Батыр Сартай ерлігі ұмытылмайды

0
239

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі. Халықтың бақ жұлдызы. Сол тәуелсіздік пен қазақ елінің тұтас­тығы үшін күрескен тұлғалар жайлы тарихтан білеміз. Солардың қата­рында батыр әрі би болған Сартай Байжанұлының есімін ерекше атар едік.
Туған жердің әрбір жеріне жан беріп, жан алысқан бабалар ерлігін әрдайым еске алып, кейінгі толқынға аманаттап отыру – парыз. Ұлтымыз үшін ауыр сын болған ұлт тарихында мәңгілікке қалуға тиіс айтулы оқиғалардың бірі – Бұланты шайқасы. Егер Бұланты мен Аңырқай шайқастары болмаса, қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып кеткен Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты.
XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ үшін қасіретті жылдар болды. Жан-жақтан бөрідей ұмтылған жоңғар-қалмақтар халықты қырғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі тойтарыс Ұлытау аумағында Бұланты және Білеуті өзендерінде болды. Бұған үш жүздің барлық әскері қатысты. Жауға алғаш соққы Сарысудың батыс жағалауында Шұбартеңізде берілді. Қазақтардың екпіні қатты еді. Жау амалсыз аттың басын кері бұрып, Білеутіге қарай шегінді. Осы кезеңде кіші жүз биі Байжан баласы Сартай батыр Әбілхайыр ханның жасағын іздеп шыққаны бізге жеткен жырларда былай суреттеледі:
Қозы жаурын қу жебе,
Сартайдың қолында
Дула деген ағасы
Келе жатыр оңында.
Қайып ерен қырық шілтен,
Сартайдың тобында
Мінген аты Шалғасқа,
Мың баласы соңында.
Қолына сауыт бөктелген,
Кимейді жаудың жоғында.
Жарқырайды сары жез
Қозы жаурының оғында.
Анталап олар келеді,
Ұлы жорық жолында.
Әбілхайыр сол сапар,
Ақсұңқар құстай түлеген,
Кілең тұлпар мінгені,
Тар көз сауыт кигені,
Іздегені батырлар.
Үзеңгіде шіренген
Аттың асыл әбзелі –
Алтындаған жүгеннен.
Кейде тартып ат басын
Ауық-ауық жіберген.
Неше ұдайы жол шекті,
Азамат қайтпас жігермен.
Қазақтың қалың әскері
Бұланты деген бұлаққа
Осылай келіп тірелген.
Алдында қалың жау тұрды,
Қара бұлттай түнерген.
Зеңбіректер зіркілдеп,
Алысқа дабыл жіберген.

Бір айта кетерлігі жоңғарлар мылтықты сатып алумен, тартып алумен қатар, оны өздерінде жасауды қолға алған. Ал қазақтың мылтыққа, зеңбірікке қарсы қолданғаны – айбалта, садақ, найза, қылыш еді. Бұланты шайқасы – бұл азаттық жолындағы Ұлы отан соғысы болды. «Барша қазақтың әр қимылы мен іс-әрекетінде ел сүйгіштіктің айқын белгісі болмаса, Отанымызды үлкен қатер күтіп тұр деп» Сартай атамыз осыдан үш ғасыр бұрын бекерден-бекер айтпаған еді. XVIII ғасырда Каспий теңізінен Алтайға дейін жайылған қазақ даласында ұлтымыз үшін қиын-қыстау сынақ жылдары болып, ел басына «ел болу, не табанға түскен құл болу» күні туды. Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын қолдап, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» үш жүздің басын қосу үшін барлық қазақ рулары арасынан елім, жерім, қазағым деп жанып тұрған, өжет, тапқыр, ақылды, қайратты жігіттерді іріктеп алып, қол жинап жаттықтыруды жолға қойып, оған аянбастан тер төгіп бірлесе атсалысқан.
Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір бо­луына байланысты оған «Шал­ғасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Бұл құлын Сартаймен бірге талай шабыстардан өтіп, жауға шабар атына айналған. Сартай алты жасқа келгенде әкесі «Сен азамат болдың, болашақта елді қорғайтын нағыз батыр боласың» деген сеніммен шеберлерге күміспен көмкерілген ер жасатып, қамшы өргізіп берген. Қазіргі кез­де бұл құнды дүние яғни «ашамай» ер батырдың ұрпақтары Көкебай Қуаназардың қолынан өтті. Орал қаласындағы өлкетану музейінің, «Алтын орда» залында көрермендер назарына ұсынылып отыр. Әкесі Байжан Сартайды жастайынан өмірді көрсін, айналасын біліп дербес шешім қабылдап үйренсін деп, аңғарғыш болсын деп жанынан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі діни оқуға оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін жиындардан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған. Ел азаматтары Сартайдың жастайынан ересек адамдай ақылдылығына, еңбекқор табандылығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында қас батырдай ойнайтынына таңғалып, бұл баланың болашағы зор болатынына кәміл сенген. Ел қадірлісі Байжан би үзеңгілес досы Бүкрек батырға «Сартайымыздың қасына жас біткенді, топтастырып, оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қалай болады?» дегеніне Шыңғысхан тұқымы Бүкрек батыр: «ертең Отанымызды қорғайтын осылар, оларға соғыс өнерін үйретуді өзіме аламын» деген екен. Әкесі Байжан бидің даналығы: егер ұлт болашағын ойласа, жастарды дүниеге келгеннен отбасын, елін сүйетін, жан-жағын сыйлайтын адам етіп тәрбиелеу қажет. Өйткені болашақта қазақ жерінде өмір сүретін де, оны қорғайтын да осы жастар «Ер намысы – ел намысы», «Ел үмітін – ер ақтар, ер атағын – ел сақтар» деген сөздер жайдан-жай шықпаған деп айтатын.
«Нағашы жұрттың жақсылығына сүйенеді, жамандығына күйінеді» дегендей Сартайдың нағашылары да тегін жұрт емес екені белгілі. Олар табын руынан атақты батыр Бөгенбай мен Есет батыр болатын. Сартай сол кездегі ұлтымызға төнген қауіпті, елдің даму жағдайын, бабаларымыздың жетік тәрбиесін зерттеп, ұлтын, жерін аман алып қалу үшін ең бірінші қазақ арасында татулық, бірлік керектігін, жауды толық жеңу үшін шағын топ емес, үш жүздің батырларынан құралып, арнайы дайындықтан өткізілген әскер жасақтау қажеттілігін талқыға салған.
Халқымыз ғасырлар бойы аңса­ған тәуелсіздігіне қол жеткізуге атсалысқан Сартай батыр мен «Мың бала» ерліктерін көрсету арқылы халықты патриоттық, отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу аса маңызды іс. Ол үшін еліміздің төрінде Қазақ батыры Сартай Байжанұлы бастаған «Мың бала» жорығына қатысты ескерткіш орнатылып, әр облыс пен қалаларда көше атаулары беріліп, білім мен тәрбие беру ошақтарында олардың ерлігі мен өмір жолдары дәріптелуі тиіс.
Еліміздің тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеуі бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсу қажет. Сартай атамыз бір ғасыр өмір сүріп 1818 жылы өмірден озған. Бейіті Қызылорда облысы Қазалы ауданында Қызылқұмдағы діни ұстазы Қасымқожа мен Жалаңтөс батыр ұрпағы Дәулет бақсының жанында орын тепкен.

Орынбек ШӘРІПОВ,
Еңбек ардагері,
Индира БАРМАҒАМБЕТОВА.
Ақтобе қаласы

Жауап қалдыру