Бабалар мұрасын қайта жаңғыртса…

0
187

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген. Ал әрбір ұрпақтың бойына бітіп, қанында ойнайтын ізгі қасиеттер атадан балаға дарып отырады. Сондықтан менің пайымдауымша адам ең алдымен рухани жаңғыруды өзінен, өзінің ата-бабасынан қалған рухани мұраларды танудан бастағаны абзал деп ойлаймын.
Абай атамыздың:
Әкеден алтау, шешеден төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ,
Ағайын бек көп айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар бір жан жоқ, – деген өлеңі үлкен атамыз Құнанбайдың алған төрт әйелінен алты ұл – Құдайберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Қалиолла, Ысмағұл болғандығын аңғартады. Құнанбайдың тұңғыш баласы Құдайбердіден Ахат атаның әкесі Шәкәрім тарайды. Абайдың өзінен кейінгі туған тете інісі Ысқақтан мен тараймын (бесінші атам).
Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев, 1927 жылы өз қолымен толтырылған төлқұжат бойынша, 1900 жылы 10 шілдеде Семей облысы, Шыңғыстау (Абай) ауданында дүниеге келген.

Ахат атам басынан қаншама азапты өмір өткізсе де, тектілігін жоғалтпаған. Ол кісі сұңғақ бойлы, аққұба жүзіне сақалы мен мұрты жарасқан келбетті жан болған. Қартайған шағында да кәрілікке мойымай, қимыл-әрекеті ширақ болатын. Сөзі айқын, мінезі сыпайы, нағыз асылдың сынығы еді десем артық айтқандық емес. Ахат ата Сәбит Мұқановпен түйдей құрдас әрі дос еді.
Шәкәрімдей ұлы тұлғадан туған Ахат атаның өмірі тұнып тұрған тарих. «Байдың тұқымы», «Халық жауы», «Бандиттің баласы» деген жалған жаламен қамауға алынып, айдалып, адам айтқысыз азапты күндерді басынан өткізген. 1931-32 жылдары «бидай салығын төлей алмағаны үшін» деген жаламен сотталған. Түрме қабырғасында отырып бірге туған бауырлары мен ардақты әкенің жантүршігерлік аянышты қазасын естиді.
1937 жылы Ахат ата «халық жауы» деген атпен тағы ұсталып, айдалады. Адам төзгісіз қорлық пен зомбылықты басынан өткерген Ахат ата 37 жасында өзіне-өзі қол жұмсамақ болып, жүрегіне ине қадап жібереді. Бабалар мұрасын ұрпаққа жеткізуін құдайдың өзі қалаған болуы керек, атам осы жолы ажалдан қалыпты. Кейін тексерілген кезде иненің жартысы сынып, зиянсыз жерге қадалғандығы анықталды. Бұл ине талай жылдар бойы етпен-ет болып денесіне бітіп, жарты ғасыр бойы, өле-өлгенше өзімен бірге жүрген. Атам 1939 жылдың 13 қазанында НКВД-нің Бурейнск (Бурлаг) теміржол құрылыс лагерінен босап шығады.
Ахат атам 40 жыл ұстаздық қызмет атқарып, 1968 жылы құрметті демалысқа шығады. Сол жылы туған еліне оралып, 1976 жылға дейін Абайдың Семейдегі мемлекеттік музейінің экспонаттарын толықтырып, тәртіпке салуға барлық күш-жігерін жұмсады. 1976 жылдан 1978 жылға дейін Семей қаласындағы Абай музейінің ғылыми қызметкері болған. 1978 жылы облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығып, ақындықпен және ой-ілімдік еңбекпенен шұғылданған.
Ахат ата айдалып, жер ауып жүрсе де әкесінің асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтауды алғашқы парызы санаған. Жауыздық әрекеттердің құрбаны боларын сезгендей, қайткен күнде әке мұрасын жарыққа шығарудың жолдарын іздестіріп, баспа орындармен келісім-шарт жасасады. Қолында қалған мол әдеби мұра асыл қазынаны құрып кетуден аман сақтау үшін (183 беттік 2 том қолжазба мен көшірме) Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасының сирек қорына түпкілікті пайдалануға тапсырды. Содан соң перзенттік борышын өтеп, жазықсыз жауыздықтың құрбаны болған әкесінің адал атын халқына қайтарып, әдеби мұрасын жарыққа шығаруды өзінің алдына мақсат етіп қойды. Бұған Ахаттың 1957 жылы сол кездегі үкімет басшылары Н.С.Хрущевтің, К.Е.Ворошиловтың атына жазған өтініштері дәлел. Онда Шәкәрім атаның ешбір кінәсі жоқтығын, ұлы ақын Абайдың туысы әрі ең талантты шәкірті екендігін және артына әдеби бай мұра қалдырған тамаша ақын екендігін баяндайды. Сөйтіп 1958 жылы 29 қазанда КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған «Шәкәрім Құдайбердиев ақталды» деген қуанышты хабар алды. Өлген әкесі тіріліп келгендей халде болған Ахат ата ендігі жерде әкесінің асыл мұрасын қайтадан жинақтауға кірісті.

