Қазақ хандығының бастауларына үңілсек

0
74

Қазақ елінің тарихта жүріп өткен өзекті де өрнекті жылдары сан ғасырға созылып жатқан салауаты – сардар, салтанаты – айшықты өзіндік бір әлем. Үстіміздегі жылы аталып өтілгелі тұрған Қазақ хандығының 550 жылдық той-дүбірі сол ұзақ сапар, ұлағатты ғұмырдың бір белдеуі, бірегей бір белесі. Ал, бүгінгі алған асу, шыққан биігіміздің өресімен бағамдасақ, «мың өліп, мың тірілген» қайсар халық өскінінің «Мен – Қазақпын!» деп қанат қомдаған бір межесі.
Сондықтан да, Керей мен Жә­ні­бек сұлтандар Қа­зақ хандығының туын кө­терген XV ғасыр­дың екін­ші жартысын – осы мерзімге дейінгі саналуан тарихи белдеулерден өткен, арғы те­гі – бірде ғұндар, бірде сақ­тар, бірде қаң­лылар, бірде түркі­лер, орта ғасырларда – қып­шақ­тар аталып, өздеріне тұстас әр дә­уір­дің жазба да, ауызша шежірелерінен ойып тұрып орын алған алып этнос бәйте­ре­гі­нің қай­тадан түлеп, қайтадан жа­пы­рақ жаюының бедері қанық бір белгісі деп танимыз. Тіптен, арғы тарихымыздың Скифтер шежіресімен шендесер тұсының куәгері, антикалық дә­уір дара тұлғаларының бірі Страбон өзінің «Географиясында»: «құрт кептіріп, қымыз­бен та­мақ­танған, …әділетті дәс­түр­ді ұстанатын, ….барлы­ғын әділеттілігі жағынан басып озатындар» жөнінде, яғни, Ұлы Дала көшпенділері жөнінде тамсана жазады («Фолиант». Астана. 2005 ж. 223 б). Шынында да қазақ халқының өз «…тарихында ұялатын кезеңі бол­маған» (Н. Ә. Назарбаев). Қа­зақ хандығының 550 жыл­дық мерекесі – өз тегіміз­дің тебі­рене толғанар бір межесі! Мұ­ны ақын тілімен ай­шық­та­сақ – «Мен қазақпын, мен бү­гін байтақ елмін!» – деп тәуелсіздік та­ңымен тыныстап отырған жыр-ғұмырымыздың алғашқы ыр­ғақ­тары тебіндеген толайым сәті­міз!
Уақыт пен кеңістіктің қат­пар­ла­рын­да қалып қойған тарихи тарамдардың қырты­сын жазып, қи­ра­ғатын келті­ріп ха­ти­ра­ға тү­сі­ру­дің қиямет-қайым қиын­ды­ғын екінің бірі біле берме­уі ға­жап емес…! Себебі мен салдары көп осынау қиын түйін­ді шешу ұзақ жылдар мен ұтым­ды із­де­ніс­тер­дің, жан­кеш­ті ең­бек­қор­лы­қтың нәти­жесінде ғана өз же­мі­сін беруі мүмкін.
Ұлттық құрам, ұлыстық бір­тек­ті­лік төңірегіндегі тарих­шы­лар мен басқа да зерт­теу­ші­лер­дің арасындағы ай­тыс-тартыстарды, пікір қай­шы­лық­тарын деректер мен бол­жам­дар­дың ала-құ­ла­лы­ғын уақыт ен­ші­лі­гі­не қал­дырып, бір сәт, қа­зір­гі қазақ хал­қы­ның құ­рам­дық тегімен біте-қай­насып жат­қан, арғы дәуірлер мен орта ғасырлардағы тарихи деректерде аттары аталып өте­тін рулар мен ұлыстар, тайпалар мен қауымдар жөнінде өзі­міз не білеміз, өзгелерге нені білдіре алдық? Шамасы, «аз» дегенге аузың бармайтын, «көп» деген­ге көңілің толмайтын жағ­дай­да қалатын сияқтысың… Шынын айтсақ, осы уақытқа дейін Шығыс тарихы сөз бол­ған жерлерде шетелдік те­гі бас­қа, тілі бөтен, мақсат-тіле­гі өзі­мен ғана мүдделес бір­ді-екілі авторлардың үздік-соз­дық ци­таталарынан алынған ақ­па­раттарды ғана қанағат тұ­тып келген жоқпыз ба?… Әрине, тү­мен ғасырлардың төрі­нен же­тіп, еліміздің рухани тарихынан өзіндік орын алған санал­уан ғаламаттарымызды қай­та жаңғыртып, көпшіліктің көз­айы­мына айналдырған «Мә­де­ни мұра» бағдарламасы. Осы бағ­дар­лама аясында орыс ті­лінен аударылып жарық көрген тарихи дерекнамалардың жөні бір басқа.
Орта Азия мен оған іргелес жұрттардың шамалап айт­қан­да 3-4 мыңжылдық тарихын қам­титын Қытай тарих­на­ма­ла­ры­ның бастауынан ойып тұ­рып орын алған, ежелгі Хань әуле­ті мен ежелгі Ғұндар (Көш­пен­ді­лер деп ұғайық) арасын­дағы тығыз қарым-қатынастар болмысын тереңдеп зерттеп, байсалды зерделеудің сәті де енді-енді туа бастаған тәрізді. Кейінгі жылдары, дәлірек айтсақ 1998 жылдан бастап, Шығыс Түркістанда тұратын қандастарымыз аса бір игілікті істі қолға алып, Аспанасты елінің мұрағаттарында сақталып келген «26 тарих» аталатын ұлан-асыр тарихнамадан Қазаққа қатысты де­рек­терді арғы-бергі тарихи танымдар сүзгісінен өткі­зе ірік­теп, оның қазақ тілін­де өте шебер аудармасын жасап, «Жүң­го тарихнамаларын­да­ғы қа­зақ­қа қатысты деректер» деп аталатын ортақ атаумен том-том ғып жариялай бастады. Біздің ойымызша, тілдік-линг­вис­тика­лық, тарихи-мер­зім­дік жағынан алып қарағанда өте күр­делі күрмеулердің шеші­мін тауып шендестірудің қиын жолынан өтіп барып, осынау алып тарихнаманы қазақ тілінде сөйлеткен азаматтар­ға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Аудармашылардың басы-қасында жүріп «түн ұйқы­сын төрт бөлген», өзі де өте білік­ті тарихшы Жақып Мырзах­ан­ұлы бір сұхбатында айтпақшы, қол­да бар үш томды «шө­жіт­пей», қа­зір­гі қолданыстағы әліп­би­мен жариялаудың реті ке­ліп-ақ тұр! Бұл игілікті іс жү­зеге асып жатқан жағдайда, аудар­ма­шылардың жоспарына сәй­кес енді аударылып жатқан қал­ған том­дар­дың да қазақ оқыр­ма­ны­ның қолына тиетін күні алыс емес!
