Қазан революциясы қазаққа қасірет болды ма?

0
232

Соңғы жылдары бізде «тым сауатты» тарих­шылар пайда бола бастады. Жасы мен жасамысы ара­лас. Қазақ тарихына қалам тартса-ақ: «1917 жылғы Қазан төңкерісі қазақтың соры болды… Коммунистер 1932-33 жылдары аштық жасап, 1937-38 жылдары саяси қуғын-сүргін ұйымдастырып, 1941-45 жылдары соғысқа күш­теп қатыстырып, қазақты қырғынға ұшы­ратты…» деп сайрай жөнеледі. Патшалық Ресей­дің қазақты қор қыларын бажайлаған баба жырауларымыз «Керзаман келді!» деп дабылды жыр жазса, олардың бүгінгі кейбір «бәрінбілгіш» ұрпақтары Кеңес дәуірін «керзамандатып» әлек. Екі заманның арасы жер мен көктей екенін тым болмаса бір уақ ескерсейші!.. Осы «құбылысқа» орай өзімдік мына бірер ойымды ортаға салуды ұйғардым.

Ресей Алтын Орданың шегінен заман ағымымен шығып, өз алдына патшалық ел болғаннан кейін де «Еуропаға терезе тескен» 1-Петр патша Дін басы мен Жандармерия бастығын шақырып алып, үшеуі шет елдердей бай болу үшін Ресей тұрған құрлықты орысқа түгелдей қаратып алуға құжат жасапты. «Бұратана» халықтарды әуелі дін жолымен алдап-сулап жіпсітіп, хрис­тиан дініне енгізу, аты-жөндерін орысшалау, егер оған көнбесе, қару күшімен мәжбүрлеу керек десіпті. Сөйтіп, олар «кембағалдардың» жерлерін тегін иеленіп, асты-үстінің байлығына кенелудің оңай жолы – «тоқаш пен тоқпақ» саясатын жүргізу деп шешкен. Мен оны сонау жылдары, қызмет бабымен аралас-құралас болып жүрген кезімде, мәс­кеулік жазушы-та­рихшылардың бір­нешеуінен естідім.
Үшеудің «тари­хи» құжаты Кеңес Одағының мем­­лекеттік орталық мұрағатында сақтаулы екен де, «№1 үстелдегі» онымен танысқысы келетіндер СОКП Орталық Комитетінен рұқсат алуға тиіс екен, ал рұқсат өтінгенге беріле салмаған және олардың да көшірме алуларына тыйым болған.
«Азиялықтар білім-ғылымға қа­білетті емес, олар қара жұмысқа ғана жарайды», деп бетпақтанған 1-Петрдің бұтарлау саясаты құр­лықтың Солтүстігін, Қиыр шы­ғысын жалмап, Қазақстанға ойысып, көк­түріктің көне мекені – қазақ Ал­тайы­ның жартысын жалмаған кез­де Октябрь революциясы болып, Ресейдің отарлаушыға айналған патшалық жүйесі жойылды да, Алтайдың екінші жартысындағы (бүгінгі Кенді Алтай, Шығыс Қазақстан облысы) қазақтар күштеп шоқындырудан аман қалды. Бірақ, Ресей дала билігімен бұрынғы шарттасуы бойынша қазақ жерін тіміскілеп, «ғылыми экспедицияларын» шығарып, «оларды қорғайтын әскери бекініс» дегендерін сала бас­тап, қарашекпенділерін қаптатып үлгірген. Сол сұрқиялықтың зардаптарын зерттеген қарт журналшы-жазушы Сапабек Әсіпұлы деректі үш кітап жазды («Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі»), өкі­нішке қарай, тарихшылар қауы­мы­мыз «ғылыми дәрежесі жоқ» автор­дың ол еңбектерін зерделемеді.
Енді Алтайдың орыстандырылған жартысындағы (Горный Алтай) бір қаламдасымның халін баяндайын.
