Ұлтын ұран еткен

0
190

Иса Тергеусізов өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттей түсуді  қажет  етеді

«Қазақ дегенде жүрегі шын соғатын, қазақ үшін жанын қиған алашордашылардан артық ешкім болған емес», дейтін әкеміз Балғабек Қыдырбекұлы. Ол кезде «Алашорда» деген біз үшін «Амангелді» киносындағы Құрманбек Жандарбеков жасаған жағымсыз бейне ғана болатын. Басқа ешқандай мәлімет жоқ. Аталар, ағалар сыбырлап айтатын «Алаш» басшылары – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев есімдерінің өзі біздің ұрпаққа Тәуелсіздіктің алғашқы лебімен ғана жетті. 90-жылдардың басында басталған «Алаш» партиясының, оның мүшелерінің ақталуы әлі күнге дейін жалғасуда. Сондықтан ұлттық тарихты зерделеу барынша маңызды.  Осы ниетпен Жетісудағы Мұха­метжан Тынышбаев бастаған «Алаш» азаматтары Ибраһим Жайнақов, Садық Аманжолов, Сатылған Сабатаев, Базарбай Мәметов, Иса Тергеусізов өмірбаяндарын жұрт білсе дейміз.
Ал Иса Тергеусізовке келсек. Бұл – таныс есім. Иса тілмаш, Иса төре, Иса ақын… «Әділет іздеген, арызданған қазақтың бәрі Алматыға барып, Иса тілмашты жағалайтын». Бала кезден құлаққа сіңген ауыл қарияларының әңгімелері ойға оралды. Әсіресе, қазақты паналаған деген сияқты әңгімелерді Байжұма ақсақал жиі айтатын. Байжұма Естаев 1908-1912 жылдары Верный қаласында көпес Ғабдұлуәлиевке жалданып жүргенде, Исамен талай кездескен болар.
«Исаның әні» деп сағынышқа, сарыуа­йымға толы әуендерді сала отырып, әжелер көзін сүртіп қоятын. Ұлтшылдық иісі аңқып тұрған үш шумақ өлеңді олар «Исаның өлеңі» дейтін. Арада 30 жыл өткеннен кейін ғана оның М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі екенін білдік.
Иса Тергеусізов 1882 жылы Жетісу облысындағы Верный уезінің Күрті болы­сындағы ауқатты қазақ отбасында дүниеге келген. Ресми деректер (ЦГА РК. Ф.94. Оп.1. Д.2740) бойынша, ол 1892 жылдан Верный гим­­­­­назиясында алты жыл оқып, үш кластық білім алып шығады. Ұзынағаш болысында хатшы, кейін Отар учаскелік приставының аудармашысы қызметін атқарып жүріп білімін жетілдіреді. Бірнеше шығыс тілін үйренеді. 1908 жылы Иса Тергеусізов Жетісу облысы әскери губернаторының бұйрығымен мемлекеттік қызметке қабылданады, кеңсе қызметшісі болып тағайындалып, Верный уездік басқармасында жазбаша аудармашылықпен айналысады.
1911 жылдың қазан айында Иса Тергеусізов кенеттен Ферғана облысындағы Әндіжан қаласына іссапарға шығуға бұйрық алады. Ол жақта 1912 жылдың мамыр айына дейін болып қайтады. Біз сол іссапарда кіммен кездесіп, кіммен араласқанын білмейміз, бірақ елге оралғаннан кейін Иса Алаш идея­ларын дәріптеп, оның насихатшыларының біріне айналады. 1909 жылы Уфада, 1911 жылы Орын­­­борда М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы басылып шығады. Алайда, патша өкіметі қазақ жерінде М.Дулатов кітабын таратуға ресми түрде тыйым салады. Соған қарамастан, кітап тарап кетеді.
Мысалы, Верный уезінің Ұзынағаш, Шамалған және Жайылмыс болыстарының сауаты бар қарапайым қазақтары «Оян, қазақты!» жаттап алады. Себебі, Жайылмыс болысының билеушісі Сәт Ниязбеков өз қалтасынан үш жүз сом бөліп, бұл кітаптың тек уезде емес, бүкіл Жетісу өңірінде таралуына ықпал етеді. Ал Пішпек уезінің тілмашы Мұртаза Төлебаев әдейілеп Орынбордан Верныйға жүз дана кітап жеткізеді. Иса Тергеусізов те патша билігі тарапынан тұтқындалу қаупіне қарамастан, кітап таратуға белсене араласады. Иса үстінен түскен арызда былай деп жазылған: «По полученным во вверенном мне районе агентурным сведениям, переводчик вверенного Вам управления по имени Иса приезжал в г. Верный Семиреченской области и там передал через своего сына некоему Ибрагиму семь экземпляров преступной брошюры под заглавием «Оян, казак!» для распространения, каковые брошюры действительно и разошлись по рукам» (ЦГА РУ. Ф.461. Оп.1. Д.1172. Л.59 и об.).
Арызда Ибрагим деп Жайнақовты айтып отыр. Осыдан кейін Исаның үстінен іс қозға­лып, тергеу жүргізіледі, отыз шақты адам куәгерлікке тартылады. Бірақ, олардың бәрі Иса Тергеусізов адал да парасатты жан де­ген сөздерінен танбайды. Бұл жазбаларда: «мәселенің шешімі өз құзырында болса, ол қолынан келгенше шапшаң шеше қоя­тын, жұмыс уақытында да ешкіммен сөй­­­леспейтін, болыс басқарушылардың сайлау науқанына қатысып, аудармамен ғана айналысты, ал сайлау барысындағы алып-қашпа әңгімелер мен рәсімдерге араласқан жоқ» делінген. Қалай дегенмен де, 1914 жыл­­­дың мамырына дейін Иса жұмыссыз жүреді. Иса Тергеусізұлының жас кезінде шығарған «Жер жәннаты – Жетісу» деп аталатын әні бар. Бізге жеткен Иса әндерінің музыкалық үні, ырғағы, жалпы стилі бірыңғай болғанымен, бұл ән қуанышты, дарқан сезімімен ерекшеленеді.
Көріп пе едің Құмбелдің қызыл белін,
Құмбел жайлап, той жасап, түсір келін.
Көкпар тартып төсінде Көкайрақтың,
Жасылкөлде жай тартқан қалың елің.
Қайырмасы:
Жер жәннаты – Жетісу,
Жетісумен бетің жу,
Ақсу, Көксу, Аягөз,
Қаратал, Лепсі, Іле, Шу,
Алатаудың аясы
Жер жәннаты – Жетісу.

