларының маңына екі қатардан белгілі бір ағаш тұқымдарын отырғызуы тиіс (емен, жөке, қайың, итальян қарағашы, пирамида тәрізді терек, ақ терек тағы басқалар), қара теректі отырғызуға тыйым салынады. Себебі қара теректен ұшқан ұлпалар көшені әрдайым ластайды.
Медеу Пұсыр­мановтың қала салынуына араласқан тұсы ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары. Верныйдағы белгілі-белгілі адамдармен араласып, сыйластықта өмір кешті және де атақты ғалым, ұлты неміс Э. О. Бауммен ерекше достасады. Осы тұста Медеу Пұсырманұлы Жетісу губернаторының атына хат жазып, Кімасар аңғарының бойындағы генерал Колпаковскийдың жер сілкінісінен құлап қалған саяжайының қасына үш ағаш үй салуға рұқсат сұрап, сол үшін де 1897 жылы 20 түп ағаш сатып алып, олардың құрылыс қажетіне дайын тұрғанын айтады.
Бұл өтінішке орай губернатор: «Верный уезінің басқармасына, Сіздің қара­ма­ғыңыздағы уездің қазағы Медеу Пұсыр­манов шаруаға қажетті үй салуға жалпы еш әкімшіліктің қысымынан қорықпай әре­кет етуге толық мүмкіншілігі бар» деп жауап қайтарады. Осылайша, Медеу қазіргі «Медеу» қонақ үйі қоныстаған орында ағаш үй салу ісіне кіріседі. Бірақ Медеудің таудағы саяжайы құрылысы 1898 жылы сәтімен аяқтала қалған жоқ. Осы тұста Медеу тағы бір хатты Жетісу облыстық әскери губернаторының атына 20 қарашада 1898 жылы жазған. Ол хатта: «Жоғарғы Мәртебелі тақсыр, Сізге Кардондағы саяжайды ағаштан бес бөлмелі үй салып жатқандығымды хабарлай отырып, төбесін қаңылтырмен шатырлатып, біржолата аяқтау үшін қажетті ағаш бөлсеңіз екен деп өтінемін. Жол жүріп кетуіме себепті, биылғы жылғы ағаш саудасына қатыса алмадым, ағашқа жәрдем етпесеңіз, төбесі ашық үй жауын-шашынмен ұзамай шіріп кетуі мүмкін, сондықтан дауыл құлатқан он түп ағашты, қыс түсе қармен сүйреп жеткізіп алсам деп едім, орманшылар билетсіз ағаш босатпайды». Осы өтінішке жауап сол жылы 28 қарашада Жетісу облыстық Мемлекеттік мүлік басқармасы арқылы ағашқа рұқсат беріледі де, Медеу Пұсырмановтың сая­жайы салынып бітеді. Бір айта кететін жағдай қазіргі «Медеу» қонақ үйі (1974 ж. архитекторы В.З.Кацев) орнында сәулеттік бітімі келіскен ағаш үй, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін қаз-қалпынша сақталған. Ағаш үйдің сыртқы ішкі пішінін ойша шолғанда үйдің жобасын сызуда екі адамның есімдерін айтуға болады. Соның алғашқысы орыс азаматтығын қабылдаған ұлты француз Павел Васильевич Гурд. Медеудің таудағы саяжайын тұрғызуға қатысқан екінші адам талантты архитектор әрі әскери инженер А.П.Зенковтың әкесі П.М.Зенков болған. Ал оның баласы Андрей Зенков Медеумен достық қарым-қатынаста болған. Қазақша таза сөйлейтін, қазақтардың ортасында көп болуды ұнататын белгілі сәулетші А.П.Зенковтың қазіргі «Целинный» кинотеатры орын тепкен орында бой көтерген Медеу үйінің жобасын сызып беруі де сол жақын білістіктің бұлтартпас дәлелі. Масаншы мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы Медеудің төрт ағаш үйіне қосымша монша тұрғызған (біреуі бес бөлмелі), барлық үйлердің төбесі қаңылтырдан жабылған. Бұл сол кездегі ең әсем, ғажап құрылыс саналған.
Медеу Пұсырманов өз тұсында генерал Г.А.Колпаковский, бағбан ға­лым Э.О.Баум, атақты архитектор А.П.Зен­ков сияқты белгілі адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған. 1905-1906 жылдары Меккеге сапар шегеді. Меккеден қайтар жолында Петербургке соғып, сонда түскен фотосуреттің бірін Верныйдға келгенде Зенковқа сыйға тартқан.
