Құндақбай әрі батыр әрі аңыз

0
33

Жетісу өлкесінде, оның ішінде Күреңбел – Қоғалы өңірінде өткен ғасырдың 20-30 жылдары аты аңызға айналған тұлғалардың бірі Құндақбай батыр. Құндақбай Төлен­діұлының есімі еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап қайта жаңғыра бастады. Ол кім еді деген сұраққа бірден жауап беру өте күрделі. Кеңестік кезеңде «ол банды болған», «oл Кеңес үкіметінің қас жауы болған» деген пікірлер баспасөз құралдарында бірта­лай жазылды. Ал ел арасында: «ол әккі барым­ташы», «ол атақты аңшы, мерген», «ол тай­салмайтын батыр болған» деп дәріптелген тұлға.
Құндақбай Төлендіұлы кө­некөз қариялардың айтуынша, 19-ғасырдың аяқ шенінде қазіргі Алматы облысының Кербұлақ ауданы өңірінде қаң­лы руынан шыққан Төленді де­ген шаруаның отбасында дүниеге келген. Жастайынан ат жалында өскен ол, өте өжет, батыл қимылдарымен ерек­­шеленіп, ауыл-аймаққа аң­шылық-мергендігімен де танымал болады. Ол 17-18 жасында жанындағы бір-екі серігімен Кеген жақта, Ресей патшасының «Июнь жарлығына» қарсы шыққан атақты Қарқара кө­терілісшілерімен тізе қосып бір­ге соғысқан да екен. Өт­кен жылы Қарқара кө­тері­лісіне 100 жыл толуына байла­ныс­ты Кеген өңірінде қойылған ескерткіш­те сол көтері­лісшілермен бірге Құндақбай Төлендіұлының да есімі қара мрамор тасқа қашалып жазылыпты. Оны маған «Аманат» қоғамдық бір­лестігінің жетекшісі Бахытжан Мергенбаев деген ініміз видео арқылы көрсеткен болатын.
Ресей жазалаушы әскері көтерілісшілерді күшпен басқан соң, Құндақбай бас сауғалап Қоғалы жақты оралады. Інісі Мырзақбаймен бірге ел тіршілігіне араласады. Аң аулайды, жылқы ұстайды, әртүрлі «шауып кел, барып кел» белсенділерінің бірі болады. Бірақ та ылғи еркіндікте, тұлабойы азаттықты аңсап өскен атпал азамат Кеңес үкіметі орнықтырып жатқан тәртіпке мойынсұнғысы келмейді. Оның үстіне, қазақ елінің ауқатты жандарын мал-мүл­кінен айыратын 1928 жыл­­ғы конфискация науқа­ны бас­талады. Бұған наразы болған жұрттың біраз бөлігі көрші қытай жеріне ауа бас­тайды. Қалған бөлігі ұжым­дастыру саясатының арқа­сында ауыл-ауылға топтас­тыры­лып, отырықшылық тір­ші­лікке көшеді. Қытайға кету оңай емес, бір жағы жергілікті кеңестік ішкі істер органдары бар, екінші жағынан қызыләскерлердің шекара кү­зеті бар. Олардан жасырынып өту үшін арнайы жол білетін, қол бастайтын адам керек. Оның үстіне ол адам көп­ке танымал тұлға болуы қажет. Әйтпесе, жұрт өздерінің қауіп­сіздігін сақтап, кім-көрінгеннің соңынан ермейді емес пе?!
Ондай адам сол шақтарда, заманның ағысына қарай табылған, Қоғалы өңірінен шыққан Құндақбай болды. Кезінде барымташылықпен, аңшылықпен талай жерді шарлаған арда азамат қытай жеріне қоныс аударғысы кел­гендерге қолұшын беріп, талайды арғы бетке өткізіп отырған. Сол үшін де жергілікті ішкі істер органдары тарапынан «банды Құндақбай» атанған. Малынан айырылған қазақтарға 1930-31 жылдары келген жұт ашаршылық әкелгенін бұл күнде елдің бәрі біледі. Бұл бір жағы қолдан жасалған солақай саясаттың салдары екенін де білеміз. Сол жылдары ашаршылық азабынан қашып Қытай ас­қан қандастарымызға жол көрсетіп, көмегін аямаған сол Құндақбай бауырымыз екенін бүкіл Кербұлақ, Қарабұлақ өңірлері түгел біледі. Соның нәтижесінде, қаншама қазақ ашаршылық жылдарында ажал тырнағынан құтқарылды десеңізші! Құндақбай, әрине, жалғыз болған жоқ, оның қасында сенімді оққағар серіктестері, арқасүйер дос­тары, барған жерде оған тү­неп шығуға қонақжайлылық көр­сететін, оны сатпайтын жер­лестері де баршылық болған. Ол қанша рет ұсталса да, бір-екі күнде түрмеден боса­нып, қашып шығатын көрінеді. Бұл жәйтті бала кезімізде біздің Жаңалық ауы­лындағы ақсақалдар аңыз қылып айтып отыратын…