1916 жыл Қазақстан тарихына ұлт-азаттық қозғалысы өршіген жыл ретінде кірді. Міне, осы дүрбелең кезінде Ә.Бөкей­ханов пен А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар Қазақ қоғамы отаршылдыққа қарумен қарсы шығуға дайын емес, тек қана ағартушылық жұмыс жүргізу арқылы ғана күресу керек деген ойға тоқтайды.
Алаш­орда басшылығының осы шешімін қол­даған Иса Тергеусізов пен Ибраһим Жай­нақов Жетісудағы Бекболат Әшекеев бас­таған көтерілісшілерді тоқтатқылары ке­леді. Бірақ олар күшті қарсылыққа тап болады. Иса Тергеусізов бірте-бірте Алашорда белсендісі ретінде саяси қызметке ойыса бастайды. Ол 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақтық екінші съезіне жетісулық жеті делегаттың бірі болып қатысады. Дәл осы съезде ол Алашорданың белгілі қайраткерлерімен жақын танысып-біліседі.
1918 жылдың қаңтарында Верный қала­сында Алашорданың Жетісу облыстық ке­ңесі құрылды. Бұл кеңеске тоғыз адам кірді, олар: Ибраһим Жайнақов (төраға), Иса Тергеусізов, Сатылған Сабатаев, Мұха­метжан Тынышбаев, Нүсіпбек Жақыпбаев, Базарбай Мәметов, Садық Аманжолов, Төлебай Дүйсебаев, Біләл Сүлеев. 1918 жылдың наурыз айының басында Верный қаласында кеңес билігі орнайды. Іле жаңа билік Жетісу облысындағы Уақытша үкімет мүшелеріне, кулактарға, казактарға, сондай-ақ, Алашорда қайраткерлеріне қарсы жазалау-репрессиялық әрекетін бас­тап кетеді.
Сол тұста Иса ақын қалыптасқан жағдайға реніш білдіріп, күйзеле отыра, мынадай өлең шығарады:
Заманымның тозғаны-ай,
Аттан байтал озғаны-ай,
Арыздасып ағайын
Қазағымның тозғаны-ай.

