Ұлт рухының биік белесі

0
182

Қазақ халқының өмірлік мүддесімен, пікірімен, көзқарасымен санаспай, демократиялық қағидаларға қайшы, біржақты әміршіл әдіспен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Г.В. Колбиннің тағайындалуынан бұрқ ете қалған, артынша Кеңес одағы шаңырағының шайқалуына жол ашқан 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісіне отыз жылдан асыпты. Тарихи маңызы мен орнына әлі де лайықты баға берілмей келе жатқан оқиғаға билік назар аударуға, желтоқсаншыларды ұлықтап, олардың жанкешті ерлігін әспеттеуге асығар емес. Бірақ қазақ жастарының желтоқсандағы ұлтжандығын, қайсарлығын мақтан ете еске алу әркімнің азаматтық парызы болуы тиіс.
Республика халқын қорлай­­тын мұндай шешімге алға­шын­да Алматы қаласының жұмыс­шылары мен оқушы жас­тарының шағын тобы нара­зылық білдірді. Наразылық бейбіт және саяси сипатта болды. Онда мемлекеттік құрылысты құлатуға, ұлт араздығын қоз­дыруға байланысты ұрандар айтылған жоқ. Жиналған жастар заңдарды және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олар тек Орталық комитет пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін білдірді. Бірақ республика басшылығы жастармен тең құқылық келіссөз бастағысы, олардың пікірін тыңдағысы келмеді. Саяси, бейбіт шеруді билікті менсінбеу, өздеріне төнген қауіп деп санап, оларға қарсы күш қолданумен жауап берді. Тіпті бой көтерулерді тұрақты әскер бөлімдерін қол­дана отырып басып-жаншу ту­ралы шешім қабылдады. Г.Кол­­бин бастаған республика басшылығының үсті-үстіне өтінуіне байланысты Орталық­тың ішкі әскерлерінің арнаулы бөлімдері Алматыға жеткізілді. Бейбіт және аз адам қатысқан наразылық осы­ған байланысты жаппай бас көте­руге ұласты.
Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, олардың сын жағдайдан шығудың бейбіт жолын қарастырмауы, тіпті бұған ұмтылмауының өзі, олар­дың ақыл-парасат пен ізгі ниетке емес, қайта қару­лы күшке сүйенуі, жаппай наразылықтың бой көтеруіне, өршуіне тікелей себеп болды. Наразылық білдірушілер мен қарулы күштердің арасында қақтығыстан кісі өлімі, денеге жарақат келтіру, автокөліктерді өртеу, үйлерді зақымдау оқиғалары орын алды. Наразылықты басып-жаншуға байланысты құқық қорғау органдары заңдылықты өрескел бұзып, ұсталғандарды ұрып-соқты, жеңіл-желпі киінген жастарды көлікке тиеп, қала сыртына апарып тастады. Прокурордың санкциясынсыз ұсталғандарды тергеу изоляторы мен уақытша ұстау орындарында көбіне тамақ берместен, бірнеше тәулік бойы ұстады.
Наразылықты қуып-тарату кезінде келтек, саперлік күрек­тер, қызмет иттері пайдаланылды. Қақтығыс салдарынан наразылыққа қатысқандар та­ра­пы­нан да, қоғамдық тәр­тіп сақ­шылары тарапынан да қаза тапқандар әртүрлі дене жара­қатын алғандар көп болды. Орталық партия басшылары адамдарды ұлттық белгісі бойынша бір-біріне қар­сы қойып, оқиғаны ұлтара­лық қақтығыс сипатына айнал­дыруға тырысты. Бұл сұрқия­лық орталықтың «қазақ ұлт­шыл­­дығы» деген жалған, жала­қорлық айыптаудың тікелей қайнар көзі болды.
