Ұлы даланың ұлы тұлғасы

0
62

(Б.Момышұлының туған күніне орай)

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ұлы даланың ұлы тұлғаларын дәріптеу жөнінде өте маңызды мәселе көтерген. Бұл бір жағынан, халқымыздың тарихы терең және осы тарихты жа­саған ұлы тұлғаларымыздың көп екенін көрсетсе, екінші жағы­нан, жастар үшін тәрбиелік маңы­зы өте зор. Қазіргі жастарымыз еліне ерен еңбек сіңірген, халқы­мыздың өсіп-өнуіне үлкен үлес қос­қан ірі тұлғалардың өмірін, атқар­ған қызметін естіп-біліп, солар­ға еліктеп өссе, бұл тәрбие жұмы­сындағы, әсіресе ұлттық тәрбие­дегі үлкен жетістік болар еді.
Ұлттық тәрбиенің маңызын ескере отырып, біз 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық университетінде «Тұл­ғатану» орталығын аштық. Содан бері студент жастарға көптеген тарихи тұлғалар (батырлар, билер, хандар, ақын-жазушылар), көр­некті мемлекет және өнер қай­рат­керлері, белгілі ғалымдар, ұс­таз­дар, ақын-жазушылар туралы танымдық дәріс өткізіп келеміз. Айтылатын кейіпкеріміз жө­нінде көрме ұйымдастырамыз, кинофильм көрсетеміз, танымдық деректер таратып береміз. Артында қалған ұрпақтарын, туған туыстарын, шәкірттерін шақырамыз. Бір-екі жақсы баяндама жасалып, қызықты естеліктер айтылады. Танымдық дәрістерге жастардың қызығушылығы өте жоғары, әртүрлі сұрақтар беріп, өз ұсыныстарын айтып жатады.
Осындай танымдық дәрісіміздің бірнеше дүркін кейіпкері болған ұлы даламыздың ұлы тұлғаларының бірі – Бауыржан Момышұлы. Бау­кең – қазақ тарихында ерекше орны бар біртуар баһадүр батыр, қайталанбас қаһарман, көрнекті қолбасшы, талантты жазушы ретінде халқының құрметіне бөленген ірі тұлға. Б.Момышұлының тұлғасын дәріптеу әрі жеңіл, әрі қиын. Же­ңілдігі ол кісі туралы жазылған шы­ғармалар жетіп артылады. Олар­дың ішінде жүздеген кітаптар, мың­даған мақалалар, естеліктер, өлең-жырлар мен дастандар, өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, ерлігін дәріптейтін роман, повестер мен әңгімелер бар. Баукеңе арналып 6 деректі және 3 көркем фильм түсірілді, 5-6 спектакл қойылды, әндер жазылып, күйлер шығарылды. Мұның бәрі Бауыржандай алыптың көп қырлы келбетін, адами болмысын, бай рухани дүниесін, терең сырларын, тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетеді. Б.Момыш­ұлындай батырға арналған шы­ғармалар мұнымен шектелмейді, әлі де жалғаса береді. Бұл – халқының Баукеңе деген құрметі.

 

Сонымен қатар Бауыржан та­қырыбын қозғау, ол туралы әң­гіме айту өте жауапты. Ол кісі көп­тің бірі емес қой. Қаһарман қол­басшы, ержүрек батыр, үлкен ұстаз, терең психолог, әскери са­ла­дағы ірі ғалым, қос тілді тең мең­герген керемет жазушы, қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры, ұл­тын ерекше сүйген, заманының ауыр жүгін арқалаған абзал азамат. Сондықтан Баукеңнің осы қа­дірлі қасиеттерін терең түсіндіре білген және оларды жақсылап көрсете білген жөн. Өкінішке орай, осының бәрін өз аузымен айтатын Баукеңнің замандастарынан ешкім қалған жоқ, көз көргендердің өзі азайып қалды. Шүкіршілік, әзір қатарымызда атасын белсенді түрде дәріптеп жүрген келіні Зейнеп, немересі мен шөберелері бар. Оларға тағдыр өмір берсін деп тілейміз.