Медеу 1906 жылы Меккеден оралғанда Верный қаласында 27 мың тұрғыны бар кішігірім қала кейпінде болатын. Қаладағы тұрғындардың арасында қазақтардың жалпы үлес саны 5 пайызға әрең-әрең жететін еді. Қажы атанып кел­ген Медеу қазақ қандастарына мейі­рімі артып, 1900-1907 жылдарда жұмыс істеген Ағарту қамқоршылығының Верный қоғамына жәрдемдескен, қалаға қа­зақтарды көшіріп әкеліп, там соғып беріп, түпкілікті қоныстандыруға көмек­тескен.
Медеу Герасим Алексеевич Колпаковскиймен (1819-1896 ж.) жақын аралас, жақсы пікірлес болғандығын Медеуге қатысты деректердің қай-қайсысы да қуаттайды. Колпаковский 1867 жылдан бастап Жетісу губернаторы әмбе казак әскерінің бірінші атаманы болғандығымен ғана емес, қайта әскери қызметте жүріп қазақ халқының өкілдеріне болысып, бір табан жақын жүргендігімен де белгілі. Халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы күндеріне дейін онымен хат-хабар алысқан. Шоқанның көптеген қолжазбаларын, жарық көр­меген еңбектерін, хаттарын жинастырып, ықтиятты түрде Г.Н.Потанин, Н.И. Веселовскийлерге тапсырған. Герасим Алексеевич Шоқанның қабіріне ескерткіш орнатуға да табандылықпен қамқорлық көрсеткен. Г.А.Колпаковскийдің Жетісу өлкесіндегі әскери қызметі және жеке өміріне қатысты деректерді жинастыру науқанына қатысушылардың жуан ортасында Медеудің есімі жиі аталатынын да айта кеткен жөн.
Верный 1900 жылдың бас кезінде дворяндық патшалық шенеуніктердің, бай-манаптардың провинциялық қаласы болып қала берді. Пугасов, Иванов, өзге де ірі көпестердің шарап және сыра зауыттары, Колпаков пен Пестовтың тері илейтін ұсақ кәсіпорындары – Вер­ныйдағы негізгі-негізгі өндіріс ошақ­тары болды. Оның үстіне екінші бір қиырдан, Жетісу жәрмеңкелерінде сан мыңдап мал сатып алып, жүн, тері шикі­затын өндіретін Тәжібай Малдыбаев, ағайынды Қуанышевтер, Медеу Пұсырманов секілді кәсіпкерлердің есімі елге жайылды.
Ал 1905 жылы Верныйда Медеудің қолдауымен Орманшылар мектебі тұр­ғызыла бастағанда «Медеу қыс­тауы» делінбей «Медеу шураты» деп көр­сетілген. Кейін де Орманшылар мектебіне құрылысшы мамандығы бойынша оқушылар қабылдайтындығы жөніндегі хабарламада «Медеу шураты» деп анық жазылған.
Ал енді Медеу тарихын сөз еткенде, қабырғалы сұраулардың бірі кәмпеске мәселесіне қатысты. 1918 жылы Верный уезінің Шамалған, Жайылмыс, Шапырашты, Үлкен Алматы, Кіші Алматы (Медеу осы болыстыққа жатқан еді), Батыс Талғар болыстықтарындағы тап күресіне Тоқаш Бокин белсене қатысты. Ол Медеудің ізгі істерінен хабардар болғандығын, оның балаларына қалған мұрасы өзге байлармен салыстырғанда болмашы ғана деп кәмпескеден қорғаштап қалады. Әйтпесе 1918 жылғы 19 наурызда Жетісу халық комиссарлар Советі бекіткен №1 декретте көрсетілгендей Габидулаев, Курганов, Шахворыстов, Иванов, Пугасов сияқты Верный қаласының 20 шонжарымен бірге Медеу ұрпақтары да тізімге алғашында ілігіп, кейін сызылып қалған.
1929 жылы қазіргі Медеу қойнауына белгілі қазақ совет ақыны, композитор, әнші Иса Байзақов пен совет-партия қайраткері, сол уақыттағы республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев демалуға келгенде Медеудің балаларына қолда бар, әкеден қалған азын-аулақ малдарыңды мемлекет меншігіне өткізгендерің жөн деп кеңес береді. Медеу балалары ертесінде-ақ асыл тұқымды жылқыларын өз еріктерімен қоғам меншігіне өткізіп, колхоз мүшелігіне кіреді. Пұсырманов Медеу бабамыз үш әйел алған екен. Олардан Жайшыбек, Омарбек, Рахым, Ахметбек, Мамытбек, Айдарбек, Нәзірбек, Нүсіпбек, Сейдахмет, Шаймардан, Шаяхмет, Шайкамал есімді он екі ұл, сегіз қыз сүйген екен. Олардың бірнешеуі Ұлы Отан соғысында қаза болды.
