Ер Қарасай өсиетінің жаңғырығы

0
93

Даңқты қолбасшы Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына байланысты оның ұрпақтары мекендеп жатқан аймаққа екі күндік тарихи сапар ұйымдастырылды. Тарихшы-ғалымдар мен жазушылардан, өнер майталмандары мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған тарихи-танымдық экспедиция мүшелерін Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрынов бастап жүрді.
Елбасы – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы игі шара Ұзынағаштағы Шы­нәсіл мешітінде батыр мен одан тараған даңқты ұрпақ­тарының әруағаны арнап Құран оқудан басталды. Осы жерде алдағы сапардың мән-жайымен, жалпы саяхат маршрутымен таныстырған шараның бас ұйымдастырушысы, жазу­шы-жамбылтанушы ғалым На­ғашыбек Қапалбекұлы тарихи-танымдық экспедиция мүшелеріне «Ақжол» ай­тып, сапарға шығарып сал­ды.

Қарасай Алтынайұлының кіндік қаны тамған Суықтөбе баурайына ат басын бұрған сапарлаушы топты Шиен ауылының азаматтары құрметпен қарсы алды. Өтеп батыр кесенесінің түбінде ауыл ақсақалы Сапарбек Нұрқасымов әңгімені тарих қойнауынан бастады:
– Қарасай батырдың Әуез, Өтеп, Түрiкпен, Көшек атты төрт ұлы болған. Бабамыз өмірінің бір сәтінде «Төртеуiңнiң ешқашан уық-керегелерiң ажырамасын, араларыңа қылау түспесiн. Сонда береке-құттарың тасып, жақсылық өздерi-ақ келедi. Ал, бiрiңдi-бiрiң көре алмай, күншiлiк етсеңдер, таршылық жасасаңдар берекелерiң кетедi. Осыны кейiнгi ұрпақтарыңа Қарасай бабамыздың өсиетi деп аманат етiп жүрiңдер!» – деген екен. Бүгінгі сіздердің сапарларыңыз Ұлы Баба өсиетіне адалдық әрі ұрпақ жалғастығының шынайы үлгісі деп санаймын, – деп ақжарма көңілмен алғыс сезімін білдірді.
Игі шараның тарихи-та­ным­дық маңызы экспеди­ция мүшелері Суықтөбе баура­йындағы қыруар қазба жұмысы жүргізілген аумаққа жеткенде қыза түсті. VІІ ғасырдан бүгінгі күнге тәберік болып қалған Қастек бекінісі туралы сол жерде белгілі тарихшы Асқар Селебаев жаугершілік замандағы батыр ұрпақтарының жан­қияр­лық ерліктерін алға тарта сөйледі. Танымал археолог Арнабай Нұр­жа­новтың бекіністің қазба жұмысындағы тірнектеп жиған зор еңбегіне баға берді. Батыр мен оның ерлік жолдары, атақты ұрпақтары мен бүгінгі Қазақ мемлекетінің қалыптасуына қосқан игілікті үлгілері туралы тарихи дәріс әңгіме Сұраншы мен Саурық батыр ауылдарында да аз айтылмады. Жазушы, ғылым докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Сұраншы батыр» ғылыми орталығының жетекшісі, ғалым Сәуле Рысбаева, жа­зушы-кәсіпкер, Халық­аралық Жамбыл қорының президенті Манарбек Ізбасар көпшілік алдында толғай-толғай әңгіме шертті. Батырлар мен ақындар еліне әдейі ат басын тіреген жолаушының міндетті түрде Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі музейіне мойын бұрмай өтпейтіні бар. Қонақтар бұл жолы да жақсы дәстүрден ауытқымай белгілі үш тұлғаның басын барып тәу етті, тарихи музейдің жаңадан қосылған деректерімен танысты.
Келесі күнгі сапар Қарасай ауданында жалғасты. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев экспедиция мүшелеріне батыр атындағы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен Президент Жолдауына қатысты аймақта нақты атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар туралы тебірене сөз қозғады. Қонақтар Қарасайдың кенже ұлы Көшек Батыр туралы тарихи әңгімеге кеңінен қанықты. «Атамекен» музей кешенінде, Елбасы оқыған мектепте, аудандағы Батырлар музейінде болды.
Тарих беті Қарасай батыр туралы жаңадан туындаған бейне жазбалармен, фотосуреттермен, тарихшы ғалымдар айтқан тың дерек­термен толықты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Суреттерді түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Алматы

Жауап қалдыру