Аталған көптомдықтың бірінші томы – аспан асты елінің 3000 жылдық тарихын, дәлірек айтс­ақ аты аңызға айналған Хуаң-Ди (Сары Бабалық) дәуірінен бастап, б.д.д. Хан-Уди патша заманына дейінгі оқиғаларды қамти келе, жалпы Хань әулетінің тұңғыш шежіресі аталатын – «Тарихи жазбалардан» басталады. Кәзірге дейін жарық көрген үш томдықтағы деректер мен дәйектердің өзі бір академияға аздық етпейтін материалдарды топтастырған. Әрине, ғасырларды қамтып, бойлықтар мен ендіктердің «ғұмырнамасын» еңсере сипаттайтын тарихнаманың ауқымы өте үлкен, өте көлемділігін және көне таңбалар мен тілдік орамдарды аударудың тым күрделі екендігін ескертіп өткен шығармашылық топ, өздеріне басты нысана етіп, тарихи шежірелерге «көшпенділер» атымен енген ерен жұрттың елдік, ерлік баянына тікелей қатысты оқиғаларды баса қам­тыған. Осы ретте біз де, көп­шілік қауымға оқуға жеңіл, әрі түсінікті болу үшін және жазба көлемін ықшамдау үшін атал­ған кітаптардан алынған дерек­тердің тұсына, аталған үш том­дықтың тек рет саны мен беттерін ғана көрсетіп оты­ратын­ды­ғымызды ескертеміз.
Біз сөз еткелі отырған арғы дәуірлердегі тайпалар – кидан, ғұн, үйсін, қаңлы, аорыстар, парфиялықтар мен ұлы натше, қияндар, ұдұн, каси, қимақтар мен қыпшақтар болып тағысын-тағы жалғаса беретін ұзақ тізбектен тұрады. Бұл тізбектердің тегінде – тектердің тарихи да табиғи эволюциясына, ұлыстардың рухани ұстын-ұс­танымына, биліктің берекет-бе­деліне, тіптен, адамдар­дың тағ­дыр-тәлейіне дейін ті­ке­лей тәуел­ді болып келетін, алапат ағын­дар жатады… Ол ағындар ішін­де – салтанатты жеңі­стер мен сансыратқан жеңіліс­тер, та­­би­­ғат құбылыстары мен жеке тұл­ға­лар­дың ара-қатынасы, олардың ақыл-парасат өресі де жатуы мүмкін. Үйткені, бұ­лар­дың аталған кітап бетте­рін­де­гі тарихына назар сал­са­ңыз, ұлы шығыстанушы Л. Н. Гумилевтың: «пассио­нар­лық­тың қуат көзі таусыл­ған­да, оның алғашқы жарқылы ойна­ған жерде алдымен ыс­тық қо­ламта, одан кейін суық та дым­қыл күл қалады» дей­тін сөз­де­рі ерік­сіз ойға оралады… (Л. Н. Гумилев. «Этногенез….». стр.297. М. 2005 г.)
Осылардың ішіндегі, ар­ғы те­гі есте жоқ ескі заманалардан бастау алатын көшпенді қа­уым ге­н­еологиясының әлеуетті бір тар­ма­ғы – Ғұн тайпасы екен­ді­гі, яғни, біздің дәуіріміз­ге дейін­гі көш­пен­ділер ареалының ше­жі­ре­сі осы ғұндар әулетінің өт­кен өмір, кешкен ғұмырына ті­ке­лей байланысты екендігі жалпы әлем­дік тарихнама мойындайтын талассыз шындық болар деп пайымдайсыз.
Дей тұрғанмен, тек ғұндар­дың ғана емес, жалпы Шығыс ше­жі­ре­сіне мұрнын шүйіре қа­рай­тын қа­ты­бастардың қа­ра­сы қай дәуірде де, қай кезеңде де аз болмағаны шындық. Батысты «бар жақсының басына қою­ға» жан­та­ласқан «евро­центризм» ілім­сымағы белең ала баста­ған тұс­та, белгілі орыс шы­ғыс­та­ну­шысы М. С. Суровцов (1850-1874 ж.ж.) айтқан мына бір пікірді әдейі түп­нұс­қа­дан оқиық: «Немало найдется людей в нашем обществе, которые как-то узко-педантически относятся к Востоку и его изучению. …Но такой узкий взгляд не оправдывается ничем и есть плод их тупоумия и крайнего невежства… …очень глубокий интерес представляет нам Азия в научном отношении как колыбель европейских народов, откуда они вынесли основные формы миросозерцания, оразнообразившиеся только под влиянием других географических условий» («История железной империи». стр. 9. Новосибирск. 2007 г.). Жоғарыда атап өт­кен «Жүңго тарихнамаларындағы қа­зақ­қа қатысты деректер» көп­том­ды­ғы­ның 1-кітабында сол Ғұн әулетіне мынандай сипаттама беріледі – «зөдиден (б.з.д. 1200 жыл) төменге дейінгі мың жылдан аса уақыт­та ғұн­дар бірде толықсып, бір­де ойсырап, бастары бірікпей бы­ты­раң­қы күйде жасап келген еді. Осылайша арада көп замандар өтіп, олардың арғы ата-тек шежіресін анықтау­дың мүм­кін­дігі болмаған еді. Бү­дүн­ның тұсында ғұндар мей­лін­ше дәурендеп, терістіктегі күллі бұра­та­налар­дың (көш­пен­ді­лер­дің – Т. М.) тізгінін қолына алды. Түстікте Жүң­гомен (Қытаймен–Т.М.) үзең­гі соғыстырды» (І т. 79 бет). Атал­ған жазбалардың, ежелден-ақ ғұн­дармен қоян қолтық іргелес отырса да олармен дәм-тұз­дары жараспай, үнемі өз­ара қиян-кескі жауласумен өт­кен Хань әулеті бітікшілерінің қо­лы­нан шыққандығын ескер­сек, сол өкпелі жұрт өкілдерінің өзі ғұн­дар­дың қабырғалы қа­уым болғанын, ерлігі де өрлігі де кез келген тайталаста топ жаратын сайыпқыран сардарлар бол­ған­дығын мойындайды.
Ғұндар біздің дәуіріміз­ге де­йін­гі 200 жылдықтың меже­сін­де құр­лықтың біраз же­рі­не – Шы­ғы­сын­да Тәңір Тау, Батысында Сары өзен алқаптары­на дейін­гі кеңістікке иелік еткені тарихтан белгілі. Тіптен, ерте за­ман­дық автор Чин Шоу (230-297 ж.ж.) Ұмай ананың мекені деп Мәрмәр тауды да атап өтеді (1т. 895 б.). Аталған кітап беттерін парақтай берсеңіз, Бұдұн, Кейүк, Гүнзен, Ежиза, Құлеке, Сатеғо, Тезек Тәңірқұттардың тұсындағы Ғұн империясының державалық дәрежесі, салт-дәстүр салтанаты олардың тек көпшілік қауымға кеңінен таныс Аттила төңірегіндегі аз ғана, өзі айтыла-айтыла ақжем болған аңыздардағыдай емес, тарихта толайым таңбаланып, жалпы әлемдік тарихнаманың пәтуалы парасына айналған үлкен әлем болғандығына көз жеткізесіз.