Медеу қажы 1908 жылы дүние салған­да қалың қазақ жиналып, қабырғаларына қайғы батып төрт бұрышына төрт адам тізе бүгіп, отырып намаз оқи алатындай кең қабырғалы күмбез тұрғызылып, барша сый-сияпатымен жерлеген.
Деректі прозаның жүйрігі, жазушы Бейбіт қажы Сапаралы «Қазақ әдебиеті» газетінде (№29, 19 шілде 1985ж) «Медеу кім?» деген мақаласында Медеу жайлы кеңінен сөз етеді.

* * *
Сексеннің төріне келіп қайтыс болған шежіреші, көкірегі даңғыл, көзі ашық Мырзаят Миркаримов ақсақал Медеу жайлы талай-талай шежіре әңгімелерді айтудан жалықпайтын. Бұл кісі Медеу атамыздың күйеу баласы.
Арнайы өзім ұйымдастырып, Медеу атамыздың бейіті басына құрбан шалып, құдайы тамақ бергіздім. Сонда тоқсанға келген немересі Гауһар Омарбекова апамыз мынандай әңгіме айтқан:
– Медеуге Қыдыр Ата ықыласы ауып, бата беріпті. Сен тау-тасты аралап, жеміс-жидек көшетін тасып, жаңа тұқым өсіріп жүрсің. Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер. Сондағы Қыдыр атаның Медеуге берген батасы мынау екен:

Малсызға малға балап ұйқы береді
Арсызға арға балап күлкі береді.
Керілген керауызға өсек сөз – түрпі береді.
Ерінбеген ерге байлық пен жылқы береді.
Байлық – барға бітеді,
Қара күш нарға бітеді
Батырлық алып – зорға бітеді.
Төккен терің ақталып,
Ісің тек оңға бітеді, – депті.
Содан Медеу атамның тіккен шыбығы да, отырғызған көшеті де дүр көтеріліп, неше түрлі жеміс-жидек өсіріп, елді таң-тамаша қалдырыпты. Алматы апортын алғаш өсірген де – Медеу. Ол белгілі бір жерге – мына Алатау етегіндегі белдеу – алқымына ғана керемет өседі. Медеу атамыздың асыл тұқымды жылқы, сиырлары сонау Қапшағайдан Мыңжылқыға дейін қаптап өсіп, өріп жүрген.
Қыдыр қонған, қызыр шалған сәулетіне дәулеті сай Медеу жайлы аңыз-әңгіме, өлең-жырлар көп-ақ.
Ұлы Жамбыл Құлмамбетпен айтысында Медеу жайлы былай дейді:

Алматыда барамын Медеу байға,
Алматыдай шаһарда –
Он бес мың теңге төктіріп,
Көк күмбез үйді салдырған.
Асыл тастан оюлап,
Қарасаң көзді талдырған.
Арғы шетін айтайын:
Ташкент пен Наманган
Ақша деген немеңді
Көп қапқа салып алдырған.
Ел көшкенде қазынасын,
Алты нарға арттырған.
Асыл кілем жаптырып,
Жібектен арқан тарттырған,
Алатауды бөктерлеп,
Бұдан да сырғып өтейін
Қалай айтсаң, олай айт,
Құлмамбет, саған төгейін!.
Медеу Пұсырманұлы – ғажап бағбан, білімдар, бірнеше тіл білген. Жасынан орысша оқыған ол орыс ұлықтарымен емін-еркін тең дәрежеде сөйлесе алатын болған, сондықтан да олар үнемі Медеумен санасып, ақылдасып отырған. Қазақ байлары, орыс көпестері Г.А. Колпаковскийді қонаққа шақырса «Медеу онда бола ма, ол болмаса бармаймын», – дейді екен.
