Елі үшін туған ер

0
28

Есік алдында аумағы кең алма бауының бергі жақ шетіндегі ағаш көлеңкесінде, ескі тепшектің үстінде шалғы шыңдап отырған Өмірбай Сақов қартқа «Ассаламағалейкум» деп өзімсіне сәлем бердім. Амандық-есендік сұрасып, жағдайды біліскеннен кейін Өмекең көнетоз костюм-шалбарын қаққылап, жуынып-шайынды.
– Жүр, үйге кірелік, інім, – деп өзі алға бастап жүрді! Бұл жолғы әңгімеміз Ұлы Отан соғысы туралы болды.
Аякөз қаласында үш ай дайын­дықтан өтіп, Мәскеудің терістігі жағындағы жан-жағын қарағай қор-шаған Ногинск қаласына кеп жеттік. Бәріміздің есіл-дертіміз тезірек соғысқа ену. Неге екені белгісіз, біз бір аптадай босқа жатып қалдық. Ешкім былай жүр, олай тұр дейтін емес. Мұсылмандарды соғысқа жіберуге сенімсіздік ту­ғандай. Таңер­тең дивизия, полк коман­дирлері бәрімізді жинап ап:
– Бізді соғысқа жібермей жа­тыр. Жұмысшы батальонына ба­ра­сың­дар дейді. Оған біз қайта-қайта Мәскеудің әскери окру­гіне: «Жұмысшы батальонына бар­май­­мыз, жаумен бетпе-бет соғы­самыз» – деп өтініш айтып жатыр­мыз. Ондағылар онда жалпы жина­лыстың қаулысын әкеліңдер деп талап етті, – деді. Біз:
– Жұмысшы батальонына бар­май­мыз, соғысқа барамыз, – деп бір ауыздан қаулы алдық. Содан бізді бірнеше полкке бөлді.
Горький қаласынан 60 шақырым шалғай әскери лагерьге кеп, бұ­рыннан қазылып, ішіне адам жататын етіп екі қабатты нар жасап қойған бірнеше жер асты кепелеріне орналастық. Сол жерде танкіге қарсы жойғыш артиллериялық 179-полк­те зеңбірек атушысының орын­басары боп арнайы оқу-жат­тығудан өттім.
– Қазан айының 27-інде поезға мініп, Сталинград маңына жақын­дап, тоқтадық. Кіші командирлер түн­де-түнде алғы шепке апарып, окоп қаздырып, соғыс өнеріне ма­шықтандыра түсті. Бір аптадан кейін біз алғы шептен біржола орын ап, бекіндік.
Таңғы сағат төрт. Шир өзені жанындағы Шир станциясы маңы­нан шабуылға шыққан. Жау­дың қор­ғаныс-бекінісін бұзып өтіп, Су­ро­викин, Таксинский стан­ция­ларын, Мо­ро­зовский қала­сын бо­сат­­тық. Одан кейін Белая калит­ва­ны азат еттік.
Шамалауымша, майдан қолбас­шысы немістерді Сталинград түбін­де қоршауға алғаннан кейін бізді батысқа қарай жылжытқан тәрізді. Братовск облысы Довженко село­сында кескілескен ұрыс жүр­гізіп, Ставрельский, Рубежный деген қала­ларды басып алдық.
Полкімізде аға сержант, Совет Одағының Батыры Кайдалов деген орыс жігіті болды. Ұрыс даласында менің зеңбірегім ылғи көш басында, оның зеңбірегі екінші боп келе жататын.
Рубежный қаласының жанында Донек деген өзен бар екен. Сол жерде немістер үлкен қорғаныс-бекініс жасап, қарсыласты. Судың ар жағында олар, бер жағында біз. Шабуылға шықтық.
– Қай мезгілде?
– Таңғы сағат төрт.
Шабуыл ұдайы таңғы төрт­тен басталады. Алдымен артил­лериялық дайындық жасайды. Бір сағат, қоры мол болса, екі сағат артил­лериямен немістің алдыңғы шебін төмпештеп, талқандайды. Содан кейін барып танкілер, жаяу әскерлер шабуылға шығады.
Жау өзеннің ар жағында, біз бер жағындамыз. Олардың тұрған жері биік. Әр қимылымызды алыстан айқын көріп, қалт жібермей көз­деп атып жатыр. Кешке дейінгі шабуылдан еш нәтиже шықпады. Өзеннің арғы бетіне түнде өттік. Көпір жоқ. Қолдан паром жасадық.
Таң ағара бастағаннан не­містердің ұшақтары дүрін-дүркін бомбалап, артилериямен атқылап, танкілермен, жаяу әскерлермен әлсін әлі шабуылға шықты. Жау­дың қанша солдатының жойыл­ғаны бізге беймәлім, өзеннің бер жағындағы біздің солдаттар едә­уір шығынға ұшырады. Полкіміз барлық күшінен айырылып, қайта­дан шегініп, өзеннің бергі бетіне өтуге мәжбүр болды.
