КСРО-дағы көтерілістер

0
261

«Коммунистік қоғам орнатамыз» деген елеспен өмір сүрген КСРО-ның тарауына 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі басты себепші болғаны анық. Кеңестік кезеңдегі 70 жылдан астам уақыт ішінде коммунистік идеология адамдардың санасын әбден улады. Н.С.Хрущевтің «1980 жылы коммунизмге кіреміз» деген тұжырымына көп адамдар шүбәсіз сенетін. Жастар «Біз алдыңғы қатардағы елміз, бізде бәрі керемет» деген ұранмен тәрбиеленді. 1991 жылы Алла тағаның жәрдемімен, азаттық сүйген халқымыздың тынымсыз күресінің нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өткен тарихтың кейбір ақтаңдақ беттері сонан кейін ғана ашыла бастады. Сөйтсек, шын мәнінде «керемет» емес екенбіз.
Партиялық шенділер қара­па­­йым халықпен санаспап­ты. Сондықтан да 1986 жылғы жел­тоқсанға дейін де жұмыс­шылар­дың, шаруалар­дың, жастардың бас көтерулері болып тұрыпты. Себепсіз салдар болмайтыны белгілі. Ол кезде бірен-саран айтылып қалатын көтерілістердің салдары ғана айтылып, себептері құпия сақталған. Көтері­ліс­тердің қысқаша мағынасы «Кеңес үкіметіне қарсы болған көтеріліс» деп, оның негізгі себептері мен қозғаушы күштері айтылмайтын. Енді осындай бірнеше мысалға тоқталайық.
Мәселен, елімізде 1928 жылы басталған байлардың дүние-мүлкін тәркілеу мен жер-су реформаларының жүргізілуде орын алған бұрмалаушылықтар халықтың табанды қарсылығын туғызды. Бұл наразылық 1929 жылдың екінші жартысы мен 1930 жылдың бірінші жартысында өрши түсті. Алғашқы көтерілістер 1929 жылы Қазақ­станның құра­мында бол­ған Қарақал­пақстанның Тақта­көпір ауданы мен Сырдария және Қостанай округтерін­де басталды. Билік ба­сын­дағы Голощекин қа­­лып­тасқан жағдаймен са­нас­пай «ауылдағы бай­лар­дың қарсылығы» деп қа­ра­ды. Мәселенің дұрыс ше­шіл­­меуі салдарынан 1930 жылы Қазақстанның барлық ай­мақ­тарында көтерілістер етек жайды.