Кезінде Б.Момышұлы туралы жаз­ған жазушы азаматтар аз бол­ған жоқ. Алғаш батырдың атын шы­ғарған Александр Кривицкий мен Александр Бекті былай қой­ғанда, бұлардың қатарына Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғаб­дуллин, Мекемтас Мырзахметов, Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұр­таза, Мамытбек Қалдыбай, Құрманбек Сағын­дықов, Дмитрий Снегин, Жә­мила Егембердиева, баласы Ба­қытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметованы қосар едім. Осы азаматтардың өте құнды еңбек­терінің арқасында Баукеңнің шын табиғаты, таудай үлкен таланты, ірі тұлғасы, адами қасиеттері, шыншылдығы, таза­лығы, халқына-қазағына сіңірген өл­шеусіз мол қызметі көпші­лікке аян болды. Бұлардан басқа батыр ағамыздың әртүрлі қыр-сырларын дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес.

Бұл тұрғыдан алғанда, Бауыржан ағамызды бақытты кейіпкер дер едім. Қаншама қатал мінезі болса да, жанында осыншама талантты қаламгерлердің болуы тағдырдың жасаған жақсылығы деп білем. Өмірде мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Небір ғұламалардың, көрнекті тұлғалардың арасында өмірі көмескіленіп, дерексіз өт­кендері қаншама. Олардың өмір­баянын жобалап, кей жерлерін ойдан қосып, мәртебелерін биік­тетіп жүрміз. Ал Бауыржан аға­мыздың тарихи тұлғасы, адами болмысы, өмірге көзқарасы, қо­ғами құбылыстарға, кейбір ірі тұл­ғаларға берген әділ бағасы бә­рі­мізге айдай анық.
Бауыржан Момышұлының ба­тырлық хикаясын «Арпалыс» атты кітап жазып, Александр Бек бастап берді. Оны ары қарай заңды түрде жалғастырған «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Бір түннің тарихы», «Кубадағы кездесулер», «Соғыс психоло­гиясы», «Қанмен жазылған кі­тап» сияқты өз еңбектері және Әзіл­хан Нұршайықов ағамыздың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы. Баукеңнің әулеті, ата-бабасы, туған-туыстары жөнінде ең құнды шығарма − ол кісінің өзінің «Ұшқан ұя» повесі. Бұл өте керемет жазылған өмірбаяндық көр­кем шығарма. Осы тақырыпты толық­тыратын жеңгеміз Жәмила Егем­бердиеваның 1990 жылы шыққан «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесі.
Баукеңді әке ретінде ғана емес ірі тұлға, қайталанбас дара адам ре­тінде көрсете білген баласы Ба­қытжан «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого вол­ка» деген шығармаларын жаз­ды.
Баукеңнің күнделікті өмірдегі болмысын адами қасиеттерін, та­залығын, адалдығын, үлкен парасатты ой иесі екенін келіні Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» естелік кітабында өте шебер көрсете білген. Бұл еңбекте сонымен қатар батырдың өз замандастары, әріптес жазушылар, туған-туыстар, отбасы мүшелерімен күнделікті қарым-қатынасы қаз қал­пында суреттелген. Ал енді Зей­нептің 2012 жылы жарық көрген «Бабалар аманаты» атты іргелі еңбегі Баукең туралы аса құнды шығарма болып табылады. Атасының алуан түрлі тақырыпқа (әсіресе ұлттық дәстүр, салт-сана) арналған әңгімелерін үлкен ұқыптылықпен қағазға түсіріп, көпшілік оқырмандарға шебер әдеби тілмен жеткізіп, Баукеңнің ғұла­малығын тастай қып шегелеп, дәлелдеп берген бұл еңбек Зей­нептің ерлігі. Кітаптың көр­кем­дік деңгейі де өте жоғары.
Осы тақырыпты жазушы Мамыт­бек Қалдыбай жалғастырады. Баукеңнің қасында көп жылдар бірге болып, мінез-құлқын байқап, айтқан әңгімелерін жинақтап жүр­ген Мамытбек көптеген мақала­лар және «Атақ пен шатақ» , «Мен халқымның Бауыржанымын» атты кітаптар жазды.
Баукеңнің жазушылық талантын, көп көзге түсе бермейтін адами қасиеттерін терең зерттеген және ол кісінің көптеген еңбектерін жарыққа шығаруға себепші болған ғалым Мекемтас Мырзахметов.

Сонымен қатар майдандас до­сы, белгілі жазушы Дмитрий Сне­гиннің «Шалғай шепте», «Шабуыл­да», «Наш Бауыржан», «Открытый всем» деген кітаптары мен көптеген естелік мақалаларын айтпай кетуге болмас.
Бұдан басқа да айтулы азаматтар және көптеген журналистер Бауыржан Момышұлының әртүрлі қыр-сырларын жазып жатты. Со­лардың ішінде Елен Әлімжан мен Бақытбек Смағұлдың еңбек­терін ерекше атау керек.
