Ілебалық қаласы

0
214

Орта ғасырларда қазақ халқы көш­пенді  мал шаруашылығымен  бірге  қала салып, отырықшылықпен де күн кешті.  Осының арқасында отырықшылық орны­ғып, қала мәдениетінің өрістеуіне, сауда-саттықтың ұлғаюына, түрлі қолөнершілік кәсіптердің дамуына өзіндік серпін берді. Осындай Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қаланың бірі Ілебалық бол­ды.  Ол – орта ғасырлық қала. Бұл қа­ла­ны А.Н.Бернштам мен  В.В.Бартольд Шеңгелді бекінісінің орнындағы  «Екі өгіз» қаласы десе, академик, белгілі ғалым Әлкей Марғұлан М.Х.Дулатидің дерегіне сүйене отырып Ілебалықты өз алдына жеке қала деп тұжырымдайды.
Академик «Қазақстанның сәулет тарихы» атты ең­бегінде: «Іле өзенінің аңғарындағы бел­гілі қалалардың біріне Екі Өгіз қаласы жатады. Махмұд Қашқаридің картасында ол Іле өзенінің оң жағасынан алыс емес, Кем-Талас (кіші Талас) қаласымен қатар орналасқан, ол әрине, ежелгі Қойлыққа сай.
1253 жылдың күзінде Екі Өгіз қала­сына Рубрук келеді. Өзінің жаз­баларында оны  «Эквиус» деп атайды. Махмұд Қашқари (XI ғасыр) оны «Еки Буиз» (екі мүйіз) деп атай бастайды. Іле өзенінен өткен соң, «біз Эквиус деп аталатын тәп-тәуір қаланы кезіктірдік, онда көшпелілер тұрады екен», – деп жазды Рубрук.
Ежелгі Екі Өгіз қаласы Іле өзенінің оң жағасынан алыс емес, қазір Шеңгілді ауылы тұрған жерде орналасқанын архео­­лог­тар анықтады. Ол Мах­мұд Қашқаридің картасында көрсетілген. Бұл жерден ас үй керамикасының фраг­менттері, су өткізетін қыш құбырлар және басқа заттар табылған. В.В.Бартольд және А.Н Бернштам Эквиусті ежелгі қала Ілебалыққа да ұқсатады. Біздің ойы­мызша бұл қате, өйткені Екі Өгізге қара­ғанда Ілебалық едәуір кейін (XVI г.) пайда болған және ол Іле өзенінің төменгі ағы­сында, бүгінгі Қап­шағай торабында ор­на­ласқан. Бұл орын осы күнге дейін зерт­тел­меген, бірақ мұнда ежелгі егін­шілік мәде­ниетінің іздері бай­қалады.
Мұхаммед Хайдар Дулати жазғандай, XVI ғасырдың басында Ілебалық қа­ла­­сы Моғолстан ханы Уәйістің бас ор­да­сы бол­ған.  XVIII ғасырдың екін­ші жар­­ты­сын­да мұнда жоңғарлар қоныс­тан­ған, оны бұл жерден көптеп табылған буд­да жазу­­лары мен Будданың бейнесі дәлел­дейді. Бұл орынды қазақ­тар «Таңбалы тас» деп атаған.
Қойлық пен Ілебалықтың көптеген мә­дени қабаттары бар, ауданы төрт бұ­рышты шағын қоныстар қатарымен байланысты. Қоныстар Іле өзенінен Жоңғар қақпасына дейін баратын ежелгі керуен жолы бойынша орналасқан. Бүгінгі Талдықорған, Қапал, Жаркент қалалары ежелгі қоныстарының үйін­ділеріне жақын орна­лас­қан», – дейді Әлкей Марғұлан Ілебалық қаласына байланыс­ты тұжырымдарында. Шетел ғалымдарына қарағанда Әл­кей Марғұлан өзінің ту­ған елінің тарихы мен өтке­ніне мұқияттылықпен, жана­шыр­­лықпен қызығу­шылық таныт­қаны айқын. Сондық­тан біз үшін Әлкей Марғұланның пікірі құнды.
Әлкей Марғұланның тұжы­рымын ака­­демик К.М. Байпақов да растай тү­седі. Гетум жол­сапарындағы дерек­тер­­ді талдай келе ол: «Ілебалық де­ген сөз – Іле өзені бойындағы қала деген ма­­ғына береді», – дейді. Оның пікірін­ше, қала ең алдымен Іле өзенінің жаға­сын­­да орналасқан. Әзірге қала орны анық­­талмай отыр. Ғалым оны Жаркент маңындағы Көкталда орналасуы мүмкін деген пікір ұстануда. Ілебалық Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі  қалалардың бірі болғандығы жайында түрлі тарихи басылымдарда да кездеседі. Ал енді оның анық-қанығына көз жеткізуді археолог ма­мандардың еншісіне қалдырайық.

Р.БЕКТЕНҚЫЗЫ.

Жауап қалдыру