Орбұлақ шайқасы: қаһармандық ұмытылмайды

0
62

Ұлы Орбұлақ шайқасына – 375 жыл

Биыл – Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығы. Ұрыста қолданылған стратегия мен теңдессіз тактика әскери өнер тарихында алтын әріптермен жазылуға лайық. Орбұлақ шайқасындағы жеңісті республика болып тойлау идеясы жолында талмай еңбектеніп жүрген қоғам қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараевтың газет тілшісімен сұқбаты ұсынылып отыр.
– Құрметті Беке, Орбұлақтағы жеңісті халықтық дәрежеде атап өту туралы бастама тәуел­сіз­­діктің елең-алаңында-ақ кө­терілген болатын. Бірқатар іс­тің басы қайырыл­ға­нымен, діттеген мақсат орын­дал­мады. Әңгімені осыдан бас­та­сақ.
– Тәуелсіз еліміз Орбұлақтағы тарихи бетбұрыстың 350 жылды­ғын алғаш рет 1993 жылы атап өтті. Соған орай, сол тұстағы Қазақ Министрлер Кабинетінің 6 тармақтан тұратын арнайы қаулы қабылдағаны да есте. Сол құжатқа орай, елімізде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Орбұлақ шайқасы өткен жерге ескерткіш-белгітас орнатылды. Ғылыми-теориялық конференция өтіп, кітаптар жарық көрді. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құжатта белгіленген іс-шаралардың бәрі бірдей орындалған жоқ. Сол алапат шайқаста ерекше көзге түскен казақ-қырғыз батырлары мен қолбасшылар Салқам Жәңгір ханның және сонау Самарқаннан мол әскермен көмекке келген Жа­лаң­төс баһадүрдің аттарын ұмытпау, оларды мәңгі есте қал­дыру туралы ұсыныстар толық жүзе­ге аспады.
Уақыт өте келе Орбұлақ шайқа­сына қатысты ұшқары пікірлер де бой көрсетті. Оны әркім өз деңгейінде бағалап, халық ерлігінің қадірін түсіруге дейін барды. Солардың дені көрші империялардың кезіндегі басқыншылық саясатын жүзеге асыру үшін қазақ даласына жүргізген барлау әрекеттерінің негізінде қағазға түскен екіұшты деректерге сүйенді. Бұл көзіқарақты азаматтарды бей-жай қалдырған жоқ, әрине. Әсіресе Белжайлау өңірінің түлегі, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Орбұлаққа қатысты көкейге қонымды тың тарихи деректерді түрлі басылымдарда жариялап, үлкен жанашырлық, азаматтық белсенділік танытты. Жәңгір ханның қабірі сол шайқас өткен жерге жақын маңда қараусыз, қоршаусыз жатқаны да белгілі болды.
Бұған дейін тарихи, мәдени мұра­ларды түгендеуге атсалысып, біраз тәжірибе жинақтаған маған да ой салды. Шайқас оңтүстіктен алыстағы Орбұлақта өтті дегенмен де, оған сол кезде қазақ хан­ды­ғының астанасы болған Түркіс­таннан Салқам Жәңгір хан бастаған әскер аттанды емес пе?! Жолай оған осы өлкеден мың-сан сарбаздар қосылғаны анық. Басқасын айтпағанның өзінде, қасиетті Қазығұрттан Жақсығұл мер­ген бастап барған сарбаз­дардың жол тартқаны тарихи дәлел­денген шындық. Ал енді сонау Самарқаннан қара жерді дүбір­леткен қалың қолмен көмекке асыққан Жалаңтөс баһадүрдің де Қазығұрт арқылы өткені белгілі. Баһадүр бастаған әскерге де жолай қазақ ауылдарынан талай-талай елім, жерім деп еңіреген ерлер қосылмады дейсіз бе. Солайы солай-ау, бірақ осынау ел мен ұлт бірлігін, ұлттар бірлігін көрсететін ұлы оқиғаны келер ұрпаққа жеткізіп, айтып тұратын айбынды ескерткіштің жоғы қалай? Бұл қолға алатын идея еді.
– Идеяның жүзеге асуы неден басталды?