Бауыржан Момышұлының аза­маттық болмысын, қайраткерлік қасиетін, жазушылық талантын айтпас бұрын, оның ұлттық бейнесін анықтап алған жөн. Өйткені Баукең ұлтын ерекше сүйген, қазақ тілі мен мәдениетінің үлкен жанашыры, халқының ары мен намысын арқалаған абзал азамат.
Бауыржан Момышұлы – Кеңес одағы мен партияның идеологиясы билік құрып, ұлттық сана жаншылып тұрған кездерде ұлт мәселелерін көтеріп, ұлтшыл атан­ған азамат. Ұлттық сезімді, ру­хани дүниені ол отбасында жүріп бойына сіңірді. Бұл тұрғыда Имаш атасының, Қызтумас әже-сінің, Момыш әкесі мен Разия шеше­сінің, туған-туыстарының тәр­биелік әсерін өзінің «Ұшқан ұя» кі­­та­бында жақсылап тұрып жа­за­ды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген халық мақалы тү­ге­лімен Баукеңнің өмірінің өзегі десе де болады.
Дүниеге жаңа келген нәресте Бауыржанға Имаш атасының берген батасы қабыл болып, тұл бойына толығымен дарыды:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тірегі зор еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын, құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді –
Сыңары болсын, құлыным.
Бауыржан өз өмірінде осы ата тілегінің бәрін түгел іске асырып кетті.
Жастайынан үлкенді сыйлап, құрмет тұтып, сәлем беруге үй­ренген Бауыржан, ағайын-туыс­тардың ара-қатынасын, халқы­мыздың салт-дәстүрлерін көзімен көріп, көңіліне тоқып өседі. Атасы Имаш ауыл ақсақалы, данагөй адам болса, әкесі өлең шығаратын, рухани қазынасы мол, әділдікті, тазалықты сүйетін, оған қоса молдалығы бар азамат еді. Ал әжесі Қызтумас аңыз-әңгімелерді көп білетін кісі екен. Бауыржан сол әжесінің ертегілерін, әлдилеген әндерін естіп өскен бала. Кейін осы кездерін еске алып, қазіргі ана-әжелерге көңілі толмай былай деп айтқаны бар: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сің­беген баланың көкірегі кейін ке­рең болып қалмаса екен деп қор­қа­мын».

Халқымыздың ұлттық дәстүрін, салт-санасын, әдет-ғұрпын ерекше сыйлаған Баукең «Ұшқан ұя» кітабында солардың барлық түрлерін (шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа міну, келін түсіру, қыз ұзату, т.б.) керемет көркемдікпен баяндаған. Қыз ұзату және үйленуге байланысты барлық салт-дәстүрді өзінің Үбиан әпкесінің ұзатылуына байланысты жан-жақты сипаттайды. Үбианның өз елімен, ағайын-туыстарымен қоштасу салты, сыңсу, жұбату жырлары, келін болып түскен ауылдағы жар-жар, беташар, той бас­тар үлгілері түгел келтірілген.
Бауыржан қазақтың салт-дәс­түрлерінің ерекше түрі – ұлттық ойындарға да көп көңіл бөлген. Қыз қуу, бәйге-жарыс, көкпар, жамбы ату, күрес, алтыбақан сияқты ойындарды қастерлеген. Жоға­ры­да аталған кітабында Баукең былай деп жазады: «Көкпар, бәйге, аударыспақ – батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауы тиіс».
Баукең өзінің осы ойын жеке басының мәселесі ғана емес, мемлекет деңгейінде маңызы бар мәселе ретінде көтерді. Қырғын соғыстың ортасында жүріп, 1943 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа арнайы хат жолдайды: … «Я убедился на своем опыте, что в воспитании боевых качеств бойца имеет колоссальное значение военное прошлое народа и национальные традиции… Кокпар, байга, аударыспак, сайыс – традиционные национальные спортивные игры, вырабатывающие смелость, ловкость, физическую закалку, азарт, способность к риску с расчетом, даже способность к самопожертвованию ради чести и славы своей. Эти игры воспитывают благороднейшие, рыцарские качества в джигите, столь необходимых для солдата Красной Армии… Долг службы и совесть воспитателя джигитов – солдат обязывают меня обратится к Вам с этим письмом, так как, по моему личному мнению, возрождение благородных традиций нашего народа, обогащающих кладом своим систему воспитания молодежи, немыслимо без вмешательства таких государственных мужей, как Вы». (Алыстан сәлем жолдаймын, 21 том, 37-40 б.б.) Осы хат бойынша тиісті шаралар қабылданып, түгел болмаса да біраз мәселелердің іске асқаны да белгілі. Әрине, бұл – Баукеңнің ұлттық намысының жемісі және көрегендігінің арқасы.

