Орбұлақ шайқасының маңызы

0
158

Қазақ тарихында аз ғана сарбазбен өзінен жүз есе басым жау әскеріне қарсы келіп, тас-талқанын щығарған «Орбұлақ шайқасы» жайлы оқырмандарға айтып, сол батыр бабалардың ерлігіне бас иіп өтуімізге керектігін жеткізгім келеді.

Айбол БИТУҒАНОВ, жоғары білімді ұстаз
Әлемдегі теңдесі жоқ осы ұлы «Орбұлақ шайқасы» 1643 жылы болған. Ол жоңғардың Батур деген қоңтайшысы 50 мың қолмен Жетісудың шығыс қақпасынан басып кірген кезі еді. Бейқам жатқан қазақ елі бұл соғысқа дайын болмаған соң, Жетісу өңірін билеген Есім ханның ұлы Жәңгірдің жоңғарларды 600 ғана әскермен күтіп алуына тура келеді. Алайда бұл шарасы таусылғаннан, тығырыққа тірелгеннен емес еді. Көзсіз батырлығымен аты шыққан 600 әскердің әрқайсысының рухы жаудың жүз сарбазына бергісіз мықты болатын. Жәңгір бабамыздың жаудың қисапсыз қалың әскеріне тойтарыс беретін ұрыста соғысу тәсілі ғаламат тапқырлықтан туындаған болса, оның осы аймақтың ой-қырын, жерінің жағдайын өте жетік білгендігі деп түсінеміз.
Жәңгірдің жауына шүйлі­гер жерді көрегендікпен бағамдағаны соғыс тактикасын жете білгендігін білдіреді. Ол «Жоңғар Алатауы» деп аталатын сілемнің батысқа қарай көсілген, асу бермес қос жотасының, көлденеңдей біткен адырларын өте тиімді пайдаланған. Жаудың алдынан ұзындығы 3 шақырымдай ор қазып, бетін жауып жасырып қояды. Жауға тойтарыс беруге Жәңгірдің жанында Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай, Қаңлы Сарбұқа мен Суан Елтінді, Төртқара Жиембет пен Дулат Жақсығұл сияқты баһадүр батырлар өз жүздіктерімен қатысады. Қолбасшы Жәңгір Қарасай батыр екеуі аз ғана әскермен жаудың арт жағынан, желке тұсынан келу үшін тауды айналып кетеді. Ал биік адырлар күркіреп келген жаудың жасағын ысқыра ұшқан бірде-бір жебеден құтқармастай ыңғайлы позиция болды. Егер бас сауғалап сайға түскен жаулар болса, олардың да амалы жақсы қарастырылған. Ол жағдайда сайға түскендерінің төбесінен боратылатын тастар да алдын-ала дайындалып қойылған. Ал оң немесе сол жаққа жалтартып жібермейтін Қосқалаң жотасының асу бермейтіні анық. Міне, осы соғыс тәсілінің бәрін ой елегінен аз ғана уақытта өткізіп, жауды жер жастандырудың оңтайлы жолын қапысыз тапқан Жәңгір ханды батыр Салқам Жәңгір десе дегендей-ақ еді. Оның осы соғыстағы әдіс-тәсілдері тұп-тура ойлағанындай іске асады.
Лабастағы Доңыз тауына алаңсыз кіріп келе жатқан қалмақты Жәңгірдің сарбаздары төбеден туралап атып, көп адамын өлтіреді. Олар асып-сасып қалғанда орға түсіп қырылады. Арт жағынан желкесінен келген Жәңгір мен Қарасай батырдың азғантай тобының өзі де жоңғардың көп әскерін аямай қырады. Сайға қашып тығылғандарының төбе­лерінен тастар жауады. Сөйтіп Жәңгірдің сарбаздары жаудың елу мың әскерін он күн бойы тырп еткізбей қыспақта ұстап тұрады. Бұл кезде арт жақтан 20 мың қолмен алшын Әлімұлы төртқара Жалаңтөс батыр көмекке жетеді. Көмектесуге тезірек жету үшін Жалаңтөс әрбір 200 шақырымға көлік пен ас дайындатып отырған екен. Самарқаннан Орбұлаққа он күнде келген Жалаңтөс батырдың 1600 шақырымға он күнде жүріп өткені қайран қалдыратын жайт болды. Бұл екі батырдың арасында шынайы достық, бауырлық сезімнің берік болғанын аңғартады.
Батур қоңтайшы «осы шай­қаста 11500 жауынгерімнен айырылдым» деп жеңілгенін мойындаған екен. Бұл күші басым жауды жермен-жексен ету, арыстан жүректі, құрыш білекті батыр бабаларымыздың, жалпы қазақ халқының рухы беріктігінің жарқын дәлелі еді.
Орбұлақта Жәңгір мен Жалаңтөс сұлтан тізе қосып, жау әскерін талқандайды, бестен бірін тып-типыл етеді. Бұл шайқастың тарихтан алар орны да ерекше болды. Осы ұлы жеңістен соң Жәңгір «Салқам Жәңгір» атқа ие болды. Бұл өте алапат «Орбұлақ шайқасы» бабаларымыздың қыран құстай текті, қайсар, батыр, рухы мықты адамдар екендігін мәңгілікке дәлелдеп кетті.

Жауап қалдыру