Аспанасты елі тарихи дерек­на­ма­ларының көш­басын­да тұр­ған осы «26 тарих» және «24 тарих» (60 томдық «24 тарих» та кәзіргі ұйғыр тіліне аударылып ШҰАР-да жарық көр­ген) аталатын ерен еңбектер­дің қай бетін ашсаңыз да ежелгі Хань әулетімен қанаттас ғұмыр кешкен кез келген ұлттар мен ұлыс­тардың, мемлекеттік құ­ры­лым­дар­дың тыныс-тірші­лігі­нен, әдет-ғұрып, салт-дәс­тү­рі­нен, саяси-әлеуметтік жағ­дайы­нан ке­ңінен мәлімет ала-аласыз. Жоғарыда айтып өт­ке­ні­міз­дей, өз дәуірінде «көш­пен­ділер» атанған алып орданың алдыңғы шебінде тұрған, ерлігі де, елдігі де өзгеден оқ бойы алда жүрген ғұндар қауымының әлеуеті тым тегеуірінді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тұрлаулы ұлыс болғандығын жылнамашы былай сипаттайды: «Ғұндарда жылына Ұлубалықта 3 мәрте бас қосатын салт бар еді. Олар көп ретте бірінші, бесінші және тоғызыншы айлардың бесінші күні Көк тәңіріне тасаттық беріп, тәу етеді. …Сол орайда әр тайпаның атқа мінер ақ­са­қал­дары бас қосып, елдің ірі-ірі іс­тері жөнін­де ақыл­дасатын, әрі ат, түйе жарыстарын өткізіп көңіл көтеретін». (1т. 839 б.) Немесе: «қар­сы­лас­қанның басын шауып, қал­ға­нының тізе­сін бүк­тіреді, …садақ асын­ғаны­ның бәрі бір үйдің адамындай» дейді (1т. 86 б.) Ал, енді осындай ордалы жұртпен тіл табысып, тізе қосудың амал-айласын іздеуден басқа не шара? Оның өзі алуан түрлі болған алтын мен күміс, гауһар мен жақұт, жібек пен жүйрік тұл­пар, топ-топ жібек, қап-қап кү­ріш, қала берді құда-құданда­лық жоралғы, қала берді, аманатқа асылзада тұ­қымнан адам ұстау болып жалғаса береді… Мысалы, б.з. 92 жылы тәңірқұт Ағдакен­ге «таңба, таңба бауы, Қас тасымен нақышталған төрт семсер, төрт ат жегілетін қауыр­сын көмкермелі күйме» тарту етілгендігі таңбаланған (1 т. 859 б.) Біздің заманымыздан бұрынғы 156 жылғы 4 айда «…төреші абыз Янь-Шыңди деген адам ғұндармен құда-анда­лық шарт жасау үшін Дәй бектігіне жіберілді…», іле-шала – 155 (б.з.б.) жылы «күзде ғұндармен тағы бір рет құда-андалық шарт жасалды…» – дейді тарихшы Цыма-Циань (1т. 231б.)
Араға жыл салып Хань әуле­ті, б.з.б.152 жылы, «Хань әулеті­нен бір ханыша ғұн Тәңір­құ­ты­на (Гүн­зенге) ұзатылды» – дейді «26 тарих» беттері (сонда)
Тарихнама тарауларында жар­тылай көшпенді қауым­ның та­рих­тың елең-алаңында­ғы салт дәстүрі де, ұлттық, ұлыс­тық ұстанымы да, мемлекет­тік құрылым ерекшелігі де, күн­де­лік­ті тұрмыс-тіршілігі де, ке­ңінен хатталып, мұқият қа­лам­дал­ған. «Олар малдың етін жеп, сүтін ішеді, терісінен киім киеді. …Жаугершілік кезде бар­лық адам ат құлағында ойнап, садақ тарта біледі. Бейбіт шақ­та шат-шадыман тұрмыс кешіре­ді. Олар – жол-жосыны жұпыны еркін халық. …Хан мен қараша арасындағы жоралғы да тым қарапайым. Оларда ел билеу мен адам тірлігі бір тұлға болып кеткен.» (І т. 455бет)
Шежірешілер өз елінің Ши-Хуаньди дәуірінен (ұзын­дығы б. д. д. III ғасырда 4000 шақырымды құраған Ұлы Қорған салу дәуірінен бас­тап) ежелгі жауы саналатын қауым­ның (көшпенді кидандар, сюннулер, ғұн­дар, түріктер т. б. ) әдет-ғұр­пының, салт-дәстүрінің тә­лімді тұстарына кейде қызыға, кейде қызғана қарап, енді бірде, өз елдерінің болмысындағы кей тұс­тарға іштей реніштерін де жасырмайды. Кітаптың «Ғұндар баянында» – ғұн дәстүрінде «… ағайынды адамы өлсе, оның түтінін өшірмеу үшін жесірін алатын салт бар. … Бір атаның тұқымы ретіндегі қандастық тәртібі осы жолмен сақталып отыр. Кә­зір Жуң­года (Қытайда – Т. М.) кө­рер көзге …аға – бауырының жесірін алу салты болғанымен, қайрымсыздық етек алып, туыс-туғандар барған сайын жатбауыр болып барады, бірімен-бірі қырқысып жатыр, тіпті кей тұқымдар құрып та кетті» (І т. 455 бет) – дейтін жолдар көп нәрседен хабар берсе керек… Қол­дағы құндылығыңды қор­ғай білер қуаттың бір парасы, тіні бұзықпен тіресе де бі­лу қуаты да жатпай ма?! Осы ретте, академик Р. Рахманалиев­тің дала сайып­қырандары­ның соғыс өнері жайлы жария­лан­ған тө­мен­дегі пікірін түп­нұс­қа­дан оқып көрелік – «…Когда хуннов преследовали, они, как сифы, использовали тактику выжженной земли, увлекая неприятельские войска в пустыную Гоби или в голую степь и обстреливая врагов на безопасном для себя расстояний, решающий же удар наносили, когда неприятель был совершенно деморализован. Такая тактика, благодаря их мобильности и искусству стрельбы из лука, оставалась неизменной у всех степняков….». (Р. Рахманалиев. «Империя тюрков. Великая цивилизация» стр.147 )