Алматы қаласында 1986 жылы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1986 жылы 19 желтоқсанда өткен бюро мәжілісінде талқыланып, СОКП Орталық Комитетінің 1986 жылғы 18 желтоқсандағы Алматыдағы оқиғаға байланысты қабылданған қаулысын толық қолдайтынын мәлімдеп, оны жүзеге асыруға бағытталған шаралардың іс-жоспарын бекітті. Жергілікті партия, кеңес алқаларына еңбекші жастар, студенттер арасындағы ұлтшылдық көріністермен күрес жүргізу, ұлтшылдықтың кез келген көріністерінен оларды оқшаулау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Орталық партия комите­тінің бюро мәжілісіне қатысқан­дардың барлығы бірауыздан қабылданған 16 түрлі іс-шара жөнінде дауыс берді. Осы мәселеге арналған Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бюро мәжілісінің отырысы 1986 жылдың 23 желтоқсанында тағы да екінші рет болды. Осыдан кейін Орталық партия органдарының нұсқауларына сәйкес, Қазақстан аумағында желтоқсан оқиға­сына қатысушыларды жазалау, қудалау үрдістері жаппай жүзеге асырылды. Оқиғаға қаты­су­шыларға қылмыстық істер қозғалды, олар бойынша тергеу қысқа мерзімде үстірт және айқын айыптау бейімділігімен жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі органдар істі асығыс қарап, әділетсіз үкімдер шығарды. Тергеу, про­куратура, сот органдар­ы әміршіл-әкімшіл жүйенің тіке­лей құралына айналды. Заңсыз­дықтарға тікелей жол берілді. Желтоқсан оқиғасына байла­нысты мыңдаған адам­дардың заңсыз ұсталуына, наразылық кезінде оларға қарсы саперлік құралдар мен қызмет иттерінің қолданылуына жол берілді. Желтоқсан оқиғасына байланысты қаншама азаматтар қызметтен, партиялық мүшеліктен, оқу орындарынан заңсыз шығарылды. Баспасөз құралдарының негізгі ұраны – қазақ ұлтшылдығын сынау, белгілі мемлекет, қоғам, ғылым қайраткерлерінің теріс іс-әрекеттерін жариялауға ұласты.
Желтоқсандағы қайғылы оқи­ғаға әміршіл-әкімшіл жүйені басты кінәлі деп санап, оған қазақ жастарының ешқандай кінәсі жоқ екенін сол оқиғадан кейін-ақ көтерген халықтың адал ұл-қыздары болды. Соның бірі сол кездегі КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов еді. 1989 жылғы 6 маусымда өткен КСРО халық депутаттары съезі мінбесіне шығып, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда болған желтоқсан оқиғасының мұның алдында орын алған Гүржістандағы оқиғадан да едәуір қауіпті сипат алғанын, бейбіт шеруге шыққандарға қарсы сапер күректерін, қызмет иттерін қолданғанын, жас қыздарды келтекпен сабап, етіктерімен тепкілегенінен, бұл наразылықтың ешқандай ұлтшылдық астары болмағанын айтып, осы оқиғаға байланысты ақиқатты анықтау үшін халық депутаттары комиссия құрамында құруды батыл түрде ұсынды.
Іле-шала М.Шаханов тө­ра­ға­лық еткен комиссия құ­рыл­­ды. Қазақ ССР Жоғар­ғы Советі Президиумы 1990 жылғы қыркүйектің 24-і күні қаулы қабылдап, онда қазақ жас­тарының 1986 жылы желтоқ­сан­да Алматыда болған бой көрсетуі ұлтшыл­­дық си­пат алмағаны және бас­тапқы сатысында заң­ға қай­шы болмағанын атап өтті. Осыдан кейін сол кездегі Қазақ­стан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың тікелей ұсынысымен СОКП Орталық Комитетінің Қаулысындағы қазақ ұлтшылдығы деген айыптау алынып тасталды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Прези­диумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқ­санның 17-18-інде болған оқиғаға байланысты жағдайларға түп­кілікті баға беру жөніндегі комиссияның тұжырымдары мен ұсыныстары Жоғарғы Совет Президиумының мәжілісінде қаралып, баспасөзде жарияланды.
Комиссия құрамында бірнеше ұлттың өкілдері болған және ол тұжырым бірауыздан мақұлданған. Желтоқсан оқиғасына байланысты Мұх­тар Шахановтың КСРО халық депутаттары съезінде сөй­леген тұжырымдарын теріске шығаруға тырысқандар да бол­ды.
«Литературная газета­ның» 1989 жылғы 20 желтоқсанда шыққан №51 санында осы мәселеге арналған дерексіз ма­қала да жарық көрді. Жел­тоқсан оқиғасына байланысты жұртты қатты қорлаған айып – Орталықтың «қазақ ұлт­шыл­дығы» деген теріс тұжырымы болды. Қазақ халқы ежелден ұлтшыл емес, қонағына төрін босатып беретін, асы­ның дәмдісін босағасынан атта­ғандарға ұсынатын, ежелгі дәстүрі бар кеңпейіл, көпшіл, интернационалист халық екенін ешкім де әдейі ескермеді. Тарихқа көз жүгіртсек, 1915 жылы өз жерінде қазақтардың саны 6 миллионға жетсе, 1945 жылы одан 2,5 миллион ғана адам қалған.