Бауыржан Момышұлының өз халқын жақсы көретін, оның тарихын, салт-дәстүрін керемет жақсы білетін, тілін аса қадірлейтін азамат екені белгілі. Баукеңнің ана тілімізге қамқорлығы ерекше болған. Аласапыран соғыста жүріп, 1944 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовқа жазған тіл туралы хатының бас жағында былай дейді: «Алматыға келгелі орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шымшытырық болған «тіл шұбарлығын» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным – тіл мәселелері туралы». Осы хатта айтылған ой-пікірлері, ұсы­ныстары осы күнге дейін маңы­зын жоғалтпапты. Хатының соңын­да арнайы бөліп айтқан ұсыныс­тарының бір-екеуін ғана келтірейік:
«Аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу,өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп қолға алынуы жөн».
«Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болу керек»…
Міне, біздің бүгін іске асырамыз деп әлек болып жүрген мәселеміз де осы емес пе. Ал бұл ойды Баукең 1944 жылдың басында айтқан екен.
Бауыржан Момышұлы өзінің ұлт­тық рухын өмір бойы шыңдап өткен адам. Осы жолда оның ұстазы болған Алаштың арыстары болатын. Тұрар Рысқұловпен бірнеше мәрте кездескен, әңгімелерін естіп, ақылын тыңдаған. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін түгелдей оқыған, ал көбісін жатқа айтатын болған. Баукеңнің Тәңірберген Отарбаев дейтін ұстазы Жүсіпбекпен өте жақын араласып дос болған адам. Сол мұғалімі арқылы Жүсіпбек туралы, оның шығармалары жөнінде өте көп мәлімет алған. Бауыр­жанның рухани және саяси бағыт-бағдары осы Алаш көсемдерінің ұлттық идеяларымен қалыптасты.
Бауыржан Момышұлы – күрделі тұлға, ол кісінің әрбір қыры мен сырын ашудың өзі үлкен еңбек. Жазушылығы жөнінде көп айтудың қажеті жоқ шығар, оны өзінің қайталанбас шығармаларымен дәлелдеп кетті емес пе. Баукеңнің жазушылығы оның соғыстан кейінгі екінші ерлігі деп халқы бекер айтпаса керек. Тараз қаласында ашылған орталық Баукеңнің басылған, басылмаған еңбектерін жинақтай отырып 30 том дайындап шығарды. Ал барлық еңбектерін түгел жинаса 100 томға жететін түрі бар.
Ал осы еңбектерінің ішінде Бауыржанның мақал-мәтелдері, нақыл сөздері бір төбе. Олар баспасөз бетінде жеке бөлініп жарияланып та жүр. Бірнеше газеттерде қазақ тілінде «Батырдан қалған өсиет», «Баукеңнің қанатты сөздері», «Сөз маржандары» және т.б. аттармен басылып шықты. Орыс тілінде Ф.Оразбекова мен А.Шаухановтың жинаған нақыл сөздері «Глубокий след тулпара. Бауыржан Момышұлы: личность, воин, мудрец» деген атпен 2006 жылы Алматыда кітап болып жарық көрді.
Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болу керек. Баукең міне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары санал­уан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты. Мысалы: «Мен запастағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін, соңғы демім біткенше халқыма қызмет етемін» деген сөздің өзі не тұрады. Бұл ол кісінің өмірінің негізгі қағидасы емес пе, қаншама игілікті істер атқарып кетті бұл өмірде.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық», т.с.с. өз өмірінің кредосы ретінде қорытып шығарған нақыл сөздері көп. Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі Баукең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. «Мен өмір бойы парыз сезіміне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдім», − дейді ағамыз өз өмір жолдары туралы. Ал осы «парыз» деген түсініктің өзіне отыздан аса анықтама беріп, оларды қанатты сөздердің қатарына қосты. Баукеңнің нақыл сөздеріне айналған оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп-білгені, көкірек көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ой-пікірлері. Ал бұл ойларды жинақтап, мақал-мәтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы сияқты талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс.
