Дара тұлға – Әлихан Бөкейханұлы

0
45

Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры

ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясы «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысын бекітті. Енді жауапкершілік – Қазақстан Үкіметі мен Алаш көсемінің өмірін, сан қырлы қызметін, баға жетпес мұрасын зерттейтін ғалымдар мойнында.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бө­­кей­ханов (05.03.1866 – 27.09.1937) – соңғы хан-сұл­тан­­дардың бірі – Бөкейдің тікелей ұрпағы. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5-наурызда дүниеге келген.
Сонау Омбыда оқыған 1886-1890 жылдары-ақ Әлихан Бөкей­ханов Ресей империя­сының отарлық езгісінде отыр­­ған алты алашының тари­хын, мәде­ниетін, көшпелі шаруа­шы­лығы мен кәсібін зерттей келе, отаршыл империяның жүр­гізіп отырған жыртқыштық, озбыр­лық саясатына қоса туған халқының тұрмыс-тіршілігіне деген сыни көзқарасын білдіре бастайды.
Омбы техникалық училище­сін аяқтаған соң, ең алдымен қазақ халқының ата-баба же­рін келімсектерден қорғау керек­тігін бүкіл сана-сезімі­мен сезген Әлихан 1890 жылы Санкт-Петербургтың орман инс­титутына түсіп, оны­мен қа­тар Императорлық универ­ситеттің заң факультеті курсын экс­терн әдісімен оқып, 1894 жылы ормантанушы-ғалым жә­не заңгер деген екі диплом ала­ды.
Әлихан өзінің сан қырлы ғылыми және публицистік қызме­тін қоғамдық-саяси кү­ре­сі­мен қарама-қатар атқа­руға мәжбүр болды. 1905-1907 жыл­дардағы бірінші орыс төң­керісі кезінде ол ұлт зиялы­ларының Ахмет Бай­тұр­сынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсек­ұлы, Айдар­хан Тұрлыбайұлы сынды ал­дыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, бү­гінгі күні «Алаш» деген атауы­мен белгілі ұлт-азаттық қоз­ға­лысының жаңа толқынын бас­тады.
Өзінің 1910 жылы Санкт-Петербургте «Қазіргі мемлекет­тердегі ұлттық қозғалыстың формалары» жинағымен басылып шыққан «Қазақтар» («Қыр­­ғыздар») атты әйгілі тарихи-анықтамалық очеркінде Қыр баласы – ел ағасы өзі бастаған осы зиялылар то­бын «батысшылдар» деп атай­ды: «Таяу келешекте қырда, бәлкім, екі саяси партия ұйым­дастырылатын шығар. Олардың бірі ұлттық-діни аталуы ықти­мал және қазақ­тар­дың өзге мұсыл­ман­дармен бірігуі оның идеалы болып табы­лады. Екінші батыс­шыл бағыты осы сөздің кең мағы­насында айтқанда – қазақ дала­сының болашағын саналы түрде батыс мәдениетін жүзеге асыра отырып көреді».
Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде та­нылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.
«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі ке­зеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәулік­тен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмы­рының ақырғы 15 жылын сарп етті.
«Алаш» қозғалысының басы-қасында жүріп, ол халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, Алтын Орда­ның заңды мұрагері болып табылатын, бір кезде қуат­ты мемлекет болған Қазақ хан­дығының бірліктен, күш-қуа­ты­нан айырылып, отар­лық­қа түсуінің объективті де субъек­тив­ті себептерін анық­тады. Ол, сондай-ақ, ХІХ ғасыр­дың бірінші жартысында Ресей импе­риясының отарлау саяса­тына ең ауқымды қарулы қарсылық көрсеткен Кенесары хан көтерілісінің өз мақсатына жете алмауының тарихи себеп­терін де мұқият зерттеді. 1903 жылы Санкт-Петербургте Әли­хан екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жария­лады. Бұл шығармасында ол Қазақ хандығының тарих сах­насына шығуын, хандықтың кейі­нірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құра­мын деп оның отарына ай­налуы, ақыр аяғында Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттігінен айы­рылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап берді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақ­тар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.
Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: алты алаштың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүз­дерді біріктіре алмауы. Әли­хан жазбаларының бірін­де «бұрынғының көбі, – күш-қуат­ты тиісті орнына жұм­самай, бірінің көзін бірі шұқу­дан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қыл­ғанының бәрі зорлық-зом­былық еді» деп жазған. Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұл­тандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кеш­кен, қайталанбас салт-дәс­түрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.
Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған алты алаш көсе­мінің екінші маңызды саяси тұжырымы – қарулы күрес арқылы қуатты орыс импе­риясының отарлық шыр­мауынан құтылып, ұлттық мем­лекетті қалпына келтіру іс жү­зінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес. Қалың қазақты өзін-өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетек­шісінің көзқарасы бойын­ша, заман талабына сай ұлттық мә­де­ниет қалыптастыру және қа­зақ қоғамын еуропалық дең­гейге жетелеп жеткізу болып та­бы­лады.
Сонымен қатар, отаршыл Ресейдің өзін түпкілікті рефор­­малап, оны самодер­жавие­ден федеративтік демокра­тиялық парламенттік мемлекетке ай­налдырмай, қалың қазақ­тың ұлттық тәуелсіз­дікке жете ал­майтынын да Алаш қозға­лысының көсемі кімнен болса да артық сезді. Сол себепті де ол 1905 жылдан Ресейдің ең ықпалды оппозициялық саяси ұйымы – Конституциялық де­мократия партиясына кірді. І Мемлекеттік дума депутат­тығына сайланған 1906 жылы Әлихан самодержавиені құла­туды көздеген орыс масон­да­рының «Ресей халық­тарының Ұлы Шығысы» ложасына мүше­лікке қабылданды.
«Алаш» қозғалысы мен қай­раткерлерінің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсат­тарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсыларына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея қажет болды.
Әлихан алты алашын ру-руға, не жүзге, бай не кедейге, білімді не надан, текті не қарадан деп жік-жікке бөлген емес. Ол қазақты бір ұлт деп көргісі келді, соған жетеледі.
Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идео­логиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идея­сы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. Бұл идея оның ойында көптен бері жүрді. Мысалға, «Қазақтар» очеркінде ол «Алаш – иф болса-дағы қазақтың ортақ атасы» деп жазса, 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күнбатыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «алты алаш» болады. «Алаш» деген сөз­дің лұғат мағынасы: «отан кісісі» («отечественник») деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абы­лайға айтқан өлеңінен білеміз.
1917 жылдың қарашасында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ жерінде сайлауға түскен үш партия – «Үш жүз», большевиктік социал-демок­ратиялық жұмысшылар және «Алаш» партияларының ішінде жалғыз «Алаш» ұранды партия бақталастарын ойсырата жеңіп, 43 депутаттық мандатқа ие болды. Бұл тарихи сәт 1917 жылға қарай отарлықта отырған қазақтың «Алаш» идеясы, туы және ұранымен ұлт болып қалыптасқанын аңғартқан сәт болды. «Алаш» идеясы қазақ ұлтшылдығының идеясы, ұра­ны болып, ұлттық бірлік пен қайта өрлеудің туы ретінде 1930 жылдардың соңына дейін сал­танат құрып тұрды.
«Алаш» идеясын алға тартқан Әлихан: қазақ ұлтшылдығы – ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба же­ріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті.
Сонымен бірге, 1917 жылдың желтоқсанында Алаш ұлттық-территориялық автономиясын жариялап, оның төрағасы, премьер-министрі болып сай­лана келе, Әлихан Бөкейхан бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көп дінді және сан мәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мем­лекет болатынын болжады. Автономия жариялаудың қарса­ңында «Қазақ» газетіне солай деп жазды да. Оны Алаш автономиялық мемлекетінің 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі – Алашорда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақыруы айқын дәлел бола алады. Міне, сол орынның бірін орыстың көрнекті ғалымы, пуб­лицисі Григорий Потаниннің алғаны тағы бар.