1919 жылғы сәуірде «Алаш» партия­сы қайраткерлеріне амнистия жарияланады. Осыдан кейін Иса Тергеусізов ағартушылық қызметін жалғастырып, Жетісу аумағында жоқшылықтан зардап шеккен қазақтарға жәрдем көрсету ісіне араласады. 1921 жылдың басында Қарқаралыда агроном болып жұмыс істеп жүрген Сатылған Сабатаев белгісіз жағдайда қаза тапты деген суық хабар Жетісуға жетеді. Бұл амнистия мерзімінің уақытша екенін ұғындырған жағдай еді, көп ұзамай Алаш қайраткерлері жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз қамауға алынғанының басы еді.
Ибраһим Жайнақов пен Иса Тергеусізов басқа алаштықтармен бірге Қытай асып кетеді. Бір түн ішінде көтеріліп, көшіп кеткен Иса:
Қайран ел ойнап-күліп жүретұғын,
Сағындық иттің даусын үретұғын,
Пендесі жұмыр басты не көрмейді
Адамзат тағдыр салса көнетұғын.
Қайырмасы:
Ахау, елім-ау,
Жетісу менің жерім-ау,
Ит жүгіртіп, құс салған
Қайран да менің көлім, көлім-ау.
Қайран жұрт, қалды-ау артта қайран елім,
Қайғы-мұң – қара жылан, іште желім.
Мұзартқа шығып алып кешке жақын
Әнменен шығарайын іштің шерін, –
деп Жетісумен қимай қоштасады. Қытайда Иса Тергеусізов КСРО шекарасына жақын Шыңжаң Іле округіне қарасты Құлжа қаласына табан тіреді. Шет жақта жүрсе де КСРО-да, әсіресе, Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға құлағы түрік жүрді. Ол ОГПУ-дың қақпанына түсіп қалмаудың барлық шараларын ойластырды. Сөйтіп, қытай азаматтығын алуға мәжбүр болды. Оның бұлай қауіптенуі негізсіз емес еді. Шекарадан өткен кезде атыс басталып, отбасының төрт адамы қаза тапты. Сөйтіп әйелі, кіші ұлы, екі қызынан айырылып қалған. Өмірдегі ең жақын адамдарының қазасынан жүрегі қан жылағанмен, ол ұлт мүддесі жолындағы күресін тоқтатқан жоқ.
Ақыры Иса 1932 жылы татар қызы Махройға үйленеді. Махройдың аталары Шыңжаңға ХІХ ғасырдың басында көшіп келген екен. Сол жақта Иса Тергеусізұлының  Арыслан мен  Батыр деген екі ұлы, Төлеу деген қызы дүниеге келді. Бас сауғалап барғанмен, ол  қарап отырған жоқ, Құлжа қаласында  ағартушылық, адвокаттық жұ­мыс­тармен шұғылданды. Десек те, оның елде Қазақ­станда қалған туған-туысқа деген сағы­нышы жүрек түкпіріне сыймай жыр болып төгіліп жатты.
1935 жылғы наурызда Құлжа қаласын­да, Қытайдың батысындағы Іле округінің орталығында «Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдени ағарту үйшұмасы» ұйымы құрылады. Қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумағындағы қазақтар мен қырғыздар арасында ағарту жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен ұйымның жұмысына Мақсұт Сасан басшылық жасады. Иса төре атанған Иса Тергеусізов бұл ұйымның қаржы жағын басқарды. Осы ұйымның жинаған қар­­­­­жысына Іле аймағында мектептер салынып, мұғалімдер даярлайтын курстар ашылды. Шыңжаңдағы қазақ ақыны Таңжарық Жолдыұлы да ұйымның жұмысына атсалысады.
Иса онымен идеялық жағынан жа­­қын­дасып кетті. 1923-1925 жылдары РСФСР құрамындағы Қазақ АКСР-інде өмір сүріп, білім алған ақын Таңжарық алаш­орда қайраткерлерінен сабақ алып, «Алаш» партиясы идеяларын жүрегіне терең сіңірген жан еді. Екі ақынның дос­тығы оларды ажал ажыратқанынша жалғасқан. Иса Тергеусізұлын соңғы көрген адам Қазақстанның мемлекет және партия қайраткері Бектенбай Қосынов деген кісі. Бектенбай Қосынов 1938-1941 жылдары Қазақ КСР Совнаркомы жанындағы өнер ісі бойын­ша басқарма бастығы болып қызмет етті. 1939 жылы Қытайдан Гоминдаң үкіметінің делегациясы екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық мәселелеріне арналған жиынға қатысу үшін Мәскеуге келеді. Қытай делегациясы құрамындағы аудармашы Иса Тергеусізов екен. Бектенбай әкей қатаңдау, ұстамды кісі еді. Бірақ сол кездесуді еске алғанда көзіне жас үйірі­ліп, даусы дірілдеп кететін. «Исаның жанын­дағы төрт қытайдың төртеуі болмаса да, үшеуі тыңшы, менің қасымдағы орыстар да әр қимылымды бағып отыр… Екі күн келіссөз жүргізіп отырып бір-бірімізге тіке­лей қарай да алмадық, сөйлеспек тұрмақ», деп сол кездесуді қиналып еске алатын.
Елім көшті Күртіден сал Кегенге,
Шөбі жақсы дейді ғой мал жегенге.
Тірі айырылған жерінен жаман екен,
Желім болды жеген нан Ел дегенде.
Ат жібердім беделге,
Жері жайлы дегенге,
Ішкен асым не болды
Құрбы-құрдас дегенде.
Жылқыда жал қалмады, түйеде қоң,
Ерімейді мұз болып көңілім де тоң.
Тірі айырылған жерінен жаман екен
Жүре алмаймын теңселіп шыққандай сом.
Байлық-бақыт шалмады-ау,
Жебір дүние жалмады-ау,
Қытайға ұлық болсам да
Қашқын атым қалмады-ау.

