«Георгий лентасын» алмастырар кез келді!

0
111

Алдымызда 9-мамыр Жеңіс күні мерекесі жақындап келеді. Үстіміздегі жылғы осынау дүбірлі шараның екпіні ерекше болайын деп тұр. Олай болатыны, осыдан тура 74 жыл бұрын фашистік Германияның қарулы күштері кешегі Кеңес одағы деп аталатын бейбіт жатқан елге аяқ астынан тап беріп, неміс басқыншылары соғыс ашты. Бұл қанды қасап қырғын 1418 күнге созылды. 60 миллионнан астам адамзат баласы осы соғыстың құрбаны болды. Олардың арасында 700 мыңнан астам біздің ата-бабаларымыз осы қасіреттің құрбаны болды. Осы ұзаққа созылған қырғындағы Жеңісімізге 70 жыл толып отыр. Бұл туралы басылым беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Бүгінгі біздің айтпағымыз, жыл сайын осынау Жеңіс күні мерекесінде білім орындарындағы оқушыларымыз мен студенттеріміз, жастарымыз қоңыз түстес «Георгий лентасы» дейтін белгіні жарқыратып тағып алуды әдетке айналдырғаны жайлы болмақ. Оны айтасыз кейбір зиялы қауым өкілдері де осы лентаны бір күндік сәндік үшін пайдаланудан сырт бермейді. Халқымызда «жаман әдет жұққыш келеді» деген сөз бар. Онсыз да жат қылықтардан арыла алмай жүргенімізде әлем-жәлем осы жолақты күнделікті тағып жүретін салтқа айналдырып алмасақ неғылсын.
Айтқандай, Шығыс Қа­зақ­станда облыс орталығы – Өс­ке­мен қалалық әкімінің орынбасары Бұлбұл Бәкінова осы Геор­гий белгібауына ұқсас лента әзір­леніп жатқанын, әрі Же­ңіс кү­ні мерекесі күні барлық қала тұр­ғындарын тегін таратылатыны жөнінде айтқан. Олар осы қы­зыл-қоңыр белгібаудың бір жа­ғына халқымыз­дың ка­һар­ман­дығы мен ерлігін бейнелейтін Ұлы Отан соғысының көрінісін бейнелемек. Әрі «9-Мамыр – Же­ңіс күні. 1941 − 1945 жылдар» төсбелгімен бекітіл­мек. Тіп­ті осы белгібаудың қан­ша әзір­леу қажеттігі жө­нін­де Елор­да­мыз­дағы билік басын­да­ғы­лардан жауап күтіп отырса керек. Ал керек болса.
Енді осы лентаның түп-төр­кі­ні қайдан шықты деген сауалға келсек. Алғаш рет бұл белгібау 1806 жылы орыс армиясына Георгий марапат жалаулары ретінде ен­гі­зі­ліпті. Жалаудың басында Георгий кресті бейнеленіп, оның жоғарғы жағына қара және сары түс­ті ерекше лента байланыпты. 1878 жылдан бастап бұл лента «Георгий лентасы» аталды. Дегенмен, христиан дінінің сенімі бойынша қасиетті саналатын Георгий атындағы медаль, орден, жалаушалар 1917 жылдан бастап кеңес өкіметі аумағын­да бір­де бір рет қолданылмаған.
Ресей билігі 1992 жылы Георгий орденін қайта қалпына келтіргеннен кейін ғана осы белгібау қайта пайда бола бастады. Оның астарында отарлау саясатының өктемдігі жатқан сыңайлы. Неге де­сеңіз, «Георгий лентасы» десе, біздің есімізге бірден казактар түседі. Себебі, казактар осы Георгий орден, медальдарымен марапатталып отырған. Ал, ка­зак­тардың қазаққа не істеге­ні, олардың тарихын біз өте жақсы білеміз. Оны айтасыз жоғарыда айтқан Өскемен қаласындағы «Казак атамандығы» ұйымы кезкелген мерекелерде қаруларын асынып, ұлттық киімдерін киіп, осы белгібауын жарқыратып тағып шығуды заңды деп есептейді. Оларға «әй дейтін Әже, қой дейтін қожа көрінбейді». Қала билігінің істеп отырғаны жоғарыдағыдай. Болашақтағы біреулердің бизнес көзі болып жүрмесе неғылсын?!. Алматыда осындай жағдай кең етек жая бастағанын жасырғымыз келмейді.
Тағы бір айтпағымыз, осы дерт біздің елді ғана емес, Ресей, Гүржүстан, Абхазия, Беларусь, Украина, Грекия, Франция, Италия, Эстония, Латвия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Молдавия, Әзірбайжан, Қытай, Вьетнам, Бельгия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан бастаған әлемнің 30-дан астам елін жайлап алғанын айтқымыз келеді. Бір жылдағы белгібаудың таралу көрсеткіші 50 миллионға жеткен. Жаман әдеттің жұққыш келетінін бір айғағы осы.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, жастарымыздың санасын улайтын, Отаншылдық сезіміне селкеу түсіретін жолсыз әрекетке заң жүзінде тыйым салайық.
Шайыр БАЙЫНҚОЛ

Жауап қалдыру