Құнсыз құжат, абыройсыз атақ па?

0
171

Еліміз бойынша тыл еңбек­керлері туралы әр­түр­лі деңгейде, әртүрлі әңгіме­лер бар. Бір кезде тыл еңбек­кер­леріне ерекше жағдай жа­сап, оларды соғыс ардагер­лерімен теңестіру, тиісті жеңіл­діктер беру туралы аз айтыл­ған жоқ. Өкінішке қа­рай, ондай әңгімелердің бәрі сөз жүзінде ғана болды. Соңы сиырқұйымшақтанып, мүлде атаусыз қалды. Қазір ауызға алынып, сөз болмайтын да болды. Өкінішті жағдай.
Отан соғысы жылдарында тыл еңбеккерлерінің өмірі оңай болмады. Сол қиын­дық­тарды бастан кешкеннің бірі – менмін. Біздің балалық шағымыз болған жоқ. Ұйқы­мыз қанбады, ойын қызығын көр­медік. Өйткені біздің бала­лық шағымыз ауыр кезеңге – соғыс кезіне тап болды. «Көрмесек те соғысты, төбе­мізден оқ ұшты» деп бір ақын жырлағандай, ұрыс даласында болып, кескілескен қан-жоса қырғынды бастан кешірмесек те, масақ терген, ауыр жұмыстан азап шеккен аналардың көз жасын көріп өстік. Қаптаған қара қағаздар, аңыраған аналардың көз жасына шомылдық.
Соғыс жылдары колхоз-совхоздың егіс көлемі аз болатын. 3-сыныптан бастап біздерді егіннің арам шөбін жұлуға апаратын. 6-7-сыныпта соқаның өгізін жетектетуге жіберетін. Ересектеріміз шөп шауып, комбайншының көмекшісі болдық. Сөйтіп тылдағы бар жұмыс түріне араластық. Шамамыз келгенше, жеңісті жақындатуға күш салдық. Халқымыздың май­дангер ұлы Бауыржан Момыш­ұлының «Тыл мықты болмай, майдан даласында жеңіске жету мүмкін емес» деген сөзі бар. Сол тылдың мықты болуына шамамыз келгенше үлес қостық емес пе?! Өкінішке қарай, сол бейнеттің зейнетін көре алмаудамыз. Коммуналдық қызмет, демалыс үйлеріне жеңілдікпен жолдама беру, жол жүру қаражатына т.б. жеңілдік-көмек ала алмай отырмыз.
Бүгінде тыл жұмысына тартылғандардың ең жасы 81-де. Ауыл, аудан, тіпті облыс көлемінде санаулы-ақ адам қалды. Қазір еліміздің экономикасы күшейді. Тыл еңбеккерлеріне әртүрлі же­ңіл­дік, көмек-жәрдем көр­сетуге мүмкіндік бар. Егер құнсыз құжат, абыройсыз атақ болса, бұдан былай «Тыл еңбеккерлері» деп кө­тер­мелеп сөйлеудің не қа­же­ті бар?! Ал атауы болса, атауына сай ал­қауының да бол­ғаны жөн ғой.

Ілияс САДЫҚОВ,
«Тыл еңбеккері»
Көксу ауданы,
Алматы облысы

Жауап қалдыру