Кәзіргі тарихи танымға, арғы тегі Алтай тауларынан таратылатын Түрік этносының ана-құр­лық – Азияның Шы­ғы­сы мен Батысына ендеп жайыл­ған ерен қауым болған­ды­ғы, кере­гесі кеңге керілген кемел жұрт болғандығы, би­лік­тің бейнесі мен би болу қыз­ме­ті­нің парқын ажырата бі­летін сұңғыла сүлейлері мол халық болғандығы бір­тін­деп сіңісті бола бастады. Мүм­кін, көшпенділер өрке­ниеті өрімдерінің қуатын жөн-жосықсыз көмескілей бе­ру­дің енді реті жоқ екен­ді­гі­не «Тарих­намадағы»: «Бұ­рын (б.д.д. –Т.М.) Хань Уди бү­кіл жер бетін жалғыз билеу үшін Ғұн­дарды бағындыруға құл­шын­ған еді. Бірақ оның сәті түспеді де арманы іске аспады», – дейтін өкінішке толы жолдардың ықпалы аз болмауы бек мүмкін…(1т. 856 б.) Алайда, осынау ордалы жұрттың жалпы адамзатқа ортақ өркениет өрімдеріне қосқан өлшеусіз үлесі туралы еуроцентризм «ғұламалары» әлі де жұм­ған ауыздарын ашқан емес. Тіп­тен, Тә­ңіріне тәу етер «терезе» – ша­ңы­рағы бар, төрткүл дүниені бұ­рыш­тамай түгел шолар тұл­ғасы бар, киіз туырлық, ағаш сүйекті ақ орданы ойлап тапқан, темірді алғаш қорытып, жабайы жылқыны алғашқы болып ауыздықтаған (Хазрасп аңызы), тіптен шалбар мен үзеңгіні де ойлап тапқан (Л.Н.Гумилев, Мұрат Әжі зерттеулері) Түркі жұртының жадында, ғасырлар бойы сақталып келген аңыз-әфсаналар мен жыр-дастандар, қи­ял-ғажайып ертегілер қа­зы­насы да ғылыми танымның сан-салалы тармақтарының та­ра­зысына салып екшеуге тұ­рар­лық құндылықтар. Аңыз-әф­сана, қиял-ғажайып ертегілер демекші – зерттеуші М. Некат­тың пайымына жүгін­сек адамзат зердесіндегі қиял мен болжам ұшқыны – тек болмыста болған, немесе сөз­сіз болуға тиісті құбылыстар­ды ғана қамти алады екен… Біз­дің пайымымыз – түркі жұр­ты­ның жадында түмен ғасырлар бойы тұнып жатқан аңыз-әфсаналар мен қиял-ғажайып ертегілер, ше­жірелі жыр-дастандар әле­мін­де де, тарихи танымға татымы мол талғажу бола алатын талай-талай тылсым сырлар бар… Өркениеттер алмасуы­ның, бүгінде жалпы адамзатқа ор­тақ құн­ды­лықтар тоғы­суы­ның тора­бын­да­ғы соны сүрлеулер­дің бірі – осынау жалпы түр­кі жұр­тының зердесінде зерленген фольклор мен этнография әле­мінде жатуы да бек мүм­кін. Бұ­лар әрине, өзінің бола­шақ зерттеушілерін күтіп жатқан қа­зыналар екендігі даусыз…
Жасыратыны жоқ, осынау қа­дам­дарға алғаш барып, тың­нан түрен салғандай бол­ған Л. Н. Гумилев, Мұрад Аджи, Э. Хара-Даван, Р. Рахманалиев ең­бек­те­рін­дегі шетін пайым­дау­лар­ға жіті назар аударып жат­қан зерт­теу­шілердің қарасы әзір­ге анау айтқандай көп те емес…
Мысалы, бүгінгі қазақ елі­нің құрамында өзіндік орыны бар, 1465 жылғы Қозыба­сы биі­гін­де­гі салтанаттың сапында тұр­ған (К. А. Пищулина. «XIV ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың басындағы Оң­түс­тік-Шығыс Қазақ­стан». «Ғы­лым» баспасы. 1977 ж. ) Қаң­лы жұртының бір кездері бес үлкен басқақтықтан тұрған ірге­лі ел болғандығын осы тарихнамадан тағы да бір аң­ға­ра­сыз: ордалары өздері аттас қа­лал­арда орналасқан – Са­ғай қала­сындағы Сағай хан (Қа­зақ хан!), ордасы Бө­мік қаласында орын тепкен Бө­мік хан, ордасы Раунік (Бинакент) қаласы болған Раунік хан (Ташкент ханы), орталығы ежелгі Ге (Бұ­ха­ра) қаласы болған Ге хан, ежелгі Оган кәзіргі Үр­ге­ніш қаласында ту тіккен Оган хандықтары сияқты Қаң­лы­ның кіші хандықтары, атал­ған кітап­тың түсініктемесіне сәй­кес (1т. 623 б.), өзіміздің Сыр бойына орналасқан Логатнок (кей­бір мәліметтерде Бетен) қаласындағы кіндік ас­танаға бағынған. Бұл атаулар әрине, біздің дәуірімізге дейінгі жүзжылдықтар межесіндегі тегі түркі көшпенділерге тән топонимдер мен атаулар. (І том. 606 б.). Ықылым заманалардың «шаңы» басып, сан алуан орфография мен орфоэфияның, топонимдер мен ойконимдердің, гидронимдер мен астонимдердің уақыт өте келе түрленуінің арғы тегінде жатқан түпнұсқаны айқындаудың өзі зерделі зерттеуді, асқан біліктілікті қа­жет ететін аса күрделі ғы­лы­ми сала… Сондықтан да, аудармашылар – «Тарихнамада Жун­го­ның (қытайдың) батыс те­ріс­тігін­де, Орталық Азияда өмір сүрген ежелгі этностар мен мем­лекет­терге қатысты қы­руар оно­мос­тикалық атаулар – ел, ұлыс, ру-тайпа, кісі есім­де­рі, шен, мәртебе, лауазым­дық атаулар, жер-су атаулары бар. Бұ­лар­дың басым көбі сол кездегі эт­нос­тардың тілінен дыбыстық аударма ретінде иероглифтармен қағаз бетіне түсіріл­ген. Бірақ, сол заманғы этностар­дың ті­лі бізге беймәлім» дей ке­ліп, бұл – «аса машақатты, үл­кен мә­се­ле болып алға тартылды» деп түйін­дейді (1 т. 17 б). Мысалы, біз­дің дәуірімізге дейінгі жүз­жыл­дық­тарда жазылған «Тарихи жазбалардың» беттерін­де, Кө­гарт (Памир) тауларының батыс жағы мен Дад – Уан (Даван – Ферғана) жо­та­ла­рының терістігін мекен еткен ежелгі Қасок елі туралы мәліметтер кезігеді… (1 т. 1 – 4 б.) Қазақ атауына етене жақын Қасок атауына елең ете қалуымыздың тегінде қаншама құпия жатыр…?! Бұл, Иакинф Би­чу­риннің аударма­сы­на сүйен­сек, қытайларға ат сатудан бас тартатын, оларды өзде­рі­нің әйелдерге деген құрметі­мен, сарайларындағы рәсім­де­рі­нің қара­пайымдылы­ғы­мен таң қал­дыратын ел болатын. (А. Н. Берн­штам, «Избранные…» т. 2. стр. 249. Бишкек. 1999 г.)