– «Тәуелсіздік жемістері» деген ұлы ұғым бар. Оны санап тауысу қиын. Солардың маңыздыларының бірі, бірегейі десек те жарасар, өткен тарихымызда орын алған ақтаңдақтарды жою, бұрмаланған қателіктерді қалпына келтіру, бір сөзбен қайырғанда, өз тарихымызды өзіміз жазу. Егеменді ел атанған соң біз осындай құқыққа, мүмкіндікке ие болдық. Бірақ бұл аса маңызды іске жұрт бірден жаппай бұрыла салған жоқ, тіпті ел үміт артқан тарихшыларымыздың өзі енжарлық, самарқаулық танытты. «Францияны Франция еткен француздар емес, француздарды француз еткен – Франция» деген белгілі сөздің шындығы бізге де анық көріне бастады. Алла абырой бергенде үлкен іс көп кешікпей үлкен үйден – Ақордадан бастау алды. Елбасы дер кезінде, мемлекеттік деңгейде «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдап, мәдени-тарихи көштің ат-көлігін қамдап, бағыт-бағдарын белгілеп, сара жолға салып берді. Осы бағдарлама аясында өзіміздегілерге қоса шетел архивтерінде ешкім керексінбей, іздеусіз, қозғаусыз сарғайып жатқан мың-сан деректер жинастырылып, айналымға қосылып, жүйеленіп, он-сан кітаптарға арқау болды. Көптеген мақалалар жарияланды. Қыруар жұмыс атқарылды. Бірақ жылдар, ғасырлар бойы уақыт шаң-тозаңына көмілген, тарихи нақты деректен аңызға айналған ата тарихымызды әлі де болса түгел аршып, артық-ауыс пайымдардан тазартып, түгендеп ала қойған жоқпыз.
– Ортақ мақсатқа өзіңіздің білек сыбана араласқан кезіңіз осы тұс емес пе?
– Иә, солай. Келе-келе ұлттық құндылықтарымызды түгендеуге, жоғалтқанымызды іздеп-тауып, барымызды базарлауға тарихшы, жазушы ағайындармен бірге басқа салалардың өкілдері де араласа бастады. Себебі бұл тарихи мис­сияны абыроймен атқару үшін ынта, ықылас, шынайы патриотизм, білім ғана аздық ететіні байқалды. Көп ретте қаржы тапшылығы да қолбайлау болып жатты. Сондай-ақ қарапайым ғана мысал, жер-су атауларына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіру ісінде, кей жағдайда кәдімгідей дау-дамай туындап, Қазақстанның қолданыстағы заңдарына, жалпы юриспруденцияға, шетелдердің іс-тәжірибесіне, мемлекетаралық қатынастарға, ішкі және сыртқы саясатқа, аса шетін жай – ұлтаралық мәселелерге жетік мамандардың қажеттігі білінді. Әсіресе жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы тым төмен өңірлерде жас егемен елдің кешегі тарихы­на қатысты кез келген қарапайым мәселе, оп-оңай күрмеуі қиын түйінге айналып кетіп те жатты. Мен мұны Солтүстік Қазақстан облыстық сотына төраға болып барған тұста – 1999 жылы байқадым және сол кезеңде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сот төрағасының міндеттері ауқымынан шығып, қоғамдық жұмыстармен айналысуыма да жол ашылды.
Ол кезде Солтүстік жұрты ұлт, тарих, ұлттық дәстүрлер туралы сөз қозғауға әлі үйренбеген кез еді, жергілікті биліктің де бұл орайда, қалып­тасқан іс-тәжірибесі де жоқтың қасы болатын. Бейнелеп айтқанда сірескен ақ қар, көк мұздың көбесі сөгілмеген… Осындай күдік пен үміт қатарласқан жағдайда заңгер әрі азамат ретінде жоғарыда аталған бағдарламадағы міндеттерді орын­дауға бел шеше араласуыма тура келді.
– Өзіңіз басшылық ететін «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қорының дүниеге келу тарихын айта отырсаңыз.