Барнаулдық (қала аты түріктекті төлеуіт халқының «по-ронгы-ул» – «лайлы өзен» сөзінен шыққан) ақын Сергей Сергеевич Каташ 1973 жылы Алматыға келіп, Ғылым академиямызда докторлық диссертация қорғады. Ол өздерінің педагогика институтында Алтай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, «Алтай баатырлар» атты көптомдықты құрастырған тарихшы-ғалымдар тобының жетекшісі екен. Жазушылар одағында танысып, еркін әңгімелесіп жүрген күндеріміздің бірінде ол: «Ай, Ғабба! Ата-әкелерің де, өздерің де Иванов, Сидоров, Козлов, Гусев, Воробьев… болып кете бармай, байырғы қазақ қалыптарыңда қалған сендер өте бақыттысыңдар! Владимир Ильич Ленинге күн сайын алғыс айтсаңдар да көп емес. Арыда қазақ, беріде орыс болып кеткен бізді көрсеңші! Біз – ата-бабамыздың тілінен, дінінен мақрұм өскен сорлымыз!», – деп күйінді (әрине, орыс тілінде сөйлеп). Жүрегім езіліп кете жаздады. Оның сол минөттегі әлемтапырық қазақы әлпеті әлі де көз алдымда, дірілдей құмыққан дауысы әлі де құлағымда!..
Жақұт (якут) жазушысы Николай Габышевтан да сондай налыс естігенім бар. Ол екеуіміздің фамилиямыз ұқсас екеніне таңдана жымиып отырып: «Осы «Кабышев» деген фамилияны саған дейін Белоруссияда, Украинада естідім. Генерал болған Карбышев та ұқсастау, демек, православтықтарда осындай кісі аты болғаны. Түрік тұқымды маған бұл аты-жөнді халқымызды қорқытып-үркітіп шоқындырған орыстар беріпті, саған кім берді, сендер шоқындырылған жоқсыңдар ғой?», – деді. Мен: «Әкемнің аты Қабдырахман екен, әжесі «Қабыш» деп еркелетіп, кейін солай жазылып кетіпті», – дедім…
Және бір жәйіт.
1978 жылы КСРО жазу­шы­лары­ның «Дубулты» шы­ғар­ма­шылық үйіне (Балтық теңізі жағасында) дем алуға бардым. Ықшам денелі, қараторы жігіт­ағасымен үстеліміз бір екен, таныса отыру үшін сөз бас­тап:
– Туысқан, қайдансыз? Қырғызсыз ба, өзбексіз бе? – дедім.
– Не понимаю, – деді ол, қысық қара көзі күлімдей жымиып. Сұра­ғымды орысшаладым.
– Я – коряк. Моя фамилия – Косыгин, а зовут – Владимир, – деді.
– КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Николаевич Косыгин туысыңыз емес пе? – дедім, әзіл аңғарта. – Ол кісі кеше келіпті, осы жағадағы үкіметтік санаторийде.
– Онымен туыс болсам, өстіп жүрем бе? – деді. Үнінен қыжыл аңғарылды.
– «Өстіп жүрем беңіз» қалай? – дедім, көмескі қыжылын аршып көргім келгенін жасырмай.
– Патшалық Ресейдің басқын­шылық саясатынан хабарыңыз бар шығар, Ленин мен Сталиннің еңбектерінде айтылған ғой. Біздің коряк ата-бабамыз сол саясаттың құрбаны болыпты. Поптарын бетке ұстаған патшалық әскери жасақтар Қиыр Шығысты басып алып, бізді – коряктарды да христиан дініне алдап-арбап, ұрып-соғып кіргізген, ата-бабамыздың аты-жөнін жойып, орыстың аты-жөнін берген. Көнбегендерді көрге лақтырған. Менің ұлы атам Бола Коянто екен, ол – «Еркін тірлік» деген ұғым, «Коянтоны» олар «Косыгинге» айналдырыпты, балаларына коряктің атын қоюға тыйым салыпты. Содан бері біздің үрім-бұтақ – косыгиндер: Владимир, Василий, Иван, Ефрем, Кирилл… болып жүрміз.
