Османлы сұлтаны мен Мұхамет Қайып

0
211

жазысқан хаттар Қазақ хандығының
Орта Азияда өзіндік орны болғандығын дәлелдейді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықара­лық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерт­теу институты және Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен, Түр­кияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен 19 қараша күні «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі ашылды.

 Көрменің ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мен Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері сөз сөйлеп, көрмеге қойылған хаттарды халыққа таныстыру туры өтті. Олардың айтуы бойынша Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін ғана орнаған жоқ. Осыдан 305 жыл бұрын бастау алатынын тілге тиек етті. Бұған табылған құжаттар дәлел. Аталмыш мәдени шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Көрме Осман империясы­ның XVIII-XIX ғғ. ортасындағы Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы сырт­қы саяси қызметінің тари­хын бейнелейді және келу­шілерге Түркияның мем­ле­кет­тік мұ­рағаты ұсынған құжат­тармен танысуға мүм­кіндік береді.
«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылды. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұраға­ты­нан алынған. Бұл құжат­тар­дың арасынан қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқ­ты деректер Қазақстан хал­қына тұңғыш рет ұсы­нылып отыр.

 Көрмеге ұсынылатын хаттар: Қазақ ханы Қайып Мұхам­медке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жыл­ғы 21 тамыз); Қазақ ханы Қа­йып Мұхаммед жолдаған бөлек сый-сияпат тіркелген 10 дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің ел­шісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тап­сырған хаттың аудар­масы­ның көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхам­мед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұс­қасы (1714 жылғы 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұ­хаммедтен келген хаттың көшір­месі (хатта Османлы мем­лекетінің шынайы досы екендері, әрдайым дұға ете­тін­дері туралы жазылған, 1716 жыл­ғы 14 желтоқсан); М. Лес­сардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл); Түркістан аймағының Бер­линде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құ­жат­тар бар.

Сондай-ақ Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін бас­қа хаттар, маңызды деректер мен карталар бар.
Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түр­кияға көшуіне қатысты қосымша құжаттар да болады.

Аталмыш жиында Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал, қазақстандық архив қызметкерлері мен та­рихшылар бас қосты.
Көрме 2018 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады.

Нұргүл ЫСҚАҚОВА,
ҚР Мемлекеттік
орталық музейі
Мәдени және білім беру бөлімінің қызметкері

Жауап қалдыру