– Қорды дүниеге әкелу қажеттілігі осы қайраткерлік жолда туды. Ә дегенде, бір қарағанда ұсақ көрінетін, алайда өңір үшін маңызды болып табылатын мәселелерді шешу ісіне қолұшын беруді бастап кеттім. Солтүстіктегі сот жұмысына қазақ тілін батыл енгізуді қолға алдық. Шетін мәселелерде бұқпантайламай, еңсе көтеріп, көптеген жиындарда төбе көрсетіп, өз ойымызды ашық айттық. Ұлт рухын түгендесек деп жүрген азаматтар бізді іздей бастады. Әрқилы ой-пікір, ұсыныс, идеялар сот ғимаратына қарай ойысты. Біз ешкімнің кеудесінен итерген жоқпыз, жетегінде де кетпедік. «Бұл біздің міндетімізге жатпайды» дегендей қашыртпа сөз айтпадық. Сөйтіп жүргенде, тарихтан аты өшуге айналған Қожаберген жырау түйіні алдымыздан шықты. Мәселенің салмақты, күрделі екенін біліп, оны тиянақты дайындықпен түйінін шешуге кірістік. Сол уақытта «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қоры дүниеге келді. Қарсылар шықты. Есесіне қолдаушылар көп болды. Тарихшылар, жазушы-журналистер, құймақұлақ шежірешілер Қожабергеннің атақты жырау ғана емес, қол бастаған батыр екенін де дәлел­деп шықты. Жыраудың бүкіл шығармаларын жинақтап, өмірбаянын түзіп, бірнеше кітап етіп шығардық. Қожаберген Толыбайұлы ортамызға қайта оралды. Бұл арқылы қанаттанған біз: «Өлке тарихы – тұлғалар тағдыры» тақырыбында халықаралық ғы­лыми-конференция өткізіп, Сол­түстік Қазақстан аймағының ұлы тұлғаларын бір түгендеп, ұлықтап шықтық. Сең ­қозғалды. Істі әрі қарай жалғастырушылар, дамытушы­лар көбейді. Бұл біздің басты жеңісіміз еді.
Қызмет бабымен біраз уақыт Маң­ғыстау облысында болғанда да руханиятқа жанашырлық мәсе­лесі бір сәт естен шыққан жоқ. Енді Оңтүстік Қазақстанда да бұл жұмыс­тарды жандандыра түсуге тура келді. Қазағы қалың, ұлттық салт-дәстүрлері жақсы сақталған аймақтың да бұл орайда, өзіндік проблемалары бар екен…
– Орбұлақ шайқасына қатысты ойға алған істердің орайы осы кезеңге тұспа-тұс келгенін білеміз. Осы жөнінде оқырманды құлағдар етсеңіз.
– 2017 жылы бізді Орбұлақ шай­қа­сындағы халық ерлігін мәңгі есте қалдыру идеясы қатты толған­дырды. «Іздегенге – сұраған» деген­дей, осы сәтте Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­­ламалық мақаласы жарық көріп, бізге ғана емес, бүкіл елге қозғау салды. Енді ойдағы идеяны жүзе­ге асыруға шындап кірістік. Ойға алған ескерткіш орната салу оңай шаруа емес. Ескерткішті орнататын лайықты орын – жер керек, республикалық арнайы комиссияның рұқсаты қажет, көпшіліктің қолдауы деген тағы бар. Мұның үстіне біз кешенді ескерткіш орнатумен бірге, Орбұлақ шайқасы тақырыбында ғылыми-теориялық кон­ференция өткізіп, сол шайқастағы ұлы жеңістің 375 жылдығын республикалық деңгейде тойлау үшін оны атаулы күндер тізбесіне енгізу мәселесін де қоса көтердік.
Кешенді әрі айбынды ескерткіш жасау ісі ауқымды ұйымдастыру шараларын керек етеді. Оны атқардық та. О баста бір ғана мені мазалаған идеяның уақыты келгенде Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, тағы басқа ұжымдар мен көптеген азаматтар қызу қолдады.


Шымкент қаласында «Ұлт тари­хындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-конфе­ренция өткізетін болып бәтуа­ластық. Осы екі ортада, Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының Шарапхана елдімекені тұсындағы биік жотада басқа да ескерткіштер қатарын толықтырып, Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына арналған ерекше мемориалдық кешен бой көтерді. Оның хас бетінде Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ат үстіндегі бейнелері алыстан мен мұндалайды. Ал осынау «Батыр бабалар» мемориалдық кешені орналасқан алаңның сыртқы жағын тұтастай тұйықтайтын гранит қабырғада бірнеше паннолар орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелейді. Екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшық­талған. Панора­малық қабыр­ғада ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтінді және қырғыз өкілдері Көтен мен Табай батырлардың аты-жөндері енді өшпестей етіліп гранит тасқа қашалған. Аталған қабырғаның ортасына ескерткіш кешеннің Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығына арналғаны туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсініктеме жазылған (Батыр бабалар) белгітас орнатылған.