Ахат ата жалғыз тірі қалған тұяғы ретінде енді келесі үшінші парызы – әкесі Шәкәрімнің денесін құрқұдықтан тауып алып (әке денесінің қай құдықта жатқанын анықтап, тауып, шығарып алудың өзі үлкен қиыншылық туғызды), арулап көму еді. Тек 1961 жылы шілденің 27-сінде Ахат ата, алпыстан асқан шағында, құдықта жатып қалған әке сүйегін жалғыз өзі оңаша барып абайлап қазып, түгендеп, Қарауылға (Абай ауылына) әкелген. Кәкітай атаның немересі Әрхамұлы Шағатай атамның үйінде жаназасын оқытып, құран қатым түсіріп, Жидебайға, Абай атаның қасына жас өліктей арулап, қайтадан жер қойнауына тапсырады. Шағатай атамның ұл-қыздары әлі осы күнге дейін сол үйде тұрады. Ол кісілердің айтуы бойынша, Шәкәрім атамды ақтық сапарға шығарып салған адамдардың қарасы өте көп болған. Асылдың сынығы – біртуар тұлғаның мәйіті 30 жыл бойы жапандағы құдықта жатып қалуы бүкіл тарих алдында кешірілмес күнә еді. Халықтың «өшкені жанып, өлгені тірілді» – деген қағидасы осындайда айтылмай ма! Бұл қасірет жасынан гөрі, қайта жанған үміттің қуаныш жасы да болатын…
Ахат атаның жары Жәкенова Бәтима апа қолындағы мұ­қият сақталған өлең жазбалары біз үшін қымбат қазына болып табылады. Соның бірі – Ахат атаның өз қолымен жазған қол­жазба өлеңдері мар­құм болған Шаға­тай атам­ның ұлы Асыл­жан ағамнан менің қо­лы­ма түскен болатын.
Әке мұраларын, қол­жазбаларын жи­нақ­тап жүрген Ахат ата мына тосын тағ­дырлы жайды жиі еске алатын. Сол бір темірдей тәртіп орнатқан қатал заманда өзі 12-13 жас шамасында болған кезде, әкесі Шәкәрім оны Шыңғыстау тау құзына апарып темір қобдишаның ішіне жазған қолжазбаларын салып, жасырып, көрсетіп: «Кейін заман тынышталар, сол кезде осы қобдишаны тауып ал» – деп аманат етеді. Бұны менің әкем Әлішердің айтып жазып қалдырып кеткен мына қолжазбасынан оқуға болады…. «Сырлы қобдиша» – бұл 1979 жылдың жаз айлары болатын Шәкерім бабамның ұлы Ахат ата бір күні маған телефон шалды. Ол кезде Семей облысы Абай атындағы ауданның Абай совхозында орналасқан «Шыңғыстау» орта мектебінде мұғаліммін. Ахат ата менің аудан орталығында тұратын Шағатай әкемнің үйіне жылдам келуімді талап етті. Мектеп директорынан сұранып келсем, Ахат атамның жанында аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Акишев Әлібек ағай шопырымен, менің немере інім Серікжан бар екен. Үйден қос арқан алып Шыңғыстауды бөктерлеп жүріп кеттік. Бағытымыз Шәкәрім қыстағы. Жолға шығысымен Ахат ата бізді қыстақ төріндегі құздардың біріндегі құс ұясына Шәкәрім бабамыздың өзі жасырып кеткен темір қобдишасын табу керек екенін түсіндірді.

Қыстақ төңірегіндегі бірнеше құзды қыраттарды аралап келіп Ахат ата көрсеткеніне тоқталдық. Тау етегінде тұрып құздың бірнеше тұсын мөлшерлеп белгілеп алдық. Құз шыңына Серікжан, шопыр ағай үшеуіміз шықтық. Серікжанды белінен, кеуде тұсынан қос арқанмен байлап төмен түсірдік. Ол болса, темір таяғымен түртіп мөлшерленген жерлерді қарап шықты. 4-5 сағатқа созылған әрекетіміз нәтижесіз болды. Келесі айда келеміз деген едік, Ахат ата ауырып қалды да бұл ісіміз жүзеге аспады. Содан бері 30 жылдай уақыт өткен екен. Тек Серікжан ғана тыным таппай өткен жылы жазда өзі барып тағы да іздеген екен. «Шәкәрім бабамның қобдишасында қандай сыр жатыр? Сол сырды ашсам екен» деп армандайды. Енді келесі барғанда жарылғыш заттарды (мина) іздейтін құрал болса тезірек табылар еді, өйткені қобдиша темірден жасалғанын Ахат ата айтқан» дейді. Бүкіл өмірі, шығармалары толық зерттелмеген сырға толы Шәкәрім бабамның қобдишасы табылар күн туар ма екен?!
Әлішер Азатұлы – Ысқақ ұрпағы. 11 қаңтар, 2010 жылы. Алматы қаласы.».
Ұлы Абай атамыздың «Қарасөздерінің» «Отыз жетінші сөзінде» «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес», – деген ұлағатты, тағылымды қағида бар. Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алаш арысы Шәкәрім Құдайбердіұлының осы жылы 160 жылдығы қарсаңында ұлы Ахат ұрпақтарына аманаттаған Шәкәрім бабамыздың өзі жасырып кеткен құпияға толы темір қобдишасын іздеп табу үшін ғылыми экспедиция жасап, бабаларымыздың бай мұрасын қайта жаңғыртып, аманатын орындасақ нұр істіне нұр болар еді.

Нұргүл ЫСҚАҚОВА,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкері

Жауап қалдыру