Батыр Оспан Сабековтың есімі ескерусіз қалмасын!

0
295

«Батыр» деп жарлықпен батыр болғандарды ғана айтпау керек. Елі үшін жауған оқтың астында жауға қарсы қорықпай бас көтергендердің – бәрі батыр. Сұрапыл соғыс жылдарында ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әр-түрлі себептермен берілмеген тұлғалар көптеп кездеседі. Кеңес Армиясының кейбір басшылары батырлық рухы қанында бар қазақ сардарлары мен сарбаздарының ерлігін елегесі келмейтін. Іштарлық пен шовинистік пиғылдан және солақайлық тарихи әділетсіздіктен батырларға заңды атағы берілмеген. Солардың бірі атқыш, қатардағы жауынгер Оспан Сабеков.1918 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егін­дібұлақ елдімекенін қыс­тағында Исабек пен Бихатша отбасында дүниеге Оспан ат­ты ұл келген. Исабектің екінші әйелінен нәресте оныншы болып туған. Ол аласапыран уақыт еді. Революция кезеңі, азамат соғысы, елде жаппай ашаршылық, жоқшылық, жаңа экономикалық саясат, Голощекин билеген шақ.
   Балаларының бәрі шетінеп он баладан тек Оспан, ағалары (бірінші әйелінен) Жүніс пен Жақан қалады. Бала кезінен шынығып, еңбекке ерте араласып өсті, әкесімен бірге жылқы бақты. Жастық шағы жалынды еңбекпен шыңдалды. Әкесі Исабек қайтыс болғаннан кейін, шешесі екеуі паналап Аягөз, Балықтыкөлге келіп тұрады. Кейіннен Семей облысы Жаңасемей ауданы Құрманқожа елдімекеніне кө­шеді.
Ел басына күн туғанда ол алғашқылардың бірі болып қо­лына қару алып, май­данға аттанды. Қызыл Армия қатарына Семей қаласы Куз­нечная көшесі №63 үйден Ленин аудандық әскери ко­мис­­сариатынан 1942 жыл­­дың қыр­күйек айында алынды. Бастапқыда Воронеж май­­данының, кейіннен 1-ші Украин майданының, 2-Украин май­данының, 38-ші, 40-шы Армиясының, 51-ші атқыш­тар корпусының, 240-шы ат­қыш­тар дивизиясының, 931-ші атқыштар полкінің авто­мат ротасының атқышы ретінде отан алдындағы борышын өтеді. Ресей, Украина, Бессарабия, Венгрия, Чехос­лова­кия елдерінің қала­ларын азат етуге қатысты.
Ер мінезді Оспан ұрыста өте жауапты, табанды қа­сиет­терімен, батыл іс-әреке­тімен, өжеттілігімен көзге тү­сіп, неше мәрте қанды ұрыс­тарда ерлік көрсетті. 2 рет сол және оң аяғынан жеңіл жараланған, 1 рет басынан ауыр жараланған.
Ол бойшаң (бойы 183 см), сүйегі ірі, сұнғақ денелі, де­не қимылы өте ширақ, кең иық­ты, нағыз қаракүштің иесі, қоян-қолтық ұрыстың кәсіп­қой нағыз шебері болған. Ауыл­дастары оны «Ұзын Оспан» деп атаған.
Ант қабылдап болғаннан кейін, әскери мамандықтарды меңгеріп, зеңбірек пен қару-жарақтардың түр-түрін қол­дануды терең үйренді. Гра­ната лақтыруда, қоян-қолтық жарыстарда полкте үзік­тер­дің қатарында болды.
1943 жылдың 7 қыр­күйе­гінде Шматив хуторы үшін шай­қаста Оспан Сабеков біздің атқыштардың шепке ше­гінген топты тасалау кезе­ңінде, жаудың жырада жасырынып жүргенін байқап, дер кезінде граната лақтырып алтауын мерт қылады. Шешуші кезеңде, шапшаңдығымен, ба­­­тылдығымен, нағыз жүрек­тілік, бел байла­ғандықпен көз­ге түсіп, осы ерлігі үшін «Ер­лігі үшін» медалімен ма­рапат­талады.
Ол туралы Ресей Федера­циясының Қорғаныс Ми­нистр­лігінің орталық мұ­ра­­ға­тында мынадай құжат сақ­талған:
«Наградить медалью стрел­­ка роты автоматчиков крас­ноармейца Сабекова Ос­пана за то, что в бою за х. Шма­тив 07.09.1943г. прикрывал автоматным огнем отход стрелков, заметив группу немцев, скрывавшихся в овраге забросал их гранатами. Шесть из них были убиты. В боях действовал смело и решительно.
Командир 931-го стрелкового полка майор ГРАБОВСКИЙ.
Приказом №22 от 02.10.1943 года 931-го стрел­ко­вого полка награжден медалью «За Отвагу».
1943 жылдың 30-шы қыр­күйегінде 931-ші полктің 1-ро­тасы Днепр өзенінен жүзіп өтіп, плацдармды басып алуға, және оны кеңей­туге бұйрық алады. Таңер­тең өту басталды. Днепр­де 931 полк сар­баз­дары дұшпанның қатты қарсылығына кезде­седі. Фашистер су үстін­дегі қыбыр­лаған мен жыбыр­лағанды анық көріп тұр. Жау бекінісі мықты, бірақ Днепрден өту керек. Ең қиыны арғы бетке өтетін жүзу құралдары жоқ еді. Әркім қолынан келгенін жасауға кірісті. Шашылып жатқан ағаштардан сал буды, қайықтарды пайдалануға тура келді. Белдеріне резинка камераны байлағандар да болды. Жау жақ біздің әскерлердің қимылын қатаң бақылап отырды.
Днепр – сұсты өзен. Дивизияның тұсында өзеннің ені – 900-1500 метр, тереңдігі – 10-12 метр еді. Ағыстың жеделдігі секундына – 1,5-2 метрге жететін. Мұның үс­тіне өзеннің оң жаға­лауы сол жағалаумен салыс­тыр­ғанда едәуір биік. Өзен­нің оң жағалауында – гитлер­шілердің мықты бекінісі. Барлау мәлімет­теріне қарағанда, фашистер Кеңес Армиясын осы жерде тоқтатып, тіпті кейін қууды ойластырыпты. Немістердің ұраны да күшті еді. «Днепрдің оң жағалауына шыққандар ажал табады» деп жар салды.
Мың өліп, мың тірілгендей болған ауыр күндердің бірі еді ол кездер. Аспаннан да, жерден де оқтан, снарядтар мен бомбалардан аман қаламыз ба, жоқ па деп, іштей туған елмен талай қоштасқан сәттер болған. Сақтансаң, сақтайды дейді. Адам дәм-тұзы тартса небір ажалдан аман қалады екен. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледе, ажалсыз тірі қалады» дегені рас екен.
Бүкіл ротадан тірі қалған 14 адам кешкі күн батарда Днепрдің оң жағалауына жетіп, ши, қамыстың арасына барып жасырынады. Денелері түршігіп, мұздап, тоңып, күздің ызғары да бар, 5-6 сағат судың ішінде отырады. 1 қазан күні түнгі сағат 2 мен 4-тің арасында қараңғыда түнгі топ барлауға шығып (бір бозбаланы қару-жарақты күзетуге қалдырады, кейіннен сол жас Кеңес Одағының Батыры атанған) жаудың бекінісіне барып тек қана суық қару – қанжар мен пышақпен немістердің пулемет, миномет нүктелерінің қарауылдарын білдіртпей жойып салады. Таңертең жау жағынан жойқын атыс басталады.
Айналдырған, 14 адамнан тұратын бір топ атқыш жаудың бораған оғына, артиллериялық атқылауына 3 тәулік бойы тойтарыс берген. Өліммен беттесіп, арпа­лы­сып айқасқан. Соғыс тәсілін, ұтымды пайдаланып, әс­кери шеберлігімен, тап­қыр­лығымен, ұтқырлы­ғымен өздері шығынсыз жауды ойсырата қырады. Осы уақытта көмек те келген. Қарсы шабуылдың бәрі тойтарылып, жау үлкен шығынға ұшырайды. Нәтижесінде немістер 50-ден астам солдат, офицерлерінен айырылады. Осы ерлігі үшін атқыш Оспан Сабеков «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Немістер негізі күшін Днепрдің оң жағына жинады. Днепр өзенінен өту оңайға түспеді. Нағыз қанды қырғын еді. Днепр өзені үшін шайқас екінші жаһан соғысының ең ірі, ең қомақты, ең жойқын ұрыстардың бірі болатын. Днепр өзені үшін шайқаста 2438 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті.
Киев қаласының маңайын­дағы балалар санаторийі жа­нында рота автоматшылары жаудың сегіз танкісін жою тапсырмасын алады. Жаудың алдағы танкісі өршелене алға ұмтылды. Осындай қиян-қыстау кезенде, өмір мен өлімнің арасында, өзіне төнген қауіпке қарамастан, өз өмірін қатерге тігіп, Сабеков жылжып жер бауырлап жақындап танкіге қарсы гранатаны лақтырып танкіні өртеп, үнін өшіреді. Танктің аман қалған экипажы құтылу үшін танктен шығып қашуға мәжбүр болады. Сабеков 5 автоматшымен бірге дұшпанның бәрін де жер жастандырады. Қалған немістің танкілері артқа шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп стратегиялық өте маңызды тапсырма мүлтіксіз орындалып, жаяу әскерлерге Киев қаласының бағытында жол ашылды.
Осы ерлігі үшін 1943 жыл­дың 15-ші қарашасында 931-ші атқыштар полкінің командирі майор Грабовский, 1943 жылдың 19-ші қарашасында 240-шы атқыштар дивизия­сының командирі Кеңес Ода­ғының Батыры полковник Уманский, 1943 жылдың 24-ші қараша­сында 51-ші атқыштар корпусының командирі Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Авдеенко қатар­дағы жауынгер Сабековты Кеңес Одағының батыры атағына ұсынады. Бірақ 38-Армия­ның командирі генерал-полковник Москаленко, осы Ар­мияның штаб бастығы генерал-майор Пилипенко, аталмыш Армияның әскери кеңес мүшесі генерал-майор Епишев Сапабе­ков­тың ерлігін бірнеше саты төмен түсі­ріп, ба­ға­­ла­май «Қа­заққа осы да жетер» дегендей, 3-дә­ре­­желі «Данқ» ордені ла­йық деп қол қояды.
Бұл жөніндегі деректемелік құжаттар Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің орталық мұрағатында сақ­талған:
«Рота автоматчиков выполняла задание по ликвидаций вражеской группировки, поддерживаемой 8-мю танками в районе детсанаторий на подступах к Киеву. Немецкий танк развернувшись, пошел на наши боевые порядки фланга. Товарищ Сабеков не струсил, он подполз к танку и противотанковой гранатой подбил его и с 5-тью автоматчиками начал закрывать пути отхода экипажу вражеского танка из которого некоторые уцелевшие старались убежать, но они все были уничтожены из автомата тов. Сабековым.
Остальные танки противника отошли создав этим возможность нашим автоматчикам выполнить свое задание по рассеиванию и ликвидаций вражеской группировки и продвижению нашей пехоты в направлений Киева. За проявленный подвиг, тов. Сабеков достоин присвоения ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА.
Командир 931 стрелкового полка майор ГРАБОВСКИЙ 15.11.1943.
Достоен присвоения звания ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА.
Командир 240-й Киевской стрелковой дивизий Герой Советского Союза полковник УМАНСКИЙ 19.11.1943.
Достоен присвоения звания ГЕРОЯ СОВЕТСКОГО СОЮЗА.