Кейінгі дәуірлерге тән тарихи шежілер мен тарихи зерттеулер ағыныңдағы айшықты арнаның бірі – ежелгі Үйсіндер. Осынау іргелі елдің тегі тереңде жатқан тарихын тарамдап, жүйелеп зерттеуге көптеген талпыныстар жасалғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі (Бартольд, Бернштам, Аристов т.б. зерттеулері).
Біздің дәуірімізге дейінгі 104 жылы дүниеден өткен Лапук Күнби билеген Үйсін мем­ле­ке­тінің астанасы Қызыл судың жағасына орналасқан (Қордай жоталарына жақын) Чекук, басқа бір дерек бойынша Чеклук қаласы болғаны мәлім (1т. 626-675 б.б).
Сол тұстағы қабырғалы қа­уым, қуатты мемлекет болған Үй­сін жұртын дәуір бітікшісі (жылнамашысы) – «Жері ұлан-асыр жазық, ауа райы жаң­бырлы, салқын келеді. Тауларында қарағай, самырсын көп өседі… Елінде жылқы көп болады. Байларының жылқысы 4-5 мыңға дейін жетеді. Адам­да­рының мінезі қатаң … аса азулы ел. Шығысы – ғұндармен, батыс терістігі – Қаңлы, батыс Дадуан, түстігі қала – кентті елдермен жапсарлас», – дей келіп, ежелгі үйсін аймағын – «бұл тегінде сақтардың ата қонысы еді» – деп жалғастырады (1т. 627 бет). Бұл ақпарат, арғы тегі алтын Алтайдан тарайтын түркі текті жұрт тарихының бір парасын пайымдап, оның эволюциялық дамуы мен таралу ареалын «аралап» шығуға еркін жететін емін ақпарат…
Азия құрлығы мен Дон-Дунай белдеулеріне дейін жеткен, Европа далаларына дейін (Пушта) жайылып, тіптен Америка құрлығының тау мен дала, нуларына дейінгі кеңістікті игерген (Ә.Ахметов. «Код Евразий», «Деловой мир» 2012г.) түбі бір түр­кі қауымының көптеген мың­жыл­дықтарға ұласып жатқан тарихына еркін еніп, шолу жасайтын күн әлі алдымызда!
«Сақтардың ата қонысына» жай­ға­суымен б.д.д. жүз­жыл­дық­тар арасындағы тарихи кезеңдер өткелінің, бояуы қа­нық бейнелерін де аталған жазбалардан табуға болады. Тіл­дік бірліктің, туыстық ынтымақ­тың тінінде жатқан біртекті­лік­тің негізі өзегін де осы кітаптар­дың беттерінен кезіктіресіз.
«Бір халықтың екінші ха­лық­қа айналып, әртүрлі тілде сөй­лей бастауы үшін 1000 жыл» керек дейді зерттеуші А. А.Тюняев, «Анализ ареалов расселения народов, племен, наций» атты кітабында.
Автор, қызды-қыздымен, өзіне етене «евроцентризм тео­рия­сының» тереңіне бойлай келе, тіптен тарихи таңбасы бар­ша­ға аян Палестина атауын, «бұл орыс-славянь тіліндегі – «палые стены» дейтін сөз деп те жібереді…Ғылымдағы те­рең­дікті, табандылықты талап ете­тін талмауыр тұстардың бірі саналатын атаулар мен есімдер алмасуының тегін тектеп, түсін түстеудің орнына, біз кейде күлкілі әңгіме естігендей есінеп езу тартамыз да қоямыз… Бас­қа­сын айтпағанда, тек бүгін­гі қа­з­ақ халқының арғы тегінде те­бін­деп жатқан түркі қауы­мы­ның түп тарихы туралы жа­зыл­ған көптеген еңбектер­дің бет­те­рін­де (олардың ішінде араб, парсы, орыс, қытай тектілер де бар) осы тектес «суырып салма» бол­жамдардан аяқ алып жүргісіз екендігінде жақсы білеміз.
Аудармашылардың осынау ауыр да абыройлы міндет­ті орындау барысында – Н. Я. Бичурин (Иакинф), С. Е. Малов, В. В .Бартольд, Н. А. Аристов, Л. Н. Гумилев, А. Г. Малявкин, Ғ.­Зардыханұлы баста­ған орыс, қазақ зерттеушілерінің, шетел шы­ғыс­танушылары Э. Шаваннь, П. Пелье, М. Хисао және басқа да көптеген тарих­шы­лар­дың еңбектерінде жиі-жиі тілге тиек етілетін жазбаларға, оның ішінде кітаптың өз аты айтып тұрғандай Қазаққа қатысты деректерге ерекше назар аударған­дық­тары байқалады. Әрине, бұлардың ішінде, тегі түр­кі, нау­ғысы башқұрт, телімі орыс Н. Я. Бичурин (Иакинф әкей) мен «Тарихнама» тараулары­ның кейбір бөлімдерін француз тіліне алғаш аударып Парижде жариялаған Э.Шаваннь, аталған аударманың негізінде оның, алдымен Берлинде – неміс, іле-шала, Мәскеуде – орыс тілдеріндегі нұсқаларын баспадан шығарған С. Е. Малов еңбектерінің орыны ерекше екендігін тарихшы қауым жақ­сы біледі. Ал, жалпы синоло­гия саласында еңбектенген ке­ше­гі В. П. Васильев, Н. В. Кюнер, В. В. Горский еңбекте­рі­нің, көп­те­ген тарихшылардың «бояуы мол бол­жамдарынан» күні бү­гін­ге дейін оқ бойы озық тұ­ра­тын­ды­ғы ойлантады… Үйт­ке­ні, төл тарихыңды білу парызы мен оны өзгелерге білдіре білу парызы өзара барандас ұғым… Осы ретте осынау алып мұ­ра­ның, қайталап айтсақ, тегі­міз­ге тікелей қатысты парық­ты па­рақ­тарын ана тілімізде ал­ғаш рет сөйлеткен Шығыс түркіс­тан­дық бауырларымыз – Жан­әбіл Смағұ­лұлы, Нұрлан Әбіл­мә­жін­ұлы, Жақып Мырзаханов, Әб­діл­дабек Ақыштайұлы, Кә­кеш Қайыржанұлы, марқұм Қаһар­ман Мұқанұлы, Шадыман Ахметұлы, Самудин Ал­­ға­зы­ұлы бастаған топтың ерлікке пара-пар еңбектерін қалай марапаттасақ та жарасып тұр!.. Мысалы, сол Шығыс Түркістанда дүниеге келіп, өткен 2014 жылы 96 жасында сонда қайтыс болған ұлы манасшы Жүсіп Мамайға көрші жұрт – қырғыз бауырларымыз, өздеріндегі ең жоғарғы атақ-мара­пат­тардың бәрін беріп, ақ­сақ­ал­дың көзі тірісінде омырауына «Қырғыз Республикасы баатырының» Алтын Жұл­ды­зын тақты! Жарасып-ақ тұр…