1920 жылы Қазақ Автономия­лық Республикасын құрған кезде өз елінде 65 пайызды құраған, ал 1962 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға кеміген, жаппай коллективтендіру кезеңінде екі жылдың ішінде қазақтардың 52 пайызға, яғни 2 миллион 200 мыңы ашаршылықтан, жаппай эпидемиядан қырылды, ал 15 пайызы республикадан тысқары жерлерге жер ауып кетті. Бұл Қазақстандағы «Голощекиндік геноцид» кезеңі еді. Қазақтар индустриализация кезеңінде мәжбүрлі түрде еңбек армиясы қатарына алынды, бай-кулактар ретінде Сібірге жер аударылды. Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза тапты. Ал тың игеру кезінде тұрған жерлерінен ығыстырылды. 1930 жылдан 1962 жылға дейін Қазақстан жеріне сырттан 4 (төрт) миллион адам келді, қазақтар өз жерінде аз халыққа айналды. Қазақ елі барлық саладан ығыстырылды. 1960-1990 жылдың яғни 30 жылдың аралығында Қазақ­стан­ның 700-ден астам қазақ мектебі жабылды. Ауыр кезеңдерді бастан өткізген қазақ халқы ешуақытта да ұлтшылдық сипатта бас көтермеген, басқа халықтарға, ұлт өкілдеріне қамқорлық жаса­ғаннан басқа ешқандай теріс іс жасамаған. Қазақ халқы­ның осы қасиеттерін аяққа басқан.
Қазақ халқының ешуақытта ұлтшыл еместігін тарих тағы да растады. Егемендік алғаннан кейінгі қазақ даласындағы барлық этнос өкілі бір кісідей бүгін тату-тәтті өмір сүруде.
Желтоқсан оқиғасына байла­нысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрамында Мұхтар Ша­ха­нов­тан басқа атақты заңгерлер Т.Бұрабаев, С.Жақ­сым­бе­тов, А.Стамқұлов, С.Қа­сы­мов, В.А.Ким, М.Сар­сем­баев, жур­на­­листер Ю.Кирин­циа­нов, Ф.Иг­натов, партия қызмет­кер­лері И.Тасма­ғамбетов, Т.Ізмұханбетов, С.Әбдірах­манов, адам құқығы жөніндегі қоғамдық комитет төра­ғасы И.Фокина, ғалым Ю.Дуберман, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттары, ақын Қ.Мырзалиев, Н.Задо­рож­­ный табандылықпен тер төгіп, істің ақ-қарасына әділ баға­сын берді.
Желтоқсан оқиғасы жөніндегі орын алған заңсыздықтарға баға беру үшін жиналған материалдар Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жіберілді. Конституциялық Сотқа мен де сарапшы ретінде қатыстым. Желтоқсан оқиғасы бойынша республика соттары соттаған 99 адамның қылмысын зерттеп, заңдылық баға беруге атсалыстым.
Жалпы, Желтоқсан оқиғасы бойынша кезінде республикада 707 адам әкімшілік қамауға алынған, партия қатарынан 57 адам алыстатылған, 210 адам партиялық жазалауға іліккен, комсомолдан 758 адам, жоғары және орта оқу орындарынан 266 студент шығарылып, 1164 жас комсомолдық жазаға тартылған. Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын жоғары оқу орындарына қабылдау да қиындай түсті. Мысалы, 1985 жылғы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіндегі абитуриенттерінің 61 пайызы қазақтар болса, келесі 1986 жылы оның саны 27,5 пайызға дейін кеміген. Қазақ жастарын ішкі істер органына қабылдау күрт азайған. Тіпті Шымкентте облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз» деген жарнама ашық жазылып қойылды. 1987 жылы 90 мыңнан астам қазақ жастары елден кетіп, басқа республикаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар Конс­ти­туциялық Соттың өз қызметін мерзімінен бұрын тоқта­туына байланысты түпкілікті қарал­май, оған тікелей кінәлі адамдардың теріс іс-әрекет­терінде баға берілмей қалды. Осы оқиғаға байланысты жинақталған он бір томдық іс-материалдарда неше түрлі сұмдық заңсыздықтар туралы фактілер, басшылықтың қиянаты, жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігі мен ар-намысының қорлануы, аяққа тапталуы толық көрініс тапқан-ды. Бірақ соның бәрінен де біз үшін құндысы «Желтоқсан оқиғасына» қатысушыларының ұлттық, азаматтық рухының өлшеусіз биіктігі еді…

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жауап қалдыру