Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы жер-су атаулары

0
122

Ұлт әдебиетінің алтын ғасы­рының бастауында тұрған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Біз­дің қазақ жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деген еді. Зар заман ақындарының көшін бастаған Мұрат Мөңкеұлының шығармаларындағы жер-су аттарының түп төркініне үңіле қарап, бір сәулелі дүниені аңғарғандай болдым.
«Үш қиян» толғауының 9-шумағында:
«Қабыршақты, Қарасу,
Қанатымды залым қияр деп.
Қарға бойлы Қазтуған,
Қайғыланып көшкен жер», – деген жолды байқаймыз. Қарасудағы – «қара» сөзі судың түсіне қатысты емес. Яғни, «мөлдір су», «сусын» деген мағынаны білдіреді. Қа­­зақтың «бір ұрттам қара су көз көрім жерге апарады», – деген сөзін басшылыққа аламыз.
Толғаудың 16-шумағы:
«Ақтөбе менен Қорғанша –
Асан Қайғы бабаның,
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер», – деп түйінделеді. Аталған Қорғанша қалашығы «Асан қайғы қаласы» деп те аталады. 400 шаршы метрді құ­райтын қалашықтың іргетасын Асан қайғы бабамыз қала­ған.
18-19-шумағында Қалды­ғай­ты, Бұлдырты, Өлеңті, Шідерті, Аңқаты деген жер-су аттарын байқаймыз. Қалдығайты – Орал төңірегіндегі өзен аты. «Қалды – қайтты» деген экспрессивтік тіркестен құралған. Негізгі дұрыс атауы – «Қандағаты» болу керек. Моңғол тілдерінде «бұғылы өзен» деп аталады. Бұлдырты – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, ұзындығы 162 км құрайтын, Жалтыркөлге құятын өзен мен елді мекен атауы. Кейбір деректерде қыраттың аты, «бұлдыртау» немесе «бұлыңғыртау» деген мағынаны береді. Тарихшы – өлкетанушы Мақсот Жол­жа­новтың «Қазақ тарихы, тіл – әдебиеті және топоними­касының өзекті мәселелері» атты еңбегінде: «Бұлдырты – бурят қалмақтың «болдорта» (1755 жылы қалыптасқан), «болдукта» (1905-1910 ж. қалыптасқан) сөзінен бастау алады делінген. Өлеңті – қыр, өзен, шөптің аты. «Өлеңтау» деген мағынаны береді. Бұл өзен Павлодар облысында да, Батыс Қазақстан да жұбын жазбай, Шідерті деген өзенмен қатар ағып жатыр. Шідерті – халық аңызы бойынша ат шідері жоғалып, содан шідерті (шідерлі) аталған. Сібір орыс диа­лектісінде «шибир» немесе «шивир» – «өзен жағасындағы не төменгі бойындағы бұталы тоғай» деген мағынаны білдіреді. Моңғол тіліндегі «шидер» – шырмауыққа бай өзен деген мағынаны да білдіруі ықтимал. Аңқаты – Батыс Қазақстан облысының Сырым және Ақжайық аудандарынан өтіп, Шалқар көліне құятын өзен, Ақжайық ауданындағы елді мекен атауы. Көне түркі, моңғол тілдеріне тән атау. Сырым ауданында Есен Аңқаты, Ақжайық ауданында Шолақ Аңқаты деп аталады. Араб сая­хатшысы Ахмед Ибн Фадлан (877-960) жазбасында Аңқаты өзені туралы деректер кездескен. Ғалым Э.М.Мурзаевтың «Словарь народных географических терминов» атты (1984 ж. 50-бет) еңбегінде: «Анга – Ленаның бір саласы, Байкал көлінің бір тармағы», – делінген. Демек, Аңқаты өзенінің түп тамыры Анга сөзінен шығуы мүмкін. Бұл жерді 1630-1771 жылдары қалмақтар мекендеген.
Ал, «Сарыарқа» толғауының 19-шумағында:
«Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас,
Адыра, құдық еді суы сырлас», – деген жолдарды көзіміз шалады. Мұрат ақынның жырларында құдықтың атау­ларына дейін берілгендігін аңғарамыз. Жазушы Берқайыр Аманшин «Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» атты мақаласында: «Махамбеттің бейіті жатқан жер – Қарой емес, Қабанбай-Қарақалпақ деп аталған. Кейде «Малайсары» құдығы деп ел аузында аталып жүрген. Қабанбай-Қа­рақалпақтан 15 шақырым жерде «Базарбай – Құрмас» деген мекен бар», – деп жазады. Базарбай – Құрмас деген мекен Мұрат жырларындағы құдықтардың атауы болуы керек. 18-шумақта «Нарғозы құдығы еді Есболайдың», – деген жолдар кездеседі. Нарғозы құдығы Атырау облысы, Индер ауданында орналасқан, ел аузында «Есболай бидің құдығы» аталған.
Мұрат ақынның шығарма­ларын­да ел аузында көп айтыла бермейтін ұғымдарды кездестіреміз. Мысалы, «Үш қиян» толғауында «кәуір», «ке­ріш» деген сөздерді бай­қаймыз. Кәуір – мұсылман­нан өзге діндегілер болса, керіш – ақ балшық деген мағынаны берген. «Байұлы Байбақтының Ғұмар Қазыұлына» атты толғауында: «Хан емес біз көргендер – пірәуілтіл», – деген жолдарды аңғарамыз. Пірәуілтіл – «правитель», «ел билеуші» дегенді білдіреді. Ал, толғауда кезігетін «қарқуар» сөзі – айбынды, батыл, көсем деген мағынаны білдірген.
Мұрат Мөңкеұлы өз шығар­ма­ларында жер-су аттарының картасын жасақтаған. Әлі де зерттеуді қажет ететін жер-су атаулары бар екендігін айтқым келеді. Бұл әрине болашақтың еншісінде.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ.
Атырау қаласы.

Жауап қалдыру