ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНІҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА

0
323

жеті пайдасы мен жеті зияны

7 қараша күні  Қазақстанның коммунистік партиясы Қазан төңкерісінің 100 жылдығын атап өтті. Қазіргі жастар «Октябрь революциясы» туралы онша біле бермейді. Ал біздің бала кезімізде жыл сайын 7 қарашада «Ұлы Октябрь социалистік революциясының» бәленбайыншы жылдығын дүр­кіретіп тойлайтыны есімізде. Бастауыш сынып шәкірттерінің кеудесінде октябрят значегі, жоғары сынып оқушыларының кеудесінде комсомол значегі жарқырайтын. Жатталған тақ­пақтар мен шырқалған әндерде есеп болмайтын.
Қазан төңкерісінің герман ақшасына жасалғандығында шаруамыз жоқ, В.И.Лениннің «Кеше – ерте болатын, ертең – кеш болады. Сондықтан Қысқы Сарайды бүгін басып алу қажет!» деген «қанатты» сөзін өзіміз үшін маңызды тұстарда қағида ретінде пайдаланып жүрдік. Коммунистік идеяларға сендік. Көп адамдарға партияға өту, арман болатын.
Сөйткен идеалдарымыз 1986 жылы қазақ жастарының жел­тоқсан көтерілісі кезінде тас-талқан болды. Социалистік қоғам­ның енді ғана адамға қарай түзеле бастаған бағыт-бағ­дарына ұлыдержавалық ам­биция мен шовинистік менмен­діктен арылмаған Кремль би­лігі мен орыс коммунистері қарақ­шының моласына шаныш­қандай етіп крест қойды.
1991 жылы әлемдік құрлық­тың алтыдан бірін алып жат­қан алып Совет Одағы ыдырады.«Әр нәрседе бір қайыр бар» дегендей қираған қызыл империяның бір қиырында тәуелсіз Қазақстан бой көтерді. Бүгінде өзіміз де, тәуелсіз еліміз де есейіп, оң-солын танитын болған тұста «Қазан төңкерісі қазаққа не берді?» деген сауал жиі мазалайды. Сол туралы пікірлерімізді өрбітіп көрелік.

ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНІҢ ҚАЗАҚҚА БЕРГЕНІ:

1. Алашорда күресінің нәти­жесінде Ресей феде­рация­лық құрылымының шеңберінде Қазақ мемлекеттілігінің қал­пына келтірілуі.
2. Қазақ автономиялық рес­публикасының шекарасы белгі­ленілуі.
3. Қазақ халқының жаппай сауаттануы.
4. Ұлттық кадрлардың қалып­тасуы.
5. Қазақ халқының жаппай отырықшылық өмірге бет бұ­руы. Өндіріс орындары мен қа­ла­­лардың салынуы.
6. Жаппай тегін дәрігерлік кө­мек алуы.
7. Ұжым­дасып еңбек етуді үйре­нуі.

ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНІҢ ҚАЗАҚҚА ТИГІЗГЕН ЗАЛАЛЫ:

1. Ежелден қазақ халқына тие­сілі Астрахань, Орынбор, Тюмень, т.б. өлкелердің қазақ мем­лекеттілігінің аумағынан тысқары қалуы.
2. Демографиялық апат. Аза­­мат соғысы, қолдан жа­сал­­ған ашаршылық, сая­си қу­ғын-сүргін, Екінші жа­һан со­ғысы салдарынан 4,5 – 5,5 млн қазақ опат болды. Тұ­рақ­­ты демографиялық өсім жағ­да­йында қазақтардың саны бү­гінде 60 млн-ға жетер еді.
3. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны 25,5 млн га қазақ жерін экологиялық тұрғыдан тоз-тозын шығарды. Топырақтың жылына 2,3 млрд тонна құнарлы қабаты желге ұшты.
4. Қазақ жеріне 1954-1964 жылдары Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Молдавиядан 6 млн кірме көшірілді. Сөйтіп Қазақстанда ұлттық тұрғыда демографиялық дисбаланс қолдан жасалды.
5. Атеистік идеология салдарынан қазақтар дін мен иманнан қашықтап қалды.
6. Қазақ халқын алкогольге үйірсек етуі.
7. Қазақ халқын «орыстандыру» бағыты ұсталынып, ұлттық әдет-ғұрыптарымызға «ескіліктің қалдығы» ретінде орасан соққы берілді.
Көріп отырғанымыздай Қазан төңкерісінің тұтастай алғанда қазақ халқына тигізген пайдасы да бар, залалы да орасан. Ең бастысы, ұлтымыздың соншама от пен оқтың ортасынан аман шығып, Қазақстан Республикасы сияқты мемлекеттілікке ие болып отырғаны басты қуаныш. Үш ғасырға созылған азаттық жолындағы айқастарда қазақ елі мен жері үшін жанын пида еткен барша қаһармандардың иманы саламат болсын!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру