Байсерке ауылы

0
446

қай Байсеркенің  атымен аталады?

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа бағдарламасын ұсынып, бүгінде бұл игі іс көпшілік тарапынан қолдау тауып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжатқа айналды.  Мақалада ұсынылған «Туған жер»  бағдарламасының да ұрпақ үшін маңызы зор.  Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, қаз басқан қасиетті мекені, өмір-бақи тұратын өлкесі. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне сүйіспеншілікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жерді аялау, атамекенді қастерлеу – қазақтың ұлт ретіндегі мәдени-генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ға­сыр­­лар бо­йы ата­ме­кен­нің қа­рыс қа­да­мын да жат­қа бер­мей, ұр­па­ғы­на ми­рас ет­ті. Сон­дық­тан да, Ел­ба­сы «Ту­ған жер» бағдарламасын енгізе отырып, барлық іскер адамдарды, отаншыл жастарды туған жердің өркендеп-өсуі үшін атсалысуға, еңбектенуге шақырып отыр. «Туған жер» бағдарламасы өлкетану жұмыс­тарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруды, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Жеріміздегі мыңдаған атаулардың шығу, пайда болу, дамып өсуі бір ғана дәуірге тән емес, талай ғасыр, тарлан дәуірлердің куәсі, біздің заманға жеткен бай қазына, асыл мұрасы. Қазіргі қазақ жерінде сан-қилы тарихи оқиғалардың болып өткені, бұл қасиетті де, құдіретті жерімізді қазақ деген халықтың мекендеп, мемлекет құрып, ғұмыр кешкендігі тарихтан мәлім.
Алматы облысының  Іле  ауданы аумағында Байсерке деп аталатын ауыл бар. Бұл елді мекен кеңестік кезеңде Дмитриевка деп аталынды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 2000 жылы ауылға Байсерке атауы қайтарылып берілді. Алайда кейінгі жас буын арасында «Байсерке деген кім?» деген  сұрақ туындаса, үлкендер арасында «Бұл қай Байсерке?» деген сұрақ жиі мазалайды.
Жалпы Жетісу жерінде елге белгілі екі Байсерке болыпты. Бірі Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың бірі, домбырашы, сазгер Байсерке Құлышұлы болса, екіншісі батыр Байсерке Сәменұлы. Екеуінің арасында жүз жылдан астам уақыт жатыр. Бәрін білгіш Уикипедияда Байсерке ауылы күйші Байсеркеге телінеді. Осы шындыққа сая ма? Талдап көрелік.
Байсерке Құлышұлы 1841 жылы Жамбыл облысының Шу өңірінде дүниеге келген.  Сол жақта дүние салған. Ол белгілі күйші,  домбырашы, Жетісу күй мектебінің негізін салу­шы­лардың қатарынан саналады.
Байсеркенің әкесі Құлыш он саусағынан өнері төгілген ісмер, халық музыкасының парқын білетін сергек жан болған. Байсерке домбыраны бала кезінен меңгеріп, Жетісу алабы мен көрші қырғыз елінің күйлерін 16-17 жасында-ақ игерген, алқалы басқосуларда дәулескер күй­ші­лермен күй тартысына түсіп, алыс-жақынға таныла бас­таған.
Байсеркенің домбырашы-күй­­­ші­лік­тің алуан сырына қа­нық­­­­тыр­ған ұстаздары Есім, үр­­жар­лық Сарша дейтін дом-бы­ра­­­шылар екен.  Байсерке күй­­­лері өмір шындығына негіз­дел­ген.
Оның «Келіншек», баласы дү­­­ние салғанда егіліп отырып тарт­­қан «Солқылдақ», қазақ да­ла­сындағы жұтқа (1890) ар­­нал­ған «Төрт қарға»,  Ресей отар­шыл­дығының кеудемсоқ өк­тем­дігіне наразылығын біл­дір­ген «Ұран күй» сияқты туын­ды­лары өзі ғұмыр кешкен ортасы мен заманының шежіре сы­рындай. Бұдан басқа жұрт арасында «Ат ойын», «Жетпіс бұ­тақ», «Жекпе-жек», «Қоңыр», «Тұл-қатын» сияқты күйлері де кең тараған. Байсеркенің Жетісу өңіріне кеңінен мәлім болған “Қа­липа-Қалыш” күйіне Далабек батырдың басынан өткен оқиға арқау болған деседі.
Күйлері ән әуендес сазды­лығымен, на­қышты ыр­ға­ғы­мен ерек­­шеленеді. Бай­сер­ке­­нің жә­­­не оның Бердібек Мықты­­­бай­­­ұлы, Қожабек Жап­ба­со­в, Сатқанбай Өл­мес­ұлы сияқ­­ты дарынды шә­кірт­терінің  бо­­­йын­­­дағы асыл өнерін Қат­шы­­­бай Таубаев, Темірбек Ахметов, Нұрғиса Тілендиев  сияқты бір­­туар күйші-дом­бы­рашылар ке­йінгі ұрпаққа жеткізген.
Байсеркенің өмірі мен шы­ғармашылығын алғаш А. Жұ­банов пен Б.Г. Ерзакович зерт­тепті. Әдебиет және өнер инс­ти­тутының дыбыс жазба қорында Бай­серкенің 10 күйі сақтаулы деп естиміз.
Сонымен Байсерке Құлыш­ұлы – қазақтың күй өнерін жетік меңгерген, өнері арқылы ұл­тының ұлы мақсаттарын паш еткен ұлы талант иесі екенін байқадық. Қазақтың әр тұлғасы қандай құрметке болса да лайық. Тек тарихтан ауытқымай, жас ұрпаққа  ұлтымыздың өткен жолын әділ жеткізе білгеніміз жөн.
Ал екінші Байсеркенің аты-жөні – Байсерке Сәменұлы. Оны тегінде екінші емес бірінші Байсерке дегеніміз дұрыс. Ол қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жайсаң деген жерде 1724 жылы туған.  Ұлы жүздің Дулат руынан тарайды. Ол туралы «Жетісу» энциклопедиясында: «Жастайынан әкесі Сәмен батырдың соңына еріп, Жетісу жерін ойрат-қалмақтар шабуылынан қорғаумен өткен. Оның сарбаздары негізінен Іле өзені мен Алатау арасындағы кеңістікті шолып, Жоңғар қақ­пасынан кіретін жау жолын торуылдаған. Ел аузында сақ­талған деректерде Байсерке батыр бірнеше рет қалмақ нояндарымен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткені айтылады. Ба­тырдың ескі қонысында қазір «Байсерке ауылы» тұр. Осы жерден Байсерке темір жол бекеті де орналасқан» («Жетісу» энциклопедиясы, 178-б) делінген. Бүкіл өмірін ат үстінде ел мен жерді қорғауға арнаған батыр 78 жасында шамамен 1806 жылы қайтыс болған. Байсеркенің батырлығы мен қаһармандығы туралы ауызекі әңгімелерде көп­теп айтылатын. Оған қатысты де­­ректер қаламгер Үміткен Бүр­кіт­баеваның «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» атты кіта­бында да кездеседі.   Автор онда Байсеркенің әкесі Сәмен  жоң­­ғар шапқыншылығына қар­сы азаттық соғысында қол бастап,  батырлығымен ерекше көз­ге түскен  ерен тұлға екендігін баяндайды. Аңырақай  шайқасында жас Сә­мен батыр бірнеше рет тай­салмай жекпе-жекке шығып, ерлігімен дұшпанның  мысын ба­сады.  Көрсеткен ерліктері үшін  Төле биден  тікелей бата алып,  есімі бүкіл Ботбай  руы­ның жауынгерлік  ұранына айналады.
Әке тағылымын алып өс­кен  Сәмен батырдың  балала­ры Қапсалаң мен Текебай  әке­сі­мен жоңғарларға  қарсы талай  жорықтарға қатысып, ерлік көрсеткен. Кіші ұлы Байсерке де ағаларынан қалыспай со­ғыс өнерін үйреніп жүреді. Жау­дан қайтпайтын жаужүрек болып өседі. Бірде  Сәмен батыр балаларын, інілерін ілес­тіріп,  қалмақтармен  соғысуға аттанғанда Байсеркені ел ішіндегі ұсақ-түйек шаруаларды бітіруге қалдырып кетеді. Әке тапсырмасын орындап, енді жорықтағыларға қосылу үшін үш жолдасымен жолға шығады.