Сонымен, біздің дәуіріміздің 4-5-жүзжылдықтарындағы – бірін­ші түрік қағанаты дәу­ірін­дегі қайсар жұрттың иелен­ген жерінің ұлан-ғайыр екен­дігін, малының саны жүз­д­еген миллиондармен есеп­теле­тінін, айналасындағы көпте­ген жұрттарды өз билігіне қаратқанын – Түріктің әйгілі Ішбара қағанының Хань патшасына жазған хатынан көресіз. «Тәңірдің қалауымен Түрік Қағанат құрғалы міне 50 шақты (шамамен 540 жылдарды меңзеп отыр – Т.М.) жыл болды. Содан бері шөл далада қиыр қонып, шет жайлап қаған аталып келеміз» – деп жазады Ішбара оғлан (2 т. 190 б.) Осыдан көп ұзамай-ақ Түрік Қағанаты «тақ пен бақ таласының» нәтижесінде қақ айырылып, екіге бөлінген тәрізді – шежіренамада шамамен V-VI ғасырлар межесіде жазылған «Батыс Түрік баяны» – «Батыс Түрік Мұқан Кағанның ұлы Төременнен басталады. Ішбарамен араздасуына байланысты екіге айырылған елдің бір бөлігі біртіндеп күшейді. Шығыста – Түкенге, Батыста – Алтын тау, Күсан, Телек, Өбірге дейінгі, жалпы Батыс өңірдегі ғулар соған қарады» (2 т. 205 б.) — деп хабарлайды. Яғни, дәл осы тұстан бастап түркі жұрты тарихына – басы «Мұқан Қағанның ұлы Төременнен басталатын Батыс Түрік» тарауы қосылады. Кеше ғана өзіне көз алартқан талайды тәлімі мол татулығымен, бүрлі бүтіндігімен таңдандырған, айбары айға шапқан азулы ел, шамамен 580 жылдары өзара билікке таласқан билеушілердің ішкі араздығының нәтижесінде екіге бөлініп, 10 жыл бойы жан алып-жан беріскен қиян-кескі соғысқа тап болады. Бөлінгенді бөліп жейтін бөрілерге де керегі осы еді, қорқытып қоқан-лоқы жасау да, жылы-жылы сөйлеп жымысқы ниетті бүркемелеу де, шен мен атақ беріп алдарқату да, қулығына құрық бойламас құда-құдандалық та, қысқасы – іргелі елді ірітіп, шаңырағын шаңға малуға бағытталған барлық амал-айла тағы да іске қосылады. «Шора өз елінің (батыс түріктердің – T. М.) күші­не сеніп, жарлығыңызға құ­лақ аспады. Каминаңыз (құл­дық ұру­шыңыз – Т. М.) оларды амалмен әлсіретуді тілек етеді. Мем­­ле­кетін бөлшектей алсақ, оларды оңай бағындырар едік. Ша­ғыр (Шығыс Түрік қа­ға­ны – Т. М.) Түріктің баласы, Тар­дудың немересі. Оның арғы аталары түгел қаған бол­ған. Ол Батысқа таяу ұлыс­тар­ды басқарушы еді. Естуім­ше, кәзір ол сол қызметінен айырылып Шораға тәуелді болған көрінеді. Осы себептен де одақ жәрдеміне зәру болып, бізге елшісін жіберіп отыр. Соның үшін оның елшісін ерекше құр­мет­пен қабылдап, Шағырды Тай Қаған деп бекіткеніңіз ақыл болар еді. Сонда Түріктердің кү­ші екіге бөлінеді де әр екеуі бізге бағынады» – деп иесіне кеңес береді императордың ақыл­шы абызы (1т. 207 б). Қа­рап отырсаңыз, қай-қай заманда да береке басы – бірлікте, татулықта, келісім мен жарасымда жатқан­ды­ғы­­на та­ғы да көз жеткізесіз. Ал, бір­лік­ті бүлдірудің, «мем­ле­ке­тін бөлшектеп оңай ба­ғын­ды­ру­дың» алуан алуан түрл­і амал-айлаларын – антика­лық дә­уір ақыл­ман­дарың бірі Тацит айт­пақ­шы, «билікке қол жет­кізу­ді көк­сеу – адам баласына бізге беймәлім бағзы заман­нан тән» (Та­цит. «Тарих». 1-кітап. «Фолиант» – 2007ж) тәсілімен әдіп­теп жіберсе жетіп жатыр…
Шежіреден ежелгі түркілер қауымының тұтқасын ұстаған тұлғалардың ата-тек, үрім-бұтағы жайында да мол мәлімет ала аласыз және олар өмір сүрген заманалар бейнесінің де бояуы қанық. Кей-кейде, ішкі-сыртқы тосын қүштердің тегеуірін-тепсінінен топсасы босап бөлініп-бөлшектенген елдің қайта бірігуі, өзара талас-тартыстан тарылған жердің қанат жайып қайтадан кеңеюі үшін бір сәтке болса да толастамаған күрес жолы, түркі тарихының біз жоғарыда сөз қылған ерлік пен өрлікке толы тұлғасының ажырамас бөлшегі іспеттес әсерге бөлейді. 878-953 ж.ж. аралығында өмір сүрген көшпенділер ханшайымы, тегі түркі Юэлидо (Валида) ханымның жау алдында: «Мен Көкке ғана бас ием, ал, адамдардың алдында – ешқашанда!» деген сөзінің тарихта қалуы тегіннен-тегін болмаса керек… (Е Лун-ли. «История государства Киданей». стр. 225. М. «Наука» 1979 г).
