Домалақ ене

0
248

Қазақ халқы сөзге шешен, өлеңге кө­сем, шежіре жаттауға шебер болғаны рас, сон­дықтан да қазақтың ауыз әдебиеті шындықты ықылым замандардан аңыз, терме, жырлар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа бұзып-жармай жеткізіп отырған.
Нұрила анамызды кезінде дана хал­қы­мыз «Домалақ ене» деп атап кетіпті, ол шынайы бір әулие жан еді. Оның үстіне анамыз Әулие ата өңірінде өмірден өтті.
Нұрила анамыздың аңызға айналған да­налығына көз жүгіртпес бұрын қысқаша тарихты анамыздың ері Бәйдібектен және оның ата-тегінен бастаған жөн сияқты. Бәйдібек бабамыздың тегі Шыңғыс ханға қызмет еткен Майқы биден басталады.
Майқы би ұзақ өмір сүрген деседі (1105-1225) және ол халықтың айтуы бойын­ша Үйсін тайпасынан шыққан. Ор­тағасырлық кейбір араб, парсы, түрік және моңғол деректерінде Майқы би Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билік құрған тұс­та өмір сүріп, қызмет еткен. Тарихи мә­лімет бойынша Майқы би Шыңғыс ханның ең жақын кеңесшісі және төбе би бол­ған екен. Майқы би Шыңғыс ханнан бас­тап, оның балалары тоғыз моңғол ханының сайлану рәсіміне қатысқан. Ай­талық, Шыңғысханның баласы Жошы хан­ды Ұлытауда ақ киізге отырғызып хан көтергенде қасында болған.
Бәйдібек бабамыз өзі өмір сүрген ай­мағында билік жүргізген және Түр­кістандағы Ақсақ Темір салған сол заманның сәулеті күрделі Қожа Ахмет Яссауи кешенін салуға атсалысып, басқаруға да араласқан ғұламалардың бірі.
Бәйдібек би өз тұсындағы жылқылы бай­лардың ішіндегі ең байы болған деседі ел. Бабамыздың мыңдаған үйір-үйір жылқысы өзінің түр-түсі, тұқым-нәсілімен өріп, Қаратаудың Боралдай, Қос­тұра, Ақтасты, Керегетасты, Жетімтау шатқалдарының теріскей, күнгей жағын түгелдей қарақұрымдай қаптап жатады екен. Жылқысы Боралдай өзенінен өткенде өзен бөгеленіп суы ақпай қалады деседі жұрт.
Газеттерде де тарихи еңбектерде (Құрал­бек Ергөбековтің т.б. еңбектерде) Бәйдібек бабамыздың қанша әйел алғаны және қанша балалары болғаны туралы деректер әрқилы.
Бір жыр-толғауда екі, басқасында үш, не төрт әйелі болған десе, енді бір еңбекте әйелі мен келіндерін шатастырып келтіреді.
Қазақ шежіресінің көпшілігінде Бәй­дібек бабаның үш некелі болғаны айтылған. Соңғы аңызға тоқтаған жөн сияқты, өйткені шындық әр кезде ортада жатады.
Кенен ақын жырлаған шежіреде Бәй­ді­бектің үш қосағы болған. Және де ол үшеуі­нен бес бала өрбігені жөнінде былай деп ай­тылған:
«Бәйбішеден СарыҮйсін таралады,
Аз ел болған, көп емес қаралары.
Шапырашты, Ошақты, Ысты үшеуі
Зеріп деген әйелдің балалары.
Бәйдібектің тоқалы Домалақ-ты, (Нұрила)
Туған екен Домалақ Жарықшақты.
Ол кісінің аты екен Бибісара,
Ешкім оның шын атын атамапты».
Нұрила анамыз жас кезінде жетім қалып, атасы Мақтым Ағзам қожаның қолында тәрбиеленеді. Нұрила 19 жасында Бәйдібек би­ге тұрмысқа шығады. Кейін бертін ке­ле қазақ халқы Нұриланың адалдығын, мейірім­ділігін, даналығын, дене құрылысын ескере келе «Домалақ» ана деп атап кетіпті. Нұрила ананың мол емшілік қасиеті бар екен. Ол кездескен адамның басын уқаласа оның сырқатын сылып алғандай бойы жеңіл­деп сала береді екен. Оған ниет етіп келсе, ем қонып, ауруынан құлан таза айығыпты.