Келе жатса жылап отырған бір кемпірге кезігеді. Аттарынан түсіп,  қарт анаға сусын беріп, ес жидыртып сұраса: «Ауылдың ер азаматтары  соғысқа кеткен, оншақты қырғыз келіп, ауылымызды шауып, шал-кемпірлерді, қыз-келіншектерді матап байлап, малдарын айдап кеткелі жатыр»,– дейді.  Байсерке кемпірді атқа мінгізіп алып, ауыл шетіне жеткенде түсіріп, «бой тасалай тұрыңыз» деп ескертіп, өздері жасырына жақындап келеді де  «Сәмен!», «Сәмен!» деп әкесінің атын ұрандап, барымташы қыр­ғыздарға шабуылды бастап жібереді.
Үміткен Бүркітбаеваның «Же­­ті­суым – жеті құтым, ыры­сым» деген кітабында осы сәт бы­лайша суреттеледі: «Қа­пе­лімде сасып қалған қыр­ғыздар соғыса алмай қаша бастайды.  Бай­серке осындай қолайлы жағ­­дайды пайдаланып,  екеуін қатар түйрейді.  Шатырдан шы­ға қашқан біреуін  желкеден шоқпармен ұрып сұлатады. Жолдастары да қалыспай екеуін өлтіреді. Байсерке жолдастары­мен ауыл тұрғындарының  аяқ-қолдарын шешіп босатады.  Ауыл жұртының ризашылығына бөленген  Байсерке осылайша ел ішінде «батыр» атана бас­тайды.  Бұдан кейін де Байсер­ке әке,  ағаларымен бірге  қалмақ, қыр­ғыздармен болған талай шайқастарға  қатысады.  Кейін, ел іші  тыныштала бастағанымен, қал­мақ­тардың шабуы­лы­ның алдын алу үшін Теке­байды Кер­бұлаққа қалдырып,  кіші ұлы жас Байсеркені сарбаздарымен  Іле өзенінің  сол жаға­лауы мен Алатау аралығындағы қазіргі Байсерке  ауылының маңына орналастырады.  Кейін, сол Байсерке қоныстанған жер – Байсерке  ауылы деп аталып кетеді. Әйтсе де, одан кейінгі жылдары Байсерке ел тыныштығы кезінде, өз әкесі тұрған  Сәмен ауылында  тұрса керек», – дейді автор.
Үміткен Сүйінішқызы Бай­сер­ке Сә­мен­ұлы туралы өте құнды деректерді келтіре отырып, Іле өңіріндегі Байсерке ауылының атауы осы ба­тырдың атымен аталғандығын  растайтын де­ректер келтіреді. Мұрағат құжаттарына сү­йенсек,  Верный уезінің  №10 ауыл тұрғын­дары­ның  отбасы мен мал-жандарының  тізімін алған құ­жатта Байсерке Сәменұлының Берік, Жауғаш,  Бай­сандық, Қо­жа­ғұл, Молдағұл деген балалары көр­сетілген. Бұлардың да ұр­пақ­тары  Жетісу өңі­рін мекен еткен.
Деректерді са­лыс­ты­рып бай­қа­ға­ны­мызда,  интер­нет­тік же­лі­лердегі  «Іле өңі­рін­дегі Бай­сер­ке ауылы Бай­серке Құлыш­ұлының аты­мен аталады» деген тұжырымның қате екендігіне көз жете түсті.    Өзім де осы өңірде шопанның отбасында туып-өскендіктен Байсер­ке ауылының аты Байсерке Сәменұлының атымен байланысты екендігі туралы қарттардың әңгімелерін  талай құлағым шалғаны бар. Сондықтан «Же­тісу» энциклопедиясында, қа­лам­гер Үміткен Бүр­кіт­­баева­ның «Жетісуым – жеті құтым, ырысым» кітабын да келтірілген деректердің шындыққа әлдеқайда үйлесімді екендігін атап өт­кім келеді.
Жер-су аттары – халықтың тарихи мұрасы. Олар ана тіліміз бен ұлт­тық тарихымыздың сыр-си­патын, халқымыздың этномә­дени құ­былыс­тарын тереңдей зерделеп зерттеу үшін де аса қажетті, өте қым­бат та құнды дерек. Міне, Байсерке атауы соның жарқын дә­лелі.

Раушан КАРШАЛОВА,
«Президент және Халық»

Іле ауданы

Жауап қалдыру