Көп ұзамай қосымша бұйрық кеп, өзеннің арғы бетіне қайтадан өттік. «Жеткен жеріңде қал. Өлсең, өлесің. Шегінуге болмайды!», – деген тағы бұйрық алдық. Біз босатқан ені 2,5 ұзындығы 2 километр көлемдегі жерде қорғаныс-бекініс жасап, жауға беріспедік.
Немістер ақырғы күшін жинап, Орлов, Курск доғасында жойқын шайқасқа дайындалды. «Бірде-бір адам ұйықтауға тиісті емес. Немістердің аса көп, кейбір күні 500 танкісі шабуылға шығуға дайын тұр», – деген хабар жетіп жатты.
Бұл кезде мен зеңбіректен көзден атушы болғам. Күткен күн де жетті. Мен тоқтаусыз 50 снарядты бірінен кейін бірін аттым. Зеңбіректің ұңғысы қызыл алау боп жанып, еруге айналған сияқты боп кетті. Оқ-снаряд ұңғыдан сыртқа оңайлықпен шықпайды екен.
– Таңертеңгілік сап алдында: Төрт танкінің көзін жойдың. Сенің осы жауынгерлік ерлігің үшін, – деп полк ко­миссары омырауыма Отан со­­ғы­­сы­ның бірінші дәрежелі орденін тақ­ты.
Шабуылдан отырып, Кра­матор­ский, Нишенский, Красный ли­мон, Константинопольский дег­ен қала­ларды босаттық. Біз­дің полк ерекше жауынгерлік ерлік, табандылық көрсетіп, Констан­тинопольский қала­сын босатқаны үшін Констан­тино­польский атын­дағы 179-шы танкіге қарсы жойғыш артилериялық полк деп аталды.
Ерекше тоқтап айтатын жағдай, Донбаста Славянка дейтін қыстақ бар екен. Ол аудан орталығы көрінді.
Менің зеңбірегімді сүйреген машина көш басында келе жатқан еді. Әлгі қыстақтың бергі шетіндегі кішілеу өзен, шалшыққа тығылып, арғы жағаға шыға алмай, тоқтап қалдық. Соңымыздан ілескен бас­қа­лар өткел тауып өтіп кетті.
Бір кішілеу танкі келе жатыр екен. Мен қол бұлғап шақырып ап, машинамызды әлгіге тіркеп, арғы жағаға шықтық.
Бізден бұрын өткендер зеңбірек­терін қыстақтан бергі, өзіміз келген жаққа қаратып орнатты. Жол қыстақтың ішіне жағалап барып кіреді екен. Мен зеңбірегімді жолға жетпіс метрдей жақын апарып, қыстаққа қарата орнаттым.
Қазан айының іші. Таң сібірлеп жаңа атып келе жатқан кез. Күн буалдырланып, біртүрлі тұман­датып тұрған сияқты. Бір қарасам, қыстақ жақтан жаяу әскер тым-тырақай қашып келеді. Бізді тіпті еле емес. Бәрі «Танкі, ат! Ат!», – деп айқайлайды. Танкілер гүріл­деп, патырлатып атып келе жат­қа­ны естіліп, жақын­дай түсті. Алды­мыздағы жол төрт тарапқа бөлінген еді. Мен қорыққан­дығым­нан ба, білмеймін, коман­диріме.
– Қай жолмен келе жатыр? – деппін. Ол:
– Қай жолмен келсе де атасың! – деді. Нысананы негізге бағытқа бұрып, дайын тұрғанымда алдыңғы танкі де көрінді. Көздеп аттым. Қою түтін бұрқ етті. Оған зеңбірегіміздің түтіні қосылып, ештеңе көрінбей кетті.
Жаяу әскерлер:
– Ат, Атшы ат! – деп айқайды салып жаты. Тағы екі рет атып үлгердім.
Жүзімді жылы қан жуып, төмен сырғып жатыр. Екі алақаныммен сипай сыпырып жібердім. Шине­лімнің етегіне дейін қан. Кенет шал­қалақтап барып, ор-шұңқырға құладым. Қимылсыз жатырмын. Есім бүтін.
Взвод командиріміз зеңбірекке тура ұмтылып, екі рет атты. Неміс­тің танкілері кері бұрылып, шегінді. Төңірек сәл өтпей тыныш­тық құша­ғына енді.
Оқ менің мұрным мен маңдайым­ның қосылған тұсынан жанай өтіп, етін жалбыратып кетіпті. Санитар кеп бір көзімді ашық қалдырып, басымды таңды.
Өмірбай қария әңгіме желісін бір сәтке үзіп, мұрны мен маңдайының қосылған жеріндегі томпайып біткен тыртықты көрсетті.
– Оқ сәл төменірек тигенде миымды шашып жіберетін екен. Ажа­лым жоқ қой, – деді күлімсіреп.
– Құдай сақтаған екен, – дедім ажал­дан өзім аман қалғандай қуанып.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ

Жауап қалдыру