Шыңжаң губернаторы Шың Шы Цай 1939 жылдың аяғында Қытайдағы қазақ зиялыларының соңына түседі. Оларды кеңес агенттері мен сепаратистері деп қуғын-сүргінге ұшыратады. Сөйтіп, 1940 жылы 150 мыңнан астам қазақ тұтқын­далып, түрмеге қамалады. Олардың арасында Таңжарық Жолдыұлы, Иса Тергеусізов пен Ибраһим Жайнақов та бар еді. Бұлар Құлжада тұтқындалып, кейін Үрімжі қаласындағы абақтыға ауыстырылады. Таңжарық ақын Үрімжінің түрмесінде 1946 жылға дейін отырады. 1947 жылы өкпесі қабынып қайтыс болады. Түрмеде отырған кезінде оған достары Иса Тер­геу­сізов пен Ибрагим Жайнақовтың және басқалардың қаза болған хабары жетеді. Ақын 1945 жылы Үрімжі түрме­сінің қа­бырғасында қайтпас сапарға аттан­ған жол­дастарына арнап өлеңдер мен поэмалар жазады (Таңжарық Жолдыұлы. Шы­ғар­малары. Алматы: Жазушы, 1992, 138-б.):

Іледен: Сұлтан төре, Мақсұт, Тастан,
Өлтірген үшеуін де ұрып бастан.
Қожабек, Иса менен Ибраһим
Бұларды аяғынан дарға асқан.

Осы өлеңнен Иса қаза тапқан мерзімді де білеміз:
Осылар ел бастығы, бәрі манап,
Басты қып мыңнан бірін көрсеткенім.
Бәрі өлді Үрімжінің қаласында
Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында.
Қорлықпен сол сарбаздар кетті арманда,
Баланың қалды бұл кек баласына.

Қазақстанда да, Қытайда да әділет іздеген, көмек сұраған қазақтың бәрі әдейі іздеп, жағалап жүрген, бәріне пана бола алған Иса Тергеусізов міне, осылай 1942-1943 жылдары Қытайдағы Гоминдаң жендеттерінің қолынан қаза тапқан. Исаның музыкалық шығармашылығы оның білімділігін, сауаттылығын, Еуропа мәдениетімен жақсы таныс екенін дәлел­дейді. Бізге жеткен әндері туған елге, жерге деген сағынышқа толы. Әдемі әуенін езілген лирика емес, жігіттік сарын деуге болады. Шығармаларының өзіндік музы­калық формасы бар. «Жетісу, менің жерім-ау» әні еуропалық үлгідегі романс сияқты; «Шамалған, туған жерім» әні қайырмадан басталып, қайырмамен бітеді, бұл автордың қойылған сауалдарға жауап жоқ дегені.
Иса Тергеусізовтің 1902 жылы туған үлкен ұлы Ибраһим Қытайға көшкен кезде, бірге бармай, немере туыстарының қо­лын­да қалып қойған. Бір ажалдан аман қал­ған ол (шекарадағы атыс) 1937 жылы реп­рессияға ұшырап атылып кетті. Әйелі Махрой болса ұлдары Арыслан, Батыр, қызы Төлеу­мен бірге 1955 жылы Алматыға орал­ды. Өкінішке қарай, Исаның үш баласы да, әкелерінің аты­ның қайта шыққанын көре алмады. Бү­гінде ол үшеуінен алты немересі бар. Әсі­ресе, Арысланның балалары Ержан, Зәуреш дара тұлғалы атасының есімі қайта жаң­­ғырғанына өте қуанышты. Олармен бірге Исаның туған інілері Исабайдың шөберелері Әділ мен Роза және Исалының немерелері де осы қуанышқа ортақ десек қателеспейміз. «Қазақ дегенде жүрегі шын соғатын, қазақ үшін жанын қиған алашордашылар­­дан артық ешкім болған емес», деген кезде әкеміз, Балғабек Қыдырбекұлы өзі әндерін айтып, қазақы келбетіне тамсанатын Иса Тергеусізұлының да, туған қайынатасы Сей­далы Оразалиннің де Алашордаға тіке­лей қатысы болғанын білмей кетті, өкінішті-ақ…

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,
Дулатбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Жауап қалдыру