*******
716 жылы Білге Қаған Беглен «кі­сілігі күшті болғандықтан, өзінің ел үшін анау айтқан еңбек сіңірмегенін алға тартып, билік тізгінін атақты Күлте­гін­ге ұсынады». Текті Күлтегін мұ­ра­герлік дәстүрді бұзбай, Бег­леннің бұл ұсынысынан бас тартады (2 т. 520 б). Дей тұрғанмен, тарихи тұлғалардың осынау VIII ғасырдың алғашқы жылдарынан бастау алатын бірлігі Беглен, Күлтегін, Тоныкөк есімде­рі­мен айшықталып, тарихта қалды. Беглен сәруардың – «ордасында жайылған дастарханның басына Хатунын, Күлтегінді, Тоныкөкті отырғызып қойып», (сонда. 524 б.) шетелдік елшілер алдында қөңіл кірін жасырмай, көсіліп сөйлейтін кездері де осы кезең! Араға ғасырлар салып, ғарасат майдандарын кешіп келген бұл салтанат елдіктің, ерліктің, салт-дәстүр мен сана сапырылысында тебіндеген тектіліктің сонау 600-ші жылдарда салтанат құрған болмысының қайта жаңғыруы еді. Осы мерзімдер ішінде түркі мемлекетінің тізгіні Қарсана қағанның ағасы, әйгілі Тарду қағанның немересі (тарихтағы тардуштарды еске түсіріңіз…) Шағыр қаған­ның қолына өтеді. «Ол тақ­қа отырғаннан кейін иелігі­нің аумағын шығыс Алтын­тау­ға (Ал­тайға), Батыс теңізге (Каспийге) дейін кеңейтті. Осыдан кейін солтүстік түріктермен жауласып (бұл «жауласуды» соның алдында ғана сетін­ей бастаған түркі бірлігін қайта­дан қалпына келтірудің қамы деп ұғайық), ордасын Күсан­ның солтүстігіндегі Сәнми тауына тікті». Осы тұста Шағыр қаған қайтыс болып, қағандық тақ оның батыр әрі айлакер ұлы Тоң Ябғу қағанның қолына өтеді. «Ол солтүстік беттен Телектерді бағындырып, бірнеше жүз мың оқшы ұстап, үйсіндердің ежелгі мекенін басып, ордасын тағы да Шаштың (Ташкент) сол­түстігіндегі Мыңбұлақ­қа (Жуалы жерінде) көшірді. Батыс өңірдегі елдердің бәрі оған бағынды, Тон Ябғу оларға тұдұн жіберіп басқартып, алман-салық төлету жұмысын бақылатты» (2 т. 786 б). Бұл, бір кездері тіптен парсының Нишапур, Рей қалаларына дейін қол астында ұстап, сол Мыңбұлақтағы ордасынан 40 мың сарбазымен Талас жері, Кавказ тауларының етектері арқылы жорыққа аттанып, бір кездегі атынан ат үркетін Парфия патшалығының астанасы болған, сасанидтік Иранның сол VIII ғасыр тұсындағы астанасы болып асқақтаған Ктесифон (Бағдад қаласының маңы) шахарының алаңдарында ат ойнататын Тон Ябғу болатын. Бір қызығы, түркілер туралы аз сөз болмайтын, тіптен түркілердің киелі қаласы Тараз туралы тамсана жазылған жолдары бар атақты «Шахнаме» дастанында, түркілердің осы ерлігі де, бұдан бұрында­ры Пар­сыны мойынсұндырған Истеми қағанның ерен ерлігі де ұмыт қалғандай… Тек, кезек­ті бір қатерлі жорықтағы түріктің Қ­а­ра Чор қағанының жеңілісі ғана көрініс тапқан… (Т.Алмас. «Бұ­лақ» журналы. 1 сан. 1999 ж. 154 б.)
Көріп отырғанымыздай, осыдан 550 жыл бұрын көте­ріл­ген Қа­зақ Хандығының Алтын Туы – өзіне дейінгі салтанатты сәттердің алуан түрін бастан кешіп барып, кезекті кезеңін Керей мен Жәнібек сұлтандар дәуірінде, Жетісу жеріндегі құтты мекен Қозыбасы биігінде ұлықтаған! Осынау құт мекенде өркен жайған өрелі ел­дің өміршең өрімдерінің бір бәй­терегі – Қазақ Хандығына дейінгі түркі жұртының өткен өмір-кешкен ғұмырының қай кезеңіне көз жүгіртпеңіз, тек, бірігу мен бірге болудың шиырын байқайсыз. Ендеше, жеңісі мен жеңілісі телі өрілген тірліктегі ұлтымыздың ұлағатты тарихын ұрпақ санасына тарамдап сіңіріп, тегіміздің келісті де кемел тұлғасын кеңінен ашып, оның тәлімдік-тәрбиелік мәніне баса көңіл аударатын тұста­мыз… Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тұжырымымен пайым­да­сақ – «Қазақ тарихында біз ұял­атын кезең болмағанын», тіптен, қай-қай заманда да бір бармағы бүрулі жүретін бөгде жұрт бітікшілерінің қарына тарта қараулау жазған жаз­ба­ла­ры­ның өзінен де айқын бай­қау­ға болатынын қайталап айтамыз..
*****
Тарихтың асау толқынын­да ту­лаған түркі Тұлғасы, ара­ға ғасырлар салып кеше­гі Деш­ті Қыпшақ, Алтын Орда дәуірлерінде де өзіне тән дәрегейінен айрылған жоқ. Атал­ған кітап бетте­рін па­рақ­та­ған сайын, бұл шын­дыққа қа­ны­ға тү­суіңіз бек кәміл. Тілі бір, ділі үндес, тіршілігі барандас, тек қана ата-тектік аталуы сан-алуан есімдермен айшықтал­ған алып этнос тарихының бір парасы – Қазақ тарихының өзі «бір ха­лық – бір тарих» ұғымы­ның ғана шеңберіне сия бермейтін күрделі құбылыс екендігіне тағыда бір көз жеткізесіз! Оның, түмен ғасырлар түкпірінен, есте жоқ ескі заманалар тылсымынан, уақыт пен зерденің жұлдызды жаңғырығынан жеткен тарих екендігін мойындай түсесіз. Қайталап айтсақ – ол, ерлік пен елдіктің, ақыл мен парасаттың қабысуынан нәр алған асыл қасиеттер ағыны әрдайым желеп-жебеп жүрген, азулының аранынан, қарулының қаһарынан қаймықпай ел бірлігін, туған жер – алтын бесігін қорғап қалған Көк Түріктер көркем тарихының бір тарауы. Сонау Дешті-Қыпшақ, «Алтын Ордаға» дейінгі аласапыран – алмағайыптар ағынында тарих тәртесін тізгіндеген, екпіні Европаны естен тандырып, өздерін «Тәңірдің топалаңы!» атан­дырған Шыңғыс хан тү­мен­дерінің арғы тегі де ежел­гі Түрік­тер. Бұл дәлелді Құ­бы­лай Ноян қуатымен алып елге айнал­ған, Шың­ғыс хан ұрпағының шапа­ға­ты­мен іргелі Юань империясын құрған, біз сөз етіп отырған «Тарих­наманың» бір парасын өздері «жазған», Аспан асты елінің шежірешілері де тасқа таңба басқандай етіп жазып қойған: «Моңғолдар­дың ар­ғы тегі – Түрік. Кейінірек­те Моғол, Моңғол болып дыбыст­ық өз­герістерге ұшырады. Алтын әулеті тұсында Татар, Тартар? деп те аталды. …Олардың науғысын Қият, Боржігін деуші еді. Тайзудың (Шыңғыс ханның) оныншы атасы Боданшардан кейін Боржігін науғы (лақаб аты – Т.М.) ретінде қол­дан­ылып еді. Марқұм Шах – Ата­ның (Есукейдің) нәсілі де өз­дерін Боржігін Қиятпыз деп атады. Боржігін түрікше сөз, ма­ғынасы – көкшіл көз дегенге келеді. Көк­шіл көз – моң­ғол­дар үшін тек­ті нәсіл болып саналады.» (3 т. 513 б.) Ары қарай таратсақ – «Теңіз (Каспий) көлінің шығыс және батыс жа­ға­лауын­да Салар, Қыят, Үш Са­қын, Марсұқ, Сақырлар отырады. …Бәрінің үстінен қа­рап отырған билеушісі жоқ – шығ­ыс Түрік пен батыс Түрік­ке бө­лініп қарайды». (2 т. 341 б.) Бұл – V ғасырдың аяғы мен VI ғасырдың алғашқы жылдарына тән ақпарат. Ал, араға ға­сыр­лар салып барып атақты Рашид ад-Дин (1247-1318 ж.ж.), өзіне моңғол тарихын жазуға тіке­лей тапсырма берген Газан хан­ның шық­қан тегі – «алтын ұрық – нирун уругтың» түп-тұқиянына дейін тәптіштей келе – неге екендігі белгісіз… «жалпы Түрік қауымының бір тайпасы Қыяттар есте жоқ ескі за­ман­дар­дың бірінде Эргунэ-кун (Оң­түстік Алтайдағы Аргун-Ар­ғын өзені) жеріне кетіп, өсіп-өнеді», – деп қысқалау қайы­ра­ды… (Рашид ад-Дин. «Сборник летописей. Т. 1, кн. 1.) Сол Каспий жағалаулары­нан V-VI ғасырларда атамекен – Алтын Алтай баурайына қайта­дан қоныс аударған түркілердің бір атасы – Қыяттардан шыққан Шың­ғыс оғланның, XII – XIII – ға­сыр­лардың деңгейінде қандай биікке көтерілгенін бәріміз жақ­сы білеміз! Осы ретте, Ор­та­ғасырды бір отырғызып, бір тұрғызып шығырына шыбын қондырмаған Темірші төрені: «Ойбай-ау, не дейсіз! Шыңғысхан қазақ екен!» деп, ханға құмарлардың «қанын қарайтпай-ақ», оның тегі Түркі деп төрге оздырғанымыз дұрыс болар еді-ау деген ойға қаласыз… Мүмкін сонда, үл­кеніміз бар, кішіміз бар, осы дәуірдің алып кел-барып келі де, «иісшіл иті» де интернетіміз бар, бір тоқтамға келіп, түбі бір Түркілігімізді жаңа бір дәлелдер мен жаңғырта түсер ме едік?!… Түбі бір Түркілігімізді тамырынан тарта зерделей зерттеп, зейіндерге зерлеп тастауға Тәуелсіз Қазақ Елінде көп мүмкіндік жасалып отырғанын жақсы білеміз. Тіптен, әлемдегі жалғыз Түрік академиясы да, түркінің алтын бесік ата қонысы – Казақстанда ашылып отырған жоқ па!?…
1225 – тауық жылының көктемінде, төрт ұлына төрт ұлыс – енші бөле отырып (3 т. 577 б.) Ұлы қолбасшының оларға айтатын өсиетіндегідей – «Тәңірдің қолдауымен» («Алтын дафтар». 19.) төрткүл дүниені түгел уысында ұстаған түбі түркі сайыпқыран түмендердің ішінен сурылып алға шығып билік те жүргізген, ерлік те көрсеткен, даналық сөздер айтып, тарихи шежірелерге дейін құрастырған тұлғалар да аз болмаған. Тайбұ­қа, Мең­лік­темір, Елтемір, Доржыбан, Тоқтай, Асабұқа, Бекте­мір, Нанқатай, Сәду, Алақан, Шәм­ші батыр, Мұқалилер тәрізді ондаған есімдерді де, олардың тарихта таңбаланған елеу­лі істерін де, осы «Тарихнама­ның» бет­терінен оқи аласыз. (3т. 221-511б.б). «Түріктің халық саны таңдықтардың жүзден біріне де жетпейді. Біз бір жерде отырықтанбай, судың тұнығын, шөптің сонысын қуалап көшіп-қонып жүргендігіміз, аң аулап қару өнеріне төселгендігіміздің арқасында оларға төтеп келеміз, күшейген кезімізде шабуыл жасап, әлсіреп бара жатсақ тау сағалап орман аралап дегендей Таңның жер қайысқан көп әскерін шарасыз күйге түсіріп жүрміз. …. Кәзір, олардың әскерлері алыстан келді, мына әзірде өліспей беріспейді, ә дегенде тебініне төтеп беру қиын. Артынан баспалап еріп отырып, оңтайлы жерінде соғу керек» – деп, ұлы стратег, ақылман абыз Тоныкөк айтпақшы (2 т. 521-523 б.), арғы тегімізде тебіндеген ұлы рухтың нұрынан нәр алған жалпы Түрік атауын түгелі­мен зерттеп, түбірімен зерделемей Алты Алашты аясына сыйд­ыр­ған Алтын құрсақ Қазақ қауы­мының тарихын жазып шығу мүмкін еместей…
Осыдан 550 жыл бұрын Ұлыстың Ұлы Туы тігіл­ген Қозы­басы биігіне таяу жатқан мекендерде 1465 жылдан көп ілгеріде, дәлірек айтсақ сонау 638 жылы Ілбіс Түрік қаған Іле өзенінің батыс алқабында Те­ріс­кей Ордасын тіксе, 641 жылы Теліш қағанның орнын бас­қан немере інісі Бақпы тегін – Іл­біс Ішбара Ябғу қа­ған Сү­ғап – Шу өзе­ні­нің теріс­кейін­де Қүн­гей Ордасын тігіп, елінің шығыс іргесін Іле өзеніне дейін кеңіт­кен.(3 т. 682 б.). Бұған, осы­ған дейін сөз болған Мыңбұлақ­та­ғы Орданы, Қызылсу бойында­ғы Че­күк­ті, осы маңға таяу жат­қан Ба­ла­сағұн – Күз Орданы, Елба­сының дуалы аузымен: «Тараз – та­ри­хымыздың алтын арқа­уы!» атанған, Тезек Тә­ңір­құт осыдан 2100 жыл бұ­рын ту көтерген сәт­тен бастап ортағасыр­лық Қа­ра­хан­дар дәуіріне дейін­гі ара­лық­та, бірнеше мемлекет­тік құ­ры­лым­дардың астанасы болып үл­гер­ген, ана – қала, ата – қала – Тараз қаласын қосыңыз!
Тәуелсіздіктің бір тәлі­мі – ежел­гі түркілерден қал­ған: «жо­ғың­ды жортып ізде, ба­рың­ды балаңдай күт» дейтін қа­нат­ты сөз­бен үн­де­сіп жатыр. Сон­дық­тан да, иісі қа­зақ жұр­тын той қамының қаба­ғат қар­ба­ла­сына салып тұр­ған Қа­зақ Хан­ды­ғы­ның 550 жыл­дық ме­ре­ке­сі – ұлттың рухани жаң­ғы­руы­ның, қазақ этно­сы­ның тұ­ғы­ры­нан түлеп ұш­қан тұ­рым­тайдай самғауының салтанаты деп қабылданар оқи­ға. Ер­те­де­гі ерен тұлғалард­ан же­тіп, ке­шегі Керей мен Жә­ні­бек ама­нат­таған Ел Тізгіні, бү­гін­де бе­рік қолда. Ол, бірлігі мен берекесі жарасқан жалаулы ел­дің жар­қын болашағын мең­зей­ді!

(Мақалада пайдаланылған Жәнібек ханның суреті Фейсбуктен алынды)

Жауап қалдыру