Бауыржанның баталары өзін­ше бөлек әңгіме. Бата беру – халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті дәстүрлерінің бірі. Ақ тілек айту, жылы пейіл-ықылас білдіру, шын жүрегінен шыққан лебізді жеткізу – ата-бабаларымыздың өсиетнамасы, адамгершілік аманаты. «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмаса да бата қалсын» деген сөздер тегін емес. Баукең – батаның қадір-қасиетін білген, мән-маңызын терең түсінген адам. Сондықтан бұрынғы ескі бата­ларды қайталамай, осы заман ауқымына сай, өмірдің өзекті мәсе­лелерін қоса отырып, өз жаны­нан шығарған баталары ел ішінде кең тарап кеткен. Солардан аз ғана үзінді келтірейік:
Е, жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет.
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтағы оттан сақта.
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
* * *
Несібе кесер кесірден сақта.
Некесіз бала табатын,
Жолы лас жесірден сақта.
* * *
Әкімінде шапағат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде қанағат жоқ,
Үлкенінде ұлағат жоқ,
Кішісінде инабат жоқ,
Адамында ар-ұят жоқ
Қоғамнан сақта!
Осыны айтып келеді де, ары қарай барша еліне бақ пен бақыт тілейді, ынтымақ-ырыс тілейді, сонымен қатар бар ұрпаққа ар-намыс тілейді. Міне, Баукеңнің кемеңгерлігі – осында.
Жоғарыда Б.Момышұлы туралы жазылған шығармалар көп деп айттық, сонда енді Баукең жөнінде жазылмаған не қалды деген сұрақ тууы мүмкін. Ойлап қарасақ, ондай мәселелер де бар екен. Ең алдымен жазушы Бауыржан Момышұлының орыс және қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларына шын мәнінде әдебиеттану тұрғысынан терең ғылыми зерттеу жетіспейді. Тіл байлығы, көркемдік деңгейі, оқиғаны баяндау барысы, кейіпкерлерін көрсете білу шеберлігі туралы айтылған тұшымды пікірлер жоқтың қасы. Жеке өз басы туралы айтылған әңгіме көп болғанымен жазушы Момышұлының тұлғасы, шығармашылық лабораториясы әлі толық зерттелмеген.
Ақтаңдақтардың ең үлкені Бауыржан Момышұлын ғалым ретінде әлі танымадық. Ал ол кісі – әскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасын, әскери ережелерді және әскери-патриоттық тәрбиенің негізін қалыптастырған ғалым адам. «Психология войны» кітабында осы ілімнің азын-аулақ бөлігі ғана сөз болады. Алматыда 1944 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясында ғалымдарға, соғыстан кейін Ресейде Калинин қаласында әскери Академияда жоғары шенді офицерлерге оқыған лекциялары тұнып тұрған ғылым.
Бауыржан Момышұлы туралы жазғандардың біразы оның сыртқы болмысын, мінез-құлқын, айтқан сөздерін әңгімелейді. Ал ол кісінің ішкі дүниесіне, рухани байлығына, әділеттігіне, адами қасиеттерінің қайнар көзіне, қоғамға және онда болып жатқан ірілі-уақты құбылыстарға деген философиялық көзқарастарына, қанатты сөздерінің шығу тарихына, ұлтшыл атану себебіне, жалпы айтқанда, Бәукеңнің ішкі рухани өміріне терең бойлаған адамдар кемде-кем. Әрине, бұл тұрғыдан Мекемтас пен Бақытжан – Зейнептің орны бөлек. Бірақ бұл Бауыржан сияқты ғұлама үшін жеткіліксіз.
Тізе берсек тағы да біраз мәсе­лелер табылар. Баукеңнің алғашқы мамандығы банк қызметкері бола­тын. Ленинградта осы саладағы ака­демияның арнайы курсын бітіріп, Алматыға келіп сол кезде «Промстрой Банк» деп аталатын мекемеде біраз қызмет атқарған. Бұл жөнінде хабарымыз жоқтың қасы.
Тағы бір ерекше бөліп айтатын нәрсе − Бауыржан Момышұлының ұстаздық қасиеті де, тәрбиешілік еңбегі де бізге көп таныс емес. Баукең 1928-1929 жылдары жаңадан ашылған Сарысу ауда­нының сол кездегі орталығы болған Шиелі деген елді мекенде мектеп ашып, балаларды оқытқан. Сонымен қатар, өздері ықылас білдіріп, ынталы болған көптеген ересектердің де сауатын ашқан. Бұл жөнінде мәліметтер некен-саяқ.