Менің бала кезімде, екінші сыныпта оқып жүргенімде, 1955 жылы қытай жерінен, сол конфискация, ашаршылық жыл­дары кеткен отбасылар біздің ауылға да орала бастады. Солармен бір­ге Құндақбайдың туған іні­сі Мырзақбай ата көшіп келген болатын. Олар­дың отбасында Құн­дақ­байдың жесірі Ақтолық апа, туыстарынан асырап алған қызы Ұлтай да болды. Өзінен туған балалары кішкене кездерінде шетінеп кеткен екен. Ұлтай менен екі сынып төмен оқып еді, фамилиясы да Құндақбаева болатын. Бүгіндері жоқ, марқұм болған. Сол жылдары ауылымызға келген оралмандардың ай­туын­ша, Құндақбай қытай елін­де де тыныш жүрмеген, 40-жыл­дардағы ұлт-азаттық кү­ре­сіне қатысып, талай ерлік жасаған көрінеді, әжептәуір әскери шенге де ие болған екен. Ке­йіннен ол Қытай үкіметі тарапынан қудаланып, түрме­ге қа­малады. Құндақбай елуін­ші жылдардың басында, Қы­тай түрмесінде қатты азаптағанның салдарынан ауырып, үйіне бостандыққа шы­ғарылады. Содан көп ұзамай қайтыс болады. Ал 80-жылдары Қазақ­стан чекистері жайлы шыққан жинақта: Құндақбай банды 30-жылдары Қытайға өтіп бара жатқанда шекарашылармен атыста жараланып өлген деп көрсетілген болатын…
Өткен жылы қазан айының бас кезінде Кербұлақ ауда­нының орталығы Сарыөзек кен­тінде сол өңірден шыққан азаматтар жиын өткізіп, «Құн­дақбай батыр жерле­сіміздің есімін мәңгі есте қалдыру мақ­сатында ауданда оған туған жерінде не оның жүрген айма­ғында ескерткіш орнату керек» – деп шешім қабылдаған екен. Соған керекті қаржы жинау мәселесін де көтерген көрінеді. Бұл кеш те болса өте дұрыс көтерілген мәселе деп ойлаймын. Жақында бұ­рын­ғы Гвардия ауданында бірге қызметтес болған Сы­ды­хан Шалдымбаев деген әріп­тесімді көргенмін. Ол аудан­дық атқару комитеті тө­ра­ғасының орынбасары бола­тын. Ал мен ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі едім. Сол маған бірден: – Болатбек, сен білесің бе, жерлестеріміз Құндақбайды қайтадан көтеріп жатқанын. Ал, сен болсаң, сонау 1991 жылы мамыр айында, аудандық Кеңес­тер үйінің алдында 30-жыл­дардағы ашар­шы­лық құр­бандарын еске алу мақ­са­тында өткен жиын­да сөйле­ген сөзіңде: – Ашар­шылық жылдары талай адамды Қы­тай асырып, аштықтан құтқарған Құндақбай деген батыр жерлесіміз болған. Ол кісі нөкерлерімен сол жыл­дары осы Қоғалының орта­лы­ғын­дағы қазіргі Киров атындағы көшесімен талай рет жүрген болуы керек. Құн­дақ­бай батырдың құр­метіне оның есімін осы Киров көше­сіне беру жөнінде шешім қабыл­дауын сұраймын, – деп едің ғой. Енді міне, нағыз айтатын кезің келді, – дегені.
Сонда жиында қатысқан жұрт менің бұрындары банды Құндақбай атанған адам туралы солай сөйлегеніме таң-тамаша болған еді. Өйткені ол кез компартияның бар кезі, Кеңестер Одағының тарамаған уақытысы, өзім болсам жауапты қызметтемін. Маған солай сөйлеуге мұрындық болған «Труд» газеті болатын, сол жылдары сонда шық­қан бір көлемді мақалада Құн­дақ­бай­ды ақтап жазған екен. Оның ашаршылық жылдары елді Қытайға өткізу ар­қылы қаншама адамды аш­тық ажалынан құтқарғанын газеттің Қазақстандағы меншікті тілшісі (аты-жөні есімде жоқ) ашып жазған екен.
Құндақбай туралы осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген Құрманбай Еспенбетовтың «Күреңбел қасіреті» деген кітабында біраз жазылған болатын. Онда оның есімі Кіндікбай деген бүркеншік атпен берілген екен. Онда да Құндақбайдың бейнесі ел үшін күрескен батыр азамат ретінде суреттелген. Қ.Еспенбетов Кербұлақ өңірінде біраз жыл ауданның мектептерінде, көп уақыт аудандық партия комитетінде, ішкі істер органдарында жауапты қызметтер атқарған, қазір зейнеткер, Астанада тұрады.
Құндақбай Төлендіұлы туралы кейінгі кезде белгілі жазушы Ұзақбай Доспанбетов те қалам тартып жатқанынан хабардармыз, ұзамай ол кісінің де кітабы көпшілік оқырманның назарына ұсынылатына күмән жоқ.
Қорыта келе айтпағымыз Же­тісудан, оның ішінде Күрең­бел – Кербұлақтан шық­қан Құндақбай атамыз батыр әрі аңыз адам!

Болатбек АМАНЖОЛОВ,
зейнеткер.
Алматы қаласы

Жауап қалдыру