Медеу Пұсырманұлы қандай іс атқарса да тиянақты істеген. «Мал жисаң – өрісін тап, ас жисаң – ыдысын тап» демекші Ұлы Жібек жолындағы керуенші, саудагер, саяхатшылармен жегжат-жұрат болып, асыл тұқымды мал өсірген, неше түрлі жеміс-жидек әкеліп, будандастырып отырғызған. Бір асыл тұқымды тайға бір үйір жылқы беріп айырбастап алып кетеді екен. Медеудің ұсынысымен бүкіл өңірде өсіп тұрған ағаш, жемісті, орман-тоғайды сындырған, шапқан адамдар қатты жазаланатын болған.
Алғаш құрылысы басталған Верный қаласына Медеу бес керемет сән- сәулетке сай әдемі ағаш үй салдырған. Қарғалыдағы Сәт мешітін салдыруға көмектескен, өзен бойына диірмен тұрғызып, бау-бақша өсірген.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші Медеу атамыздың ата қонысында бүгіндері әсем де әдемі Алматы қаласы бой көтерді. Оның бір ауданы – Медеу атымен аталады. Әйгілі Медеу шатқалында Медеу мұз айдыны бар.
Елбасымыздың көрегендігімен рухани жаңғыруға арналған бағдарламасына орай Медеу Пұсырманұлы жайлы кешенді мынандай игі істерді атқару керек деп білеміз:
– Медеу бейіті қалың қорымның ішінде ескерусіз жатыр. Алматы қаласы мен облысы қасиетті де киелі Медеу атаның зираты басына күмбез орнатады деп сенеміз.
– Медеу мұз айдынының алдында ескерткішін тұрғызып, сол жерде музейін жасау керек. Бұл музей тек Медеу ғана емес бүкіл Алматы қаласының арғы-бергі тарихы, Медеу шатқалы жайлы мол мағлұмат-дерек беретін орын болар еді.
Медеу сай-шатқалын ЮНЕСКО тізіміне енгізген жөн. Бұл шатқал-сайында археологиялық зерттеулерде сонау қола дәуірінде өмір сүрген жерлестеріміздің шырағданы т.б. көне заттары табылып жатыр. Бұл ара – сонау көне заманнан бері қарай ел билеушілердің ордасы болғандығын ғалымдар дәлелдеуде.
Ал, Медеу сайында өсетін табиғаттың сан түрлі ағаштары мен өсімдіктері әлем туристерін таң-тамаша қалдырып жүр. Атақты Асан қайғы бабамыз «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» депті. Менің бір ұсынысым –
Алматы қаласында арнайы «Медеу саябағын» ашу керек.
Алматы қаласында «Медеу айлығы» жарияланып, барлық оқу орындарында Медеу жайлы сабақтар өткізілсе деймін.
Медеу атында спорттық, туристік жарыстар жүйелі өткізіліп тұрса.
Медеу Пұсырманұлы жайлы кітап жазылып, деректі фильм түсірілсе, ел-жұртқа оның ғұмырнамасы, істеген игі істері жайлы ауық-ауық айтылып, түсіндіріліп тұрса игі болар еді.
Рухани жаңғыру талаптарына орай Медеу шатқалы, жалпы Алатау аймағын­дағы сай-сала, өзен, тау-шың­дарға – көне ежелгі атауларында қалай аталса сол аттарын қайтару да кешеуілдетпейтін шаруа.
Тіпті Алатаудың өзін Тәңіртау деп жаз­ған қателіктер өріп жүр. Тәңіртау бір шоқы –шыңның ға­на аты, ал Алатау – ұлан-ғайыр алып тау сілемінің аты.
Бірде белгілі картатанушы-географ, марқұм Молдияр Серікбаев ағамызға өтініш айтып, Медеу Пұсырманұлының атақонысының картасын жасатып алған едік. Медеу Пұ­сырманұлының жаз жайлау, қыс қыс­тауы – қазіргі Қапшағай қаласынан жо­ғары сонау Мыңжылқыға дейін созылады.
Медеудің ұрпақтары арасынан Беделбай, Жыланкөз, Орысбай секілді егіншілік, бағбандық секілді әке кәсібін тия­нақ­ты әрі жалғастырып, ел есінде қал­ған­дары көп.
Әттең шіркін, Медеуді қажы-діндар деп, бай-кулак деп Кеңес өкіметі кезінде есімін де, игі ісін де ататтырмай, ол жайлы жазылмады, зерттелмеді, ұрпақтарын қудалады. Нұр жауған, қыдыр қонған бұл әулет бүгін өсіп-өнген «Әкеге қарап ұл туады, шешеге қарап қыз туады» – демекші Медеу ұрпақтары арасында елге танылған азаматтар көп-ақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы,
Алматы облысының
Құрметті азаматы

Жауап қалдыру