Командир 51-го стрелкового корпуса Герой Советского Союза генерал-майор АВДЕЕНКО 24.11.1943.
Наградить орденом «Славы» 3-й степени.
Командующий 38-й Армий генерал-полковник МОСКАЛЕНКО
Начальник штаба Армий генерал-майор ПИЛИПЕНКО
Член Военного Совета 38 Армий генерал-майор ЕПИШЕВ 14.12.1943.
Начальник отдел кадров полковник ЯКИМОВ
Фронтовым приказом 130/н от 16.12.1943 года награжден орденом «Славы» 3-й степени».
Оспан Сабеков ерлігімен көзге түскен ұрыстардың бірі Цебулев – Оратов маңайын­дағы қанды шайқас. 1944 жыл­ғы қаңтардың 25-27 күн­дері полк қоршауда қалып, қауіпті кезеңде полктің үлкен Туын жаудан аман алып шығу қажеттілігі туады. Туды қоршаудан алып шығу туралы жауапты тапсырма Оспан Сабековке жүктеледі. Оған сенім артып, бұл өте маңызды жауапкершілікті тапсырмаға жұмсауы Сабековтың шебелгіне сенгендік еді.
Оспан туды денесіне орап, ну орманның арасына жападан жалғыз кіреді. Ұзақ жол, қилы асу, қиын соқпақ қана ердің кім екенін танытады. Мұндайды тек сүйегі мықты кісілер ғана көтерсе керек. Аш болып, сақалы өсіп неше түрлі қиыншылықты көреді.
Он сегізінші күні, атқылаған дауысты естіп, солай қарай жүреді. Жасырын келіп біздің танкішілерді кездестірді. Танк командиріне мән-жайдын тү­сіндіріп, штабқа жеткізуін ай­тады. Танк командирі «бізге орнымыздан жылжуға бол­майды» деп көнбейді. Оспан еріксіз револьверді алып шығып, басына төсеп штабқа жеткізуін талап етеді. Штабқа барғанда полк командирі туды көріп шыдай алмай жылап жіберіпті. Сабеков осы ерлігі үшін 2-дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталған.
1945 жылдың 25 қыр­күйе­гінде дәрігерлік комиссия 3 рет жаралануына байла­ныс­ты Оспан Сабековты елге қай­­таруға шешім қабыл­дай­ды.
Соғыстан кейін отбасын құрып, жұмысқа кіріседі. Семей облысының Жаңасемей ауданы Құрманқожа елдімекенінде 10 жыл директор болады. Кейіннен әр-түрлі қыз­меттер атқарды. Жұмыс­шы болды, құры­лысшы, экспедитор, күзетші болды. Өмірлік жары Батыр ана медалінің иегері Мүслима екеуі он баланы асырап жеткізді.
Оспан Сабеков «Жауынгерлік Қызыл Ту», 3-дәрежелі «Данқ», 2-дәрежелі «Данқ» 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Өжеттігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жеңіске 20 жыл», «Жеңіске 30 жыл», «Жеңіске 40 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» және көптеген мерей­тойлық медальдарымен ма­рапатталған. Ерлігі үшін Жоғарғы қолбасшы Сталин­ның алғыс хатын алған. Днепр өзенінен өткен үшін, Прут өзенінен өткені үшін, Киевті босатқан үшін, Праганы босатқаны үшін алғыс хат алған. Батыр майдангер Оспан Сабеков қарапайым күн кешіп 1994 жылы 6 қазан­да Семей қаласында дүние­ден озды.
Соғыстағы ерлігіне құрмет­пен қарап және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпалының ересендігін ескере отырып майдангер Оспан Сабековтың атына Семей қаласынан мектеп, не көше аты берілсе деген ұсыныс-тілегіміз бар. Осы ұсыныс-тілегіміз жерде қалмайды деп сенеміз!

Қайрат ҚАРАМАҢДАЕВ,
Құрлық әскерлері әскери институты
әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
кафедрасының оқытушысы,
бауыржантанушы, тарихшы-зерттеуші

Жауап қалдыру