–Жазушысыз ба? – дедім.
– Ана тілі орыс тілі болып кеткен ақынмын, Мәскеуде екі жинағым шықты. КСРО Жазушылар одағы­ның мүшесімін. Бірақ, міне, бес жыл болды, коряк аты-жөнімді қалпына келтіре алмай жүрмін, өтініш бермеген жерім жоқ, біріне бірі сілтеп шаршатты, – деді. Ол ақырын сөйлесе де, ашық ашынып сөйледі, сірә, менің де басқа ұлттан екенімді аңғарып, біздің арамызда бірімізді біріміз жатырқамас себеп бар деп топшыласа керек. Маған:
– Сіз қайдансыз? Ұлтыңыз қай­сысы? – деді.
– Мен Қазақстаннанмын, ұлтым – қазақ, – дедім, сөз бастамас бұрын өзімді таныстырмағаныма іштей өкі­ніп.
– Казакстан?!
– Қазақстан – КСРО құрамындағы одақтас он төрт республиканың бірі.
– Космонавтар ұшып жүрген жақ па?
– Иә, космонавтар біздің Бай­қоңыр деген космодромнан ұшады.
– «Казакпын» дедіңіз бе? Орыстармен туыссыздар ғой?
– Туыс емеспіз. Біз «қазақ» деген халықпыз. Казактарға қатысымыз жоқ, олар – христиандар, ал біз – мұсылманбыз, «қазақпыз», Қазақ­стан! – дедім, «қ» әрпін қатаң айтып.
– Қызық екен. Аты-жөніңіз кім?
– Ғаббас Қабышұлы. Бізде орыс­ша аты-жөн жоқ, – дедім, «Қа­бы­шев» дегендегі «ев»-ті жасырып.
– Патшаның арнаулы отрядтары сіздер жақта болмаған ба?! – деді ол, шын таңданып.
– Болыпты, мысалы, біздің Шығыс өңірімізге Ермак Тимофеевич деген атаманның отряды зең­біректерін сүйретіп келіп, қырғын жасап, жерімізді тартып алуға кірісіпті, бірақ біздің Сәтбек деген батыры­мыз ол жауыздың отрядын талқандап, өзін Ертіске батырып өлтіріпті.
– Сіздер бақытты екенсіздер! – деді Косыгин, қысық қара көзі өткірлене. Үнінен ризашылықтың нышаны байқалды. – Біз де аздап бақыттымыз, – деді ол сәлден соң. – Егер патшалық Ресейдің езгісінде енді он жылдай жүрсек, сауатымыз ашылмастан құрып кеткен болар едік, сөз жоқ, коряк ретінде құрып бітетін едік, енді қазіргі күнімізге шүкіршілік етіп жүрміз…
Егер 1917 жылы революция болмаса, қазақтар да патшалық Ре­сейдің «құшағында» кетіп, мөлшері 1920-25-жылдары жұтылып тынатын еді. Бұл – анау арғысы, ал мынау бергісі, қысқа қайырғанда, қазақ халқы сақталып, оның перзенттері: Абай шет жұрттарға да танылып, ескерткіштері қойылар ма еді? Патшаға қарсы күрескен Исатай-Махамбет дәріптелер ме еді? Жыр алыбы Жамбыл «Дала Гомері» аталар ма еді? Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова және басқа Тұлғаларымыз алыс-жақын елдерге мәшһүр болар ма еді? Әміре Қашаубаев Парижде қазақ әндерін шырқар ма еді? Публицист жазушымыз Әнуар Әлімжанов әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазақстанын, қа­зағын насихаттар ма еді?.. Кеңес өкіметін көзді жұмып, құлақты бітеп алып күстәналай бергенше, бір уақ осыны неге ойламасқа?!