Ал соғыс біткеннен кейін Ресейдегі Калинин қаласындағы айтулы әскери Академияда сабақ береді. Сол Академиядағы Б.Момышұлы шәкірттерінің ішінен көптеген генералдар, әскери қолбасшылар өсіп шығады. Олардың өз ұстаздары полковник Бауыржан Момышұлы туралы ой-пікірлері өте жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, бұл пікірлер біздің елге әлі жеткен жоқ, көбімізге белгісіз.
Сонымен, ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушымыз Бауыржан Момышұлының әлі де ашылмай, көпшілікке жетпей жатқан қыр-сырлары баршылық. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында аталған олқылықтардың орнын толтырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Баукеңнің жеке басының ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын өмірлік қағидалары, қайталанбас мінезі, тұлға ретінде қыр-сырлары өзінше бөлек әңгіме. Солардың біразын ғана айта кетейік.
Б.Момышұлы өте көп білетін, ол – көп оқып, көп ойланғанның жемісі. «Менің тірлігім – ой, ой үстінде қалғу. Қалғу – менің тұлпарым, ұйқы – менің желмаям», – дейді Баукең бұл туралы. Ояу кезінде де, қалғып отырып та ойдан айырылған емес. Баукеңді өте жақсы білетін рухани інісі Шерхан Мұртаза: «Ол – орасан ойдың адамы. Рухы күшті, жаны таза. Айбынды, асқақ», -деп бейнелеген ағасын. «Аспанның түбі жоқ, білімнің шегі жоқ» – деп өзі айтқандай Баукеңнің білімінің шегі жоқ. Қай салада болса да білгені көп, терең және жан-жақты. Өзі іргесін қалап, қалыптастырып, дамуына орасан зор үлес қосқан әскери әдебиетті былай қойғанда, жалпы әдебиет, тарих-шежіре, тіл, мәдениет пен рухани дүниеде терең із қалдырды. Тек жазушы ғана емес, көптеген өлең жазған ақын, халықтың ауыз әдебиетін, шешендік сөздерін, мақал-мәтел­дерін өте жақсы білетін. Әлем ойшылдарының біраз еңбек­терін талдап оқып, оларға өз пікірін айтып отырды. Соның арқасында өзі де үлкен ойшыл, философиялық тұлға деңгейіне көтерілді. Ал Бау­кеңнің сурет салып, өрнектеп ою оятын өнері өзінше бір төбе.
Табиғаттың тылсым құбылыс­тарының қыр-сырларын меңгер­ген, адам психологиясы тұрмақ жан-жануарлардың мінез-құлық­тарын ғылыми түрде талдай біл­ген ғұламаның өзі еді Баукең. Б.Момышұлының өз еңбектерін, келіні Зейнепке айтқан әңгімелерін («Бабалар аманаты», «Шуақты күндер»), М.Қалдыбай және басқа да журналистер мен жазу­шы­лардың сұрағына берген жауаптарын оқыған адам ол кісінің бойында энциклопедиялық білім бар екеніне көз жеткізе алады.
Бауыржан Момышұлының ға­лым­дығын дәлелдейтін көпте­ген мәліметтер бар. Ол кісі өз өмірінде жүздеген баяндама жасаған адам. Олардың көбінде ғылыми қағи­да­ларды негізге ала отырып, терең ғылыми талдаулар жасаған. Баян­дамалардың тақырыбы да алуан түрлі, олар тек соғыс өнері немесе соғыс туралы көркем әдебиетпен шектелмейді. Олардың ішінде жалпы әдебиет мәселесі, әдеби сын, патриоттық және ұлттық тәрбие, жеке жазушылардың творчествосы, олардың кейбір шығармалары және тағы басқа да толып жатқан тақырыптар бар.

Үндістанның ұлы жазушысы Рабиндранат Тагордың 100 жылдығына арналған баяндаманы жасау 1961 жылы Бауыржан Момышұлына тап­сырылды. Бұған Баукең өте тиянақты дайындалады. Та­гордың өз өмірін, барлық шығармаларын (22 томдық) терең зерттеумен шектелмей, оған қоса Үнді елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, халқының ой-санасын, философиясын жан-жақты зерделеген. Нәтижесінде шын мәнінде керемет ғылыми баяндама болып шыққан. Бұл – Тагордың шығармаларына арналған тек қана әдеби талдау емес, Тагордың твор­чествосының Үндістан әде­биеті мен мәдениетіне, әлемдік өрке­ниетке енгізген орасан зор жа­ңалықтарын анықтап берген ғылыми тұжырымдама.
Жалпы Б.Момышұлы өз ой-пікірін ғылыми түрде негіздеп және оны қай жазушы, қай шығарма болмасын, тай­салмастан ашық айтып отырған. Өзі қатты сыйлайтын М.Әуезовтің «Намыс гвардия­сы» пьесасын тас-талқан етіп сынағаны белгілі. Ал «Абай» романы жөнінде ол кезде ешкім айтпаған пікірді алғаш айтқан Баукең еді: «М.Әуезовтің «Абай» романы ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтерем деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білем… Құнанбай – ол қазақ­тың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жет­ті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсін­беді. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді… Мұхаң әкесі мен баласын қарсы қойған». («Көз алдымда бәріңсің», Тараз, 2007ж., 11 б.)
Осы сын пікірін Баукең хатпен жолдайды, Мұхаң жауап хатында бұл сындарды түгел мойындайды. Ал көзбе-көз Бауыржанмен жолыққанда: «Сенің хаттарыңды алдым. Абай туралы дұрыс айтқан пікіріңе мың алғыс… «Намыс гвардиясы» туралы айтқан ескертпелеріңе толығынан мен қол қоямын», – деген екен.
Кеңес идеологиясы кезінде шығарманы жарыққа шы­ға­руға кедергі болмасын деп Құнанбайды үстем тап­­тың өкілі етіп, образын біраз кемсіткенін Мұхаң өзі де мойын­даған. Қазір ғой еркін заманда Құнанбайдың ірі тұлғасын қалпына келтіріп, оның ұлылығын дәріптеп кі­таптар мен мақалалар жазылып, көркем фильм түсіріліп жатыр. Ал ол кезде мұның басын ашып айтқан тек көреген Б.Момышұлы болатын.
Бауыржан ағамыз өзінің ерек­ше мінез-құлқымен, ой-пі­кірімен, іс-әрекетімен ешкімге ұқса­майтын өмір кешті. Оның қиын­дықтары да аз болған жоқ. Өзінің айтуынша, аты белгілі адамдардың бағы мен соры қатар жүреді. Сол айтпақшы, Бау­кеңнің өмірінде көрген қиын­дықтары туралы Зейнеп келіні былай дейді: «Ата өзінің найзағай мінезімен баяны жоқ пәниде қайшылыққа толы ғұмыр кешті. Қиғаш келсе – иығынан, тура келсе – кеудесінен қаққан тағдыр тәлкегінің кедергілері тіршілігінің соңына дейін жалғасты. «Ұлт­­шыл», «басбұзар», «тентек», «қоғамнан тыс жаралған» деген атақ-айдарлар толассыз айтылып жатты. Алайда соған қарамай, қалың қазақ Атаны ардақ тұтты, құрметке бөлеп, төбелеріне көтерді. НЕГЕ? Өйткені ата қашанда халықпен бірге болды, олардың тілінің ұшында тұрған сөзді қаймықпай жариялаудан жалтармады. Елін-жерін сүюдің, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп, халықтың рухын көтерді» («Бабалар аманаты», 127 б.).


Б.Момыш­ұлы қазақ хал­қының абы­ройын асы­­рып, атын әлем­­ге та­нытқан тұлға. Өз елінде ғана емес, көп­теген шет ел­дерде ла­йық­ты сый-құр­метке ие бол­ған қазақ.
Кубаның кө­семі Кастро, Кеңес Ода­ғының мар­шалдары Баграмян, Жуков, Рокоссовский, Василевский, генералдары Голиков, Голушко, Захаров, Серебряков, Чистяков Бауыржанның әскери ерлігін, қолбасшылық даналығын, адами келбетін жоғары баға­лады.
Атақты Ш.Айтматовтың берген бағасы: «Ол – әлем мо­йындаған ұлттың батыры, ұлтының рухын бейнелейтін аңыз. Сондықтан Баукең әдебиет пен киноның кейіпкері ғана емес, фольклордың да айтулы тұлғасы болды». Д.А.Қонаев Баукең туралы: «Бауыржан Момышұлы барлық әлемге танылған титан» – депті. Баукеңе Кеңес Одағы батыры атағын алып берген Елбасы Н.Ә.Назар­баев оның ер тұлғасын жоғары бағалап былай деген: «Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық пат­риоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетімізді нығайту үшін де батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екендігі сөзсіз».
Сонымен ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушымыз Бауыржан Момыш­ұлының ұлттық тәрбие барысында пайдалануға ұсынатын мұрасы өте бай. Бірақ олар жүйеленбей, жинақталмай, ша­шырап жатыр. Осы олқы­лықтың орнын толтыруымыз қажет.
Ол үшін ең алдымен бөліп-жармай, жұлмаламай толық­қанды «Бауыржантану» ілімін қалыптастыруымыз қажет. Арна­йы жасалған бағдарла­ма­ларда Баукеңнің өмірі, әс­кери қызметі, соғыстағы ерлік­тері, жазу­шылық еңбегі, негізгі шығар­маларының түйіні, қоғамдағы алатын орны мен халқының берген бағасы түгел көрсетілуі тиіс. Бұл бағдарлама қаһар­ман Момышұлының болмысын, ішкі рухани бай дүниесін толығымен ашатындай болу керек. Ал Баукеңді дәріптеу барысында «Бауыржантану» бағдарламасының әртүрлі деңгейдегі бірнеше варианттары болғаны абзал. Бастауыш және орта мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілгені жөн. Жоғары оқу орындарына кеңірек варианты ұсынылсын. Ал әскери ұйымдар мен әскери оқу орындарында міндетті түрде оқылатын арнайы пән кіргізілсін.
Әскери жағын айтар болсақ, ол кісі әскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасы мен әскери ережелерді қалыптастырумен қатар, ұлт­тық тұрғыдан алғашқы болып әскери патриоттық тәрбиенің негізін салған ғалым адам. «Соғыс психологиясы», «Москва үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап» сияқты ең­бектерінде осы патриоттық тәрбиенің мәселелері кеңінен қамтылған.
Осы бай мұраларды ғы­лыми тұрғыдан зерттеп, әс­кери саламызда қолданып, жас әскерлерді тәрбиелеуде пай­да­лана алсақ ұтарымыз көп болар еді. Бірнеше шет елдерде Б.Момышұлының әскери қағидалары бойынша дәріс оқылатын көрінеді. Ал біздің өз Отанымызда әскери саламыздың көптеген басшылары Бәукеңнің бұл еңбектерінен тіпті хабарсыз екен. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да.
Қазір біраз оқу орындарында «Бауыржан оқуларын» ұйымдастырып өткізу тұрақты дәстүрге айналып барады, бұл қуанарлық жайт. Оның үстіне жалпы халыққа, әсіресе жастарға арнап интернет жүйесінде Баукең туралы сайт ашылды. Бұл Б.Момышұлы жөнінде хабардар болайық деп мәлімет іздеген көпшіліктің қолын едәуір ұзартып тастады.
Осы бағыттағы тағы бір игілікті істі атқарсақ болар еді – ол Алматы қаласында Бауыр­жан Момышұлының же­ке мұражайын ашу. Баукең бұған тұратын тұлға. Алыстан атақтыларды іздеп әуре бол­май-ақ қолымызда барды неге қадірлемейміз?! Жас кезінде елімізді шапқан жаумен алысып, қан майданда айтусыз ерлік көрсетіп, кейін қайталанбас талантты шығармаларымен өзіне-өзі ескерткіш қойған, соңғы демі біткенше өзінің саналы өмірін әділетсіздікпен, жағым­паздықпен, көзбояушылықпен, ұлт­сыздықпен аянбай күресуге жұмсаған айбатты азаматы­мызды, бүкіл әлем бас иіп мо­йындаған баһадүр батырымызды неге тиісті деңгейде дә­ріптемей жүрміз? Жастарға, келешек ұрпаққа үлгі етер Бауыржан Момышұлынан артық кім керек?
Сонымен қатар, әскерилер­дің ерлігін марапаттайтын Бауыржан Момышұлы атындағы арнайы орден бекітілсе артық болмас еді. Осы орденді омырауына таққан қазақ әскерлерінің патриоттық сезімі өте жоғары деңгейде болатынына және олар Отан үшін қандай да болса ерлікке баратынына күмән келтіруге болмас. Ендеше патриоттық тәрбиенің осы түрін тиімді пайдаланып, осы ұсынысты неге іске асырмаймыз?
Қорыта айтқанда ұлтымызға ұран болған Бауыржандай алып тұлғаны жастарымызға жан-жақты, тереңірек таныс­тыруға тырысайық. Баукеңнің өмірі, халқына жасаған қыз­меті, ұлттық рухы, артында қал­дырған рухани мұрасы тәр­бие жұмысында таптырмай­тын орасан зор байлық, соны дұ­рыс және тиімді пайдалана бі­ле­йік.

«Бауыржан Момышұлы мұрасы»
Қоғамдық қорының Президенті,
ҚР ҰҒА академигі
Көпжасар Нәрібаев

 

Жауап қалдыру