Цифрлар сөйлейді

0
112

Адамзат тарихында 6 жылға созылған, аса ірі шайқас II дүниежүзілік соғыс барлық жағынан ауқымды болды. Ананың зары мен жетім қалған баланың шеріне себепші болған және де жарды сүйенішінен айырған сұм соғыстың кейбір деректеріне тоқталып өтсек.
КСРО-ның адам шығыны
Соғыс жылдарында кескілескен шайқасқа 34 476 700 кеңес әскері қатысты. КСРО-ның жалпы адам шығыны 26 млн адамға жуықтайды. Оның ішінде із-түссіз жоғалғандар – 11 944 100, майдан даласында қаза тапқандар– 6 885 000, тұтқынға түскендер – 4 559 000.
Германияның адам шы­ғыны
Соғыс жылдарында немістер жағы қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендерді қосқанда 6,5 млн жауынгерінен айырылды. Соғыс барысында ең көп шығынға ұшыратқан шайқас КСРО-ға қарсы жүргізілген ұрыстарда орын алды. 1941 жылдың жаз айларында 742 мың неміс солдаты өлім құшты. Ал Польша, Франция, Англия, Норвегия, Бельгия, Голландия, Дания және Балкан түбегі елдерін жаулап алуда Германия 418 805 жауынгерін жоғалтқан.
Қирандылар
КСРО-да 1710 қала, 70 мыңға жуық ауыл, 32 мыңдай зауыт пен фабрика, 98 мың колхоз және 2890 машина-трактор бекеттері қирады.
Соғыстан келген қаржылық шығындар
Соғысқа қатысқан мемлекет­тердің жалпы шығыны 1 триллион 117 млрд долларды құрады. Оның ішінде 260 млрд доллар шығын қираған елдімекендердің үлесіне тиеді. Одан Кеңес үкіметі – 128 млрд, Германия – 48 млрд, Франция – 21 млрд, Польша – 20 млрд, Англия – 6,8 млрд доллар шығынға батты.

Жауап қалдыру