«Әлекеңнің мінезі, – еш қазақпен аразбын демейтін, қас­тық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөй­лес­пейтін. Қазақтың ешнәр­се­сін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек дейтін».
Иә, алты алаштың көсемі өзін 1937 жылдың шілдесінде Мәскеуде ақырғы рет тұтқынға алып, ату жазасына кескенде, қызы Қанипа – Елизавета мен немересі Ескендірге қалдырған бар «байлығы» – Мәскеудегі 7 бөлмелі коммуналдық пәтердің өзіне тиесілі бір бөлмесі, кітаптар жинағы, фотоальбом, өзінің шақшасы және қолжаз­балары болыпты.
Халқының ұлттық мемлекетін қалпына келтіру жолында қасық қаны қалғанша арпалысып, бүгінгі ел шекарасының негізін белгілеп кеткен алты алаш кө­семіне атылғаннан кейін өзі айтып жүретін 2,5 кез қара жер де бұйырмады. Даңқы жер жарған Алаш көсемін 1937 жылдың 27-қыркүйегінде өлім жазасына кесіп, үкімді сол күні-ақ іске асырған кеңестік билік оның сүйегін Мәскеудегі Дон зиратында өртеп, күлін 5 мыңнан астам құрбанның күлі шашылған зиратқа түн жа­мылып астыртын төге салған. Ол зират Кеңес Одағы күйреп, келмеске кеткеннен кейін де құпия болып келіп, кездейсоқ жағдайда 2009 жылы ғана аңғарылды.
Қазақстанға Совет өкіметі орнатылған соң, Әлихан бас­таған «Алаш» зиялылары, ресми биліктің барлық тетігінен аластатылуына қарамастан, 1930 жылдарға дейін дерлік оқу-ағарту, жоғары білім беру, ғылым және өнер саласында үстемдік етті. Осындай қысқа уақыттың ішінде Әлихан өз үзеңгілестерімен қазіргі қазақ мәдениетінің, орта және жоғары білім беру саласының, сондай-ақ ғылымның тарих, философия, этнография, әдебиеттану сынды қоғамдық, гуманитарлық және астрономия, физика, мате­матика, жаратылыстану, т.б. са­ла­ларының негізін қалап үл­герді.
«Алаш» қозғалысының ай­мақ­тық тарихи маңызы да зор болды. Атап айтқанда ХХ ға­сыр басындағы қазақтың ұлттық қайта өрлеу қозғалысы Орта Азияны мекендеген туыс түркі халықтарының ұлттық сана-сезімін оятып, өзін-өзі басқаруға ұмтылуына күшті серпін берді. Әлиханның тап­сы­руымен 1917 жылдың қараша­сында Мұхаметжан Ты­ныш­паев, Мұстафа Шоқай, Серікбай Ақайұлы, т.б. Алаш қайраткерлерінің ұйым­дас­ты­руымен Қоқан қаласында Түркіс­тан мұхтариатының пайда болуы, сол жылдың желтоқ­са­нында Орынборда Алаш авто­номиялық мемлекеттің, ал 1918 жылы Сұлтанбек Қо­жанов, Нәзір Төреқұловтың тікелей қатысуымен Түркістан кеңестік автономиясының құрылуы – ақыр аяғында Қырғызстан, Өз­бек­стан, Түрікменстан, Тәжікс­танның және Қарақал­пақ­стан автономия­сының дү­ние­ге ке­луіне жеткізді.
Үкіметіміз 2016 жылы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО аясында лайықты тойлау үшін мерейтойлық іс-шараларды жоспарлау және ұйым­­дастыру туралы тиесілі қаулы қабылдап, оған жеткілікті қаражат қарастырады деген сенімдеміз.

Жауап қалдыру