Солардың ішінде Созақ көтері­лісі ерекше болды. Бұл көтері­лістің негізгі қозғаушы күші басқа жердегі көтерілістер сияқты орта шаруалар емес, кедейлер мен батырақтар болды. Билік ойына келгенін істеп, қазақтарға иттің терісі мен жылқының құйрығын өткізу салығын салды. Оған қосымша Ораза кезінде діни әдет-ғұрыпты орындағандарға айыппұл салынуы көтерілісті тездетудің себебі болды. Көтерілісшілер ерекше белсенділік танытып, қолдарына ағаш келтек, аңшы мылтығы, қанжар мен қылыш және балта сияқты қарулармен қаруланды. Шолақ белсенділерді соққыға жығып, кеңес органдарының іс-қағаздарын өртеді. Олардың саны 5 мыңға жетті. Үкімет көтерілісті басу үшін Ташкенттен құрамында 225 солдат бар қарулы күш жіберді. Оны ОГПУ басшысы Ольшанский басқарды. Мұздай қаруланған солдаттарға қарсы тұру қайда? Атыс қаруларының болмауы себепті көтерілісшілер қатты қырғынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Соңынан біразы Ташкент жаққа, енді біразы Шуға қарай ойысты. Көтерілісшілер жеңілді. Көтеріліске қатысушылар аяусыз жазаланды.
Кеңес үкіметі мұндай бас көтерулерден тиісті қорытынды шығармады. Керісінше жергілікті жұмысшы табының өкілдерімен санаспауды күшейтті. Мәселен 1959 жылғы Теміртаудағы жағдайды алайық. Осы жылы салынған, Бүкілодақтық мәртебеге ие болған «Магнитка» металлургиялық зауытына республикадан тыс социалистік мемлекеттерден де жұмысшылар келген еді. Барлық жұмысшыларға пәтер жетіспей, олардың көпшілігі вагондар мен брезент палаткаларда тұрып жатты. Оларға мәдени-демалыс орындары мен дүкен және асханалар жеткіліксіз еді.
Мұндай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетудің орнына осындай қиыншылықтардың барлығы өткінші ауыртпалықтар ретінде қарастырылды. Ұйым­дастыру жұмыстарының өте нашар болуы салдарынан өндірісте дағдарыстар одан әрі тереңдей түсті. Осының әсерінен жұмысшылар арасында наразылықтар туа бастады. Жағдайға жете көңіл бөлінбеудің салдарынан жұмысшылар мен жергілікті өкімет арасында қақтығыс туды. Оған 1 тамыз, сенбі күні кешкі жұмыстан шыққан жұмысшылар тамақ ішетін бірде-бір асха­наның ашық бол­м­а­уы төзім­нің жі­бін үзіп жіберді. Асханалар мен дүкен­дерді талқандап, ойран салу әрекеті басталды.
Жергілікті милиция келіп «бұзақы» деп ұстап кеткен екі жұмысшыны әріптестері келіп босатуын талап етеді. Оған милиция қызметкерлері көнбейді. Оған ыза болған көтерілісшілер милиция ғима­ратын талқандайды. Бүлік­шілерді басу үшін милиция мен әскер жұмылдырылды. Жұмысшылардың көтерілісін қару қолданып басу кезінде көптеген адам шығыны болды. Солтүстік Кавказдан әдейі әкелінген Дзержинский атындағы дивизия жауынгерлері зауыттың жазықсыз жұмысшыларына оқ боратты. Осы оқиға туралы Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Онда қанша адамды қырғанын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Кісі өлімі өте көп болды, оның ішінде сотталып, атылды… Ол кездегі көп мәселені біз білмейміз. Тоталитарлық жүйеге қарсы шықсаң, күшпен жаншып, күшпен құрту болды», – деді. («Егемен Қазақстан», 05.07.1997 ж).
1962 жылы Новочеркасскінің элек­тровоз жасайтын зауы­тының жұмысшылары азық-түліктің бағасы 20-30 пайызға көтерілуіне және жасалған өнім­деріне төленетін жұмыс ақысының үштен бірінің қысқар­тылуына қарсы шығып, ереуіл ұйымдастырды. Ереуілшілер «ет пен колбаса неге сонша қымбаттайды?», – деген сұрағына кәсіпорын басшысы: «Ет пен колбасаға ақшаларың жетпесе ливерный колбаса жеңдер!» деген жауабы жұмысшылардың ашу-ызасына тиіп жаппай ереуілге шығады. Ереуіл жалғасып, бас көтерушілер ертесі күні партия комитетінің ғимаратын басып алады. Ереуілдің аяғы көтеріліске ұласып, шенділер қалаға танктер кіргізіп, оларды атқылай бастайды. Сонымен өздерінің азаматтық құқығын пайдаланып, ұсыныстарын айтамыз деген жұмысшылардың 24 адамы өліп, 30 адам жарақат алады. Сотқа тартылған 14 адамның 7-еуі өлім жазасына кесіледі. Барлығы 105 адам әртүрлі жауапқа тартылады.
Ал, 1967 жылғы маусымның 13-15 аралығында Шымкент қаласында болған оқиға да адам құрбандықтарымен аяқталды. Милиция қызметкерлерінің жа­сағы 29 жастағы Василий Осторуховты мас болып жатқан жерінен медициналық айықтырғышқа жеткізген. Ертесінде сағат 6-дағы кезекті тексеру кезінде оның өлі екені анықталады. Мәйітті тексерген экспертиза «ажал миына қан құйылудан болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды. Оған разы болмаған туыстары «оны милициядағылар ұрып өлтірді» деп, Мәскеуден комиссия шақыртуды талап етеді. Халық арасына «милиция адамды ұрып өлтіріпті» деген қауасет тарап, автопарк ұжымы ұйымшылдық көрсетіп, көтеріліске шығады. Оларды қолдағандар көбейіп, ішкі істер бөлімін қоршап, ғимараттарын қиратады, өртейді. Қақтығыс ұл­ғайып, 20 милиция қыз­меткері, 2 жауынгер, 3 партия-кеңес шенеунігі әртүрлі дәрежедегі жара­­қат алады. Өкімет көтерілісшілерді басу үшін әскер күшін пайдаланып, соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 50 адам оқтан жарақат алады. 34 адам қылмыстық жауапқа тартылып, үшеуі ату жазасына кесіледі.
Қазақта жер мәселесі дегенде құлақтары елеңдемейтін қазақ болмайды. 1979 жылғы бұрынғы Целиноградтағы «Не­міс автономиясын» құру жөнін­дегі Орталық Комитеттің қау­лысына қарсы болған ереуіл соның нақты мысалы. Осы қаулыны басшылыққа алған жергілікті басшылар 1979 жылы мамырдың 31 күні орталығы Ерейментау қаласы деп, Целиноград, Қарағанды, Көкшетау және Павлодар облыстарының құрамындағы бес ауданды біріктіріп, Неміс автономиясын құрмақ болады. Осы шешімге қарсы болған бірнеше жүздеген қазақ жастары 16 маусымда ереуілге шығады. Ал 19 маусымда ереуілге шыққандар саны бірнеше мыңға жетеді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын білген шенеуніктер облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовты жастардың ал­дына жіберіп, автономия бол­майтынын хабарлайды. Бі­рақ өз дегенін істетпек болған КОКП ОК-нің нақты шешімі 1980 жылы ақпан айында тағы шығарылды. Алайда, қазақ жастарынан қауіптенгендіктен бұл қаулының орындалуын кешіктіре берді. Ал 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі бұл қаулыға түпкілікті нүкте қойды. Қазақ жастары «отпен ойнауға» болмайтынын дәлелдеді. Бұл көтерілістер Кеңес Одағының жүргізген саясатының дұрыс емес екенін көрсетеді.

Беркін ӘКЕБАЕВ,
республикалық
«Алтын қалам»
байқауының жүлдегері.

Жауап қалдыру