– Оқырманға Орбұлақ шайқасы болған киелі орынға белгітас қою барысы аса қызық. Осы туралы айтсаңыз.
– Ол да сәтін салған іс болды. Қазақтар – ата-баба аруағын сыйлаған халықпыз ғой. Ескерткішті қолға алудан бұрын алыстағы Орбұлаққа барып, шайқас өткен жерді көріп, сол қан майданда шейіт кеткен сарбаздарға құран бағыштап қайтуды жөн көргенбіз. Белжайлау дегеніміз, заманымыздың ұлы қаламгері Әбіш Кекілбайұлы кезінде атап өткендей, жан баласына қимайтындай жер жәннаты екен. Бүкіл Панфилов ауданының малшылары жазда сонда бас қосып, рахат өмір кешетініне де куә болдық. Тек сол екі таудың арасындағы бірнеше шақырымға созылатын «жасыл жайлау, түкті кілемді» қақ жарып өтетін жолдың бойында Салқам Жәңгір хан мен оның сарбаздары жерленген орынның қоршау-белгісіз жатқаны көңілге кірбің түсірді. Шымкентке келе болашақ ескерткіштен бұрын темір қоршау мен граниттен белгітас жасатып, қайта жолға шықтық. Сәл кешіксек тау асуларын қар басып қалады екен. Малшылардың алды қыстауларына көше бастағанда алға қойған мақсатты орындап қайттық.
Шымкент пен Алматыдан арнайы барған үлкен топтың іс-әрекеті Жаркент жұртшылығын ғана емес, жалпы Қазақстан халқы арасында серпіліс туғызғаны анық. Екі сапардан кейін баспасөз бетінде Орбұлақ шайқасына қатысты ондаған мақала жарық көрді. Бұл игілікті іс басқаны айтпағанда, сол тарихи жайлауда қаннан-қаперсіз мал бағып жүрген шопандар мен бақташылардың өздері күнде көретін, жүрген жермен-жексен көне қабірлерге басқаша, ерекше ілтипат, құрметпен қарай бастағанын байқап, қуандық.
Сондай-ақ ізгілікті істі бастамас бұрын 2017 жылы қаңтар айында алыстағы Самарқанға жол тартып, Дағбид қыстағында Махуми ағзам қожа қорымында жатқан, даңқты Жалаңтөс Баһадүрдің басына барып, құран бағыштап, тағзым еттік. Самарқанда ұлы баба салдырған әлемдік құнды­лықтар қатарына енген Регистан алаңындағы Шердор (Арыстан медресесі) мен Тіллә Хари (алтынмен апталған) медреселерін көріп, ризашылық сезімге бөленіп, ұлықтауға тұрарлық ұлы баба екеніне көз жеткіздік.
Ескерткіштің ашылатын уақытына санаулы күндер қалды. Дайындықты қайта-қайта ширатамыз. Бұл жиынның жай бір көңіл көтеріп, ас-су ішіп, аяқ босататын кезекті көп шараның бірі болып қалмауына баса назар аударып отырмыз. Халықаралық жиынға республикаға танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғалымдар, жазушылар, студент жастар, орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері көптеп шақырылды. Мақсат – ел мен жер тарихы туралы әңгімелерді жастардың санасына жеткізу, құлағына құю. Таратыңқырап айтқанда: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, бүкілхалықтық рухани жаңғыру үрдісінен шет қалмай, азаматтық ұстанымды таныту бас­ты бағыт болып отыр. Осы арада жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтің: «Өз ұлын, өз ер­лерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», деген екі жол өлеңіндегі қанатты қағиданың түп-тамырында елдің келешегі, ұлттың болашағы деп небір алапат қиындықтарды бастан кешіп, киелі топырағына жатты жолатпау жолында ерлік жасаған бабалардың, батыр-бағландардың қаһармандығы, бүкіл болмысы жатқаны анық. Сол қаһармандықты ұмытпаңдар дегенді де меңзеп тұрғандай. Біз соны ел болған тұста мүлтіксіз атқарып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп, сабақтастықтың алтын арқауын үзбеуді азаматтық парыз санадық. Парызбен қатар, кеткен есені түгендеудегі қарыз деп ұқтық. Енді сол парыз жолындағы бабаларға арналған іргелі іс-шара жұрт игілігіне айналса деген ізгі ниеттен туған еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР.

Жауап қалдыру