Қазан революциясы («төңкеріс» – билік тобын өзгерту, «революция» – билік жүйесін өзгерту, яғни «Қазан революциясы» деу жөн сияқты) әлемге әкелген Кеңес дәуіріне тоқталсам, бүгінде қайсыбір: сая­­сат­шы, тарихшы, журналшы-жазушы қазекемдер оны да тілі жеткенінше жамандауда, онысын қостамағанды «Кеңесін аңсап жүр» деп мардымсып мұқатады. «Мен білем!» деген бұл ғадет саяси Алаш қозғалысымызды ұйымдастырған, басқарған арыстарымызда да болыпты, біразға дейін әр пұшпақты илепті. Ортақ мақсатта ортақ тілді бола бермей, Қазақ Өлкелік партия комитетін басқара алатын «қазақ таба алмай», Кремльге «құда түсіпті». Сөйтіп: Пестковскийді, Акуловты… Голощекинді (1925 ж.) келтіртіп «жарылқаныпты» (сол жолмен Мирзоян (1933 ж.), күні кеше Колбин де әкелінді).
…Халықаралық сипат-талап бо­йынша, халықтық мемлекет білім беруі мен медицинасы тегін елде ғана болады. Кеңес мемлекеті солай болды: бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарында білім беру тегін, тіпті студенттер жатақханасы да ақысыз емес пе еді? Диплом алған студенттер жер-жерден келіп жататын сұранысқа қарай мамандығы бойынша қыз­метке жолдамамен барып, онда да тегін жатақханада тұратын, көп кешікпей тегін пәтер алатын. Иә, Кеңес дәуірінде «пәтер сатып алу» деген сөз де болған емес. Сондай-ақ, медициналық қызметтің де барша түрі ақысыз емес пе еді? Қазірде ше? Бәрі керісінше. Және бір салыстыру: Кеңес өкіметі тұсында «жұмыссыздық» деген суық сөз де болған жоқ. Бүгінде ше? Бүгінде жұмыссыздық қоғамның бір дерті болып тұр, – оған ем қонуы үшін ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, ғылым-білімді, мәдениетті, медицинаны ке­­­ңестік қалпына келтіру қажет, – «Ру­ха­ни жаңғыру» сонда ғана болады!
«Халықтық мемлекет» дегенге орай бір жәйтті айта отырайын: Кеңестік қарсыбарлаушылар тобы 80 жылдардың басында АҚШ-тың «Гарвард жобасына» қатысты құпия материалдарды қолға тү­сір­ген. Оның КСРО мен Ресейге арнал­ған алғашқы үш томы: «Қай­та құру»; «Реформалар»; «Рефор­малардың аяқталуы» деп аталған да, онда: КСРО мен СОКП-ны, Ресейді, Варшава шартын, бүкіл социалистік жүйені ыдырату және бұл жүйенің негізін – тегін білім беру мен тегін дәрігерлік жәрдемді жою жоспарланған. Жанды жерден ұру ғой?!. Ол мақсаттың орындалуына, АҚШ Орталық барлау басқармасының мәлімдеуінше, жиыны 13 триллион доллар жұмсалған.

АҚШ Совет Одағын ыдыратуды 1948 жылы-ақ көздеген. Оның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің сол жылғы тамыз айының 18-нші күні бекітілген 20/1 құпия жобасында: «Біздің мақсатымыз – Совет өкіметін құлату» делінген. Бұлай боларын И.Сталин 1939 жылы әйгілі дипломат А.Коллонтаймен сұқбатында болжап айтыпты. Сол сұқбатта И.В.Сталин былай дейді:
«…Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.
Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться. Сила СССР – в дружбе народов. Острие борьбы будет направлено прежде всего на разрыв этой дружбы, на отрыв окраин от России. Здесь, надо признаться, мы еще не всё сделали. Здесь еще большое поле работы…
В целом в будущем развитие пойдет более сложными и даже бешеными путями, повороты будут предельно крутыми. Дело идет к тому, что особенно взбудоражится Восток. Возникнут острые противоречия с Западом…».
Сионистер сұқбатты жоққа шы­ға­ру үшін ұшарласа жанталас­қалы елу жылдан асты.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
жазушы

Жауап қалдыру