Бәйдібектің сары бәйбішесінен туған сегіз ұл малдарын айдап кеткен жау сойылының соққысынан Күйік асуында мерт болған делінетін жерлерін Жамбыл жырлаған нұсқада Домалақ ана бейнесі былайша сипатталған:
«Балаларың тіл алмай,
Осы жерден жөнелді.
Қайтпайтұғын серт болды,
Балаларың мерт болды.
Барып қара өлікті,
Жалған деме мұнымды».
Бәйдібек те жөнелді,
Қайта оралып келеді.
«Балалар тегіс өліпті…» –
Деп жауабын береді.
Домалақ енем бас болып,
Арба жегіп айғырға,
«Өлгенге енді қайғырма», –
Деп, жұбатып, әл беріп,
Дереу жинап, өлікті,
Бір жерге әкеп көміпті»
Ең қызық жері неге Бәйдібек баба­мыздың мыңнан аса жылқысы бола тұра, өзін, малын, бала-шағасын қорғайтын 30-40 жасақ ұстамаған? Неге туған балаларын, мал­ды қайтар деп жау қолынан өлтіріп ал­ған?
Енді бір деректерде сары бәйбішенің бала­лары қызылша ауруынан не су топанға кетіп мерт болған деп келтіреді.
Шежіреші Е. Ағыбайұлы былай дей­ді: «Бәйдібектің кіші зайыбы Домалақ жүк­ті болып, ай-күні жеткен уақытта Са­ры бәйбіше оның жанына ешкімді жақын­датпапты. Сөйтіп, өзі жүріпті. Бұрынғы шешелеріміз жүкті әйел толғатқан кезде бақан орнатып, арқанға асылдырып, бо­сандыратын. Домалақ шешеміз де солай босаныпты. Сары бәйбіше қараса, бала ұл екен. Ол: «Тоқалға да осындай бала бола ма? Барынан жоғы жақсы», – деп, күндестікпен нәрестенің маңдай сүйегін шеңгелдеп, езіп жіберген. Сол күйінде бала анасын ембей қалған дейді.
Бәйдібек келіп қараса, бала жарық шеке боп туған. Ол бір белгілі сүйек салғышты алдырып, баланы көрсетеді. Оташы көріп: «Бұл іштен туа болмаған. Балаға суық қол тиіпті. Тасбақаның баласы болса, алып келіңдер», –дейді. Сөйтіп, тасбақаны ал­дырады. Оның қақпағын ашып, жұқалап жонып, баланың маңдайындағы сүйектерін алып, әлгі тасбақаның қақпағын сол жерге қояды. Содан ол бітіп кеткен. Сөйтіп, азан шақырып қойылған баланың аты Тілеуберді бертін келе Жарықшақ атанып кетіпті».
Осы жерді заңғар ақын Жамбыл Жабаев былай жырлайды:
Жарық жерін басының,
Ойып алып оташы,
Тасбақаның сүйегін,
Жамап соған егеді.
Бала оңалды үш айда,
«Жарық төбе болды деп–
Жарықшақ ат» қойды көп…
Жарықшақтан туды үш ұл:
Бірі Дулат, бірі Албан,
Бірі Суан білсең бұл…
Бәйдібектің бірінші әйелі Сарқы (сары бәйбіше) Тілеубердінің басын жарып қой­ғанына ашуланып, анасы Нұриланың бер­ген қарғысы:
Жүзге жетпе,
Жүзге жетсең,
Күзге жетпе.
Міне, орынды қарғыс оңалтпайды деген осы.
Бәйдібек басқа әйелдерінен де біраз бала кө­реді. Бірақ олардың ұлынан қызы көп болады. Бәйдібек балаларына енші бергенде даланың қалыптасқан заңын бұзып, өзінің жақсы көрген сұлуының балаларына үлес­ті ерекше мол беріп, Домалақ ененің бала­ларына қалған ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаңын ғана береді. Бұған риза болмай бұртаңдаған балаларына Домалақ ене: «Тәңірінің жазуы солай шығар. Құдай деген құр қалмас, жасағаннан тілейік» деп олардан тағдырдың салғанына көнуді талап етеді.
Бәйдібек мұнымен де қоймайды, До­малақ енені балаларымен жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Бұған риза болмай тұртаңдаған балаларына Домалақ ене: «Тәңірінің жазуы солай шығар. Құдай деген құр қалмас, жасағаннан тілейік» деп олардан тағдырдың салғанына көнуді талап етеді. Арада бес жыл өтеді. Баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік далаға сыймай кетеді. Домалақ ана кім келсе де есігін айқара ашып, дас­тарқанын жайып, құрметпен қарсы алады.
Ал шалғай жайылымға кеткен Бәйдібек бол­са, үлкен жұтқа ұрынып, жоқшылықта қай­тыс болады. Мұны естіген Домалақ ене балаларын жұмсап, әкесін арулап жер­леткізеді, жылы болғанда асын бергізеді. Өзі қара жамылып, қалған ғұмырында қо­сағының қайғысын аза тұтуға шешім қабылдайды.
Енді бір деректерде Бәйдібек бабамыз Нұри­ланың даналығын ескере отыра, өле өлгенше қасынан тастамаған және ақыл-кеңес сұрап отырған деп келтіреді.
Бәйдібек дүниеден өткен соң Нұрила ана­мыз қайнысы Келдібекке: «Қазақ ата­м­ның жолы бойынша, «аға өлсе – іні мұрасы» деген, нәмеңгеріңмін ғой, жесір етпей, мені ал», – дейді. Бірақ Келдібек оның тілегін қа­был етпепті.
Осы жәйтті Қазанғап ақын да жырға қос­қан.
Өзінің еңбегінде Қ. Ергөбеков Домалақ ананың тілегін қабыл көрмеген Келдібектің үрім-ұрпағы боп саналатын Шақшам тай­пасының өспей қалғаны сонша, олар әлі күнге дейін өзара руға бөлінбей келеді деп келтіреді.
Домалақ ана дүниеден өтерінде ба­ла­сына: «Қаза болсам, денемді мына кәрі нар түйеге артып жіберіңдер. Түйенің шөккен жеріне сүйегімді қойыңдар» депті. Осы аңыз халық арасында кең тараған Қазанғаптың жыр-дастанында да айтылады:
«Домалақ бір күні айтты Жарықшаққа,
Балам-ай, мен көшемін, қапа тартпа.
Қай жерге барып шөксе мені қойғын,
Табытым жайластырып ақ нарға арт та».
Болжалды қайтыс етті айтқан күнде,
Тасқотан, Әулие Ата етегінде.
Шымкентте, Арысқа кеп түйе шөкті,
Жеріне Бөген, Шаян жетеді де».
Халық аңызы бойынша, Домалақ ана Әулие Ата өңіріндегі Тасқотан деген жерде көз жұмған. Оның сүйегін табытқа жайластырып, ақ нарға артып, түйені еркіне қоя берген. Сонда нар түйе Шымкенттен өтіп, Шаянға жетпей, Қостұраның етегіндегі Балабөген өзеніне таяу жерге келіп шөккен екен. Осы жерде Бәйдібек баба мен Домалақ ананың кесенесі көтерілген.
Кейінгі өскен ұрпақтарда да Домалақ анадай даналықты, батырлықты көрсет­кендері халқымызға айғақ. Мысалы, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен автоматшы және мерген, Кеңес Одағының батыры «Қа­зақ бауырларым, маған еріңдер» –деген ұранмен отандастарын окоптан көтерген Әлия Молдағұлова, мерген және пулеметші Кеңес Одағының батыры Мәншүк (Моншақ шын аты) Мәметова, қазақтың қаһарманы – ұшқыштығын соғыста шыңдаған Хиуаз Доспанова, ақын Фариза Оңғарсынова, әнші Роза Бағланова, қазақтың тұңғыш еңбек ері, ұстаз Аягүл Төреқызы т.б.
Осы келтірілген ана және әпкелеріміздің даналық, ерлік істері кейінгі өсіп келе жат­қан жеткіншектердің патриоттық сезім­дерін жоғарылатып ұлтын, тілін, жерін сүйетін азаматтар болуына ықпалын тигі­зетініне сенімдімін.

Жұмабай БАЙНАТОВ, Қазақ ұлттық техникалық
университетінің профессоры, техника ғылымының докторы,
«Құрмет» орденінің иегері

Жауап қалдыру